Салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотын жүргізудің кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 қазандағы № 637 бұйрығы
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 21-бабының 5) және 12) тармақшаларына, 113-бабының 2-тармағына, 122-бабының 1 және 4-тармақтарына, 510-бабының 3-тармағына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотын жүргізу қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес салықтарды, бюджетке төлемдерді, кедендік төлемдерді, өсімпұлдарды, пайыздар мен айыппұлдарды есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізуге салықтық өтініш нысаны бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.