ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 31 мамырдағы № 359 бұйрығымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 20 наурыздағы
№ 240 бұйрығымен бекітілген
«Жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі - Санитариялық қағидалар) жолаушыларды (арнайы контингентті), тамақ өнімдерін, азық-түлік шикізатын, шаруашылық-ауыз суды, радиоактивті, қауіпті химиялық және уытты заттарды тасымалдау үшін қолданылатын көлік құралдарын (теміржол, автомобиль, теңіз, ішкі су, әуе) (бұдан әрі - көлік құралдары) күтіп-ұстау мен пайдалануға және жолаушылар мен жүктерді тасымалдау жағдайларына санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды айқындайды.
2. Пайдаланылатын көлік құралдарына «Халық денсаулығы және денсаулық жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 62-бабының 8-тармағына (бұдан әрі - Кодекс) сәйкес берілген санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болғанда жол беріледі.
3. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) автомобиль көлік құралы (бұдан әрі - автокөлік құралы) - құрамы автобустарды, шағын автобустарды, жеңіл және жүк автомобильдерін, автомобиль тіркемелерін, ершікті тартқыштарға жартылай тіркемелерді, сондай-ақ мамандандырылған автомобильдерді (жүктердің белгілі бір түрлерін тасымалдауға арналған) және арнайы автомобильдерді (әртүрлі, көбінесе көлікке арналмаған жұмыстарды орындауға арналған) қамтитын автомобиль көлігінің жылжымалы құрам бірлігі;
2) авиациялық химиялық жұмыстар (бұдан әрі - АХЖ) - ауыл шаруашылық, орман және басқа да алқаптарды пестицидтер мен агрохимикаттарды қолдана отырып, азаматтық авиация орындайтын жұмыстар;