Бұл ретте, төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеу кезінде бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші үшін салық салу объектісі осындай салық төлеуші - жұмыс берушінің жұмыскерлерінің кірістері бойынша оның шығыстарының сомасына азайтылуға жатады.
696-4-бап. Салықтық кезең, декларация тапсыру және салықтарды төлеу мерзімдері
1. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық кезең күнтізбелік тоқсан болып табылады.
2. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларациялар салық төлеушінің орналасқан жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей тапсырылады.
3. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.»;
1-тармақтың 24) тармақшасы 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
24) 702-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:
«Шаруа немесе фермер қожалығында әртүрлі аумақтық аймақтарда орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері болған жағдайда, осы тармақтың мақсаттары үшін мұндай учаскелердің жиынтық алаңы осындай аумақтық аймақтар үшін белгіленген жер учаскесінің ең жоғары шекті алаңынан аспауға тиіс.
Бұл ретте әрбір аумақтық аймақта орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің алаңы осындай аумақтық аймақтар үшін белгіленген жер учаскесінің шекті алаңының мөлшерінен аспауға тиіс.»;
1-тармақтың 25) тармақшасы 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
25) 776-1-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Микро- және шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын, осы Кодекстің 77-тарауының 3-параграфында, 77-2 және 78-тарауларында көзделген арнаулы салық режимдерін қолданатын, бейрезидент - жеке тұлғаны қоспағанда, жеке тұлғаға жалақы түрінде кіріс төлейтін және бірыңғай төлем құрамында осындай кірістерден жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеттемелерді орындауды таңдаған дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар осы тараудың мақсаттары үшін салық агенттері деп танылады.»;
1-тармақтың 26) тармақшасы 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
26) 776-2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«776-2-бап. Бірыңғай төлемді салық салу объектісі
Бейрезидент-жұмыскерді қоспағанда, осы Кодекстің 322-бабында көзделген, микро- және шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын, осы Кодекстің 77-тарауының 3-параграфында, 77-2 және 78-тарауларында көзделген арнаулы салық режимдерін қолданатын жұмыс беруші есепке жазған жұмыскердің табысы бірыңғай төлемді салық салу объектісі болып табылады.»;
1-тармақтың 27) тармақшасы 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
27) 776-4-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Бірыңғай төлемді, бірыңғай төлем бойынша өсімпұлды төлеу, аудару және оларды жеке табыс салығы және әлеуметтік төлемдер (міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын қоспағанда), өсімпұл түрінде бөлу, сондай-ақ оларды қайтару Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, уәкілетті органмен келісу бойынша әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау, денсаулық сақтау саласындағы және цифрлық даму саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.».
2-тармақ 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) мынадай мазмұндағы 7-1-баппен толықтырылсын:
«7-1-бап. Салық кодексінің 82-бабы 2-тармағының бірінші және екінші бөліктерінің ережелеріне қарамастан, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 мамырға дейінгі кезеңде бөлшек салықтың арнаулы салық режиміне көшу үшін қоғамдық тамақтандыру саласындағы қызметтің мынадай түрлерінің тек қана біреуін немесе бірнешеуін жүзеге асыруға байланысты қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынған салық төлеушілерде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебі туралы салықтық өтініш беру жөнінде міндеттеме туындамайды деп белгіленсін: