«Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 28 тамыздағы № 372 бұйрығы
ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен күші жойылды
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17669 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілердің Электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде 2018 жылғы 12 қарашада жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында:
10-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«10-1. Қазақ тілінде оқытылатын оқушылар үшін «Әліппе», «Ана тілі» пәндері бойынша әліппеге дейінгі және әліппе кезеңдерінің міндеттері «Әліппе» оқулығымен 1-жартыжылдықта, әліппеден кейінгі кезеңнің міндеттері «Ана тілі» оқулығымен 2-жартыжылдықта; орыс тілінде оқытылатын оқушылар үшін «Букварь», «Обучение грамоте» пәндері бойынша әліппеге дейінгі және әліппе кезеңдерінің міндеттері «Букварь» оқулығымен 1-жартыжылдықта, әліппеден кейінгі кезең міндеттері «Обучение грамоте» оқулығымен 2-жартыжылдықта жүзеге асырылады.»;
42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«42. Сыныпты екі топқа бөлу қалалық жалпы білім беретін ұйымдарда сыныптарда білім алушылар саны 24 және одан артық, ауылдық жерлерде білім алушылар саны 20 және одан артық болғанда:
1) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда қазақ тілі бойынша;
2) оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптарда орыс тілі бойынша;
3) шетел тілі бойынша;
4) цифрлық сауаттылық бойынша;
5) өзін-өзі тану бойынша жүзеге асыруға болады.