Мемлекеттік кірістер органының көлік құралдарын есепке алуды және (немесе) тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдармен салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы және осындай объектілері бар салық төлеушілер туралы мәліметтерді ұсыну бойынша өзара іс-қимыл жасау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 11 қарашадағы № 686, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 11 қарашадағы № 422, Қазақстан Республикасы Көлік министрінің 2025 жылғы 11 қарашадағы № 368 және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы № 886 бірлескен бұйрығы
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 52-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік кірістер органының көлік құралдарын есепке алуды және (немесе) тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдармен салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы және осындай объектілері бар салық төлеушілер туралы мәліметтерді ұсыну бойынша өзара іс-қимыл жасау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы бірлескен бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
2) осы бірлескен бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.