Кондоминиум объектісін басқару және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау жөніндегі шешімдерді қабылдау қағидаларын, сондай-ақ жиналыс хаттамаларының үлгілік нысандарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2020 жылғы 30 наурыздағы № 163 бұйрығы
(2024.15.01. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2025 ж. 22 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023.27.12. № 165 бұйрығымен кіріспе жаңа редакцияда (2024 ж. 15 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-2-бабының 9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Кондоминиум объектісін басқару және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау жөніндегі шешімдерді қабылдау қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Жиналыс хаттамаларының үлгілік нысандары бекітілсін.
2. «Үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері жиналысы хаттамасының және үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелеріне жазбаша сауалнама жүргізу кезінде дауыс беру парағының, кондоминиум объектісін басқару жөніндегі есептің үлгі нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 243 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10573 болып тіркелген, 2015 жылғы 29 сәуірде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамамен бекітілген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.