Валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау және қолдану тәртібін белгілеу туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 қаңтардағы № 15 Қаулысы және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 99 бұйрығы
(2015.08.12. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2018 жылғы 7 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Ұлттық Банкінің 2016 ж. 26 қаңтардағы № 24-0-18/35 Хатын қараңыз
2008 жылғы 10 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 12-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына және «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы министрі БҰЙЫРАДЫ және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2015.20.10. № 193 Қаулысымен және ҚР Қаржы министрінің 2015.08.12. № 626 бұйрығымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы «Қазақстан қор биржасы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - биржа) шетел валюталарымен сауда-саттық жүргізетін жұмыс күндері, мынадай тәртіппен күнделікті айқындалады:
1) АҚШ доллары бойынша валюта айырбастаудың нарықтық бағамы теңгенің АҚШ долларына қатысты Астана уақытымен сағат 15-30-дағы жағдай бойынша қор биржасының екі таңертеңгі (негізгі) және күндізгі (қосымша) сессияларының қорытындысы бойынша қалыптасқан орташа алынған биржалық бағамы ретінде айқындалады.
2) басқа шетел валюталары бойынша валюталарды айырбастаудың теңгеге қатысты нарықтық бағамы АҚШ долларының теңгеге қатысты нарықтық бағамын және осы валюталардың ақпараттық агенттіктердің арналары бойынша алынған сұраныстың баға белгіленімдеріне сәйкес Астана уақытымен сағат 16-00-дегі жағдай бойынша қалыптасқан АҚШ долларына бағамдарын пайдалана отырып есептелген кросс-бағам ретінде айқындалады.