«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 26 желтоқсандағы № 123-VI Кодексі (2026.25.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

4. Егер осы баптың 3-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге тыйым салынған тауарлар өзінің аумағына осындай тауарларды әкелуге тыйым салынбаған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетке Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тасымалдау (тасу) үшін кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылса, тауарлардың шығарылған жерін растау талап етілмейді.

5. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекетке Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тасымалдау (тасу) үшін кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларды қоспағанда, кеден органдары Қазақстан Республикасының кеден және өзге заңнамасының сақталуын тексеру мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған жағдайларда және тәртіппен тауарлардың шығарылған жерін растауды талап етуге құқылы.

6. Тауардың шығарылған жері туралы декларация немесе тауардың шығарылған жері туралы сертификат тауардың шығарылған жері туралы құжаттар болып табылады. Тауардың шығарылған жері әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларына немесе әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларына сәйкес тауардың шығарылған жері туралы декларациямен немесе тауардың шығарылған жері туралы сертификатпен расталады.

 

57-бап. Тауардың шығарылған жері туралы декларация

1. Тауарға қатысы бар және тауар шығарылған елдің (елдер тобының, елдердің кеден одағының, ел өңірінің немесе елдің бір бөлігінің) немесе тауар әкетілетін елдің (елдер тобының, елдердің кеден одағының, ел өңірінің немесе елдің бір бөлігінің) дайындаушысы, сатушысы немесе жөнелтушісі мәлімдеген тауардың шығарылған жері туралы мәліметтер қамтылған коммерциялық немесе кез келген басқа құжаттауарлардың шығарылған жері туралы декларация болып табылады.

2. Егер тауардың шығарылған жері туралы декларацияда тауардың шығарылған жері туралы мәлімделген мәліметтердің әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларында немесе әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларында қолданылуы белгіленген өлшемшарттардан өзгеше өлшемшарттарға негізделгені анықталған жағдайда, тауардың шығарылған жері туралы мұндай декларация тауардың шығарылған жері туралы құжат ретінде қарастырылмайды.

 

58-бап. Тауардың шығарылған жері туралы сертификат

1. Тауардың шығарылған жері туралы сертификат тауардың шығарылған жері туралы куәландыратын және тауар шығарылған елдің (елдер тобының, елдердің кеден одағының, ел өңірінің немесе елдің бір бөлігінің) уәкілетті мемлекеттік органы немесе уәкілетті ұйымы немесе әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларында немесе әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларында белгіленген жағдайларда - тауар әкетілетін елдің (елдер тобының, елдердің кеден одағының, ел өңірінің немесе елдің бір бөлігінің) уәкілетті мемлекеттік органы немесе уәкілетті ұйымы берген, белгілі бір нысандағы құжат болып табылады.

Тауардың шығарылған жері туралы сертификатқа, оның ішінде оны ресімдеу және (немесе) толтыру тәртібіне қойылатын талаптар әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларында немесе әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларында белгіленеді.

2. Егер тауардың шығарылған жері туралы сертификатта тауардың шығарылған жері туралы мәліметтер әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларында немесе әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларында қолданылуы белгіленген өлшемшарттардан өзгеше өлшемшарттарға негізделсе, тауардың шығарылған жері туралы мұндай сертификат тауардың шығарылған жері туралы құжат ретінде қарастырылмайды.

3. Тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген кезде, егер тауардың шығарылған жері туралы сертификат келісімшарттың талаптары бойынша, тауарлар әкелінетін елдің (елдер тобының, елдердің кеден одағының, ел өңірінің немесе елдің бір бөлігінің) қағидалары бойынша қажет болса немесе егер тауардың шығарылған жері туралы сертификаттың болуы әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларында көзделсе, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті мемлекеттік органдары немесе уәкілетті ұйымдары тауардың шығарылған жері туралы сертификат береді.

Тауардың шығарылған жері туралы сертификат берген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті мемлекеттік органдары немесе уәкілетті ұйымдары оның көшірмесін және өздерінің негізінде тауардың шығарылған жері айқындалған өзге құжаттарды тауардың шығарылған жері туралы сертификат берілген күннен бастап кемінде үш жыл сақтауға міндетті.

4. Егер тауардың шығарылған жері туралы сертификат әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларында немесе әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларында белгіленген оны ресімдеу және (немесе) толтыру тәртібіне қойылатын талаптар бұзыла отырып ресімделсе, тауардың шығарылған жері туралы сертификат тауардың шығарылған жері туралы құжат ретінде қарастырылмайды.

 

59-бап. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдер

1. Уәкілетті орган айқындаған кеден органдары кедендік декларациялау кезінде кедендік операциялар жасалатын уақытты тұлғалардың өтініші бойынша қысқарту мақсатында, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлар кедендік декларацияланғанға дейін осындай тауарлардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдер (бұдан әрі осы тарауда - тауарлардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдер) қабылдайды.

2. Тауарлардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдер Қазақстан Республикасының аумағында осындай алдын ала шешімдердің қолданыс мерзімі ішінде қолданылады. Өздеріне қатысты тауарлардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдер қабылданған тауарларды кедендік декларациялау кезінде олардың шығарылған жері туралы мәліметтер тауарлардың шығарылған жері туралы қабылданған алдын ала шешімдерге сәйкес тауарларға арналған декларацияларда көрсетіледі.

 

60-бап. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау тәртібі

1. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау тәртібі осы тарауда айқындалады.

2. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді уәкілетті орган айқындаған кеден органдары (бұдан әрі осы тарауда - кеден органы) қабылдайды.

3. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім нақты елден Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауардың әрбір атауы бойынша қабылданады.

4. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің нысанын, оны толтыру және тауардың шығарылған жері туралы осындай алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу тәртібін Комиссия айқындайды.

5. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді алған тұлға оны жоғалтып алған жағдайда, кеден органы тауардың шығарылған жері туралы жоғалтылған алдын ала шешім туралы мәлімет қамтылған өтініш негізінде, кеден органына өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осындай тұлғаға тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің телнұсқасын береді.

Телнұсқа берілген кезде алдын ала шешім қабылдау үшін кедендік алым алынбайды.

Телнұсқаны алу үшін өтініш иесі тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдаған кеден органына электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде, еркін нысанда өтініш жібереді.

Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің телнұсқасында тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің түпнұсқасында қамтылған барлық мәліметтер, оның ішінде тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің тіркеу нөмірі мен қабылданған күні көрсетіледі және «Телнұсқа» деген белгі қойылады.

Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім түпнұсқасының қолданыс мерзімі тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім телнұсқасының қолданыс мерзімі болып табылады.

 

61-бап. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш

1. Кеден органы тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді тұлғаның (бұдан әрі осы тарауда - өтініш иесі) электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде, уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша берген өтініші негізінде қабылдайды.

2. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтініште:

1) өтініш иесі (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе атауы, тұрғылықты жері немесе тұрған жері);

2) тауар (толық коммерциялық атауы, фирмалық атауы (тауар белгісі), негізгі техникалық және коммерциялық сипаттамалары (функционалдық мақсаты, сұрпы, маркасы, моделі, артикулы, дара және көліктік қаптаманың сипаттамасы), Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес коды, құны);

3) тауар дайындалған материалдар, олардың шығарылған жері, Тауарларды сипаттау мен кодтаудың үйлестірілген жүйесіне сәйкес кодтары, құны;

4) тауарды дайындау үшін жасалған өндірістік және технологиялық операциялар;

5) тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау үшін кедендік алымның төленгені туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.

Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау туралы қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген өтінішке тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау үшін кедендік алымның төленгені туралы құжаттың көшірмесі қоса беріледі.

3. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтінішке тауар өндірілген елдің (елдер тобының, елдердің кеден одағының, ел өңірінің немесе елдің бір бөлігінің) сауда-өнеркәсіптік палаталарының және (немесе) басқа сараптама ұйымдарының сараптама актілері және өзіне қатысты тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылданатын тауардың шығарылған жері туралы сертификат қоса беріледі.

Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтінішке онда көрсетілген мәліметтерді растайтын өзге де құжаттар: сынақтардың хаттамалары, сараптама ұйымдары мамандарының тауарды зерттеу нәтижелері келтірілген қорытындылары, тауарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуді көздейтін мәміленің жасалғанын растайтын құжаттар, өндірілген тауар құнының калькуляциясы, коммерциялық шоттар, бухгалтерлік құжаттар, тауарды дайындаудың технологиялық процесінің егжей-тегжейлі сипаттамасы және тауар шығарылған елдің (елдер тобының, елдердің кеден одағының, ел өңірінің немесе елдің бір бөлігінің) аумағында осы тауардың толық алынғанын, өндірілгенін немесе жеткілікті түрде өңдеуге (қайта өңдеуге) ұшырағанын куәландыратын басқа да құжаттар, фотосуреттер, суреттер, сызбалар, бұйымдардың паспорттары және тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдауға қажетті басқа да құжаттар қоса берілуі мүмкін.

Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтінішке сондай-ақ тауардың сынамалары және (немесе) үлгілері қоса берілуі мүмкін.

Кеден органы тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтінішке қоса берілген, қазақ немесе орыс тілі болып табылмайтын тілде жасалған құжаттарда қамтылған мәліметтердің аудармасын талап етуге құқылы.

4. Егер өтініш иесі ұсынған мәліметтер тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау үшін жеткіліксіз болған жағдайда, кеден органы тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш кеден органына келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, өтініш иесіне қосымша ақпарат ұсыну қажеттігі туралы сұрау салу жібереді.

Қосымша ақпарат кеден органы өтініш иесіне қосымша ақпарат ұсыну қажеттігі туралы сұрау салу жіберген күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен кешіктірілмей ұсынылуға тиіс.

Егер қосымша ақпарат осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген мерзімде ұсынылмаса не ұсынылған қосымша ақпаратта тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдауға мүмкіндік беретін мәліметтер қамтылмаса, кеден органы тауардың шығарылған жері туралы мұндай алдын ала шешім қабылдаудан бас тартады және бұл туралы өтініш иесін бас тарту себептерін көрсете отырып хабардар етеді.

5. Егер тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау кезінде тауардың шығарылған жері туралы ұсынылған сертификаттың төлнұсқа емес екенін және (немесе) анық емес мәліметтер қамтитынын көрсететін белгілер анықталған жағдайда, кеден органы тауардың шығарылған жері туралы мұндай сертификатты тауардың шығарылған жері туралы сертификат берген және (немесе) оны тексеруге уәкілетті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына немесе уәкілетті ұйымға тауардың шығарылған жері туралы осындай сертификатқа тексеру жүргізу үшін жіберуге құқылы.

Егер тауардың шығарылған жері туралы сертификат берген және (немесе) оны тексеруге уәкілетті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы немесе уәкілетті ұйым тауардың шығарылған жері туралы сертификаттың төлнұсқа емес екенін және (немесе) анық емес мәліметтерді қамтитынын растаса, кеден органы тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдаудан бас тартады және бұл туралы өтініш иесін бас тарту себептерін көрсете отырып хабардар етеді. Бұл ретте тауарлардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау үшін өтініш иесі төлеген кедендік алым қайтарылмайды.

6. Кеден органы тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдерді уәкілетті орган бекіткен тәртіппен және нысан бойынша тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдерді тіркеу журналында тіркейді.

 

62-бап. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау мерзімі және оның қолданыс мерзімі

1. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім кеден органында тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш тіркелген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей қабылданады.

Осы Кодекстің 61-бабының 4-тармағына сәйкес қосымша ақпарат ұсыну не осы Кодекстің 61-бабының 5-тармағына сәйкес тауардың шығарылған жері туралы сертификатты тексеру жүргізу үшін жіберу қажет болған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімнің өтуі кеден органы өтініш иесіне қосымша ақпарат ұсыну қажеттігі туралы сұрау салу жіберген күннен бастап не тауардың шығарылған жері туралы сертификат тексеру жүргізу үшін жіберілген күннен бастап тоқтатыла тұрады және кеден органы қосымша ақпаратты алған не тауардың шығарылған жері туралы сертификат берген және (немесе) оны тексеруге уәкілетті Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының немесе уәкілетті ұйымның жауабын алған күннен бастап қайта жаңартылады.

Кеден органы осы Кодекстің 61-бабының 5-тармағына сәйкес тауардың шығарылған жері туралы сертификатты тексеру жүргізу үшін жіберген кезде кеден органы өтініш иесін осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген немесе осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес белгіленген мерзімнің тоқтатыла тұратыны туралы хабардар етеді.

2. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім, өзінің негізінде осындай алдын ала шешім қабылданған тауардың шығарылған жері туралы сертификаттың қолданыс мерзімі ішінде қолданылады.

 

63-бап. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімге өзгерістер енгізу, оның қолданысын тоқтату немесе оны кері қайтарып алу

1. Кеден органы тауардың шығарылған жері туралы өзі қабылдаған алдын ала шешімге өзгерістер енгізу туралы шешім, сондай-ақ өзі не төмен тұрған кеден органы қабылдаған тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешім немесе оны кері қайтарып алу туралы шешім қабылдайды.

2. Кеден органы немесе өтініш иесі тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау кезінде жіберілген және тауардың шығарылған жері туралы мәліметтерге әсер етпейтін қателерді анықтаған жағдайда, тауардың шығарылған жері туралы осы алдын ала шешімге өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданады.

Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімге өзгерістер енгізу туралы шешім тауардың шығарылған жері туралы осы алдын ала шешім қабылданған күннен бастап күшіне енеді.

3. Егер:

1) кеден органы тауардың шығарылған жері туралы осы алдын ала шешімді қабылдау үшін өтініш иесінің анық емес және (немесе) толық емес мәліметтер қамтылған құжаттар, қолдан жасалған құжаттар не анық емес және (немесе) толық емес мәліметтер ұсынғанын анықтаған;

2) кеден органы тауардың шығарылған жері туралы осы алдын ала шешімді қабылдау кезінде жіберілген және тауарлардың шығарылған жері туралы мәліметтерге әсер ететін қателерді анықтаған жағдайларда, тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешім қабылданады.

4. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешім, осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тауардың шығарылған жері туралы осы алдын ала шешім қабылданған күннен бастап күшіне енеді.

Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешім, осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату туралы осы шешім қабылданған күннен бастап күшіне енеді.

5. Осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдау кезінде тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім берген кеден органы тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, тауардың шығарылған жері туралы, қолданысы тоқтатылған алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш беру кезінде өтініш иесі ұсынған мәліметтер негізінде тауардың шығарылған жері туралы жаңа алдын ала шешім қабылдайды. Тауардың шығарылған жері туралы мұндай жаңа алдын ала шешім қабылданған күнінен бастап күшіне енеді.

6. Егер әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларына тауарлардың шығарылған жерін айқындау өлшемшарттары бөлігінде, өздеріне қатысты тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылданған тауарлардың шығарылған жерін айқындауға әсер ететін өзгерістер енгізілген жағдайда, тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді кері қайтарып алу туралы шешім қабылданады.

Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді кері қайтарып алу туралы шешім әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларына көрсетілген өзгерістер күшіне енген күннен бастап күшіне енеді.

7. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімге өзгерістер енгізу туралы шешім, тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешім, тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді кері қайтарып алу туралы шешім мұндай шешімдер қабылданған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей, мұндай шешімдердің қабылдану себептері көрсетіле отырып, өтініш иесіне жіберіледі, сондай-ақ кеден органдарының назарына жеткізіледі.

 

 

6-тарау. ТАУАРЛАРДЫҢ КЕДЕНДІК ҚҰНЫ

 

64-бап. Осы тарауда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы тараудың мақсаттары үшін мынаны білдіретін ұғымдар пайдаланылады:

бірдей тауарлар - барлық жағынан, оның ішінде физикалық сипаттамалары, сапасы және беделі бойынша бірдей тауарлар. Тауарлардың сыртқы түріндегі болмашы айырмашылықтар, егер бұл тауарлар қалған жағынан осы абзацта көзделген талаптарға сәйкес келсе, оларды бірдей емес деп тану үшін негіз болып табылмайды. Егер тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін, бағаланатын тауарлар (бұдан әрі осы тарауда - бағаланатын тауарлар) өндірілген елде өндірілмесе немесе егер осы тауарларға қатысты жобалау, әзірлеу, инженерлік, конструкторлық жұмыс, көркемдік әрлеу, дизайнын, эскиздері мен сызбаларын әзірлеу және өзге де сол сияқты жұмыстар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орындалған болса, ол тауарлар бірдей болып есептелмейді. Тауарларға қатысты «өндірілген» («өндірілді») деген ұғымның «шығарып алынған», «өсірілген», «дайындалған (оның ішінде тауарларды монтаждау, құрастыру немесе бөлшектеу жолымен дайындалған)» деген мағынасы да бар. Бағаланатын тауарларды өндірушіден өзге тұлға өндірген бірдей тауарлар сол өндірушінің бірдей тауарлары анықталмаған не қолда бар ақпарат пайдалануға қолайсыз деп есептелген жағдайда ғана қарастырылады;

біртекті тауарлар - барлық жағынан бірдей болып табылмайтын, бірақ өздерінің бағаланатын тауарлар сияқты функцияларды орындауына және олармен бірін-бірі коммерциялық тұрғыда алмастыра алатын тауарлар болуына мүмкіндік беретін ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас құрауыштардан тұратын, дәл сондай материалдардан өндірілген тауарлар. Тауарлардың біртекті болып табылатын-табылмайтынын айқындау кезінде сапасы, беделі және тауар белгісінің болуы сияқты сипаттамалар ескеріледі. Егер тауарлар бағаланатын тауарлар өндірілген елде өндірілмесе немесе егер осы тауарларға қатысты жобалау, әзірлеу, инженерлік, конструкторлық жұмыс, көркемдік әрлеу, дизайнын, эскиздері мен сызбаларын әзірлеу және өзге де сол сияқты жұмыстар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орындалған болса, тауарлар біртекті болып есептелмейді. Тауарларға қатысты «өндірілген» («өндірілді») деген ұғымның «шығарып алынған», «өсірілген», «дайындалған (оның ішінде тауарларды монтаждау, құрастыру немесе бөлшектеу жолымен дайындалған)» деген мағынасы да бар. Бағаланатын тауарларды өндірушіден өзге тұлға өндірген біртекті тауарлар сол өндірушінің біртекті тауарлары анықталмаған не қолда бар ақпарат пайдалануға қолайсыз деп есептелген жағдайда ғана қарастырылады;

дәл сол сыныптың немесе түрдің тауарлары - бірдей және біртекті тауарларды қоса алғанда, тауарлардың бір тобына немесе қатарына жататын және дайындалуы экономикалық қызметтің тиісті түріне жататын тауарлар;

жалпыға бірдей қабылданған бухгалтерлік есепке алу қағидаттары - тиісті уақыт кезеңінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қолданылатын бухгалтерлік есепке алу қағидаларының жүйесі;

өзара байланысты тұлғалар - мына шарттардың ең болмағанда біреуіне жауап беретін:

олар бір бірінің ұйымдарының қызметкерлері немесе директорлары (басшылары) болып табылатын;

олар заңды тұрғыда танылған іскер әріптестер болып табылатын, яғни шарттық қатынастармен байланысқан, пайда табу мақсатында әрекет ететін және бірлескен қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстар мен залалдарды бірге көтеретін;

олар жұмыс беруші және жұмыскер болып табылатын;

қандай да бір тұлға олардың екеуінің де айналысқа шығарылған дауыс беретін акцияларының бес немесе одан да көп пайызын тікелей немесе жанама иелік ететін, оларды бақылайтын немесе ұстаушы болып табылатын;

олардың біреуі басқасын тікелей немесе жанама бақылайтын;

олардың екеуін де үшінші тұлға тікелей немесе жанама бақылайтын;

олар бірігіп үшінші тұлғаны тікелей немесе жанама бақылайтын;

олар туысқандар немесе бір отбасының мүшелері болып табылатын тұлғалар.

Егер тұлғалар бірлескен кәсіпкерлік немесе өзге қызметте әріптестер болып табылса және бұл ретте олардың біреуі басқасының айрықша (жалғыз) агенті, айрықша дистрибьюторы немесе айрықша концессионері болып табылса (бұл қалай ұсынылса да), мұндай тұлғалар, егер олар көрсетілген шарттардың ең болмағанда біреуіне жауап берсе, осы тараудың мақсаттары үшін өзара байланысты деп есептелуге тиіс.

Егер тұлға заң жүзінде немесе практика жүзінде басқа тұлғаның әрекеттерін шектеу немесе оны басқару мүмкіндігіне ие болса, ол осы тұлғаны бақылайтын болып есептеледі.

 

65-бап. Тауарлардың кедендік құны туралы жалпы ережелер

1. Осы тараудың ережелері 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің (1994 жылғы ТСБК) VII бабында және 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің VII бабын қолдану жөніндегі келісімде белгіленген жалпы қағидаттар мен қағидаларға негізделеді.

2. Егер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтсе және осындай тауарларға қатысты осы баптың 3-тармағында көрсетілгендерден өзге кедендік рәсім алғаш рет мәлімделсе, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың (бұдан әрі осы тарауда - әкелінетін тауарлар) кедендік құны осы тарауға сәйкес айқындалады.

Егер тауарларды осы баптың 3-тармағында көрсетілгендерден өзге кедендік рәсіммен орналастыру кезінде оларды кедендік декларациялау осы Кодекстің 185, 186, 187, 188 және 189-баптарында айқындалған ерекшеліктермен жүзеге асырылған жағдайда да әкелінетін тауарлардың кедендік құны осы тарауға сәйкес айқындалады.

3. Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен, кеден қоймасы кедендік рәсімімен, жою кедендік рәсімімен, мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен немесе арнайы кедендік рәсіммен орналастыру кезінде, осы баптың 2-тармағының ережелеріне қарамастан, олардың кедендік құны айқындалмайды.