Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші: практика VS идея (Нұрзада Примашев, з.ғ.к., доцент, Астана қаласы)

Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші: практика VS идея

 

Нұрзада Примашев,

з.ғ.к., доцент,

Астана қаласы

 

 Наурыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясы кең ауқымды субъективтік қолдауларға қоса, бүкіл БАҚ беттерінде ақпараттық жарнамалау бойынша бүкіләлемдік жаңалық ретінде көрсетілгені баршаға аян. Қаншама ресурс текке жұмсалды. Ал, оның сапасы қалай? Мәселе сонда! Алдағы уақытта шынайы зерделеу мен зерттеулердің жүргізілетініне кәміл сенемін...

Әрине кез-келген елдің негізгі заңы оның қоғамдық қажеттілігінен туындайтыны белгілі аксиома (кейбір мемлекеттер мен олардың басшыларының Конституцияларын өткізуге құштарлығын есепке алмағанда). Фердинанд Лассальдің көреген сөздері әлі күшінде! Сондықтан қоғамның даму үдерісіне жауап бермейтін заңдармен қатар Конституцияға өзекті өзгерістер мен толықтырулар енгізу де әлемдік үрдіс. Ондай қадамның қажеттілігі де объективтік заңдылықтардан туындайтыны баршаға аян. Әрине, олардың жобаларының қоғамдық даму мен мемлекеттік құрылысқа тән практика мен ғылыми әлеует тұғырында әзірленетіні де өркениетті елдерге тиесілі үлгі. Әзірге ондайлардың қатарына посткеңестік мемлекеттердің кіруіне әлі тым ерте (1992 жылы қабылданған Конституцияларын басшылыққа алып отырған Латвия мен Литваға қоса Эстониның конституциялық-саяси тұрақтылықтарының практикалық және ғылыми қызығушылық тудыруы да объективті заңдылық). Осындай жағдайларда биліктік ресурстармен бірге жалпы ақпараттық шумен қамтамасыз етілгеніне қарамастан, қолданыстағы Конституция жобасының әзірленуі асығыс, құпия және жабық жағдайда жүргізілгені де һақ. Теледидар мен газеттердегі «картиналардың» өмірмен жанаспайтыны тағы бар...

Қолданыстағы Конституцияның мәтіні әлі ғылыми талдауға түскен жоқ. Негізі тапсырыс, даурықпа, жағымпаздық сипатындағы «жұмыстар» мұндайда есепке алынбайды. Өкінішке орай, ондайлар жетерлік! Мұндай жайттар да қазақстандық практиканың әлемдік конституционализмнен тым алыс екенінің дәлелі бола алады.

Басқа конституциялардағы сияқты Қазақстан Республикасының Конституциясы 5-бабының 2-тармағына сәйкес Конституцияның жоғары заң күші бар. Оның нормаларын бұзуға жол берілмеуге тиіс. Алайда, биліктің бүкіл: мемлекеттік, әкімшілік күштер мен материалдық һәм марапаттық әлеуеттерді «үкілетіп» қабылдатылған Конституцияның ұлттық заңнамаға үлгі, сондықтан қолданыстағы заңнама нормаларын оған сәйкестендірудің қажет екеніне қарамастан 15 наурыздан бері өткен 175 күн (!?) ішінде оның нақты нормасына, атап көрсеткенде 59-бабының 6-тармағын бұзатын, яғни Конституцияға қарсы 2 (!?) құқықтық норма қабылдануына жол берілді.

Аталған 6-тармақта «Қазақстан Республикасы Президентінің, Вице-Президенттің, Премьер-Министрдің және Үкімет мүшелерінің, Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының кез келген отырысқа қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар» деген норма бекітілген. Тізім жабық, мемлекеттің өзге жоғары лауазымды тұлғаларына ондай құқық берілмеген.

Конституция қабылданғаннан бар болғаны 80 күн өткеннен кейін, яки ол әлі күшіне енбей тұрып, «жоғары заң шығарушы орган» 2026 жылғы 5 маусымда «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын қабылдады. Оның 10-бабының 3-тармағы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің, Вице-Президенттің, Премьер-Министрдің және Үкімет мүшелерінің, Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының Құрылтайдың кез келген ашық, сондай-ақ жабық отырыстарына қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар. Аталған нормадағы тізімге Конституцияда көрсетілмеген «Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысы» кіргізілген. Бұл Конституцияның қолданысқа енгізілмей жатқанда жасалған конституциялық нормабұзушылық болып табылады (Конституцияның жобасын әзірлеушілер мен аудармашылар осы «болып табылады» деген тіркестен қашып, оны барлық жерде тиремен ауыстырып баққан. Соның арқасында қазіргі Конституцияны «тирелер Конституциясы» деуге болады. Мәселен, тире орыс тіліндегі мәтінде 34 рет, ал қазақ тіліндегі мәтінде 36 рет қолданылынған).

Конституцияға қарсы екінші нормабұзушылық 15 наурыздан 175 күн өткеннен кейін, 10 қыркүйекте орын алды. Сол күні Құрылтай «Қазақстан Республикасы Құрылтайының Регламентін бекіту туралы» №30-І ҚРҚ қаулысымен өз Регламентін бекітті. Осы құжаттың 28-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасы Президентінің, Вице-Президенттің, Премьер-Министрдің және Үкімет мүшелерінің, Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының Құрылтайдың кез келген ашық, сондай-ақ жабық отырыстарына қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар. Регламент, әрине Конституциялық заңның нормасын қайталады, бірақ оның да Конституцияға қарсы екенін ешкімнің аңғармағаны немесе аңғартпағаны күмән тудырады. (Көрсете кететін тағы бір жайт: Регламент Құрылтайдың ресми сайтынан алынды (Қараңыз: https://quryltai.kz/ru/about-us/regulations), өйткені «Әділет» ҰЦҚЖ-да оның қазақ тіліндегі мәтіні табылмады (Қараңыз: https://adilet.zan.kz/rus/docs/B2600000030). Оған қоса, неге екені белгісіз Құрылтайдың ресми сайтында «Қазақстан Республикасы Құрылтайының Регламентін бекіту туралы» қаулының қазақ тіліндегі мәтінінің оның ресми бланкісінің электрондық нұсқасында «от 10 сентября 206 года №30-І КРК» деген жазбалар сақталған бланк орналастырылған).

Осылайша, заңды күші бойынша нормативтік құқықтық актілер сатысының үшінші орынындағы конституциялық заң мен оған кірмейтін туынды нормативтік құқықтық акт жаңа Конституцияның нормасын 2 рет тікелей бұзып отыр. Басы осындай болса, кейін не болады?

Шын мәнінде қаңтар-ақпан айларындағы қарбалас уақытта (жалған болса да) осындай мәселе туындайтынын ескермеген/ескерттірмеген «131 адам» мен бүкіл заңшығарушы орган «қайда болған?» деген сұрақ туындайды.

Осы мәселе туралы мен бұрын да жазғанмын. Онда да ұлттық заңнамада 1995 жылғы Конституцияның нормасына қарсы нормалар болғанды, бірақ оны ескеру мен түзету мүмкін болмады (Ол Конституцияның қанша рет өзгертілгені де талдауға тұрарлық. Билік оны қалауынша өзгертті. Одан Конституциялық әлеует қалмады. Сондықтан мен оны «зорланған Конституция» деп атадым. Бұл - әлемдік конституционализмде болмаған практика. Ал оның қазақ тіліндегі мәтінінің сапасы өз алдына 98 томдық трилогия жазуға тұрарлық еді. Мен жаздым кейбіреулері туралы. Жалпы заңнаманың қазақ тіліндегі мәтіні мен оны түзету бойынша практика да басқа мақалалардың объектісі бола алады). Қазақстан Республикасы Парламентінің 1996 жылғы 20 мамырдағы қаулысымен бектілген Қазақстан Республикасы Парламенті Регламентінің 12-тармағында «Республиканың Президенті, Премьер-Министрі мен Үкімет мүшелері, Ұлттық Банкі Төрағасы, Бас Прокуроры, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші мен Республика Президенті Әкімшілігінің Басшысы Парламенттің кез келген отырысына қатысуға құқылы және өз сөзін тыңдатуға құқығы бар» деген норма болатын. Аталған норма 1995 жылғы Конституцияның 58-бабының 6-тармағына, яғни «Республика Президентінің, Премьер-Министр мен Үкімет мүшелерінің, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының кез келген отырыстарға қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар» деген нормаға қарсы болатын. Заңшығарушы орган конституциялық жабық тізімге өз бетінше (іс жүзінде оларда ешқандай билік болмаған!) «Мемлекеттік кеңесші мен Республика Президенті Әкімшілігінің Басшысы» деген лауазымдарды қосқан. Мұндай конституциялық құқықбұзушылықты, сонау 1996 жылғы норманы білмегеннің өзінде, оған 2022 жылғы 19 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Парламентінің № 19-VII ҚРП қаулысымен «Мемлекеттік хатшы» деген лауазымды «Мемлекеттік кеңесші» дегенге ауыстырғанда ескеруге болатын еді. Бірақ оны ешкім қажет етпеді. Тіпті, Қазақстан Республикасында жоғары заңдылыққа қадағалау жүргізетін орган да одан тыс қалдырылды.

 Осы сынды концептуалды қателердің орын алмауы үшін қолданыстағы заңнамаға құқықтық-лингвистикалық мониторинг жүргізуді ұсынып жүргеніме де біраз болды. Өкінішке орай, қазақ тілі билікке керек емес! Қазақтандық билік заңның сапасы бойынша кері байланысты да мүлдем қажет етпейді. Қазақ тіліндегі заңнаманың сапасы бойынша мақала жазған адамның оны жақсартудан басқаны мақсат етпейтінін билік пысқырмайды да! Ұлттық заңнамадағы «ағаш балқыту», «кит аулау флотилиясы» «Чокеровщики», «Брильщик», «Запанщики», «Вздымщики», «Мяльщица», «Трясильщица», «Слойлачивальщик», «Огранщик алмазов в бриллианты» деген «қазақстандық» мамандықтар атауларымен бірге «Ремиз тар көзді ау өндірісі», «Тар көзді аудың тісін өңдеуші», «Құсты қуырумен айналысатын», «Құсты тураушы», «Қағып-сілкуді әзірлеуші» деген сөз тіркестерін қамтитын нормалардан тұратын ақымақ заңдардың (dumb laws) орын алуын осындай саясаттың бір көрінісі деп білемін.

Сонымен мақаланы қорытындылай келе, «қабылданылмай жатып» Конституцияға қарсы 2 норманың қабылданғаны факт, ал осы екі конституциялық құқықбұзушылықты жою үшін Конституцияның 58-бабындағы тізімді «Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысы» деген лауазыммен толықтыру немесе оны конституциялық заң мен туынды нормативтік құқықтық акті - Регламенттен алып тастау керек деп топшылаймын. Қайсы дұрыс, жеңіл, тез әрі оңтайлы екенін жоғарыда жүрген мамандар шешуге тиіс. Екеуі де биліктің қолында... Менікі қазақстандық шынайы ғылымға тән тек ұсыну ғана.