«Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2020 жылғы 30 шілдедегі № 6-НҚ нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2022 жылғы 28 наурыздағы № 4-НҚ Нормативтік қаулысы
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Есеп комитетінің 2020 жылғы 30 шілдедегі № 6-НҚ нормативтік қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21070 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген нормативтік қаулымен бекітілген Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларында:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) аудиторлық рәсімдер – аудиторлық іс-шара барысында оны жүргізу бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылатын, аудиторлық іс-шара мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті іс-қимылдар;
2) аудиторлық іс-шара – мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша аудиторлық есептер мен аудиторлық қорытындыларды дайындауға, жүргізуге, ресімдеуге бағытталған іс-қимылдар кешені;
3) қаулы – сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының аудиторлық қорытындыны бекітетін құжаты;
4) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдары – мемлекеттік аудитті жүргізу үшін қажетті құжаттар, сондай-ақ оның нәтижелері бойынша жасалған құжаттар және қоса берілетін аудиторлық дәлелдемелер;
5) сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары (бұдан әрі – Сыртқы мемлекеттік аудит органдары) – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Тексеру комиссиялары;
6) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері – мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сондай-ақ бюджет қаражатын алушылар (бұдан әрі – мемлекеттік аудит объектілері);