Осы Кодекстің 102-бабының үшінші бөлігінде көзделген даулар бойынша әкімшілік істерді алдын ала тыңдау сотқа талап қою берілген күннен бастап бір айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.
2. Алдын ала тыңдауда нақты деректерді зерттеместен толық ашу қамтамасыз етіледі.
3. Алдын ала тыңдаудың нәтижелері бойынша сот қайталама алдын ала тыңдауды тағайындауға құқылы.
144-бап. Әкімшілік іс материалдарына қол жеткізу
Әкімшілік істің құжаттары мен материалдарын соттың электрондық сервистерінде орналастыру құжаттарды әкімшілік іске қатысатын адамдарға жіберумен теңестіріледі.
Соттарда электрондық құжат нысанындағы әкімшілік іс құжаттарымен және материалдарымен танысу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.
145-бап. Сот талқылауын тағайындау
Судья әкімшілік істі дайындалған деп танып, тараптарға және әкімшілік процестің басқа да қатысушыларына әкімшілік істің қаралатын орны мен уақыты туралы хабарлайды.
146-бап. Сот талқылауының мерзімдері
1. Әкімшілік іс ақылға қонымды, бірақ талап қойылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімдерде қаралады және шешіледі.
Аса күрделі әкімшілік істер бойынша бұл мерзім соттың уәжді ұйғарымымен ақылға қонымды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Сот талқылауының мерзімін ұзарту туралы ұйғарым прокурордың өтінішхаты бойынша шағым жасауға, қайта қарауға жатпайды.
2024.01.07. № 107-VIII ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына, тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының мемлекеттік сатып алу қорытындыларына шағымдарды қарау шеңберінде қабылданған шешіміне және сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер оған сот отырысында талқылау тағайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады және шешіледі.
3. Әкімшілік іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
147-бап. Сот талқылауын жүргізудің тәртібі мен ерекшеліктері
1. Сот талқылауы, сот отырысын өткізу тәртібін, төрағалық етушінің өкілеттіктерін, хаттама, оның ішінде қысқаша хаттама жасау, сот отырысын тіркеп-бекіту, соттың өтінішхаттарды шешу және дәлелдемелерді зерттеу тәртібін қоса алғанда, осы бапта белгіленген ерекшеліктерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Бұл ретте қысқаша хаттама мәтінді автоматты түрде тану жолымен алынған аудиожазбаның мәтінін ашып жазумен бірге жүруге тиіс.
2. Әкімшілік іс бойынша сот жарыссөздерінен кейін сот шешім шығаруға кетеді. Сот шешімнің қарар бөлігін сот отырысының залында жария етеді. Сот шешімінің қарар бөлігі жария етілгеннен кейін төрағалық етуші оны қабылдаудың құқықтық негіздері мен салдарын, шешімге шағым жасаудың тәртібі мен мерзімдерін түсіндіреді, шешімнің түпкілікті нысанда жасалған және әкімшілік іске қатысушы адамдар оның көшірмесін ала алатын күн туралы хабарлайды.
3. Әкімшілік іске қатысушы адамдар келмеген жағдайда шешімді сот отырысында жариялану жүргізілмейді.
4. Егер шешімнің қарар бөлігін жария ету тікелей сот отырысы аяқталғаннан кейін жүргізілмесе, онда төрағалық етуші сот отырысы залындағы адамдарға жария ету күні мен уақытын хабарлауға міндетті.
5. Осы бапта көзделген жариялау тәртібі іс бойынша іс жүргізу аяқталатын өзге де сот актілеріне қолданылады.
148-бап. Жазбаша талқылау
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Сот тараптардың келісімімен әкімшілік істі жазбаша талқылауда ақылға қонымды, бірақ талап қойылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімде қарауға құқылы.
Аса күрделі әкімшілік істер бойынша бұл мерзім соттың уәжді ұйғарымымен ақылға қонымды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Сот талқылауының мерзімін ұзарту туралы ұйғарым прокурордың өтінішхаты бойынша шағым жасауға, қайта қарауға жатпайды.
Егер тараптың бұрын білдірілген келісімді қайтарып алу туралы өтінішхаты келіп түссе, сот ауызша талқылауға көшеді.
Егер бұл істі дұрыс шешу үшін қажет болса, сот өз қалауы бойынша ауызша талқылауға көшуге құқылы.
2. Жазбаша талқылау тәртібімен әкімшілік іс ауызша талқылауды жүргізбестен қаралады.
3. Әкімшілік іс осындай тәртіппен қаралған кезде сот тараптар ұсынған және өз бастамасы бойынша талап етілген дәлелдемелерді зерттейді және олар бойынша шешім қабылданады.
4. Жазбаша талқылау кезінде сот қосымша сол мерзім ішінде өтінішхаттар мен құжаттарды ұсынуға болатын мерзімді тағайындайды.
149-бап. Дәлелдемелерді зерттеу ерекшеліктері
1. Дәлелдемелерді зерттеу, дәлелдеу нысанасы мен шектері жазбаша іс жүргізудің сипаты мен осы бапта белгіленген ерекшеліктері ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің нормаларында белгіленеді.
2. Әкімшілік процестің тараптары жазбаша дәлелдемені ұсынған адамдарды қоспағанда, мұндай дәлелдеменің қатыстылығына, жарамдылығына және анықтығына дау айтуға құқылы.
3. Сот жазбаша талқылауда, егер бұл әкімшілік істің тез шешілуіне ықпал етсе, ауызша талқылау үшін көзделген дәлелдемелерді жинау (ұсыну) және зерттеу үшін Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген қағидаларды сақтаудан ауытқуға құқылы.
Сот жеке процестік әрекетті жасау немесе процестік мәселені шешу үшін ауызша сот отырысын тағайындауы мүмкін.
Мұндай сот отырысы жазбаша талқылаудың мәні жол беретін шамада ауызша сот талқылауының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Бұл ретте сот қажетті ақпарат пен дәлелдемелерді жазбаша нысанда ұсынуды талап ете алады.
Қажетті ауызша сот талқылауын өткізгеннен кейін жазбаша іс жүргізуді одан әрі жүзеге асыру қосымша ұйғарымдар шығарылмастан жалғасады.
150-бап. Жазбаша іс жүргізу тәртібімен қаралатын әкімшілік іс бойынша шешім
Жазбаша іс жүргізу тәртібімен қаралған әкімшілік іс бойынша шешім осы Кодекстің 24-тарауында белгіленген және жазбаша іс жүргізу мәніне сәйкес келетін қағидалар ескеріле отырып қабылданады және оған апелляциялық және кассациялық тәртіптермен шағым жасалуы мүмкін.
151-бап. Соттың шешімін шығару
1. Сот дауды мәні бойынша шешетін сот актісі шешім нысанында шығарылады. Шешім қысқаша нысанда шығарылуы мүмкін.
2. Шешім әкімшілік істі талқылаудан кейін шығарылады және ауызша талқылау аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады. Айрықша жағдайларда әкімшілік істің күрделілігі ескеріле отырып соттың шешімі ауызша талқылау аяқталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей дайындалады.
3. Шешімді шығару күні мыналар болып табылады:
ауызша іс жүргізу үшін - әкімшілік іс бойынша шешім жарияланған күн;
жазбаша іс жүргізу үшін - соттың шешімінде көрсетілген күн.
1. Сот әкімшілік істің мән-жайларын тікелей зерттеу нәтижелеріне негізделген өзінің ішкі сенімінің негізінде шешім шығарады. Шешім Қазақстан Республикасының атынан шығарылады.
2. Соттың шешімі кіріспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады.
3. Соттың шешімін түсіндіру туралы мәселені қоспағанда, сот шешімінің кіріспе, сипаттау және қарар бөліктерінің мазмұны, сондай-ақ олардағы анық қате жазулар мен арифметикалық қателерді түзету, қосымша шешім шығару тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің талаптарына сәйкес айқындалады.
Шешімнің қарар бөлігінде сот осы Кодекстің 127-бабының бесінші және тоғызыншы бөліктерінде белгіленген талаптарды ескере отырып және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны орындамаудың құқықтық салдарларының басталғаны туралы көрсетеді.
4. Сот шешімінің уәждеу бөлігі мыналарды қамтиды:
2) талап қою талаптары мен олардың негіздемелері;
3) сот өз шешімін негіздейтін дәлелдемелер;
4) соттың қандай да бір дәлелдемелерді қабылдамауының дәлелдері;
5) сот әкімшілік процеске қатысушылар дәлелдерінің әрқайсысымен неліктен келіспейтіндігінің негіздемесі;
6) Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары;
7) мәлімделген талаптардың әрқайсысы бойынша соттың қорытындылары.
Жауапкер талап қоюды таныған жағдайда уәждеу бөлігінде талап қоюдың танылғаны және соттың оны қабылдағаны ғана көрсетілуі мүмкін.
Соттың шешімі жазбаша нысанда шығарылады және оған судья қол қояды.
1. Қысқаша шешім кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады.
Шешімнің уәждеу бөлігінде дәлелдемелер олардың мазмұнын ашпай, санамалап көрсетілуі мүмкін.
2. Талап қоюшының дәлелдерімен немесе ол ұсынған дәлелдеменің қабылданбауымен келіспеген кезде сот, егер онда жазылған негіздерді түпкілікті деп есептесе, шағымды сотқа дейінгі қарау нәтижелері бойынша шешімге сілтеме жасауға ғана құқылы.
3. Сот тараптардың өтінішхаты бойынша, бірақ соттың қысқаша шешімі табыс етілген кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей шешімді дайындауға міндетті. Толық шешімнің мәтіні осындай өтінішхат келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады.
154-бап. Шешімнің заңдылығы және негізділігі
1. Соттың шешімі заңды және негізді болуға тиіс.
2. Соттың шешімі, егер ол заңның барлық талаптарын сақтай отырып және заңның негізінде шығарылса, заңды болып танылады.
3. Егер шешім сотқа ұсынылған дәлелдемелерді сот отырысында жан-жақты және объективті зерттеу негізінде шығарылса, ол негізді болып танылады.
155-бап. Шешім шығару кезінде сот шешетін мәселелер
1. Сот шешім шығару кезінде дәлелдемелерді бағалайды және қандай мән-жайлар анықталғанын, осы әкімшілік іс бойынша қандай құқықтық акт қолданылуға тиіс екенін және талап қоюдың қанағаттандыруға жататынын-жатпайтынын айқындайды. Егер әкімшілік істе бірнеше талап қойылса, онда сот барлық талаптар бойынша шешім шығарады.
2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асырған кезде сот Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерден асқанын-аспағанын және әкімшілік қалауды жүзеге асыру əкімшілік органның, лауазымды адамның əкімшілік актіні қабылдау немесе əрекетті жасау жөніндегі осы өкілеттігінің мақсаттарына сәйкес келетінін-келмейтінін де тексереді.
3. Әкімшілік актіні немесе оның бір бөлігін заңсыз деп тану, егер соттың шешімінде өзгеше көрсетілмесе, оның күшін жоюға, сондай-ақ одан не оның бір бөлігінен туындайтын барлық заңды салдарлардың күшін жоюға алып келеді.
4. Сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.
5. Шешімде сол мерзім ішінде соттың шешімі орындалуға тиісті мерзім көрсетіледі.
156-бап. Дау айту туралы талап қою бойынша шешім
1. Егер талап қоюшының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіге дау айту туралы талап қою негізді болып табылса және сот оның заңсыздығын таныса, онда ол толық немесе қандай да бір бөлігінде оның күшін жояды.
2. Шешімді қабылдаған кезде орындалып қойған немесе орындалып жатқан, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің заңсыздығы танылған жағдайда, сот жауапкерді орындаудың күшін жоюға мәжбүрлеуге және талап қоюшыны шешімде белгіленген мерзімде бастапқы жағдайына қайтару бойынша әрекеттер жасауды талап етуге құқылы.
157-бап. Мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша шешім
1. Әкімшілік актіні шығарудан бас тартудың не жауапкер әрекетсіздігінің нәтижесі болып табылатын әкімшілік актіні қабылдамау заңға қайшы келетін немесе талап қоюшы құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына себеп болған жағдайда, сот әкімшілік органға әкімшілік актіні қабылдау міндеттемесін жүктейді.
Сот жауапкерге ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдамау міндетін жүктеуге құқылы.
2. Сот шешімде әкімшілік актінің мазмұны мен оны қабылдау мерзімін, сондай-ақ орындылығы мәселелерін шешуді қоспағанда, әкімшілік іс үшін елеулі маңызы бар өзге де мән-жайларды айқындауы мүмкін. Соттың мұндай шешімі әкімшілік акт қабылданғанға дейін оны ауыстырады.
Әкімшілік қалау болған кезде талап қоюшының талаптарын қанағаттандыру туралы нақты шешім шығару мүмкін болмаған жағдайда, сот жауапкерге соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, тиісті әкімшілік актіні талап қоюшының пайдасына қабылдау туралы міндеттемені жүктейді.
158-бап. Әрекет жасау туралы талап қою бойынша шешім
1. Әрекет жасау туралы талап қою негізді және заңды деп танылған кезде сот жауапкерді нақты әрекеттер жасауға міндеттейді және оларды орындау үшін мерзім белгілейді.
Егер талап қоюшы бір мезгілде жауапкердің нақты жасаған әрекетінің құқыққа қайшылығын тануды талап етсе, сот шешімде әкімшілік органның іс жүзіндегі әрекеті құқыққа қайшы болғанын таниды.
2. Әрекетке тыйым салу туралы талап қою негізді және заңды деп танылған кезде сот жауапкерге кейіннен нақты әрекеттер жасауға тыйым салады.
159-бап. Тану туралы талап қою бойынша шешім
1. Тану туралы талап қою қанағаттандырылған кезде сот, егер мұндай талаптар дербес талаптар ретінде мәлімделген болса, қандай да бір құқықтық қатынастың болуын немесе болмауын немесе оның мазмұнын таниды.
2. Сот, сондай-ақ, егер тану туралы талап қою негізді және заңды болса, ал осы мән-жайды тану талап қоюшының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін қажет болса, бұдан былай заңды күші жоқ, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тануға құқылы.
3. Сот, сондай-ақ талап қоюшының талап етуі бойынша, егер ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің күші жойылса немесе оның қолданысы өзге тәсілмен, оның ішінде оның қандай да бір бөлігінде күшін жойса, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тануға құқылы.
2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 159-1-баппен толықтырылды (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді)
159-1-бап. Заңға тəуелді нормативтік құқықтық актінің (оның ережелерінің) заңдылығына дау айту туралы талап қою бойынша шешім
1. Сот заңға тəуелді нормативтік құқықтық актінің (оның ережелерінің) заңдылығына дау айту туралы талап қоюды негізді деп тани отырып, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім шығарады. Шешімде дау айтылатын заңға тəуелді нормативтік құқықтық актінің қандай заңдарға (Қазақстан Республикасының Конституциясынан басқа) жəне қай бөлігінде қайшы келетіні жəне заңға тəуелді нормативтік құқықтық актіні толық немесе оның жекелеген бөлігінде акт қабылданған кезден бастап жарамсыз деп тану көрсетіледі.
2. Соттың заңға тəуелді нормативтік құқықтық актіні (оның ережелерін) заңсыз деп тану туралы шешімі немесе ол туралы хабар оны қабылдаған (шығарған) органның қаражаты есебінен бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс. Жариялау сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүзеге асырылуға тиіс.
160-бап. Залалдарды өтеу туралы талапты шешу
1. Талап қоюшы осы Кодекстің 132, 133, 134 және 135-баптарында көрсетілген талап қоюлармен бір мезгілде осы талаптармен себеп-салдарлық байланыстары бар залалдарды өтеу туралы талап қоюға құқылы.
2. Тиісті талаптар қанағаттандырылған жағдайда сот шешімде келтірілген залалдың мөлшерін айқындайды.
161-бап. Сот шешімінің заңды күшіне енуі
Бірінші сатыдағы соттың шешімі, егер дереу орындалуға жіберілмеген болса, осы шешім, егер апелляциялық шағым, өтінішхат берілмесе, апелляциялық шағым жасауға арналған мерзім өткен соң заңды күшіне енеді.
Апелляциялық шағым жасауға, өтінішхат келтіруге арналған мерзімі өткізіп алынған және сот мерзімді қалпына келтіруден бас тартқан жағдайларда, шешім бас тарту туралы ұйғарымға шағым жасау мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді.
2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 25-тараудың тақырыбы өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
25-тарау. САЙЛАУҒА, ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСАТЫН АЗАМАТТАР МЕН ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ САЙЛАУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ ӘКІМШІЛІК ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 162-бап өзгертілді (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
162-бап. Талап қоюды беру
Мемлекеттік органның, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органының, сайлау комиссиясының, кәсіпорынның, ұйымның, олардың лауазымды адамдарының шешімімен, әрекетімен (әрекетсіздігімен) сайлау немесе сайлану, сайлауға, референдумға қатысу құқығы бұзылады деп есептейтін азамат, қоғамдық бірлестік, сайлау комиссиясының мүшесі, кандидаттар мен саяси партиялардың сенім білдірген адамдары, саяси партиялардың кеңесші дауыс беру құқығы бар өкілдері, саяси партиялардың, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары осы Кодекстің 16-тарауында және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген соттылық бойынша сотқа талап қоюды беруге құқылы.
2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 163-баптың тақырыбы өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
163-бап. Сайлауға, жалпыхалықтық референдумға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы әкімшілік істі қарау
2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Жалпыхалықтық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, сайлауды, жалпыхалықтық референдумды дайындау және өткізу кезеңінде, сондай-ақ дауыс беру күнінен бастап бір ай ішінде келіп түскен талап қою - бес күндік мерзімде, ал дауыс беру күніне дейін бес күнге жетпейтін мерзімде, дауыс беру күні және сайлаудың, жалпыхалықтық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін келіп түскен талап қою дереу қаралуға тиіс.
Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тізімдерін түзету қажеттігі туралы сайлау комиссиясының шешіміне шағым жасау туралы талап қою келіп түскен күні қаралуға тиіс.
2. Талап қоюды сот талап қоюшының, тиісті сайлау комиссиясы немесе мемлекеттік орган, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органы, кәсіпорын, ұйым өкілінің, прокурордың қатысуымен қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған аталған адамдардың сотқа келмей қалуы әкімшілік істі қарауға және шешуге кедергі болмайды.
164-бап. Соттың шешімі, оған шағым жасау, прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қайта қарау, наразылық білдіру және орындау
1. Талап қою негізді деп танылған соттың шешімі бұзылған сайлау құқығын қалпына келтіру үшін негіз болып табылады.
2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Бірінші сатыдағы соттың шешіміне, егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Жалпыхалықтық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, шешімнің көшірмесі табыс етілген күннен бастап үш күн ішінде апелляциялық шағым берілуі, прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін.
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды.
2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Жалпыхалықтық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ Орталық референдум комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша осы Кодекстің 105-бабында көзделген соттылық қағидалары бойынша шығарылған соттың шешімі ол жарияланған күнінен бастап заңды күшіне енеді және шешімінің көшірмесі табыс етілген күннен бастап үш күн ішінде шешімге кассациялық тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Жалпыхалықтық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген шешімдерге апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты, кассациялық шағым, прокурордың наразылығы - сотқа келіп түскен күнінен бастап үш күн мерзімде, ал дауыс беру күніне дейін бес күнге жетпейтін мерзімде, дауыс беру күні және сайлаудың, жалпыхалықтық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін келіп түскендері дереу қаралады.
5. Заңды күшіне енген соттың шешімі тиісті мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына, кәсіпорынға, ұйымға, сайлау комиссиясының төрағасына жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген жауаптылықта болады.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 26-тараудың тақырыбы өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
26-тарау. ӘКІМШІЛІК ОРГАНДАРДЫҢ АЗАМАТТАРДЫҢ АЛҚАБИ РЕТІНДЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУГЕ ҚАТЫСУ ҚҰҚЫҒЫН БҰЗАТЫН ШЕШІМДЕРІНЕ, ӘРЕКЕТТЕРІНЕ (ӘРЕКЕТСІЗДІГІНЕ) ДАУ АЙТУ ТУРАЛЫ ӘКІМШІЛІК ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
165-бап. Талап қоюды беру
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Әкімшілік органның шешімімен, әрекетімен (әрекетсіздігімен) азаматтың алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу үшін іріктеу рәсіміне қатысу құқығы бұзылады деп санайтын азамат осы Кодекстің 16-тарауында белгіленген соттылығы бойынша сотқа талап қоюмен жүгінуге құқылы.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Талап қоюға азаматтың алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізіміне енгізу және алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу құқықтарының бұзылғаны туралы куәландыратын дәлелдемелер қоса тіркелуге тиіс.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Талап қою Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасына сәйкес азаматтарды алқабилерге кандидаттардың бірыңғай тізімімен таныстыру мерзімі аяқталған кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде сотқа берілуі мүмкін.
1. Осы Кодекстің 165-бабында белгіленген мерзімдерде келіп түскен талап қою - екі жұмыс күні ішінде, ал осы мерзім аяқталатын күні келіп түскені дереу қаралуға тиіс.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Әкімшілік істі сот талап қоюшының, тиісті әкімшілік орган өкілінің қатысуымен қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған аталған адамдардың сотқа келмеуі әкімшілік істі қарау және шешу үшін кедергі болып табылмайды.
167-бап. Соттың шешімі және оны орындау
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Азаматтың алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу үшін іріктеу рәсіміне қатысу құқығының бұзылуы анықталған соттың шешімі алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізіміне түзетулер енгізу үшін негіз болып табылады.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Соттың шешімі тиісті әкімшілік органға жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген жауаптылықта болады.
2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 26-1-тараумен толықтырылды (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді)
26-1-тарау. ЗАҢҒА ТƏУЕЛДІ НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІНІҢ (ОНЫҢ ЕРЕЖЕЛЕРІНІҢ) ЗАҢДЫЛЫҒЫНА ДАУ АЙТУ ТУРАЛЫ ƏКІМШІЛІК ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
167-1-бап. Талап қоюды беру
1. Заңға тəуелді нормативтік құқықтық актінің күші қолданылатын, қабылданған заңға тəуелді нормативтік құқықтық актімен (оның ережесімен) Қазақстан Республикасының Конституциясында жəне Қазақстан Республикасының заңдарында кепілдік берілген құқықтары мен заңды мүдделері бұзылады жəне (немесе) бұзылуы мүмкін деп есептейтін азамат немесе заңды тұлға заңға тəуелді нормативтік құқықтық актінің (оның ережелерінің) заңдылығына дау айту туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.