Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге
асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы
КЕЛІСІМ
(Мəскеу, 2023 жыл 29 тамыз)
ҚР 2025 жылғы 24 қаңтардағы № 160-VIII Заңымен ратификацияланды
2025 жылғы 13 ақпанда күшіне енді
Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі - Шарт) ережелерін негізге ала отырып,
мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу саласындағы ынтымақтастықты ұзақ мерзімді және тұрақты негізде нығайтуға мүдделілік білдіре отырып,
бір мүше мемлекеттің аумағында тіркелген әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілердің басқа мүше мемлекетте өткізілетін мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуға қатысуға кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге ұмтылысын құптай отырып,
мүше мемлекеттердің экономикалық мүдделері ескерілетін тең құқықтылық пен өзара тиімділік қағидаттарына сүйене отырып,
мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс берушілердің құқықтарын тиісті қорғау қажеттілігін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
«банк кепілдігі» - бенефициардың мүше мемлекетінің мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу саласындағы заңнамасында көзделген міндеттемелерді қамтамасыз ету үшін принципалдың мүше мемлекетінің аумағында тіркелген кепілгер берген кепілдік (тәуелсіз кепілдік);
«банк кепілдіктерінің тізілімі» - бенефициардың мүше мемлекетінің мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу саласындағы заңнамасында көзделген, берілген банк кепілдіктері туралы ақпаратты қамтитын бенефициардың мүше мемлекетінің тізілімі;
«бенефициар» - пайдасына банк кепілдігі берілген тапсырыс беруші;
«принципал» - банк кепілдігі берілген әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші.
Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар Шартта және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалған мағыналарында қолданылады.