«Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы
Алматы қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 11 қыркүйектегі № 3/627 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарына сәйкес Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының 1 қосымшасына сәйкес «Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.
2. «Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мекеме) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте:
1) Мекемені Алматы қаласынының әділет органдарында қайта тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының 2 қосымшасына сәйкес Алматы қаласы әкімдігінің қаулыларының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2025 жылғы 11 қыркүйектегі
№ 3/627 қаулысына 1 қосымша
«Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы
ереже
1. Жалпы ережелер
1. «Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Алматы қаласының аумағында ішкі және мемлекеттік ақпараттық саясат саласындағы, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамыту, этносаралық келісімді қамтамасыз ету, тілдерді дамыту және ономастика саласындағы қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.