6. Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген қосымша есепке жазулар жүзеге асырылған кезде, тікелей тауарлардың құнынан бөлек, егер осылай көзделген болса, оларды қайтаруды қоса алғанда, оларды сатушыға беруге (жеткізуге) байланысты барлық шығыстар есепке алынады.
68-бап. Бірдей тауарлармен жасалған мәміле құны бойынша әдіс (2-әдіс)
1. Егер әкелінетін тауарлардың кедендік құны осы Кодекстің 66-бабына сәйкес айқындала алмаған жағдайда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін сатылған және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бағаланатын тауарлар әкелінген немесе соған сәйкес келетін, бірақ бағаланатын тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінерден күнтізбелік тоқсан күннен ерте емес уақыт кезеңінде әкелінген бірдей тауарлармен жасалған мәміленің құны осындай тауарлардың кедендік құны болып табылады.
Бірдей тауарлардың осы Кодекстің 66-бабына сәйкес айқындалған және кеден органы қабылдаған кедендік құны осы тауарлармен жасалған мәміленің құны болып табылады.
Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын осы бапқа сәйкес айқындау кезінде бағаланатын тауарлар сияқты коммерциялық деңгейде және мәні бойынша дәл сол санда сатылған бірдей тауарлармен жасалған мәміленің құны пайдаланылады.
Егер ондай сатулар анықталмаған жағдайда, сатудың коммерциялық деңгейіндегі және (немесе) тауарлар санындағы айырмашылықтар ескерілетін тиісті түзету жасала отырып, өзге коммерциялық деңгейде және (немесе) өзге санда сатылған бірдей тауарлармен жасалған мәміленің құны пайдаланылады.
Көрсетілген түзету, оның бірдей тауарлармен жасалған мәміле құнын ұлғайтуға немесе азайтуға алып келетін-келмейтініне қарамастан, түзетудің негізділігі мен дәлдігін құжатпен растайтын мәліметтер негізінде жүзеге асырылады.
Мұндай мәліметтер болмаған кезде бағаланатын тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін бірдей тауарлармен жасалған мәміле құны бойынша әдіс (2-әдіс) пайдаланылмайды.
2. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын осы бапқа сәйкес айқындау кезінде, қажет болған кезде, бағаланатын және бірдей тауарларға қатысты осы Кодекстің 67-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген шығыстарда олар тасымалданатын (тасылатын) қашықтықтардағы және тауарларды тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын көлік түрлеріндегі айырмашылықтарға байланысты туындайтын елеулі айырмашылықты есепке алу үшін, бірдей тауарлармен жасалған мәміле құнына түзету жүргізіледі.
3. Егер осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес түзетулерді ескергенде, бірдей тауарлармен жасалған мәміленің біреуден көп құны анықталған жағдайда, әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін олардың ең төмені қолданылады.
69-бап. Біртекті тауарлармен жасалған мәміле құны бойынша әдіс (3-әдіс)
1. Егер әкелінетін тауарлардың кедендік құны осы Кодекстің 66 және 68-баптарына сәйкес айқындала алмаған жағдайда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін сатылған және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бағаланатын тауарлар әкелінген немесе соған сәйкес келетін, бірақ бағаланатын тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінерден күнтізбелік тоқсан күннен ерте емес уақыт кезеңінде әкелінген біртекті тауарлармен жасалған мәміленің құны осындай тауарлардың кедендік құны болып табылады.
Біртекті тауарлардың осы Кодекстің 66-бабына сәйкес айқындалған және кеден органы қабылдаған кедендік құны осы тауарлармен жасалған мәміленің құны болып табылады.
Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын осы бапқа сәйкес айқындау кезінде бағаланатын тауарлар сияқты коммерциялық деңгейде және мәні бойынша дәл сол санда сатылған біртекті тауарлармен жасалған мәміленің құны пайдаланылады.
Егер ондай сатулар анықталмаған жағдайда, сатудың коммерциялық деңгейіндегі және (немесе) тауарлар санындағы айырмашылықтар ескерілетін тиісті түзету жасала отырып, өзге коммерциялық деңгейде және (немесе) өзге санда сатылған біртекті тауарлармен жасалған мәміленің құны пайдаланылады.
Көрсетілген түзету, оның біртекті тауарлармен жасалған мәміле құнын ұлғайтуға немесе азайтуға алып келетін-келмейтініне қарамастан, түзетудің негізділігі мен дәлдігін құжатпен растайтын мәліметтер негізінде жүзеге асырылады. Мұндай мәліметтер болмаған кезде бағаланатын тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін біртекті тауарлармен жасалған мәміле құны бойынша әдіс (3-әдіс) пайдаланылмайды.
2. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын осы бапқа сәйкес айқындау кезінде, қажет болған кезде, бағаланатын және біртекті тауарларға қатысты осы Кодекстің 67-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген шығыстарда олар тасымалданатын (тасылатын) қашықтықтардағы және тауарларды тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын көлік түрлеріндегі айырмашылықтарға байланысты туындайтын елеулі айырмашылықты есепке алу үшін біртекті тауарлармен жасалған мәміле құнына түзету жүргізіледі.
3. Егер осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес түзетулерді ескергенде, біртекті тауарлармен жасалған мәміленің біреуден көп құны анықталған жағдайда, әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін олардың ең төмені қолданылады.
1. Егер әкелінетін тауарлардың кедендік құны осы Кодекстің 66, 68 және 69-баптарына сәйкес айқындала алмаған жағдайда, осындай тауарлардың кедендік құны, декларанттың өтініші бойынша осы Кодекстің осы бабын және 71-бабын қолдану кезектілігі өзгертіле алатын жағдайларды қоспағанда, осы бапқа сәйкес айқындалады.
2. Егер бағаланатын тауарлар не бағаланатын тауарлармен бірдей немесе біртекті тауарлар өздері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінгендей күйде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында сатылған жағдайда, мынадай сомаларды:
1) делдалға (агентке) әдетте төленетін немесе төленуге жататын сыйықыны не, әдетте пайда алу және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарларды сатуға байланысты әдетте орын алатын мөлшерлерде жалпы шығыстарды (коммерциялық және басқарушылық шығыстарды) жабу үшін жүргізілетін бағаға үстемеақыны;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында жүзеге асырылған тасымалдауға (тасуға), сақтандыруға арналған әдеттегі шығыстарды және осындай операцияларға байланысты өзге де шығыстарды;
3) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер субъектілерінің салықтары мен алымдарын қоса алғанда, кедендік баждарды, салықтарды, алымдарды және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қолданылатын, тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтарына әкелуге және (немесе) онда сатуға байланысты төленуге жататын өзге де салықтарды және жергілікті салықтар мен алымдарды шегеру шартымен, бағаланатын тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген немесе соған сәйкес келетін уақыт кезеңінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында осындай сатуды жүзеге асыратын тұлғалармен өзара байланысты болып табылмайтын тұлғаларға бағаланатын тауарлардың не бағаланатын тауарлармен бірдей немесе біртекті тауарлардың ең көп жиынтық саны сатылатын тауар бірлігінің бағасы әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін негіз ретінде қабылданады.
3. Егер бағаланатын тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген немесе соған сәйкес келетін уақыт кезеңінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында бағаланатын тауарлар да, бағаланатын тауарлармен бірдей тауарлар да, бағаланатын тауарлармен біртекті тауарлар да сатылмаған жағдайда, осындай тауарлардың кедендік құны тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу күніне қатысты ең ерте, бірақ осы күннен кейін күнтізбелік тоқсан күн өткеннен кеш емес күні, өзі бойынша тиісінше бағаланатын тауарлар немесе бірдей тауарлар немесе біртекті тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында өздері әкелінгендей күйде, осындай тауардың бірлігі үшін баға белгілеуге жеткілікті санда сатылатын тауар бірлігінің бағасы негізінде айқындалады.
4. Егер бағаланатын тауарлар да, бағаланатын тауарлармен бірдей тауарлар да, бағаланатын тауарлармен біртекті тауарлар да өздері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінгендей күйде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында сатылмаған жағдайда, бағаланатын тауарлардың кедендік құны декларанттың өтініші бойынша, қайта өңдеу (өңдеу) нәтижесінде қосылған құн мен осы баптың 2-тармағында көрсетілген сомаларды шегеру шартымен, осындай тауарлардың көп жиынтық саны қайта өңделгеннен кейін өздері осы тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында сатып алатын тұлғалармен өзара байланысты болып табылмайтын тұлғаларға сатылатын осындай тауарлар бірлігінің бағасы негізінде айқындалады.
Қайта өңдеу (өңдеу) нәтижесінде қосылған құнды шегеру қайта өңдеу (өңдеу) құнына жататын, анық, саны жағынан айқындалатын және құжатпен расталған ақпарат негізінде жүргізіледі.
5. Осы баптың 4-тармағының ережелері мынадай:
1) тауарлар өздерінің дара белгілерін жоғалтқанына қарамастан, қайта өңдеу (өңдеу) нәтижесінде қосылған құнның шамасы дәл айқындала алатын кездегі жағдайларды қоспағанда, бағаланатын тауарлар одан әрі қайта өңдеу (өңдеу) нәтижесінде өздерінің дара белгілерін жоғалтатын;
2) бағаланатын тауарлар өздерінің дара белгілерін жоғалтпайтын, бірақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында сатылатын тауарларда бағаланатын тауарлардың құны сатылатын тауарлар құнына елеулі әсер етпейтіндей, соншалықты мардымсыз бөлікті құрайтын жағдайларда, әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін қолданылмайды.
Осы баптың 4-тармағын қолдану мүмкіндігі әрбір жеке жағдайда нақты мән-жайларға қарай айқындалады.
6. Бағаланатын тауарлардың не бағаланатын тауарлармен бірдей тауарлардың немесе бағаланатын тауарлармен біртекті тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында сатылымын қарастырған кезде, бағаланатын тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін өндіруге және беруге байланысты осы Кодекстің 67-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді пайдалану үшін тікелей немесе жанама түрде, тегін немесе төмен бағамен ұсынған тұлғаға сату есепке алынбайды.
7. Осы баптың мақсаттары үшін пайданың және тауарларды өткізуге арналған тікелей де, жанама да шығыстар болуы мүмкін жалпы шығыстардың (коммерциялық және басқарушылық шығыстардың) сомасы осы шығыстарды жабатын, сондай-ақ дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарларды сатуға байланысты пайда алуды қамтамасыз ететін, тауар бағасына үстемеақы ретінде қарастырылады.
Пайданың және жалпы шығыстардың (коммерциялық және басқарушылық шығыстардың) сомасы тұтастай ескеріледі және егер декларант ұсынған мәліметтер дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында сату кезінде орын алған мәліметтермен шамалас болған жағдайда, декларантта бар ақпарат негізінде айқындалады. Егер бұл мәліметтер кеден органының қолында бар, дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарларды сату кезіндегі пайданың және жалпы шығыстардың (коммерциялық және басқарушылық шығыстардың) әдеттегі мөлшері туралы мәліметтерге сәйкес келмеген жағдайда, кеден органы пайданың және жалпы шығыстардың (коммерциялық және басқарушылық шығыстардың) сомасын өзінде бар мәліметтер негізінде айқындай алады.
8. Осы баптың мақсаттары үшін бағаланатын тауарлар әкелінген елден әкелінген, дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлардың сатылымдары туралы, сондай-ақ басқа елдерден әкелінген тауарлар туралы мәліметтер пайдаланылады. Бағаланатын тауарлар мен олар салыстырылатын тауарлардың дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлар болып табылу-табылмау мәселесі әрбір нақты жағдайда, тиісті мән-жайлар ескеріле отырып жеке шешіледі. Бұл ретте, бағаланатын тауарларды қоса алғанда, өздеріне қатысты ақпарат ұсынылуы мүмкін, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлардың анағұрлым шағын тобының немесе қатарының сатылымдары қарастырылады.
9. Егер кеден органы әкелінетін тауарлардың кедендік құнын осы бапқа сәйкес, өзінде бар мәліметтер негізінде айқындаған жағдайда, ол декларантқа осындай мәліметтердің көздері туралы, сондай-ақ олардың негізінде жүргізілген есеп-қисаптар туралы электрондық немесе жазбаша нысанда хабарлайды.
1. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде осы бапқа сәйкес:
1) материалдарды дайындауға немесе сатып алуға арналған шығыстарды және бағаланатын тауарларды өндіруге арналған, сондай-ақ өндіруге байланысты өзге де операцияларға арналған шығыстарды;
2) әдетте тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін сатылған елде бағаланатын тауарлар секілді сыныптағы немесе түрдегі тауарларды сату кезінде ескерілетін шамаға баламалы болатын пайданың және жалпы шығыстардың (коммерциялық және басқарушылық шығыстардың) сомаларын;
3) осы Кодекстің 67-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген шығыстарды қосу жолымен айқындалатын тауарлардың есеп айырысу құны негіз ретінде қабылданады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шығыстар бағаланатын тауарлардың өндірушісі ұсынған немесе оның атынан ұсынылған және өндірушінің коммерциялық құжаттары тауарлар өндірілген елде қолданылатын, жалпыға бірдей қабылданған бухгалтерлік есепке алу қағидаттарына сәйкес жасалған жағдайда, осындай құжаттармен расталған бағаланатын тауарлар өндірісі туралы мәліметтер негізінде айқындалады.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шығыстар осы Кодекстің 67-бабы 1-тармағы бірінші бөлігі 1) тармақшасының үшінші және төртінші абзацтарында көрсетілген шығыстарды және әкелінетін тауарларды өндіруге байланысты пайдалану үшін сатып алушы тікелей немесе жанама түрде ұсынған, осы Кодекстің 67-бабының 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің осы Кодекстің 67-бабы 5-тармағының 1) тармақшасына сәйкес бөлінген құнын қамтуға тиіс. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында өндірілген (көрсетілген), осы Кодекстің 67-бабы 1-тармағы бірінші бөлігі 2) тармақшасының бесінші абзацында көрсетілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құны өндіруші төлеген осы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің ақысы дәрежесінде ғана енгізіледі. Бұл ретте шығыстар есеп айырысу құнын айқындау кезінде қайтадан есепке алынбайды.
Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілмеген, әкелінетін тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін өндіруге және сатуға арналған тікелей және жанама шығыстар жалпы шығыстар (коммерциялық және басқарушылық шығыстар) ретінде есепке алынады.
4. Пайданың және жалпы шығыстардың (коммерциялық және басқарушылық шығыстардың) сомасы тұтастай ескеріледі және өндіруші ұсынған немесе оның атынан ұсынылған мәліметтер негізінде айқындалады. Егер бұл мәліметтер мемлекеттік кірістер органының қолында бар, дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін сату кезіндегі пайданың және жалпы шығыстардың (коммерциялық және басқарушылық шығыстардың) әдеттегі мөлшері туралы мәліметтерге сәйкес келмеген жағдайда, кеден органы пайданың және жалпы шығыстардың (коммерциялық және басқарушылық шығыстардың) сомасын өзінде бар мәліметтер негізінде айқындай алады.
5. Осы баптың мақсаттары үшін бағаланатын тауарлар өндірілген мемлекетте өндірілген, дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлардың сатылымдары туралы мәліметтер пайдаланылады. Бағаланатын тауарлар мен олар салыстырылатын тауарлардың дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлар болып табылу-табылмау мәселесі әрбір нақты жағдайда, тиісті мән-жайлар ескеріле отырып жеке шешіледі. Бұл ретте өздеріне қатысты ақпарат ұсынылуы мүмкін дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлардың анағұрлым шағын тобының немесе қатарының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін сатылымдары қарастырылады.
6. Кеден органдары, егер Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында, Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарында немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, шетелдік тұлғадан тауарлардың есеп айырысу құнын айқындау үшін құжаттар мен мәліметтер ұсынуын талап етуге құқылы емес.
Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары тауарлардың есеп айырысу құнын айқындау үшін шетелдік тауар өндіруші ұсынған немесе оның атынан ұсынылған құжаттар мен мәліметтерді шетелдік тауар өндірушінің келісуімен, сондай-ақ тауарларды өндіруші елінің уәкілетті органы алдын ала хабардар етілген жағдайда және оның мұндай тексеру жүргізуге қарсылығы болмаған кезде тауарларды өндірушінің елінде тексеруі мүмкін. Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары шетелдік тауар өндіруші ұсынған немесе оның атынан ұсынылған құжаттар мен мәліметтерді тексеруді Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүргізеді.
7. Егер кеден органы әкелінетін тауарлардың кедендік құнын осы бапқа сәйкес, өзінде бар мәліметтер негізінде айқындаған жағдайда, ол декларантқа осындай мәліметтердің көздері туралы, сондай-ақ олардың негізінде жүргізілген есеп-қисаптар туралы электрондық немесе жазбаша нысанда хабарлайды.
72-бап. Резервтік әдіс (6-әдіс)
1. Егер әкелінетін тауарлардың кедендік құны осы Кодекстің 66, 68, 69, 70 және 71-баптарына сәйкес айқындала алмаған жағдайда, осындай тауарлардың кедендік құны Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында бар мәліметтер негізінде осы тараудың қағидаттары мен ережелері негізге алына отырып айқындалады.
2. Осы бапқа сәйкес пайдаланылатын тауарлардың құнын айқындау әдістері осы Кодекстің 66, 68, 69, 70 және 71-баптарында көзделген әдістер болып табылады, алайда осы бапқа сәйкес кедендік құнды айқындау кезінде оларды қолдануда икемділікке жол беріледі. Атап айтқанда, мынаған жол беріледі:
1) бағаланатын тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін бағаланатын тауарлар өндірілген елден өзге елде өндірілген бірдей немесе біртекті тауарлармен жасалған мәміленің құны негіз ретінде қабылдануы мүмкін;
2) бағаланатын тауарлардың кедендік құнын бірдей немесе біртекті тауарлармен жасалған мәміленің құны негізінде айқындау кезінде осы Кодекстің 68 және 69-баптарына сәйкес белгіленген, бірдей немесе біртекті тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін сатылуға және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бағаланатын тауарлар әкелінген немесе оған сәйкес келетін, бірақ бағаланатын тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінерден күнтізбелік тоқсан күннен ерте емес уақыт кезеңінде әкелінуге тиіс деген талаптардан ақылға қонымды түрде ауытқуға жол беріледі;
3) бағаланатын тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін бағаланатын тауарлармен бірдей немесе біртекті тауарлардың осы Кодекстің 70 және 71-баптарына сәйкес айқындалған кедендік құны негіз ретінде қабылдануы мүмкін;
4) бағаланатын тауарлардың кедендік құнын осы Кодекстің 70-бабына сәйкес айқындау кезінде осы Кодекстің 70-бабының 3-тармағында белгіленген мерзімнен ауытқуға жол беріледі.
3. Осы баптың 2-тармағына сәйкес туарлардың кедендік құнын айқындаудың бірнеше әдісін қолдануға мүмкіндік болған жағдайда, оларды қолданудың тізбектілігін ұстану қажет.
4. Әкелінетін тауарлардың осы бапқа сәйкес айқындалған кедендік құны барынша мүмкін боларлық дәрежеде бұрын айқындалған кедендік құндарға негізделуге тиіс.
5. Осы бапқа сәйкес, әкелінетін тауарлардың кедендік құны:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында өндірілген тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы бағаларының;
2) кедендік мақсаттар үшін екі баламалы құнның неғұрлым жоғарысын қабылдауды көздейтін жүйенің;
3) әкету елінің ішкі нарығындағы тауарлар бағаларының;
4) осы Кодекстің 71-бабына сәйкес бірдей немесе біртекті тауарлар үшін айқындалған есеп айырысу құнына қосылған шығыстардан өзге шығыстардың;
5) тауарлар әкетілетін елден Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерге берілетін тауарлар бағаларының;
6) тауарлардың ең төмен кедендік құнының;
7) еркін немесе жалған құнның негізінде айқындалмауға тиіс.
6. Егер кеден органы әкелінетін тауарлардың кедендік құнын осы бапқа сәйкес, өзінде бар мәліметтер негізінде айқындаған жағдайда, ол декларантқа осындай мәліметтердің көздері туралы, сондай-ақ олардың негізінде жүргізілген есеп-қисаптар туралы электрондық немесе жазбаша нысанда хабарлайды.
73-бап. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың кедендік құны, оның ішінде тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізген кезде де осы бапқа сәйкес айқындалады.
2. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың кедендік құны мәміле құнының, яғни осы тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету үшін сату кезінде олар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын және осы баптың 3-тармағына сәйкес толықтырылған бағаның негізінде айқындалады.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын бағаға, егер бұрын қосылмаған болса, мынадай қосымша есепке жазулар қосылады:
1) сатушы жүзеге асырған немесе оның жүзеге асыруына жататын мөлшердегі, бірақ әкетілетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын бағаға енгізілмеген мөлшердегі шығыстар, оған мыналар:
делдалдарға (агенттерге) берілетін сыйақы және брокерлерге берілетін сыйақы;
егер кедендік мақсаттар үшін ол әкетілетін тауарлармен біртұтас ретінде қарастырылатын болса, ыдысқа арналған шығыстар;
әкетілетін тауарлардың қаптамасына арналған шығыстар, оның ішінде қаптама материалдарының және қаптау жұмыстардың құны жатады;
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) əкетілетін тауарларды тиеуге, түсіруге немесе қайта тиеуге арналған шығыстар;
3) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген операцияларға байланысты сақтандыру шығыстары;
4) әкетілетін тауарларға қатысты зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін және көрсетілген төлемдер әкетілетін тауарларға қатысты болатын жағдайда, сатып алушы осындай тауарларды сату шарты ретінде тікелей немесе жанама түрде төлеуге тиіс лицензиялық және өзге де ұқсас төлемдер (әкетілетін тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерде қайта өндіру құқығы үшін төлемдерді қоспағанда).
4. Әкетілетін тауарлардың кедендік құны, олар іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын бағадан бөлінген, декларант мәлімдеген және ол құжатпен растаған жағдайда, мына шығыстарды:
1) тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілгеннен кейін өнеркәсіптік қондырғылар, машиналар немесе жабдық сияқты осындай тауарларға қатысты жүргізілетін салуға, тұрғызуға, құрастыруға, монтаждауға, қызмет көрсетуге немесе техникалық көмек көрсетуге арналған шығыстарды;
2) тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілгеннен кейін әкетілетін тауарларды осындай тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кету орнынан, ал егер Комиссия тауарларды тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын көлік түріне және осындай тасымалдау (тасу) ерекшеліктеріне қарай өзге орындарды айқындаса - Комиссия айқындаған орыннан тасымалдауға (тасуға) арналған шығыстарды;