I санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін айқындау әдістемесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 6 қыркүйектегі № 356 бұйрығы
(2024.19.10. берілген өзгерістермен)
Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 147-бабының 9-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған I санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін айқындау әдістемесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2021 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.