Қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру бойынша және ғылыми-іздестіру, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру бойынша міндеттемені орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбы орындалмаған міндеттемелердің сомасы мөлшерінде өндіріліп алынады.
3. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия мынадай негіздердің бірі болған кезде құзыретті органның қайтарып алуына жатады:
1) ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге алып келген, осы Кодекстің 44-бабы 1-тармағының талаптарын бұзушылық;
2) қол қою бонусын, жер учаскесін пайдаланғаны үшін ақы (жалдау төлемдерін) төлеу туралы міндеттемелерді және (немесе) пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларға жыл сайынғы ең төмен шығыстар бойынша міндеттемелерін бұзушылық;
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
3) өндіруге арналған лицензия алынған күннен бастап кен орнын игеру мерзімін екі жылдан артық кешіктіруге алып келген, осы Кодекстің 221-8-бабы 3-тармағының талаптарын бұзушылық.
4. Бұзушылық анықталған кезде құзыретті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді.
5. Осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген бұзушылық жасалған жағдайда, бұзушылық орын алғанға дейінгі жағдайды қалпына келтіру арқылы, ал қалпына келтіру мүмкін болмаған кезде құзыретті органның рұқсатымен жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді ауыстыру бойынша өзге де әрекеттерді жасау арқылы осы бұзушылық бір жылдан аспайтын мерзімде жойылуға жатады.
Осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген бұзушылық жасалған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органнан хабарлама алған күннен бастап үш ай ішінде бұзушылықты жоюға міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармақта көзделген мерзімдерде құзыретті органды бұзушылықтардың жойылғаны туралы осындай жоюды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша хабардар етеді.
Белгіленген мерзімде бұзушылық жойылмаған жағдайда, құзыретті орган осы баптың 6-тармағына сәйкес лицензияны қайтарып алады.
6. Лицензияны қайтарып алуды құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыға лицензияны қайтарып алу туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап үш айдан кейін лицензияның қолданылуы тоқтатылады.
7. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен лицензияны қайтарып алуды даулауға құқылы. Осындай даулау кезеңінде осы баптың 6-тармағында көрсетілген мерзім даулау нәтижелері бойынша шығарылған шешім күшіне енгенге дейін ұзартылады.
8. Егер лицензияны қайтарып алу үшін негіз болған міндеттерді орындамауға немесе тиісінше орындамауға еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайлардағы төтенше және ырық бермейтін мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және т.с.) әсері себеп болса, лицензияны қайтарып алуға жол берілмейді. Осындай мән-жайларға жер қойнауын пайдаланушының техникалық құралдарының және (немесе) қаржылай қаражатының болмауы, нарықта қажетті тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің болмауы, сондай-ақ әкімшілік жазаның қолданылуы жатпайды.
9. Осы бапқа сәйкес өндіруге арналған лицензиядан айырылған тұлға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды дереу тоқтатуға және жою жоспарына сәйкес жер қойнауы учаскесін қауіпсіз жай-күйде ұстап тұру жұмыстарына кірісуге міндетті.
10. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны қайтарып алу мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті жер қойнауы учаскесі туралы мәліметтерді енгізу үшін негіз болып табылады.
2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 28-1-тараумен толықтырылды (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
28-1-тарау. КЕҢ ТАРАЛҒАН ПАЙДАЛЫ ҚАТТЫ ҚАЗБАЛАР МЕН УРАНДЫ ҚОСПАҒАНДА, ПАЙДАЛЫ ҚАТТЫ ҚАЗБАЛАР БОЙЫНША ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫН АУКЦИОН НЕГІЗІНДЕ БЕРУ
221-1-бап. Кең таралған пайдалы қатты қазбалар мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскелерін аукцион негізінде беруге арналған аумақтар
1. Кең таралған пайдалы қатты қазбалар мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін аукцион негізінде мынадай:
1) кең таралған пайдалы қатты қазбалар мен уранды қоспағанда, пайдалы қазбалардың мемлекеттік есебіне енгізілген және осы Кодекстің 22-бабының 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуден бос пайдалы қатты қазбалардың қорлары және (немесе) ресурстары бар жер қойнауы учаскелері бойынша пайдалы қатты қазбаларды өндіруге;
2) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижелері бойынша анықталған перспективалары бар жер қойнауы учаскелері бойынша пайдалы қатты қазбаларды барлауға;
3) осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген аумақтарды қоспағанда, жарамсыз, мерзімі ұзартылмаған немесе мерзімінен бұрын тоқтатылған деп танылған пайдалы қатты қазбаларды барлауға, бірлескен барлауға және өндіруге арналған келісім-шарттардың аумақтары бойынша пайдалы қатты қазбаларды барлауға жер қойнауы учаскелері беріледі деп белгіленсін.
2. Аукцион негізінде берілетін жер қойнауы учаскелерінің аумағы мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында айқындалуға жатады және жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қалыптастырылады.
3. Пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу үшін аукцион негізінде берілген жер қойнауы учаскесінің аумағы екі жүз блоктан аспауға тиіс.
221-2-бап. Аукцион өткізу
1. Аукцион конкурстық комиссияның шешімі негізінде өткізіледі, оның құрамын құзыретті орган бекітеді.
Конкурстық комиссия осы Кодекстің 191 және 208-баптарында көзделген міндеттемелерден басқа, берілетін лицензия бойынша қосымша міндеттемелерді, сондай-ақ лицензияны кері қайтарып алудың немесе қосымша міндеттемелерді бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбын төлеудің қосымша негіздерін аукцион шарттарына енгізуге құқылы.
Пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған аукцион өткізу және аукционның қорытындылары бойынша лицензия беру тәртібін құзыретті орган айқындайды.
2. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған аукцион өткізу және аукционның қорытындылары бойынша лицензия беру қағидаларында белгіленетін өзге де талаптарды орындаудан басқа, пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларға жұмсалған ең аз шығыстарды жабу үшін жеткілікті кәсіби және қаржылық мүмкіндіктері бар өтініш берушілер лицензия қолданысының бірінші жылы ішінде аукционға қатысуға жіберіледі.
3. Аукцион өткізу туралы хабарландыру оны өткізу күнінен кемінде екі ай бұрын жариялануға тиіс.
Аукцион шарттарында қол қою бонусының бастапқы мөлшері көзделуге тиіс.
Қол қою бонусының ең көп мөлшерін ұсынған қатысушы аукционның жеңімпазы болып саналады.
Аукционның қорытындыларына аукцион өткізілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасалуы мүмкін.
4. Аукцион жеңімпазының қол қою бонусын төлемеуі құзыретті органның аукцион жеңімпазына және жеңімпазды тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғаларға жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия беруден, сондай-ақ аукцион өткізілген күннен бастап бес жыл ішінде оларды жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукциондарға қатысуға жіберуден бас тартуына алып келеді.
Көрсетілген тұлғаларға осы мерзім ішінде жер қойнауын пайдалану құқығын және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді сатып алған кезде оларды ауыстыруға рұқсат беруге тыйым салынады.
221-3-бап. Аукционды өткізілмеді деп танудың тәртібі мен негіздері
1. Егер аукцион өткізілетін күні ешбір өтініш беруші тіркелмесе, аукцион өткізілмеді деп танылады. Бұл жағдайда аукцион өткізілген күннен бастап екі айдан кейін аукцион қайта өткізілуге тиіс.
2. Осы Кодекстің 221-1-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жер қойнауы учаскелері бойынша аукцион екі рет өткізілмеді деп танылған жағдайда, аукцион өткізілмеді деп танылған күннен бастап екі айдан кейін пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны беруді көздейтін аукцион өткізіледі.
3. Аукцион аумағы мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасынан мынадай:
1) барлауға арналған аукцион осы Кодекстің 221-1-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында және осы баптың 2-тармағында көзделген жер қойнауы учаскелері бойынша екі рет өткізілмеді деп танылған;
2) аукцион қорытындылары бойынша пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны беру кезінде барлау учаскелерінің аумағына енгізілмеген жағдайларда алып тасталуға жатады.
4. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасынан алып тасталған аукцион аумақтары бойынша пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығы осы Кодекстің 189-1-бабында көзделген тәртіппен беріледі.
221-4-бап. Аукционды жарамсыз деп тану
1. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукцион қатысушының немесе құзыретті органның талап етуі бойынша сот тәртібімен жарамсыз деп танылуы мүмкін.
2. Аукционды жарамсыз деп тануға мыналар негіз болып табылады:
1) осы Кодексте белгіленген аукцион өткізу қағидаларын аукцион жеңімпазын айқындауға әсер еткен бұзушылық;
2) аукцион қорытындылары бойынша пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия берілген тұлғаның құзыретті органға оның мұндай тұлғаны аукционға қатысуға жіберу туралы шешіміне ықпал еткен көрінеу анық емес мәліметтерді ұсыну фактісінің анықталуы.
221-5-бап. Аукцион негізінде берілген аумақта жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелер
1. Аукцион қорытындылары бойынша жер қойнауы учаскесінде пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия берілген жағдайда, қолданысы тоқтатылған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының иесі болып табылатын тұлға жаңа жер қойнауын пайдаланушыға қолданысы тоқтатылған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою үшін қалыптастырылған тарату қоры және өзге де мүлік бойынша қаражатты немесе құқықтарды пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған тиісті лицензия берілген күннен бастап бір ай ішінде беруге міндетті.
Тиісті жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою жөніндегі міндеттемелер осы Кодекске сәйкес пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру салдарын жоюды қамтамасыз ету ұсынылғаннан кейін аукцион жеңімпазына толық көлемде ауысады.
Егер барлауға немесе өндіруге арналған лицензия аукцион негізінде берілмесе, қолданысы тоқтатылған келісімшарт немесе лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының иесі болып табылатын тұлға осы Кодексте көзделген тәртіппен жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жоюға міндетті.
2. Осы Кодекстің 186-бабының 2-тармағы 6) тармақшасының және 203-бабының 2-тармағы 4) тармақшасының ережелері осы бапқа сәйкес аукцион қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияларды беру кезінде қолданылмайды.
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 28-2-тараумен толықтырылды (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
28-2-тарау. Уран мен көмірді қоспағанда, пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компанияға басым тəртіппен беру
221-6-бап. Уран мен көмірді қоспағанда, пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компанияға басым тəртіппен беру шарттары
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе ұлттық басқарушы холдингке тиесілі, уран мен көмірді қоспағанда, пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғам пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компания деп танылады.
2. Осы тарауда көрсетілген жағдайларды қоспағанда, осы Кодексте көзделген тəртіппен жалпы негіздерде пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компания уран мен көмірді қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге құқық алуға құқылы.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органның ұсынымы негізінде пайдалы қатты қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбалар мен уранды қоспағанда) барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығы осы Кодекстің 221-1-бабына сəйкес аукцион негізінде берілетін аумақтарды құзыретті орган пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компанияға басым тəртіппен беруге арналған аумақтар санатына ауыстыруға тиіс.
Бұл ретте көмірді барлау жəне өндіру үшін жер қойнауын пайдалану құқығы берілетін аумақ пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компанияға басым тəртіппен беруге арналған аумақ санатына ауыстырылуға жатпайды.
Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші органның ұсынымы үшінші тұлғалардың аукционға қатысуға өтініштерін қабылдау басталған күнге дейін шығарылуға тиіс.
Пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компанияға пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия беруден бас тартылған жағдайда, құзыретті орган тиісті аумақ бойынша аукционға қатысуға өтініштер қабылдауды бастаудың жаңа мерзімін белгілейді, ол мерзім мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына аумақты пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компанияға жер қойнауын пайдалану құқығын басым тəртіппен беруге арналған аумақтар санатынан аукцион аумағы санатына ауыстыру туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген күннен бастап екі айдан аспауға тиіс.
221-7-бап. Пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компанияға пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия беру тəртібі
1. Көмір мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын сатып алуға ниеті бар пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компания құзыретті органға осы Кодекстің 187-бабының талаптарына сəйкес өтініш жібереді.
2. Көмір мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны беруге өтінішті қарау осы Кодекстің 188-бабына сəйкес жүзеге асырылады.
221-8-бап. Пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компанияға көмір мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру тəртібі
1. Көмір мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын алуға ниеті бар пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компания құзыретті органға осы Кодекстің 204-бабының 3-тармағының 6), 7) жəне 8) тармақшаларын қоспағанда, 204-бабының талаптарына сəйкес өтініш жібереді.
2. Көмір мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруге өтінішті қарау осы Кодекстің 205-бабында белгіленген тəртіппен жүзеге асырылады.
3. Пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компания немесе пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компания жер қойнауын пайдалану құқығын берген бірлескен кəсіпорын өндіруге арналған лицензияны алған күннен бастап екі жылдан кешіктірілмейтін мерзімде кен орнын игеруге кірісуге міндетті.
221-9-бап. Пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компанияға басым тəртіппен берілген жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы
1. Құзыретті орган айқындаған тəртіппен жəне шарттарда инвестицияларды жүзеге асыру, технологияларды беру жəне өндірісті қаржыландыру жөнінде міндеттемелерді қабылдаған заңды тұлға стратегиялық əріптесі болып саналатын, пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компанияның акциялар пакетінің (қатысу үлесінің) кемінде отыз пайызы бар бірлескен кəсіпорынның пайдасына жер қойнауын пайдалану құқығының ауысу жағдайларын қоспағанда, осы тарауға сəйкес пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компанияға берілген жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуына тыйым салынады.
2. Осы тарауға сəйкес пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компанияға берілген жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің үшінші тұлғаға ауысуы пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компанияның акцияларының бақылау пакеті тиесілі ұлттық басқарушы холдинг айқындаған тəртіппен өткізілетін бəсекелестік тəсілмен өткізу негізінде жүзеге асырылады.
3. Осы тарауға сəйкес пайдалы қатты қазбалар саласындағы ұлттық компанияға берілген жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің ауысуының барлық жағдайында ұлттық компанияның жер қойнауын пайдалану құқығындағы не бірлескен кəсіпорындағы қалған үлесінің мөлшері кемінде отыз пайызды құрауға тиіс, бұл ретте ұлттық компанияның лицензия бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың шешімдер қабылдауын бақылау құқығы міндетті түрде болуы қажет.
4. Осы бапқа сəйкес жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің ауысуы тəуелсіз консультанттарды тарта отырып жүзеге асырылады.
29-тарау. ПАЙДАЛЫ ҚАТТЫ ҚАЗБАЛАРДЫ ӨНДІРУ УЧАСКЕЛЕРІН ҰСТАП ТҰРУ МӘРТЕБЕСІ
222-бап. Ұстап тұру мәртебесі ұғымы және оны беру негіздері
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Ұстап тұру мәртебесі деп осы Кодексте көзделген шарттарда және тәртіппен жер қойнауын пайдаланушының көрсетілген учаскеде (немесе оның бір бөлігінде) пайдалы қатты қазбаларды өндіруді бастамау немесе тоқтата тұру құқығын көздейтін, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесінің айрықша құқықтық режимі танылады.
Осы тараудың ережелері пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның қолданылу мерзімі кезеңінде қандай уақытта да қолданылуы мүмкін.
2. Жер қойнауы учаскесіне ұстап тұру мәртебесін беру жер қойнауын пайдаланушыны ұстап тұру мәртебесінің қолданылу кезеңіне осы Кодекстің 210-бабында көзделген міндеттерді, сондай-ақ онымен байланысты есептілікті беру бойынша міндеттемелерді орындаудан босатады.
Өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесінің бір бөлігіне ұстап тұру мәртебесін беру жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекстің 208-бабының 2) тармақшасында көзделген міндеттемелерінің мөлшерін пропорционалды түрде азайтуға алып келеді.
3. Ұстап тұру мәртебесі кейінгі бес жылға дейінгі мерзімге ұзарту мүмкіндігімен қатарынан бес жылға дейінгі кезеңге беріледі. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесіне қатысты ұзарту мерзімі ескеріле отырып, ұстап тұру мәртебесінің жалпы мерзімі он жылдан аспайды.
4. Ұстап тұру мәртебесін беру жер қойнауын пайдаланушыға ұстап тұру мәртебесі қолданылатын жер қойнауы учаскесінің аумағы және осындай мәртебенің қолданылу мерзімі көрсетіле отырып қайта ресімделген өндіруге арналған лицензияны беру арқылы расталады.
5. Ұстап тұру мәртебесі мынадай негіздердің кез келгені болған кезде беріледі:
1) анықталған минералды ресурстарды өндіру келешектегі бес жыл ішінде рентабельді болуы мүмкін деп пайымдауға ақылға қонымды негіздер болған кезде қолайсыз нарықтық жағдайларға байланысты мұндай өндірудің жер қойнауын пайдаланушы үшін рентабельсіз болып табылуы;
2) экологиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін технологияның болмауы;
3) еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайларда төтенше және ырық бермейтін мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және тағы сол сияқты) болуы;
4) жер қойнауын пайдаланушыға оңалту рәсімін қолдану туралы сот шешімінің күшіне енуі.
223-бап. Ұстап тұру мәртебесін беру тәртібі
1. Ұстап тұру мәртебесі жер қойнауын пайдаланушының не оңалтушы басқарушының өтініші бойынша беріледі.
2. Өтініште ұстап тұру мәртебесін беру үшін жер қойнауын пайдаланушы өтініш жасауға негіз болатын мән-жайлар көрсетіледі және сипатталады.
3. Өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) осы Кодекстің 222-бабы 5-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көзделген мән-жайлардың болуын растайтын құжаттар;
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен жұмыстар бағдарламасы.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Құзыретті орган өтінішті қарайды және осы Кодекстің 224-бабы 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген ұстап тұру мәртебесін беруден бас тарту үшін негіздер болмаған кезде, сондай-ақ жұмыстар бағдарламасын келіскеннен кейін өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтініш иесіне консервациялау жобасын ұсыну қажеттілігі туралы хабарлама жібереді.
Консервациялау жобасы экологиялық рұқсатқа сәйкес әзірленеді және оны өтініш беруші хабардар ету күнінен бастап төрт айдан кешіктірмей құзыретті органға ұсынады. Өтініш беруші құзыретті органға көрсетілген мерзімді ұзартудың қажеттігін негіздей отырып, осындай ұзартуды сұрап өтініш жасауға құқылы.
Егер мұндай ұзарту қажеттілігі өтініш иесіне байланысты емес мән-жайлардан туындаса, құзыретті орган осы мерзімді осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап төрт айдан аспайтын кезеңге ұзартады.
5. Құзыретті орган өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін береді және осы Кодекстің 226-бабында көзделген тәртіппен әзірленген консервациялау жобасы ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қайта ресімделген лицензияны жер қойнауын пайдаланушыға береді. Өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруге байланысты қайта ресімделген лицензияда ұстап тұру мәртебесі бар осы учаскенің (оның бір бөлігінің) аумағы көрсетіледі.
224-бап. Ұстап тұру мәртебесін беруден бас тарту
1. Құзыретті орган мынадай негіздердің бірі болған кезде:
1) өтініш немесе оған қоса берілетін құжаттар осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес келмесе;
2) өтінішке осы Кодексте талап етілетін құжаттар қоса берілмесе;
3) өтініш иесі осы Кодекстің 223-бабында көзделген тәртіппен әзірленген консервациялау жобасын құзыретті органға ұсыну мерзімін сақтамаса;
4) жер қойнауын пайдаланушы келтірген негіздер мен ұсынылған құжаттар өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беру үшін негіз болып табылатын мән-жайлардың болуын растау үшін жеткіліксіз болып табылса, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруден бас тартады.
2. Өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруден бас тарту жазбаша нысанда шығарылады, ол уәжді болуға және өтініш иесіне ұстап тұру мәртебесін беру үшін көзделген мерзім ішінде берілуге тиіс.
3. Құзыретті орган өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруден бас тарту туралы өтініш иесін бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде хабардар етеді.
4. Өтініш иесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруден бас тартуға өтініш иесіне бас тарту туралы хабарланған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей шағым жасауы мүмкін.
5. Өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруден бас тарту өтініш иесін өтінішті қайта беру құқығынан айырмайды.
225-бап. Ұстап тұру мәртебесі жөніндегі жұмыстар бағдарламасы
1. Жұмыстар бағдарламасы жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесін (оның бір бөлігін) ұстап тұру мәртебесінен шығару және онда өндіру жөніндегі операцияларды қайта бастау мақсатында әзірлейтін құжат болып табылады.
1) ұстап тұру мәртебесі берілетін өндіру учаскесіндегі (оның бір бөлігіндегі) консервациялау жөніндегі іс-шаралардың;
2) жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесін (оның бір бөлігін) ұстап тұру мәртебесінен шығару және өндіру жөніндегі операцияларды қайта бастау үшін қолданатын іс-шаралардың;
3) жер қойнауын пайдаланушы ұстап тұру мәртебесі берілетін өндіру учаскесінде (оның бір бөлігінде) жұмыспен айналысатын жұмыскерлерге қатысты қолдануға міндеттенетін әлеуметтік-экономикалық сипаттағы қолдау шараларының (басқа жұмысқа (басқа жұмыс учаскесіне) ауыстыру, жаңа мамандықтарға (кәсіптерге) оқыту мақсатында қайта даярлау, біліктілікті арттыру және басқалары) сипаттамасы мен мерзімдері қамтылады.