Өңірлік жастар форумын өткізу ережелерін бекіту туралы
Ақтөбе облысы әкімдігінің 2016 жылғы 20 қыркүйектегі № 402 Қаулысы
Ақтөбе облысы әкімдігінің 2025 жылғы 19 мамырдағы № 82 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 27-бабына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 244 «Өңірлік жастар форумы туралы үлгілік қағидаларды бекіту туралы» нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 11153 тіркелген бұйрығына сәйкес Ақтөбе облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған өңірлік жастар форумын өткізу ережелері бекітілсін.
2. «Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы» мемлекеттік мекемесі осы қаулыны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары А. Т. Шерияздановқа жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Ақтөбе облысының әкімі | Б. Сапарбаев |
2016 жылғы 20 қыркүйектегі
№ 402 қаулысымен бекітілген
Өңірлік жастар форумын өткізу
ЕРЕЖЕЛЕРІ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Өңірлік жастар форумын өткізу ережелері (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 244 бұйрығымен бекітілген өңірлік жастар форумы туралы үлгілік қағидаларға сәйкес әзірленді және өңірлік жастар форумын өткізу тәртібін айқындайды.
2. Өңірлік жастар форумы (бұдан әрі - Форум) - жергілікті атқарушы органдар мен жастар арасындағы өзара іс-қимылдың өңірлік деңгейін қалыптастыру мақсатында өткізілетін жастар өкілдерінің форумы.