Қазақстан Республикасының
Заңы
Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы
(2014.29.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2015 жылғы 29 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында адамның өмірі мен денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны және тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін химиялық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық негіздерін белгілейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ескертпелік таңбаланым - химиялық өнімнің қауіпсіздігі
саласындағы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес өнімге және (немесе) орамаға жапсырылатын химиялық өнімнің қауіпті қасиеттері туралы және онымен жұмыс істеу кезеңдеріндегі қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат;
2) қатерді бағалау - химиялық өнімнің адам денсаулығы мен өміріне, қоршаған ортаға мүмкін болатын әсерін анықтауға бағытталған, қауіп деңгейін, дозасын (концентрациясын) айқындауды қамтитын шаралар кешені;
3) қауіпті химиялық өнім - осы Заңның 5-бабының 4-тармағында тізіп көрсетілген санаттардың біріне жатқызылған, құрамына кемінде бір химиялық зат кіретін химиялық өнім;
4) орама - химиялық өнімді және қоршаған ортаны бүліну мен
ысырап болудан қорғауды қамтамасыз ететін, сондай-ақ химиялық өнімнің тасымалдануын, сақталуын және өткізілуін жеңілдететін құрал немесе құралдар кешені;