Өнеркәсіптік қауіпсіздікті декларациялайтын заңды тұлғалар басшыларымен, сондай-ақ аталған заңды тұлғалардың тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссиялары мүшелерімен емтихан тапсыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 25 қарашадағы № 1100 бұйрығы
(2021.31.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2022 жылғы 24 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 79-бабы 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Өнеркәсіптік қауіпсіздікті декларациялайтын заңды тұлғалар басшыларымен, сондай-ақ аталған заңды тұлғалардың тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссиялары мүшелерімен емтихан тапсыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті (А.Қ. Ержанов):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына электрондық түрдегі ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.