«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 26 желтоқсандағы № 123-VI Кодексі (2026.25.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

2. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген, оларды осы Кодекстің 194-бабына сәйкес тауарларға арналған декларация берілерден бұрын шығаруға мәлімдегенге дейін немесе осындай тауарлар осы Кодекстің 284-бабына сәйкес порттық ЕЭА немесе логистикалық ЕЭА аумағында еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған болып есептелетін күнге дейін, оның ішінде оларды уақытша сақтау кезеңінде, сондай-ақ кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалдау (тасу) кезінде аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жарамсыз болып қалған, бұзылған немесе зақымданған тауарлар одан әрі оларға қатысты кедендік операциялар жасау кезінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жарамсыз, бұзылған немесе зақымданған күйде әкелінген тауарлар ретінде қарастырылады.

 

36-бап. Соттың шешімі бойынша тәркіленген немесе мемлекет меншігіне айналдырылған немесе өндіріп алу қолданылған шетелдік тауарлар

1. Соттың шешімі бойынша тәркіленген немесе мемлекет меншігіне айналдырылған шетелдік тауарлар - кедендік рәсімдермен орналастырылуға, ал жеке пайдалануға арналған тауарлар еркін айналымға шығаруға жатпайды. Көрсетілген тауарлар осындай шешім күшіне енген күннен бастап Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесіне ие болады.

2. Соттың шешімі бойынша өздеріне кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы баждарды, өтемақы баждарын төлеу есебіне өндіріп алу қолданылған шетелдік тауарлар осындай шешім күшіне енген күннен бастап Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесіне ие болады.

Осы тармақта көрсетілген тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесіне ие болғаннан кейін кедендік рәсімдермен орналастырылуға жатпайды.

 

37-бап. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мүдделі тұлғалары мен мемлекеттік органдарының тауарлар сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алуы

1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мүдделі тұлғалары мен мемлекеттік органдары кеден органының рұқсатымен кедендік бақылаудағы тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алуға құқылы.

2. Кеден органы, егер мұндай іріктеу:

1) кедендік бақылау жүргізуді қиындатпаса;

2) тауарлардың сипаттамаларын өзгертпесе;

3) кедендік баждарды, салықтарды төлеуден жалтаруға немесе тыйым салулар мен шектеулерді, ішкі нарықты қорғау шараларын сақтамауға алып келмесе, тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алуға рұқсат береді.

3. Тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алуға рұқсат не мұндай рұқсат беруден бас тарту осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар мен органдар жүгінген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.

4. Тауарлар кедендік рәсімдермен орналастырылған кезде - тауарларға арналған декларацияда, ал тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы осы Кодекстің 39 және 42-тарауларында көзделген тәртіппен және шарттарда өткізілген кезде кедендік жолаушылар декларациясында көрсетілген жағдайда, тауарлардың сынамаларына және (немесе) үлгілеріне жеке кедендік декларация берілмейді.

 

38-бап. Кеден органдарына есептілік ұсыну

1. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, уәкілетті экономикалық операторлар және еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен және еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларға, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына иелік ететін және (немесе) оларды пайдаланатын тұлғалар кеден органдарына сақталатын, тасымалданатын, өткізілетін, қайта өңделетін және (немесе) пайдаланылатын тауарлар туралы, сондай-ақ жасалған кедендік операциялар туралы есептілік ұсынуға міндетті.

2. Есептілікті ұсыну тәсілін, есептердің нысандарын, электрондық құжат түрінде ұсынылатын есептердің құрылымы мен форматын, оларды толтыру тәртібін, есептілікті ұсыну тәртібі мен мерзімдерін, оның ішінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген есептілік тек кеден органының талап етуі бойынша ғана ұсынылатын жағдайларды уәкілетті орган бекітеді.

 

 

4-тарау. ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ БІРЫҢҒАЙ ТАУАР НОМЕНКЛАТУРАСЫ. ТАУАРЛАРДЫ СЫНЫПТАУ

 

39-бап. Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы және оны жүргізу

1. Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы (бұдан әрі - Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы) кедендік-тарифтік реттеу шараларын, кедендік әкету баждарын, тыйым салулар мен шектеулерді, ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану, кедендік статистиканы жүргізу мақсаттарында тауарларды сыныптау үшін пайданалылатын, тауарларды сипаттау және кодтау жүйесі болып табылады.

Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы тауарларға салық салу мақсаттарында және Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге заңнамасында көзделген өзге де мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін.

2. Дүниежүзілік кеден ұйымының Тауарларды сипаттау мен кодтаудың үйлестірілген жүйесі және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының халықаралық негізі болып табылады.

3. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын Комиссия бекітеді.

4. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына берілетін түсініктерді Комиссия қабылдайды.

5. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын жүргізуді Комиссия жүзеге асырады. Осы мақсаттарда Комиссия:

1) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының халықаралық негізінің өзгерістеріне, сондай-ақ осы халықаралық негізді түсіндіру жөніндегі түсініктерге мониторингті;

2) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын және оған берілген түсініктерді оның халықаралық негізіне сәйкес келтіруді;

3) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ұсыныстары бойынша Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына және оған берілген түсініктерге өзгерістер енгізуді;

4) халықаралық негізінің кезекті нұсқасына көшу кезінде Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы кодтарының тауарлық позициялар, қосалқы позициялар және кіші қосалқы позициялар деңгейінде сәйкес келуі туралы кестелер түрінде ақпарат жасауды және оны Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті мемлекеттік органдарына жіберуді;

5) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын және оған берілген түсініктерді дайындауды және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті мемлекеттік органдарына жіберуді;

6) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын жүргізу үшін қажетті өзге де функцияларды жүзеге асырады.

6. Комиссияның Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына және оған берілген түсініктерге өзгерістер енгізуді қоса алғанда, осы номенклатураны жүргізу, сондай-ақ осы мәселелер бойынша Комиссия мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасасу тәртібін Комиссия айқындайды.

 

40-бап. Тауарларды сыныптау

1. Тауарларды сыныптау деп қарастырылатын тауарларды Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша нақты тауарлық позицияларға, қосалқы позицияларға және кіші қосалқы позицияларға кезең-кезеңмен жатқызу түсініледі.

Тауарларды сыныптау мына негізгі өлшемшарттар:

1) тауар орындайтын функция;

2) тауар жасалған материал негізге алына отырып жүзеге асырылады.

Бұл ретте, тауарлардың өңделу дәрежесі ескеріле отырып, оларды Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына түсініктеме берудің негізгі қағидаларын және бөлімдерге, топтарға ескертпелерді (оның ішінде тауарлық позицияларға, қосалқы позицияларға ескертпелерді), сондай-ақ өзіндік ерекшелігі бар сыныптау мәселелерін түсіндіретін қосымша ескертпелерді қолдану негізінде тауарлық кіші қосалқы позицияларға түбегейлі жатқызу қағидаты сақталады.

2. Декларант және өзге тұлғалар кедендік декларациялау кезінде және Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кеден органына Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауар коды мәлімделетін өзге де жағдайларда, тауарларды сыныптауды Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес жүзеге асырады.

Тауарларды сыныптау кезінде кеден органдары, декларанттар немесе өзге тұлғалар:

1) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына түсініктеме берудің негізгі қағидаларын;

2) бөлімдерге, топтарға, позицияларға ескертпелерді пайдаланады.

Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын біркелкі қолдану мақсатында кеден органдары, декларанттар немесе өзге тұлғалар:

1) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына берілген түсініктерді;

2) Дүниежүзілік кеден ұйымының Үйлестірілген жүйе комитетінің сыныптамалық пікірлер компендиумін;

3) уәкілетті органның тауарларды сыныптау жөніндегі алдын ала шешімдерінің электрондық базасын;

4) Комиссияның және уәкілетті органның жекелеген тауар түрлерін сыныптау бойынша түсіндірмесін пайдалануы мүмкін.

Кедендік декларациялау кезінде, егер осы Кодекске сәйкес кедендік декларацияда Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауар коды туралы мәліметтер көрсетілуге жатпаса, тауарларды сыныптау жүзеге асырылмайды. Бұл ретте тауарлар шығарылғанға дейін тауарларды сыныптаудың дұрыстығын тексеру тәуекелдерді басқару жүйесі айқындайтын жағдайларда ғана жүзеге асырылады.

Тауарларды сыныптаудың дұрыстығын тексеруді кеден органы осы Кодекстің 47 және 48-тарауларында белгіленген тәртіппен жүргізілетін тауарларды шығарудан кейін кедендік бақылау жүргізу шеңберінде жүзеге асырады.

3. Кеден органы:

1) кедендік декларациялау кезінде тауарларды шығарғанға дейін де, шығарғаннан кейін де кеден органы олардың дұрыс сыныпталмағанын анықтаған жағдайларда, тауарларды сыныптауды жүзеге асырады. Бұл жағдайда кеден органы тауарларды сыныптау туралы шешім қабылдайды, ол орындау үшін міндетті болып табылады. Тауарларды сыныптау туралы шешімнің нысанын, оны қабылдау тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті орган бекітеді;

2) мынадай:

осы Кодекстің 88-бабына, 136-бабының 5-тармағына, 217-бабының 11-тармағына, 278-бабының 12-тармағына, 288-бабының 9-тармағына, 297-бабының 6-тармағына және 399-бабына сәйкес;

осы Кодекстің 157-бабының 4-тармағында, 163-бабының 3-тармағында, 174-бабының 4-тармағында, 233-бабының 5-тармағында, 362-бабының 8-тармағында, 363-бабының 4-тармағында, 367-бабының 4-тармағында, 378-бабының 3 және 8-тармақтарында және 392-бабының 3-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде;

декларант осы Кодекстің 190-бабының 8-тармағында көрсетілген әрекеттерді жасамаған кезде төленуге жататын кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы баждарды, өтемақы баждарын есептеген жағдайларда;

3) осы тарауда көзделген өзге де жағдайларда тауарларды сыныптауды жүзеге асырады.

4. Егер осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда, тауарларды сыныптау кезінде кеден органында тауардың сипаттамалары, олардың атаулары туралы дәл мәліметтер немесе тауарларды он таңба деңгейінде сыныптау үшін қажетті өзге де ақпарат болмаса, тауарлардың кодын тауардың сыныптамалық белгілерге әсер ететін сипаттамалары туралы қолда бар мәліметтерге сүйене отырып, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес алғашқы төрт таңбадан аз емес деңгейде айқындауға жол беріледі.

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5. Тауарларды сыныптау кезінде кеден органдары, декларанттар жəне өзге де тұлғалар жөнелтуші елдің кедендік декларацияларының көшірмесін (олар болған кезде), тәуелсіз сараптама ұйымдарының қорытындыларын, анықтамаларын, сондай-ақ тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген мәліметтерді назарға алады.

6. Коммерциялық, көліктік (тасымалдау) және (немесе) өзге құжаттарда, сондай-ақ сараптама ұйымдары беретін қорытындыларда, анықтамаларда, сараптама актілерінде көрсетілген тауарлардың кодтары тауарларды сыныптау үшін міндетті болып табылмайды.

 

41-бап. Кеден органдары қабылдайтын тауарларды сыныптау туралы шешімдер, жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімдер мен түсіндірмелер

1. Кеден органдары тауарлар кедендік декларацияланғанға дейін оларды сыныптауды тұлғалардың өтініші бойынша Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімдер (бұдан әрі - тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімдер) және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жасақталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарларды сыныптау туралы шешімдер қабылдау жолымен жүзеге асыра алады.

2. Тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімдер осы тарауға сәйкес қабылданады.

3. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жасақталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарларды сыныптау туралы шешімдер осы тарауда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қабылданады. Осы тармақта көзделген тауарларды сыныптау туралы шешімнің нысанын уәкілетті орган бекітеді.

Кедендік декларациялауды осы Кодекстің 190-бабында айқындалған ерекшеліктерді ескере отырып жүзеге асыру мақсатында өздеріне қатысты кеден органдары осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тауарларды сыныптау туралы шешімдер қабылдайтын тауарлардың тізбесін - Комиссия, ал Комиссия көздеген жағдайларда уәкілетті орган айқындайды.

4. Тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімдер өзінің кеден органдары тауарларды сыныптау туралы осындай алдын ала шешімдер қабылдаған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында, ал осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайда - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше өзге мемлекеттердің аумақтарында да қолданылады. Тауарларды кедендік декларациялау кезінде тауарлардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес кодтары туралы мәліметтер тауарларды сыныптау туралы қабылданған алдын ала шешімдерге сәйкес тауарларға арналған декларацияда көрсетіледі.

Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жасақталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы белгілі бір уақыт кезеңі ішінде бір немесе бірнеше көлік құралымен өткізілетін, өздеріне қатысты тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімдер қабылданған тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес кедендік декларациялау кезінде тауарларды сыныптау туралы осындай алдын ала шешімдерде көрсетілген тауарлардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес кодтары туралы мәліметтер көрсетілуі мүмкін.

5. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жасақталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарларды сыныптау туралы шешімдер кеден органдары осындай шешімдер қабылдаған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында қолданылады.

Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жасақталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарларды сыныптау туралы шешімдер осындай шешімдерде көрсетілген, осы шешімдердің қолданылу мерзімдері ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы бір немесе бірнеше көлік құралымен өткізілетін және кеден органдары осындай шешімдер қабылдаған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетке баратын, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жасақталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарлардың құрауыштарын кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес кедендік декларациялау кезінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің аумақтарында да қолданылады. Осындай тауарлардың құрауыштарын кедендік декларациялау кезінде транзиттік декларацияларда Еуразиялық экономикалық одақтың кеден шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жасақталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарларды сыныптау туралы қабылданған шешімдерге сәйкес жасақталған немесе жасалып біткен түрдегі тауарлардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес кодтары туралы мәліметтер көрсетілуі мүмкін.

6. Осы тараудың ережелерін қолдану мақсаттары үшін жекелеген тауар түрі деп нақты атаулары, нақты маркалары, модельдері, артикулдары, түрленімдері бар және өзге де ұқсас жеке-дара сипаттамалары бар тауарларды Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес бір кодқа жатқызуға мүмкіндік беретін ортақ сыныптамалық белгілері бар тауарлар жиынтығы түсініледі.

 

42-бап. Уәкілетті органның жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімдері мен түсіндірмелері

1. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган мынадай жағдайларда:

уәкілетті орган аумақтық кеден органдарының тауарларды сыныптауға әртүрлі тәсілін анықтаған кезде;

аумақтық кеден органдарының бастамасы бойынша жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімдер қабылдайды және түсіндірмелер береді.

2. Жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешім мен түсіндірме уәкілетті органның жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімі түрінде қабылданады және осындай шешім қабылданған күннен бастап күшіне енеді.

Уәкілетті органның жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімі Қазақстан Республикасының аумағында тауарларды сыныптау кезінде міндетті болып табылады.

3. Уәкілетті органның жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімі күшіне енген күннен бастап:

кеден органдары осы Кодекстің 40-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қабылдаған тауарларды сыныптау туралы шешімдер өзгертілуге жатады;

тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімдер осы Кодекстің 47-бабы 6-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, 47-бабы 7-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде қолданылмайды және кері қайтарып алынуға жатады;

кеден органдары осы Кодекстің 41-бабы 1-тармағына сәйкес қабылдаған, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жасақталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарларды сыныптау туралы шешімдер осы Кодекстің 51-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, осы Кодекстің 51-бабы 2-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде өзгертілуге жатады.

4. Уәкілетті органның жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімі:

1) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы өзгерген;

2) уәкілетті орган осындай шешімдерді және (немесе) түсіндірмелерді қабылдаған кезде жол берген және Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес жекелеген тауар түрлерін сыныптауға әсер етпейтін қателіктеранықталған жағдайларда өзгертілуге жатады.

Комиссия уәкілетті органның жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімі қабылдаған тауарларға қатысты осы Кодекстің 43-бабына сәйкес жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешім қабылдаған жағдайда, Комиссияның осындай шешімі күшіне енген кезден бастап уәкілетті органның жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімі күшін жояды.

Уәкілетті органның жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешіміне өзгерістер енгізу туралы шешімді уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген жағдайлар басталған кезден бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей қабылдайды және ол осындай шешім қабылданған күннен бастап күшіне енеді.

5. Уәкілетті орган уәкілетті органның жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімдерін жариялауды қамтамасыз етеді.

6. Уәкілетті органның жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімі тіркелуге жатады.

 

43-бап. Комиссияның жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімдері мен түсіндірмелері

1. Комиссия Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының ұсыныстары негізінде жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімдер қабылдайды.

Комиссия кеден органдары қабылдаған тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімдерде, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден органдары осы Кодекстің 42-бабының 1-тармағына сәйкес қабылдаған (берген) жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімдерде немесе түсіндірмелерде тауарлардың әртүрлі сыныпталуын анықтаған кезде, Комиссия өз бастамасы бойынша жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімдер қабылдайды.

2. Жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімдер Комиссияның шешімдері түрінде қабылданады.

3. Комиссияның шешімі қабылданған тауар түрлеріне қатысты уәкілетті орган осы Кодекстің 42-бабының 1-тармағына сәйкес қабылдаған (берген) жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімдер мен түсіндірмелер Комиссияның осы бапқа сәйкес қабылданған шешімі күшіне енген күннен бастап қолданылмайды және олардың күші жойылуға жатады. Уәкілетті орган осы Кодекстің 42-бабының 1-тармағына сәйкес қабылдаған (берген) жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімдер мен түсіндірмелердің күшін жою туралы шешімдер Комиссияның осы бапқа сәйкес қабылданған шешімі күшіне енген күннен бастап күшіне енеді.

4. Комиссияның осы бапқа сәйкес қабылдаған шешімдері:

1) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын өзгерту;

2) Комиссияның осындай шешімдерін қабылдау кезінде жіберілген және жекелеген тауар түрлерін Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес сыныптауға әсер етпейтін қателерді анықтау;

3) Комиссияның шешімінде көрсетілген, жекелеген тауар түрлерінің Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес кодтарына, жекелеген тауар түрлерінің сипаттамасына және Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын түсініктеме берудің негізгі қағидаларын қолдануға әсер ететін жекелеген тауар түрлері туралы қосымша ақпарат алу;

4) Еуразиялық экономикалық одақ сотының осы бапқа сәйкес қабылданған Комиссия шешімін немесе оның жекелеген ережелерін Одақ туралы шартқа, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақ органдарының шешімдеріне сәйкес келмейді деп тану негіздері бойынша күші жойылды деп танылады не өзгертілуге жатады.

5. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының Комиссияға осындай шешімдер қабылдау туралы ұсыныстар енгізу, Комиссияның оларды қарау, осы баптың 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес дайындалған Комиссия шешімдерінің жобаларын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарымен келісу қағидаларын қоса алғанда, Комиссияның жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы шешімдер дайындау тәртібін Комиссия айқындайды.

6. Комиссия Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының ұсыныстары бойынша жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы түсіндірмелер береді.

Жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы түсіндірмелер Комиссияның ұсынымдары түрінде қабылданады.

Егер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің осы Кодекстің 42-бабының 1-тармағына сәйкес айқындалған кеден органдары осындай тауарларды Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес сыныптау туралы бірыңғай пікірде болса, жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы түсіндірмелер қабылданады.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының Комиссияға осындай түсіндірмелер беру туралы ұсыныстар енгізу, Комиссияның оларды қарау, осындай түсіндірмелердің жобаларын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарымен келісу қағидаларын қоса алғанда, жекелеген тауар түрлерін сыныптау туралы Комиссияның түсіндірмелерін дайындау тәртібін Комиссия айқындайды.

 

44-бап. Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау тәртібі

1. Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау тәртібі осы тарауда айқындалады.

2. Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешімді уәкілетті орган не уәкілетті орган айқындаған кеден органы (кеден органдары) қабылдайды.

3. Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім белгілі бір марканы, модельді, артикулды және түрленімді қамтитын тауардың әрбір атауы бойынша қабылданады.

4. Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешімнің нысанын, оны толтыру және тауарларды сыныптау туралы осындай алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу тәртібін Комиссия айқындайды.

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5. Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешімді алған тұлға оны жоғалтқан жағдайда, кеден органы тауарды сыныптау туралы жоғалтылған алдын ала шешім туралы мәліметтер қамтылған өтініш негізінде, өтініш кеден органына келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мұндай тұлғаға тауарды сыныптау туралы алдын ала шешімнің телнұсқасын береді.

Телнұсқаны берген кезде алдын ала шешім қабылдау үшін кедендік алым алынбайды.

Телнұсқаны алу үшін өтініш иесі тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдаған кеден органына еркін нысанда, электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде өтініш береді.

Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешімнің телнұсқасында алдын ала шешімнің түпнұсқасында қамтылған барлық мәліметтер, оның ішінде тауарды сыныптау туралы алдын ала шешімінің тіркеу нөмірі мен қабылданған күні көрсетіледі және «Телнұсқа» деген белгі қойылады.