«Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 3 сәуірдегі № 242-VI Заңы (2026.25.08. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Предыдущая страница

2021.01.04. № 26-VII ҚР Заңымен 22-2) тармақшамен толықтырылды

22-2) ерекше индустриялық аймақтың аумағында барлық жобалардың іске асырылуын оның кез келген сатысында мониторингтеу;

2021.01.04. № 26-VII ҚР Заңымен 22-3) тармақшамен толықтырылды

22-3) басқарушы компания бекіткен және қатысушылардың сақтауы міндетті ерекше индустриялық аймақтың қызметін жүзеге асыру және жұмыс істеу қағидалары мен тәртібі бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде ерекше индустриялық аймақтың қатысушыларына қатысты тиісті шаралар қабылдау;

23) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де функциялар жатады.

 

46-бап. Индустриялық аймақ қатысушыларының құқықтары мен міндеттері

1. Индустриялық аймақтың қатысушылары:

1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құқықтық қорғау кепілдіктерін пайдалануға;

2) Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және осы Заңда көзделген тәртіппен индустриялық аймақтың аумағында өз қызметін жүзеге асыру үшін жер учаскелерін алуға және инфрақұрылым объектілерін салуға;

2026.24.06. № 324-VIII ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)  

2-1) жобаны іске асырудың жоспар-графигіне жобаны іске асыру барысында үш реттен асырмай, мерзімдеріне өзгерістер енгізу жоспарланатын кезеңнің алдындағы жобаны іске асыру кезеңдері болған кезде осындай кезеңдерде жоспар-графикте көрсетілген міндеттемелер орындалған жағдайда, индустриялық аймақты құру туралы тиісті актіде айқындалған осы аймақтың жұмыс істеу мерзімінен аспайтын мерзімге өзгерістер енгізуге;

3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.

2. Индустриялық аймақтың қатысушылары:

1) индустриялық аймақтың басқарушы компаниясына өз қызметі туралы жыл сайынғы есепті ұсынуға;

2) Қазақстан Республикасының заңдарында және қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген міндеттерді адал және тиісінше орындауға міндетті.

 

2026.24.06. № 324-VIII ҚР Заңымен 47-бап өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

47-бап. Индустриялық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеу

Қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеуді:

индустриялық аймақтардың басқарушы компаниялары тұрақты түрде, қызметті жүзеге асыру туралы шартты орындау шеңберінде индустриялық аймақтар қатысушыларының бастапқы құжаттамасы, сондай-ақ жыл сайынғы есептері негізінде;

облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары және бірыңғай үйлестіру орталығы индустриялық аймақтардың басқарушы компаниялары есептілік нысанында ұсынатын ақпарат, сондай-ақ осындай индустриялық аймақтардың қатысушылары туралы ақпарат негізінде осы Заңға сәйкес;

бірыңғай үйлестіру орталығы басқарушы компаниядан немесе индустриялық аймақтың қатысушысынан талаптардың орындалу мәртебесін айқындау үшін қажетті қосымша ақпаратты сұрату арқылы не индустриялық аймақ қатысушысының қызметті жүзеге асыру туралы жасалған шарт бойынша міндеттемені бұзғаны анықталған жағдайда индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы есептілік нысанында ұсынатын ақпараттың, сондай-ақ индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы анықтаған бұзушылықтардың жойылмағаны туралы индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының хабарламасы негізінде жүргізеді.

Бұл ретте индустриялық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуына мониторинг жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

 

48-бап. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының қызметін қаржыландыру

Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының қызметін қаржыландыру:

1) индустриялық аймақтың қатысушыларына басқарушы компания ұсынатын көрсетілетін қызметтер үшін сыйақы;

2) нысаналы қарыздық қаржыландыру;

3) инфрақұрылым объектілерін, жер учаскелерін, сондай-ақ өзге де мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) және қосымша жалдауға (қосалқы жалға) беруден түсетін кірістер;

4) жарғылық капиталды толықтыру ретінде енгізілген қаражат;

5) бюджет қаражаты;

6) индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының қызметінен түсетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де кірістер есебінен жүзеге асырылады.

Осы баптың бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшалары жарғылық капиталға қатысу үлестерінің (акцияларының) жүз пайызы мемлекетке тиесілі индустриялық аймақтың басқарушы компаниясына ғана қатысты қолданылады.

 

49-бап. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясын тарату

Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясын ерікті түрде тарату туралы шешімді қатысушылардың (акционерлердің) жалпы жиналысы қабылдайды, ол Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кредиторлармен келісу бойынша және олардың бақылауымен тарату рәсімін айқындайды.

 

 

8-тарау. АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫҢ АРНАЙЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ

РЕЖИМІ ЖӘНЕ АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ

ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫҢ ЖҰМЫС ІСТЕУ ШАРТТАРЫ

 

50-бап. Арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі

Арнайы экономикалық аймақтың аумағында осы Заңға, Қазақстан Республикасының салық, кеден, жер заңнамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары үшін арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуінің жиынтық шарттары болып табылатын арнайы құқықтық режим қолданылады.

 

2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 51-бап өзгертілді (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.12.12. № 46-VIII ҚР Заңымен 51-бап жаңа редакцияда (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

51-бап. Арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары мен басқарушы компанияларына, индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларына салық салу

1. Арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары мен басқарушы компаниялары, индустриялық аймақтардың басқарушы компаниялары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салықтық преференцияларды қолданады.

2. Арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары жобаның құнына байланысты мынадай санаттар:

1) жобаның құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 3 000 000 еселенген мөлшеріне дейін - А санаты;

2) жобаның құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 3 000 000 еселенген мөлшерінен бастап 14 500 000 еселенген мөлшеріне дейін - B санаты;

3) жобаның құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 14 500 000 еселенген мөлшерінен бастап - С санаты бойынша салықтық преференцияларды қолданады.

Бұл ретте тамақ өнімдерін, тоқыма бұйымдарын, киім-кешек, былғары және оған жататын өнімдерді шығару, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар жасау, электр жабдықтарын жасау салаларында қызметті жүзеге асыратын арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларына жобаның құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 000 000 еселенген мөлшерінен бастап 14 500 000 еселенген мөлшеріне дейін болған кезде B санаты беріледі.

 

52-бап. Арнайы экономикалық аймақтардағы кедендік реттеу

1. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында немесе оның бір бөлігінде еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі қолданылады.

Шегінде еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың шекаралары Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы экономикалық аймақты құру туралы қаулысына сәйкес айқындалады.

2. Еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес қолданылады.

3. Арнайы экономикалық аймақтың аумағы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының бір бөлігі болып табылады.

4. Еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың аумағы кедендік бақылау аймағы болып табылады.

Еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың аумағында кедендік бақылауды мемлекеттік кіріс органдары Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

 

53-бап. Еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарлар

Еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың аумағына әкелінген тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен және шарттарда еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен орналастырылады және кедендік баждарды, салықтарды, сондай-ақ тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мақсаттары үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жердегі тауарлар ретінде қарастырылады.

 

54-бап. Арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың аумағында жұмыс істеу үшін шетелдік жұмыс күшін тарту

Арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың аумағында жұмыс істеу үшін шетелдік жұмыс күшін тарту Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

55-бап. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушыларын құқықтық қорғау кепілдіктері

1. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушыларына құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына кепілдік беріледі, ол Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен қамтамасыз етіледі.

2. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар қатысушыларының мүлкін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қоюға (мемлекет иелігіне алуға, реквизициялауға) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген айрықша жағдайларда және тәртіппен жол беріледі.

3. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушылары Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлегеннен кейін кірістерді өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы.

 

2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 56-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

56-бап. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік

Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік осы Заңға және Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

 

9-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

 

57-бап. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

 

58-бап. Өтпелі ережелер

2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған арнайы экономикалық аймақтар Қазақстан Республикасының Үкіметі шешім қабылдағанға дейін өз мәртебесін сақтайды.

Цифрлық технологиялар және инновациялық технологиялар саласындағы арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары үшін арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыру талабы 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай қызмет түрлері:

1) дерекқорлар мен аппараттық құралдарды жобалау, әзірлеу, ендіру және өндіру, бағдарламалық қамтылымды (оның ішінде тәжірибелік үлгілерді) жобалау, әзірлеу, ендіру және өндіру;

2) серверлік ақпараттық-коммуникациялық жабдықты (дата-орталықтардың көрсетілетін қызметтерін) пайдалана отырып, электрондық нысандағы ақпаратты сақтау және өңдеу жөніндегі көрсетілетін қызметтер;

3) цифрлық технологиялар саласындағы жобаларды жасау және ендіру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу үшін міндетті шарт болып табылмайды.

2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша құрылған индустриялық аймақтар өз мәртебесін сақтайды. Бұл ретте мұндай индустриялық аймақты құру туралы шешім шығарған жергілікті атқарушы орган осы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін отыз жұмыс күні ішінде осы Заңның 27-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген өлшемшарттар негізінде индустриялық аймақтың түрін айқындау туралы шешім шығаруға міндетті.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген тәртіппен индустриялық аймақтың түрін айқындау туралы шешім шығарылғаннан кейін индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларын іс жүзінде орындап жүрген заңды тұлғалар республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы мәртебесін алады.

Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген заңды тұлғалармен шарттар негізінде мұндай индустриялық аймақтардың аумағында кәсіпкерлік қызмет объектілерін орналастыруды және пайдалануды жүзеге асырып жүрген дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушылары мәртебесін алады.

3. Индустриялық аймақтардың осы баптың 2-тармағында көрсетілген басқарушы компаниялары мен қатысушылары арасында жасалған, индустриялық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыру талаптарын, тараптардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін көздейтін шарттар қызметті жүзеге асыру туралы шарттар мәртебесін алады және оларда көзделген мерзім өткенге дейін өз қолданысын сақтайды. Қызметті жүзеге асыру туралы шарттарды одан әрі жасасу осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

4. Шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақ құрылғанға дейін «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы» акционерлік қоғамымен осындай арнайы экономикалық аймақ үшін көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыруға тікелей арналған объектілерді салу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға шарт жасасқан тұлғалар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары болып танылады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен кейін алты ай ішінде өз қызметін шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына қойылатын Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келтіруге тиіс.

2026.24.06. № 324-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5. Арнайы экономикалық аймақтардың осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қызметті жүзеге асыру туралы шарттар жасасқан қатысушылары өз мәртебесін сақтайды және қызметті жүзеге асыру туралы шарттардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін, бірақ арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеу мерзімінен асырмай арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асырады.

2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

6. Осы Заңның 51-бабы екінші бөлігінің ережелері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

2026.24.06. № 324-VIII ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)

7. Осы Заңның 58-бабының 6-тармағында көзделген ережелер қолданысқа енгізілгенге дейін бес жыл ішінде шарттар жасасқан арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары қызметті жүзеге асыру туралы шартты осы Заңның 51-баптың 2-тармағына сәйкес салықтық преференцияларды қолдану санаттарына сай жобаны іске асыру мерзімінен аспайтын мерзімге ұзартуға құқылы.

 

59-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

2. «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» 2011 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 15, 119-құжат; 2012 ж., № 2, 14-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 3, 19-құжат; № 15, 81-құжат; № 21-22, 114-құжат; 2014 ж., № 11, 63-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 19-I, 99-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 117-құжат; № 22-II, 145-құжат; № 22-V, 156, 158-құжаттар; 2017 ж., № 14, 51-құжат; № 22-III, 109-құжат; № 23-III, 111-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат) күші жойылды деп танылсын.

 

 

Қазақстан Республикасының

         Президенті 

 

       Қ. ТОҚАЕВ

 

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2019 жылғы 3 сәуір

           № 242-VI