«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы № 125-VI Кодексі (2026.26.02. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

Құзыретті орган, егер:

1) жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органнан келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру туралы хабарлама алған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келіссөздер жүргізуге өз келісімін жазбаша растамаса не осындай келіссөздер жүргізуден бас тартса;

2) келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келіссөздер жүргізуге жер қойнауын пайдаланушының келісімі алынған күннен бастап төрт айға дейінгі мерзімде тараптар келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келісімге қол жеткізбесе;

3) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру жөнінде келісілген шешімге қол жеткізілген күннен бастап алты айға дейінгі мерзімде келісімшарт талаптарына өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға тараптар қол қоймаса, жер қойнауын пайдалануға арналған мұндай келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.

5. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын құзыретті орган бір жақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуды жер қойнауын пайдаланушыға осындай келісімшарттың қолданысын тоқтату туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүзеге асырады.

Жер қойнауын пайдаланушы осындай хабарламаны алған күннен бастап екі ай өткен соң келісімшарт қолданысын тоқтатады.

6. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын құзыретті органның мерзімінен бұрын тоқтатуының заңдылығына хабарлама алған күннен бастап екі ай ішінде сотта дау айтуға құқылы. Жер қойнауын пайдаланушы сотқа жүгінген жағдайда, осы баптың 5-тармағында көрсетілген мерзім соттың шешімі күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.

 

107-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған кездегі жер қойнауы учаскелері және мүлік

1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы тоқтатылған күннен бастап осындай келісімшартта бекітілген жер қойнауы учаскесі мемлекетке қайтарылған болып табылады.

2. Барлау кезеңі аяқталған күннен бастап барлау учаскесі, учаскені және өндіру кезеңін не дайындау кезеңін бекітуді көздейтін және осы Кодекстің 110-бабына сәйкес көмірсутектерді өндіру учаскесін белгілейтін келісімшартқа қосымшаны қамтитын көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа тіркелген толықтыруда көрсетілген жер қойнауы учаскесін қоспағанда, мемлекетке қайтарылған болып табылады.

3. Өндіру кезеңі аяқталған күннен бастап өндіру учаскесі (учаскелері) мемлекетке қайтарылған болып табылады.

Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта екі және одан көп өндіру учаскесі бекітілсе, онда өндіру учаскелерінің бірі бойынша өндіру кезеңі аяқталған кезден бастап, мұндай учаске мемлекетке қайтарылған болып табылады.

4. Жер қойнауы учаскесіне (учаскелеріне) қатысты жер қойнауын пайдалану құқығы қолданысы тоқтатылған кезде, құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыны мына шешімдердің бірі:

1) жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою;

2) жер қойнауы учаскесін кейіннен өзге тұлғаға беру үшін оны консервациялауды жүргізу;

3) жер қойнауы учаскесін көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына беру туралы хабардар етеді.

5. Хабарлама мынадай жағдайларда және мерзімдерде:

1) өндіру кезеңі аяқталған соң жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі өткен жағдайда - осындай аяқталардан кемінде екі ай бұрын;

2) құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда - жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтату туралы хабарламамен бір мезгілде;

3) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт тараптардың келісімі бойынша бұзылған жағдайда - келісімшартты бұзу туралы келісімге қол қоюмен бір мезгілде;

4) осы Кодекстің 119-бабы 16-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтыру жасасудан бас тарту туралы хабарлама жіберумен бір мезгілде жіберіледі.

6. Құзыретті органның жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою не кейіннен оны өзге тұлғаға беру үшін жер қойнауы учаскесіне консервациялау жүргізу шешімі туралы хабарламасын алған тұлға:

1) дереу тоқтатылуы төтенше жағдайлардың туындау қаупімен байланысты операциялары қоспағанда, жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтатуға міндетті. Мұндай операцияларды тоқтату хабарламаны алған күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырылуға тиіс;

2) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жою немесе консервациялау жобасы бекітілгеннен және олардың сараптамаларының оң қорытындылары алынғаннан кейін дереу осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жер қойнауын пайдалану салдарын жою немесе жер қойнауы учаскесін консервациялау бойынша жұмыстарды бастауға міндетті;

3) хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде жер қойнауы учаскесінен өзі өндірген көмірсутектерді, сондай-ақ өзінің меншігі болып табылатын жабдықты және өзге де мүлікті аумақтан алып кетуге құқылы. Көрсетілген мерзімде алып кетпеген жабдық пен өзге де мүлік осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жойылуға немесе консервациялауға жатады.

7. Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаған не ол осы баптың 6-тармағының 2) тармақшасында көзделген міндеттерді орындаудан жалтарған жағдайда жер қойнауын пайдалану салдарын жою немесе жер қойнауы учаскесін консервациялау бойынша жұмыстардың жүргізілуі қамтамасыз ету қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

8. Құзыретті органның көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға сенімгерлік басқаруға жер қойнауы учаскесін беру жөніндегі шешімі туралы хабарламаны алған тұлға:

1) хабарлама алған күннен бастап бір ай мерзімде жер қойнауы учаскесіндегі технологиялық процестің үздіксіздігін және өнеркәсіптік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жабдықты және өзге де мүлікті жаңа жер қойнауын пайдаланушыға мүлікті бергенге дейінгі мерзімге көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына беруге міндетті.

Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаған не ол көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға мүлікті беруден жалтарған жағдайда, құзыретті орган мұндай мүлікке қатысты оның сенім білдірілген тұлғасы ретінде әрекет етеді және берілетін мүліктің жай-күйі туралы нұсқауды көздейтін тізбені қамтитын акт бойынша оны көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға береді;

2) хабарлама алған күннен бастап алты ай ішінде жер қойнауы учаскесінен өзі өндірген көмісутектерді, сондай-ақ осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілерді қоспағанда, өзінің меншігі болып табылатын жабдықты және өзге де мүлікті аумақтан алып кетуге құқылы.

2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 8-1-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

8-1. Осы баптың 6 және 8-тармақтарында көзделген жағдайларда, құзыретті органның хабарламасын алған тұлға атқарылған жұмыс туралы есеп жібереді.

9. Осы баптың 4-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда:

1) сенімгерлік басқарушы осы баптың 8-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мүлікке бағалау жүргізуді ұйымдастырады;

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) осы баптың 8-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мүлік, сондай-ақ сенімгерлік басқарушы сенімгерлік басқаруды жүзеге асыру процесінде сатып алған және (немесе) алған мүлік жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасалған күннен бастап жаңа жер қойнауын пайдаланушының меншігіне өтеді, ол аукцион өткізу туралы хабархатта көрсетілген мерзімдерде мұндай мүліктің құнын бұрынғы меншік иесіне төлейді. Сенімгерлік басқарушы мұндай мүлікті берілетін мүліктің тізбесі мен оның жай-күйі туралы мәліметтерді қамтитын акт бойынша жаңа жер қойнауын пайдаланушыға береді.

10. Осы баптың 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда:

1) құзыретті орган осындай жер қойнауы учаскесі бойынша көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге аукцион өткізеді;

2) құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұрынғы жер қойнауын пайдаланушыға жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды қамтамасыз ететін, кепіл нысанасы болып табылатын банктік салым келісімі бойынша құқықтарды жаңа жер қойнауын пайдаланушыға беру қажеттігі және осындай берудің мерзімдері туралы хабарлама жібереді;

3) бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы хабарламада көрсетілген мерзімдерде жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды қамтамасыз ететін, кепіл нысанасы болып табылатын банктік салым келісімі бойынша құқықты жаңа жер қойнауын пайдаланушыға береді.

 

108-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған кезде жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару

1. Осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда, құзыретті орган жер қойнауы учаскесін кейіннен оны өзге тұлғаға беру үшін көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға сенімгерлік басқаруға оны беру шешімі туралы хабарлама жіберілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен осындай жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шартын жасасады.

2. Жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес әзірленіп, жасалады және сенімгерлік басқарушыға:

1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге келісімшарт жасамай жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны жүзеге асыру;

2) жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін жер пайдалану құқығымен жер учаскесін алу құқығын береді.

3. Сенімгерлік басқарушының жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқаруы кезінде шығарған және белгіленген тәртіппен расталған шығыстарын, шығарған шығыстардың қажеттігін растайтын құжаттарды ұсынған кезде, оны пайдаланудан түскен кірістер есебінен өтетуге құқығы бар.

Шығыстар осылай өтелген жағдайда, жаңа жер қойнауын пайдаланушы сенімгерлік басқарушының осы бапқа сәйкес бұрын өтелген шығындарын өтемейді.

Кіріс болмаған не ол жеткіліксіз болған жағдайда, шығыстарды өтеу құрылтайшы (пайда алушы) есебінен жүзеге асырылады.

4. Сенімгерлік басқарушының шығыстарын өтеуге және сенімгерлік басқару шартын орындаумен байланысты салықтарды төлеуге жіберілген сомаларды қоспағанда, сенімгерлік басқарудан түскен кірістер сенімгерлік басқару шартының қолданылуын тоқтату нәтижелері бойынша құрылтайшыға (пайда алушыға) жіберіледі.

5. Жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шарты шеңберінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу осы Кодексте көзделген талаптар сақталмай жүзеге асырылады.

6. Сенімгерлік басқарушы жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шартымен өзіне берілген өкілеттіктерді асыра пайдалана отырып немесе белгіленген шектеулерді бұза отырып жасаған мәмілелерден туындайтын міндеттемелер бойынша өз мүлкімен жауап береді.

7. Жер учаскесі сенімгерлік басқарушыға жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шартының қолданылу мерзіміне, бірақ ол жасалған күннен бастап он жылдан аспайтын мерзімге қайта ресімделеді.

 

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 109-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

109-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығына және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерге өндіріп алуды қолдану ерекшеліктері

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлеске) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерге, оның ішінде кепіл кезінде өндіріп алу қолданылған жағдайларда, жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдаланудағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді өткізу (сату), егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, жария сауда-саттық өткізу арқылы жүргізіледі.

Сауда-саттық нәтижелері бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді, оның ішінде кепіл кезінде иеліктен шығару жөнінде мәміле жасасқан кезде сауда-саттықтың жеңімпазы болып табылатын тұлға, осы Кодекстің 44-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 45-бабына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді ауыстыруға құзыретті органның рұқсатын алуға міндетті.

Осы тармақтың ережелері банкроттық рәсімін жүзеге асыру кезінде мүліктік массаны өткізу жағдайлары үшін де қолданылады.

2. Кепіл ұстаушының талаптарын кепілге қойылған жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің құнынан қанағаттандыру сот тәртібімен жүргізіледі.

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Сауда-саттықтың бастамашысы жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді өткізу (сату) жөніндегі сауда-саттық жариялағанға дейін құзыретті органнан сауда-саттыққа шығарылған немесе сауда-саттыққа шығарылуға жататын тиісті объектімен байланысты жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес) туралы мәліметтерді сұратуға міндетті.

Құзыретті орган сұрау салуды алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде сауда-саттықтың бастамашысына жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес) туралы мәліметтерді жібереді, онда мыналар қамтылады:

1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрі;

2) жер қойнауын пайдалану құқығының қалған қолданылу мерзімін қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану құқығының мерзімі туралы мәліметтер;

3) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт талаптарының бұзылғаны туралы хабарламалардың бар-жоғы туралы мәліметтер;

4) ұсынылған есептілікке сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша талаптардың орындалуы туралы мәліметтер;

5) жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар жүргізу талаптарына әсер ететін өзге де мәліметтер.

Сауда-саттықтың бастамашысы осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген мәліметтерді алғаннан кейін сауда-саттық өткізу туралы хабарландыруда құзыретті органнан алынған жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес) туралы мәліметтерді де жариялайды.

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. Кепіл ұстаушы жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді өткізу (сату) жөніндегі сауда-саттық өтпеді деп жарияланған кезде кепілге қойылған мүлікті өз меншігіне айналдыруға (жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің иесі болуға) не жаңа сауда-саттық тағайындауды талап етуге құқылы.

5. Осы баптың ережелеріне қайшы келетін кепіл туралы шарттардың және өзге де келісімдердің талаптары маңызсыз талаптар.

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)

6. Жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді өткізу (сату) бойынша осы баптың талаптары бұзыла отырып өткізілген сауда-саттық жарамсыз деп танылады.

Егер жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді ауыстыру осы баптың талаптары бұзыла отырып жүзеге асырылса, құзыретті орган мұндай ауыстыруға рұқсат беруден бас тартады.

 

 

16-тарау. Көмірсутектерді барлау және өндіру үшін жер қойнауы учаскелері

 

110-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілетін жер қойнауы учаскелері

1. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына қосылған жер қойнауы учаскелері көмірсутектерді барлау және өндіру немесе өндіру үшін:

1) аукцион өткізу арқылы;

2) тікелей келіссөздер негізінде көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға берілуі мүмкін.

Сол бір жер қойнауы учаскесі бір мезгілде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған әртүрлі келісімшарт бойынша пайдалануда болмайды.

Бұл ретте жер қойнауы учаскелерінің толық немесе ішінара сәйкес келуіне жол беріледі.

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартқа сәйкес көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы жер қойнауы учаскесінің кеңістіктік шекаралары мыналар ескеріле отырып, оның ажырамас бөлігі болып табылатын осындай келісімшартқа қосымшада белгіленеді:

1) көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша көмірсутектерді барлау немесе өндіру учаскесінің бастапқы кеңістіктік шекаралары мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына сәйкес айқындалады;

2) табылған кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) бағалау мақсатында көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңін ұзарту кезінде, сондай-ақ күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша бағалау кезеңіне өту кезінде барлау учаскесінің (учаскелерінің) кеңістіктік шекаралары өздерінің шегінде бағалауды талап ететін табылған кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) болжамды контурлары толық немесе ішінара орналасқан блоктарды қамтиды;

3) табылған кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) сынап пайдалану мақсатында көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңін ұзарту кезінде барлау учаскесінің (учаскелерінің) кеңістіктік шекаралары өздерінің шегінде сынап пайдалануды жүргізу жоспарланып отырған кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) болжамды контурлары толық немесе ішінара орналасқан блоктарды қамтиды;

4) көмірсутектерді өндіру учаскесінің (учаскелерінің) кеңіс тіктік шекаралары (жоғарғы шекараны қоспағанда) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған геологиялық қорларды есептеу жөніндегі есепке сәйкес айқындалатын кен орны контурларының негізінде белгіленеді.

Егер барлау учаскесінің шегінде бірнеше жекелеген кен орны ашылса, жер қойнауы учаскесінің кеңістіктік шекаралары әрбір жекелеген кен орны үшін белгіленеді;

5) көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша бастапқы жер қойнауы учаскесін ұлғайту мақсаттары үшін сұралатын жер қойнауы учаскесінің кеңістіктік шекаралары жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған, табылған кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) болжамды контурларын белгілейтін тиісті базалық жобалық құжатқа толықтыруға сәйкес жер қойнауын зерттеу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша (жер қойнауының сұратылған учаскесінің жер қойнауын пайдаланудан бос болуы тұрғысынан) айқындалады;

6) осы Кодекстің 114-бабына сәйкес мемлекетке қайтару арқылы жер қойнауы учаскесі азайғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушыда қалатын, көмірсутектерді барлау немесе өндіру учаскесінің кеңістіктік шекараларын жер қойнауын пайдаланушы айқындайды;

7) көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауы учаскесі осы Кодекстің 115-бабына сәйкес бөліп шығарылған жағдайда, барлау немесе өндіру учаскелерінің кеңістіктік шекаралары (жер қойнауының негізгі және бөліп шығарылатын учаскелері):

барлау учаскесінің бір бөлігін бөліп шығару кезінде - жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған, барлау жұмыстарының жобасына жер қойнауының негізгі және бөліп шығарылатын учаскелерінде табылған тиісті кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) бағалау бойынша жұмыстар жүргізуді көздейтін толықтыруларға сәйкес;

барлау немесе өндіру учаскесін бөліп шығару кезінде бөліп шығару жүргізілетін, көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартта көрсетілген жер қойнауының тиісті учаскелері бойынша деректер негізінде айқындалады.

Құзыретті орган жер қойнауы учаскесінің (учаскелерінің) кеңістік шекаралары туралы осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) - 4), 6) және 7) тармақшаларында көзделген ақпаратты жер қойнауын зерттеу саласындағы уәкілетті органға хабарлама жасау тәртібімен жібереді.

3. Басқа тұлғаға тиесілі немесе оның пайдалануындағы жер учаскесі шегінде орналасқан (ішінара орналасқан) жер қойнауы учаскесі берілген жағдайда, жер қойнауы учаскесінің жоғары кеңістікті шекарасы осындай жер учаскесі шегінде осындай жер учаскесінің жер бетінің ең төменгі нүктесінен отыз метр тереңдікте белгіленеді деп есептеледі.

4. Ішінара ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің немесе су қоры жерлері аумақтарының шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесі берілген жағдайда, жер қойнауы учаскесінің жоғары кеңістікті шекарасы осындай аумақтар шегінде осындай жер учаскесінің жер бетінің ең төменгі нүктесінен отыз метр тереңдікте белгіленеді деп есептеледі.

5. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы бар өзге жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауы учаскесінен төмен орналасқан (ішінара орналасқан) жер қойнауы учаскесі берілген жағдайда, осындай жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауы учаскесі аумағы шегінде берілетін жер қойнауы учаскесінің жоғарғы кеңістікті шекарасы оның төменгі кеңістікті шекарасы бойынша айқындалады.

6. Осы Кодекстің 117-бабының 2 және 3-тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша барлау кезеңі ұзартылған барлау учаскелері үшін, сондай-ақ өндіру учаскелері үшін табылған кенжатын (кенжатындар жиынтығы) немесе көмірсутектер кен орындары жатқан тереңдікпен айқындалатын төменгі кеңістікті шекарасы белгіленеді.

7. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша барлау учаскесі (учаскелері) аумағының көлемін екі мың төрт жүз блоктан асыруға болмайды.

 

111-бап. Жер қойнауы учаскесін беру

1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт тіркелген күннен бастап жер қойнауы учаскесі жер қойнауын пайдаланушыға пайдалануға берілген болып табылады.

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Көмірсутектерін өндіруге келісімшарт жасасу немесе өндіру учаскесі мен кезеңін не дайындық кезеңін бекітуді, көмір сутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңіне өтуді көздейтін көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа толықтырулар жер қойнауын пайдаланушыға Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес оған қажетті жер учаскесіне жер пайдалану құқығын беру үшін негіз болып табылады.

 

112-бап. Өзгерту ұғымы және түрлері

1. Мыналар:

1) жер қойнауы учаскесін ұлғайту;

2) жер қойнауы учаскесін азайту;

3) жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша жер қойнауы учаскесін (оның бір бөлігін) жер қойнауын пайдалануға арналған жаңа келісімшарт жасасу арқылы жүргізілетін олардың кеңістік шекараларының өзгерісі жер қойнауы учаскелерін өзгерту болып табылады.

 

113-бап. Жер қойнауы учаскесін ұлғайту

1. Көмірсутектерін барлауға және өндіруге немесе өндіруге келісімшарт бойынша жер қойнауы учаскесін ұлғайту жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша бір мезгілде мынадай шарттар сақталған:

1) жер қойнауын пайдаланушы болжамды контуры жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптаманың оң қорытындыларын алған базалық жобалық құжатта белгіленген жер қойнауы учаскесінің шегінен шығып жатқан кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) тапқан;

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) жер қойнауы учаскесі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша сол бір тұлғаның пайдалануында болған жағдайды қоспағанда, сұралатын жер қойнауы учаскесі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдаланудан бос болған;