4. Тау-кен жұмыстарының жоспарында сипатталатын пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялар тиісті экологиялық рұқсат болған кезде жүзеге асырылады. Тау-кен жұмыстарының жоспары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен келісіледі.
Егер тау-кен жұмыстары жоспарында көзделген пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары шегінде болжанатын болса, тау-кен жұмыстарының жоспары да су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекцияларымен келісіледі.
Жер қойнауын пайдаланушы осы бапқа сәйкес тау-кен жұмыстарының жоспарын келіскен және тиісті экологиялық рұқсат алған жағдайда ғана пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Өндіру бойынша жоспарланатын жұмыстардың түрлері, әдістері және (немесе) тәсілдері, сондай-ақ жұмыстарды жүргізу технологиялары, көлемдері мен мерзімдері өзгертілген, өндірістік объектілердің және инфрақұрылым объектілерінің құрамы өзгертілген жағдайда жер қойнауын пайдаланушы тау-кен жұмыстарының жоспарына тиісті өзгерістер енгізуге және оны пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынуға міндетті. Егер көрсетілген өзгерістер өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша келісуді, қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізуді және экологиялық рұқсат алуды (қайта ресімдеуді) талап етсе, тау-кен жұмыстарының жоспары енгізілген өзгерістерімен қоса, осындай келісуден, қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізілгеннен және экологиялық рұқсат алынғаннан (қайта ресімделгеннен) кейін ғана пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынылады.
6. Өзгертілген тау-кен жұмыстарының жоспарын пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынылғанға дейін ол бойынша жұмыстар жүргізуге тыйым салынады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жою жоспары өндіру учаскесінде орналасқан кенішті және басқа да өндірістік және инфрақұрылым объектілерін пайдаланудан шығару жөніндегі, өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде бүлінген жерді рекультивациялау жөніндегі іс-шаралардың, прогрессивті жоюды жүргізу жөніндегі іс-шаралардың, өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жою жөніндегі өзге де жұмыстардың сипаттамасын, сондай-ақ жою жөніндегі осындай іс-шаралардың болжалды құнын есептеуді қамтитын құжат болып табылады.
Егер жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия (лицензиялар) бойынша жер қойнауының басқа учаскесінде (учаскелерінде) орналасқан тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдерін орналастыру объектілері өндіру учаскесіндегі (өндіру учаскелеріндегі) кенішті пайдаланумен тікелей байланысты болса немесе өндірудің аралас учаскелерінде орналасқан екі кенішті пайдалану бірыңғай технологиялық процесте жүзеге асырылса, жер қойнауын пайдаланушы осы жер қойнауы учаскелерінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою жөніндегі барлық жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында бірыңғай жою жоспарын әзірлеуге құқылы.
1-тармақтың үшінші бөлігі 2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
Жою жоспары қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге арналған лицензиясы бар тұлғаны тарту арқылы жасалады және оны жер қойнауын пайдаланушы бекітеді. Жою жоспары Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасына, ал ол жүргізілгеннен кейін - Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптамаға жатады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жер қойнауын пайдаланушы өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша жұмыстардың құнын есептеуге өзгеріс енгізуді қоса алғанда, жою жоспарына:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасы мен мемлекеттік экологиялық сараптаманың соңғы оң қорытындыларын алған күннен бастап үш жылдан кешіктірмей;
2) осы Кодекстің 216-бабының 5-тармағына сәйкес тау-кен жұмыстарының жоспарына өзгерістер енгізілген жағдайда, өзгерістер енгізуге міндетті.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасы мен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындыларын алған жою жоспарында салдарын жою көзделмеген пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға тыйым салынады.
4. Жою жоспарын жасау бойынша нұсқаулықты және пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жоюдың болжамды құнын есептеу әдістемесін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді.
218-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жою
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялар салдарын жою жою жоспары негізінде әзірленген жою жобасына сәйкес жүргізіледі.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының жер заңнамасына және Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстар жобасын әзірлеуді, келісуді, сараптауды және бекітуді лицензия мерзімі өткенге дейін екі жылдан кешіктірмей қамтамасыз етуге міндетті.
Өндіру учаскесінің бәрінен немесе бір бөлігінен бас тартылған жағдайда, егер осы тармақтың бесінші бөлігінің ережелерінен пайдалы қатты қазбаларды өндіру салдарын жою қажеттігі туындамаса, мұндай салдарды жою жобасы осындай бас тартуға дейін әзірленеді, келісіледі, сараптауға және бекітуге жатады.
Егер пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның қолданылуы өзге негіздер бойынша тоқтатылса, жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға пайдалы қатты қазбаларды өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстар жобасын әзірлеуді және бекітуді лицензияның қолданылуы тоқтатылған күннен бастап сегіз айдан кешіктірмей қамтамасыз етуге міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 220-бабына сәйкес бас тартқан өндіру учаскесінің бір бөлігінде пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялар салдарын жою осындай бас тартқанға дейін жүргізіледі. Жою аяқталғаннан кейінгі және өндіруге арналған лицензиядан ол алып тасталған кезге дейінгі кезеңде өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге немесе осындай учаскенің бір бөлігін өзге де пайдалануға жол берілмейді.
Егер өндіру учаскесінің жер қойнауын пайдаланушы бас тартқан бір бөлігін пайдалану өндіруге арналған лицензияда көзделген операциялар жүргізілместен және жер бетін (су айдындары түбін) бүлдірмей жүзеге асырылса, өндіру учаскесінің бір бөлігінде жою жұмыстарын жүргізу талап етілмейді. Бұл жағдайда жою жұмыстарын жүргізудің қажет еместігін растайтын зерттеп-қарау актісі жасалады, оған осы баптың 4-тармағында аталған тұлғалар қол қояды.
3. Өндіру учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға осындай тоқтату күнінен бастап сегіз айдан кешіктірілмейтін мерзімде өндіру жөніндегі операциялар салдарын жоюға кірісуге міндетті. Осы кезең ішінде аталған тұлға жер қойнауы учаскесінің аумағынан өндірілген пайдалы қатты қазбаларды шығаруға құқылы. Лицензияның қолданылуы тоқтатылғаннан кейін сегіз ай өткен соң өндіру учаскесінің аумағынан шығарылмаған пайдалы қатты қазбалар жер қойнауының құрамына енгізілген деп танылады және осы бапқа сәйкес жойылуға жатады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Жою актісіне қол қойылғаннан кейін өндіру учаскесінде (оның бір бөлігінде) өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жою аяқталды деп есептеледі. Жою актісіне облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың тиісті жергілікті атқарушы органы өз өкілдері мен қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы, жер қойнауын зерттеу жөніндегі мемлекеттік органның өкілдерінен құратын комиссия және жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға, ол болған кезде) қол қояды. Егер жою жеке меншіктегі, тұрақты немесе ұзақ мерзімді уақытша өтеулі жер пайдаланудағы жер учаскесінде жүзеге асырылса, жою актісіне жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы да қол қояды.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жою актісіне (зерттеп-қарау актісіне) қол қою жер қойнауын пайдалану құқығын өзге тұлғаларға кейіннен беру үшін мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті мәліметтерді енгізуге негіз болып табылады.
6. Осы баптың ережелері салдарын жоюды талап ететін өндіру жөніндегі операциялар жүргізілмеген, өндіру учаскесінде немесе оның бір бөлігінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда қолданылмайды. Бұл учаскеде барлау жөніндегі операциялар жүргізілген жағдайда олардың салдарын жою осы Кодекстің 197-бабына сәйкес жүргізіледі.
219-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету
1. Жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесінде пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларға осындай операциялар салдарын жою бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға берген жағдайда кірісуге құқылы.
2. Өндіру жөніндегі операциялар салдарын жою бойынша жер қойнауын пайдаланушы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету мынадай шарттар сақтала отырып, осы Кодексте көзделген оның кез келген түрлері үйлестіріліп берілуі мүмкін: өндіруге арналған лицензияның үштен бір мерзімі ішінде - банк кепілдігі немесе банктік салым кепілі түрінде қамтамасыз ету жалпы қамтамасыз ету сомасының кемінде қырық пайызын, үштен екі мерзімі ішінде - кемінде алпыс пайызын және қалған кезеңде жүз пайызын құрауға тиіс.
Егер жоюды жүргізу екі және одан көп жер қойнауы учаскесі үшін осы Кодекстің 217-бабы 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес жасалған жою жоспары бойынша жүзеге асыру жоспарланса, жер қойнауын пайдаланушы осы учаскелерде жер қойнауын пайдалану салдарын жою бойынша міндеттемелердің орындалуын ортақ қамтамасыз етуді беруге құқылы.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қамтамасыз ету сомасы өндіру жөніндегі операциялардың және жою жоспарына өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасы мен мемлекеттік экологиялық сараптаманың соңғы оң қорытындылары алынған күннен бастап алдағы үш жылға жоспарланатын операциялардың салдарын жою жөніндегі жұмыстардың жалпы есептік құнын жабуға тиіс.
Қамтамасыз ету сомасы жою жөніндегі жұмыстар жоспарында көзделген сметаға сәйкес түпкілікті қайта есептеуге жатады.
Жою жөніндегі жұмыстардың құнына әкімшілік және басқарушылық шығыстар, сондай-ақ:
учаске (учаскелер) аумағында орналасқан технологиялық жабдықты, ғимараттарды және құрылысжайларды демонтаждауға және әкетуге;
кенішті (шахтаны, ұңғыманы, карьерді және басқаларын), техногендік минералдық түзілімдерді орналастыру объектілерін (олар болған кезде) жабуға;
зиянды заттар мен материалдарды (олар болған кезде) көмуге;
бүлінген жерді рекультивациялауға;
өзендердің, жылғалардың және су ағындарының (олар болған кезде) арналарын қалпына келтіруге;
жерүсті және жерасты суларының, ауаның сапасын, топырақтың және өсімдіктердің жай-күйін мониторингтеуге арналған шығыстар кіруге тиіс.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Өндіруге арналған лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органның келісімімен қамтамасыз ету сомасы жер қойнауы учаскесінде орындалған және осы Кодекстің 218-бабының 4-тармағында көзделген тәртіппен қабылданған жою жұмыстары бөлігінің құнына мөлшерлес азайтылуы мүмкін. Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган қамтамасыз етуді берген тұлғаны қамтамасыз ету сомасын азайту туралы жер қойнауын пайдаланушыдан өтінішті алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде хабардар етеді.
Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның қолданылуы тоқтатылғаннан кейін қамтамасыз ету сомасын азайтуға, егер осындай азайту нәтижесінде қалған қамтамасыз ету сомасы жою жөніндегі жұмыстар жобасының сметасында көзделген, жою бойынша аяқталмаған жұмыстарға арналған шығыстарды жаба алмайтын болса, тыйым салынады.
5. Осы Кодекстің талаптарына сәйкес салдарын жою қамтамасыз етілмеген пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларға тыйым салынады.
220-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесінен бас тарту
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның мерзімі өткенге дейін кез келген уақытта жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға бас тарту туралы жазбаша мәлімдей отырып, барлық өндіру учаскесінен не оның бір бөлігінен бас тартуға құқылы.
Өндіру учаскесінің бір бөлігінен бас тартылған жағдайда, пайдалануда қалған өндіру учаскесі осы Кодекстің 19-бабының ережелеріне сәйкес келуге тиіс.
2. Барлық өндіру учаскесінен немесе оның бір бөлігінен мерзімінен бұрын бас тарту туралы өтініште бас тартуға жататын жер қойнауы учаскесінің аумағына нұсқау қамтылуға тиіс.
Өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) жер қойнауын пайдаланушы бас тартып отырған барлық өндіру учаскесінде немесе оның бір бөлігінде өндіру салдарын жою актісі;
2) жер қойнауын пайдаланушы бас тартып отырған жер қойнауы учаскесі аумағының алаң есептері (көлемі) және бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар сипаттамасы;
3) жер қойнауы учаскесінің бір бөлігінен бас тартылғаннан кейін қалыптастырылатын өндіру учаскесі аумағының алаң есептері (көлемі) және бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар, көрнекілікті қамтамасыз ететін масштабта орындалған учаскенің орналасу картограммасы, шолу (ахуалдық) схемасы, сондай-ақ жерүстінің топографиялық картасы қоса берілген сипаттамасы.
3. Өндіру учаскесінің бір бөлігінен бас тарту өндіруге арналған лицензияны қайта ресімдеуге алып келеді.
4. Өндіру учаскесінің бір бөлігінен немесе барлығынан бас тарту пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілуі мүмкін учаске (немесе оның бір бөлігі) ретінде мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті жер қойнауы учаскесі туралы мәліметтерді енгізуге негіз болып табылады.
221-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін жауаптылық және оны қайтарып алу
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияларда көзделген міндеттемелерді бұзушылық жер қойнауын пайдаланушыны тұрақсыздық айыбы немесе лицензияны қайтарып алу түріндегі жауаптылыққа алып келеді.
2. Өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылықтың ең төмен үлесін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін, сондай-ақ қазақстандық кадрларды оқытуды және (немесе) ғылыми-іздестіру, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру бойынша міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбы өндіріліп алынады.
Міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбын төлеу орындалуы тиісті күнтізбелік жылда көзделген негізгі міндеттемені тоқтатады.
Өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылықтың ең төмен үлесін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбы орындалмаған міндеттемелер көлеміне қатысты жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құнының отыз пайызы мөлшерінде өндіріліп алынады.
Қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру бойынша және ғылыми-іздестіру, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру бойынша міндеттемені орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбы орындалмаған міндеттемелердің сомасы мөлшерінде өндіріліп алынады.
3. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия мынадай негіздердің бірі болған кезде құзыретті органның қайтарып алуына жатады:
1) ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге алып келген, осы Кодекстің 44-бабы 1-тармағының талаптарын бұзушылық;
2) қол қою бонусын, жер учаскесін пайдаланғаны үшін ақы (жалдау төлемдерін) төлеу туралы міндеттемелерді және (немесе) пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларға жыл сайынғы ең төмен шығыстар бойынша міндеттемелерін бұзушылық.
4. Бұзушылық анықталған кезде құзыретті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді.
5. Осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген бұзушылық жасалған жағдайда, бұзушылық орын алғанға дейінгі жағдайды қалпына келтіру арқылы, ал қалпына келтіру мүмкін болмаған кезде құзыретті органның рұқсатымен жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді ауыстыру бойынша өзге де әрекеттерді жасау арқылы осы бұзушылық бір жылдан аспайтын мерзімде жойылуға жатады.
Осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген бұзушылық жасалған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органнан хабарлама алған күннен бастап үш ай ішінде бұзушылықты жоюға міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармақта көзделген мерзімдерде құзыретті органды бұзушылықтардың жойылғаны туралы осындай жоюды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша хабардар етеді.
Белгіленген мерзімде бұзушылық жойылмаған жағдайда, құзыретті орган осы баптың 6-тармағына сәйкес лицензияны қайтарып алады.
6. Лицензияны қайтарып алуды құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыға лицензияны қайтарып алу туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап үш айдан кейін лицензияның қолданылуы тоқтатылады.
7. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен лицензияны қайтарып алуды даулауға құқылы. Осындай даулау кезеңінде осы баптың 6-тармағында көрсетілген мерзім даулау нәтижелері бойынша шығарылған шешім күшіне енгенге дейін ұзартылады.
8. Егер лицензияны қайтарып алу үшін негіз болған міндеттерді орындамауға немесе тиісінше орындамауға еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайлардағы төтенше және ырық бермейтін мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және т.с.) әсері себеп болса, лицензияны қайтарып алуға жол берілмейді. Осындай мән-жайларға жер қойнауын пайдаланушының техникалық құралдарының және (немесе) қаржылай қаражатының болмауы, нарықта қажетті тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің болмауы, сондай-ақ әкімшілік жазаның қолданылуы жатпайды.
9. Осы бапқа сәйкес өндіруге арналған лицензиядан айырылған тұлға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды дереу тоқтатуға және жою жоспарына сәйкес жер қойнауы учаскесін қауіпсіз жай-күйде ұстап тұру жұмыстарына кірісуге міндетті.
10. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны қайтарып алу мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті жер қойнауы учаскесі туралы мәліметтерді енгізу үшін негіз болып табылады.
2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 28-1-тараумен толықтырылды (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
28-1-тарау. КЕҢ ТАРАЛҒАН ПАЙДАЛЫ ҚАТТЫ ҚАЗБАЛАР МЕН УРАНДЫ ҚОСПАҒАНДА, ПАЙДАЛЫ ҚАТТЫ ҚАЗБАЛАР БОЙЫНША ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫН АУКЦИОН НЕГІЗІНДЕ БЕРУ
221-1-бап. Кең таралған пайдалы қатты қазбалар мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскелерін аукцион негізінде беруге арналған аумақтар
1. Кең таралған пайдалы қатты қазбалар мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін аукцион негізінде мынадай:
1) кең таралған пайдалы қатты қазбалар мен уранды қоспағанда, пайдалы қазбалардың мемлекеттік есебіне енгізілген және осы Кодекстің 22-бабының 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуден бос пайдалы қатты қазбалардың қорлары және (немесе) ресурстары бар жер қойнауы учаскелері бойынша пайдалы қатты қазбаларды өндіруге;
2) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижелері бойынша анықталған перспективалары бар жер қойнауы учаскелері бойынша пайдалы қатты қазбаларды барлауға;
3) осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген аумақтарды қоспағанда, жарамсыз, мерзімі ұзартылмаған немесе мерзімінен бұрын тоқтатылған деп танылған пайдалы қатты қазбаларды барлауға, бірлескен барлауға және өндіруге арналған келісім-шарттардың аумақтары бойынша пайдалы қатты қазбаларды барлауға жер қойнауы учаскелері беріледі деп белгіленсін.
2. Аукцион негізінде берілетін жер қойнауы учаскелерінің аумағы мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында айқындалуға жатады және жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қалыптастырылады.
3. Пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу үшін аукцион негізінде берілген жер қойнауы учаскесінің аумағы екі жүз блоктан аспауға тиіс.
221-2-бап. Аукцион өткізу
1. Аукцион конкурстық комиссияның шешімі негізінде өткізіледі, оның құрамын құзыретті орган бекітеді.
Конкурстық комиссия осы Кодекстің 191 және 208-баптарында көзделген міндеттемелерден басқа, берілетін лицензия бойынша қосымша міндеттемелерді, сондай-ақ лицензияны кері қайтарып алудың немесе қосымша міндеттемелерді бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбын төлеудің қосымша негіздерін аукцион шарттарына енгізуге құқылы.
Пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған аукцион өткізу және аукционның қорытындылары бойынша лицензия беру тәртібін құзыретті орган айқындайды.
2. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған аукцион өткізу және аукционның қорытындылары бойынша лицензия беру қағидаларында белгіленетін өзге де талаптарды орындаудан басқа, пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларға жұмсалған ең аз шығыстарды жабу үшін жеткілікті кәсіби және қаржылық мүмкіндіктері бар өтініш берушілер лицензия қолданысының бірінші жылы ішінде аукционға қатысуға жіберіледі.
3. Аукцион өткізу туралы хабарландыру оны өткізу күнінен кемінде екі ай бұрын жариялануға тиіс.
Аукцион шарттарында қол қою бонусының бастапқы мөлшері көзделуге тиіс.
Қол қою бонусының ең көп мөлшерін ұсынған қатысушы аукционның жеңімпазы болып саналады.
Аукционның қорытындыларына аукцион өткізілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасалуы мүмкін.
4. Аукцион жеңімпазының қол қою бонусын төлемеуі құзыретті органның аукцион жеңімпазына және жеңімпазды тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғаларға жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия беруден, сондай-ақ аукцион өткізілген күннен бастап бес жыл ішінде оларды жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукциондарға қатысуға жіберуден бас тартуына алып келеді.
Көрсетілген тұлғаларға осы мерзім ішінде жер қойнауын пайдалану құқығын және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді сатып алған кезде оларды ауыстыруға рұқсат беруге тыйым салынады.
221-3-бап. Аукционды өткізілмеді деп танудың тәртібі мен негіздері
1. Егер аукцион өткізілетін күні ешбір өтініш беруші тіркелмесе, аукцион өткізілмеді деп танылады. Бұл жағдайда аукцион өткізілген күннен бастап екі айдан кейін аукцион қайта өткізілуге тиіс.
2. Осы Кодекстің 221-1-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жер қойнауы учаскелері бойынша аукцион екі рет өткізілмеді деп танылған жағдайда, аукцион өткізілмеді деп танылған күннен бастап екі айдан кейін пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны беруді көздейтін аукцион өткізіледі.
3. Аукцион аумағы мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасынан мынадай:
1) барлауға арналған аукцион осы Кодекстің 221-1-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында және осы баптың 2-тармағында көзделген жер қойнауы учаскелері бойынша екі рет өткізілмеді деп танылған;