«Табиғи монополиялар салаларындағы тәуекел дәрежесін бағалау және қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің баға белгілеу тәртібін және міндеттерді сақтау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 26 шілдедегі № 332 бұйрығына өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 25 мамырдағы № 81 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Табиғи монополиялар салаларындағы тәуекел дәрежесін бағалау және қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің баға белгілеу тәртібін және міндеттерді сақтау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 26 шілдедегі № 332 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14167 болып тіркелген) мынадай өзгерістер және толықтырулар енгізілсін:
осы бұйрықпен бекітілген, табиғи монополиялар салаларындағы тәуекел дәрежесін бағалау және қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің баға белгілеу тәртібін және міндеттерді сақтау өлшемшарттарында (бұдан әрі-Өлшемшарттар):
2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы Өлшемшарттарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бақылау субъектісі – дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар, оның ішінде табиғи монополия және (немесе) қоғамдық маңызы бар нарықтар субъектілері болып табылатын заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;
2) балл – тәуекелді есептеудің сандық өлшемі;
3) деректерді қалыпқа келтіру – әртүрлі шәкілдерде өлшенген мәндерді шартты түрде жалпы шәкілге келтіруді көздейтін статистикалық рәсім;