«Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 30 желтоқсандағы № 245-VIII Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Предыдущая страница

Əкімшілік қадағалаудағы адамға арналған шектеулердің тізбесін судья ішкі істер органының уəжді ұсынуы бойынша оның өмір сүру салты мен мінез-құлқын ескере отырып, бірақ осы тармақта көзделген шектеулер шегінде қысқартуы немесе толықтыруы мүмкін.

3. Əкімшілік қадағалаудағы адам:

1) осы Заңда көзделген, өзіне қатысты белгіленген шектеулерді сақтауға;

2) шақыру бойынша ішкі істер органдарына көрсетілген мерзімде келуге, əкімшілік қадағалау қағидаларын орындауға байланысты мəселелер бойынша ауызша жəне жазбаша түсініктемелер беруге;

3) əкімшілік қадағалауды жүзеге асыратын ішкі істер органының қызметкерлерін жұмыс орны мен тұрғылықты жерінің ауысқаны туралы, сондай-ақ қызметтік жəне жеке істері бойынша аудан (қала) шегінен тыс жерлерге шығуы туралы бір тəулік ішінде хабардар етуге;

4) ішкі істер органының рұқсатымен басқа елді мекенге шыққан жəне онда бір тəуліктен астам болған кезде өзінің мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыруы үшін жергілікті ішкі істер органында тіркелуге;

5) əкімшілік қадағалау мерзімі аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасының аумағынан кетпеуге міндетті.

4. Əкімшілік қадағалаудағы адамның:

1) əкімшілік қадағалауды белгілеу жəне шектеулерді қолдану туралы істің материалдарымен сотта танысуға;

2) түсініктеме беруге, дəлелдемелер ұсынуға;

3) əкімшілік қадағалауды мерзімінен бұрын тоқтату туралы (қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемесінен жағымды мінездеме не тұрғылықты жері немесе еңбек қызметі бойынша жағымды мінездеме болған кезде), сондай-ақ өзіне қатысты белгіленген шектеулердің күшін жою не тұрақты тұрғылықты жерінен қысқа мерзімге шығу туралы өтінішхаттарды мəлімдеуге;

4) əкімшілік қадағалауды тоқтату туралы қаулымен ішкі істер органында танысуға құқығы бар.

5. Əкімшілік қадағалаудағы адам əкімшілік қадағалау қағидаларын немесе өзіне қатысты белгіленген шектеулерді бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен жауаптылыққа тартылады.

 

66-бап. Əкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асыру тəртiбi

1. Əкiмшiлiк қадағалау белгіленген адамды қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесi мекемесiнен босатар алдында мекеме əкiмшiлiгi адамның таңдаған тұрғылықты жерiндегі iшкi iстер органына сот қаулысын, оған мінездеме беретін материалдар мен оның келетін уақыты туралы хабарлама жiбередi.

Əкімшілік қадағалау белгіленген адам таңдаған тұрғылықты жеріне келмеген жағдайда, ішкі істер органы оның тұрған жерін жəне келмеу себептерін анықтау бойынша бастапқы іс-шараларды жүргізеді.

Əкімшілік қадағалау белгіленген адамның тұрған жері анықталмаған кезде ішкі істер органы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастайды, бұлтартпау шарасын таңдай отырып, оған іздестіру жариялайды.

2. Ішкі істер органдары əкімшілік қадағалау белгіленген адамды профилактикалық есепке қояды жəне оған профилактикалық бақылау жүзеге асырылады.

3. Ішкі істер органдарының қызметкерлері əкімшілік қадағалауды жүзеге асыру кезінде:

1) əкімшілік қадағалау белгіленген адамды есепке қойғаннан кейін əлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін оның жергілікті атқарушы органдарға келуін қамтамасыз етуге жəне əкімшілік қадағалауды белгілеу туралы сот қаулысының көшірмесін олардың мекенжайына жіберуге;

2) əкімшілік қадағалау белгіленген адамның тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша оның мінез-құлқын жүйелі түрде байқауға;

3) əкімшілік қадағалау белгіленген адамның қоғамдық тəртіпті, адамның жəне азаматтың құқықтары мен заңды мүддесін бұзуының алдын алуға жəне жолын кесуге;

4) əкімшілік қадағалау қағидаларын бұзғаны үшін əкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы белгіленген тəртіппен жəне жағдайларда жасауға жəне оны қарау үшін сотқа жіберуге міндетті.

4. Əкімшілік қадағалауды жүзеге асыру кезінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің:

1) əкімшілік қадағалаудағы адамның мінез-құлқы туралы мəліметтерді оның жұмыс орны мен тұрғылықты жері бойынша меншік нысанына қарамастан ұйымның əкімшілігінен, сондай-ақ жеке тұлғалардан сұратуға жəне алуға;

2) əкімшілік қадағалаудағы адамды ішкі істер органдарына профилактикалық əңгімелесуге шақыруға, келісімдері болған кезде туыстарының қатысуымен профилактикалық əңгімелесу жүргізуге;

3) əкімшілік қадағалаудағы адамнан əкімшілік қадағалау қағидаларын орындауға байланысты мəселелер бойынша ауызша жəне жазбаша түсініктемелер талап етуге;

4) əкімшілік қадағалаудағы адамның мінез-құлқын жəне белгіленген шектеулерді сақтауын байқау мақсатында тəуліктің кез келген уақытында оның тұрғынжайына баруға құқығы бар, бұл ретте Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда жəне тəртіппен болмаса, қарап-тексеруге, тінту жүргізуге жол берілмейді;

5) əкімшілік қадағалауды жүзеге асыру жəне əкімшілік қадағалау белгіленген адамның тұрған жері туралы ақпарат алу үшін электрондық бақылау құралдарын пайдалануға құқығы бар. Электрондық бақылау құралдарын қолдану жəне əкімшілік қадағалауды жүзеге асыру бойынша ішкі істер органдарының қызметін ұйымдастыру тəртібін қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уəкілетті орган айқындайды.

5. Əкiмшiлiк қадағалау осы Заңның 59-бабының 9-тармағында айқындалған негiздер бойынша тоқтатылады.

Ішкі істер органының əкімшілік қадағалауды жүзеге асыратын қызметкері осы Заңның 59-бабы 9-тармағының 2), 3) жəне 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда əкімшілік қадағалауды тоқтату туралы қаулы шығарады, оны ішкі істер органының бастығы бекітеді.

Ішкi iстер органының бастығы осы Заңның 59-бабы 9-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда əкiмшiлiк қадағалауды мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы сотқа уəжді ұсыну жiбередi, ол он күндік мерзiмде қаралуға тиіс.

Судьяның немесе iшкi iстер органының əкiмшiлiк қадағалауды тоқтату туралы қаулысы адамға қолын қойғыза отырып хабарланады.

 

67-бап. Тəрбиелік тұрғыдан əсер ету шаралары

1. Кəмелетке толмаған балаға қатысты тəрбиелік тұрғыдан əсер ету шаралары сот шешімі бойынша жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен қолданылады.

2. Сот мынадай тəрбиелік тұрғыдан əсер ету шараларын тағайындауы мүмкін:

1) ескерту жасау;

2) заңды түсіндіру;

3) келтірілген зиянның есесін толтыру міндетін жүктеу;

4) кəмелетке толмаған баланың бос уақытын шектеу жəне мінез-құлқына ерекше талаптарды белгілеу;

5) ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың не мамандандырылған мемлекеттік органның қадағалауына беру;

6) ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру;

7) жəбірленушіден кешірім сұрау міндеттемесін жүктеу;

8) пробациялық бақылауды белгілеу.

 

68-бап. Ата-ана құқықтарынан айыру не оларды шектеу, бала асырап алудың күшін жою, қорғаншылар мен қамқоршыларды өз міндеттерін орындаудан босату жəне шеттету, баланы патронаттық тəрбиешінің тəрбиесіне беру туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу

1. Ата-ана құқықтарынан айыру не оларды шектеу, бала асырап алудың күшін жою, қорғаншылар жəне қамқоршыларды өз міндеттерін орындаудан босату жəне шеттету, баланы патронаттық тəрбиешінің тəрбиесіне беру туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу баланың қауіпсіздігі мен саламаттылығын қамтамасыз етуге, оның мүддесі мен денсаулығына зиянды болғызбауға, оның үйлесімді дамуы үшін жағдай жасауға бағытталады.

2. Ата-ана құқықтарынан айыру не оларды шектеу, бала асырап алудың күшін жою, қорғаншылар мен қамқоршыларды өз міндеттерін орындаудан босату жəне шеттету, баланы патронаттық тəрбиешінің тəрбиесіне беру туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу тəртібі «Неке (ерлі-зайыптылық) жəне отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде жəне Қазақстан Республикасының Азаматтық-процестік кодексінде айқындалады.

 

69-бап. Психологиялық көмек көрсету

1. Құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарға, сондай-ақ жəбірленушілерге психологиялық көмек адамға психологиялық проблемалардың алдын алу, шешу, өзін-өзі бақылау мен эмоциясын басқаруды дамыту, өмірдегі қиын, дағдарыстық жағдайлар мен олардың салдарын еңсеру кезінде жəрдемдесуге бағытталған жəне психикалық əрі соматикалық денсаулығын қолдауға, психикалық дамуын оңтайландыруға, заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыру тұрғысынан бейімделуге жəне өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.

2. Психологиялық көмек көрсету адамның психологиялық жай-күйін бағалауды, эмоциялық қолдау көрсетуді, нақты психологиялық проблемаларды шешуге немесе тұлғалық өсуге қол жеткізуге бағытталған жеке немесе топтық терапиялық бағдарламаларды əзірлеуді жəне іске асыруды қамтиды.

Сот Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен психологиялық көмектен өтуді тағайындаған адамдар:

1) барлық курстарға баруға;

2) құпиялылық шараларын сақтауға жəне курстарға басқа да қатысушылардың құқықтарын құрметтеуге;

3) əдеп стандарттары мен мінез-құлық қағидаларын, курстарды ұйымдастырушылар белгілеген талаптар мен ұсынымдарды сақтауға міндетті.

3. Көмек көрсету жөніндегі ұйымдар:

1) жəбірленушілерді жəне құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды қабылдауды жүзеге асырады;

2) қажетті психологиялық көмек көрсетуді ұйымдастырады, қажет болған жағдайда, осы адамдарды медициналық көмек көрсету жəне одан əрі оңалту үшін денсаулық сақтау ұйымдарына жібереді;

3) құқық бұзушылық жасаған адамдармен ерікті психологиялық түзету бағдарламаларын жүргізеді;

4) зорлық-зомбылық фактілері немесе оларды жасау қатері туралы ішкі істер органдарына хабар береді;

5) құқық бұзушылық профилактикасы мəселелері бойынша жеке жəне заңды тұлғалармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

Осы бапта көзделген көмек тұратын жеріне қарамастан көрсетіледі.

4. Көмек көрсету жөніндегі ұйымдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ жеке жəне заңды тұлғалар құрады.

5. Көмек көрсету жөніндегі ұйымдардың қызметін қаржыландыру бюджет қаражаты жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржы көздері есебінен жүзеге асырылады.

 

 

6-тарау. ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ПРОФИЛАКТИКАСЫ ЖӨНІНДЕГІ АРНАУЛЫ ШАРАЛАР

 

70-бап. Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі арнаулы шаралар

1. Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі арнаулы шаралар құқық бұзушылықтың жекелеген түрлерінің профилак тикасына, осы құқық бұзушылық түрлерін жасау себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған.

2. Қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тəртіпке, адам мен азаматтың жеке басының, қоғам мен мемлекеттің мүддесіне қол сұғатын сын-тегеуріндер мен қатерлердің туындауы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі арнаулы шараларды қолдануға негіз болып табылады.

3. Мыналар құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі арнаулы шаралар болып табылады:

1) құқық бұзушылық профилактикасы мəселелері бойынша ғылыми жəне əлеуметтанушылық зерттеулерді ұйымдастыру жəне жүргізу;

2) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі қызметін жетілдіруге бағытталған бағдарламалар мен əдістемелерді əзірлеу;

3) құқық бұзушылықтың виктимологиялық профилактикасы жөніндегі шаралар;

4) халықтың белгілі бір əлеуметтік тобы арасында қоғамға жат мінез-құлықтың қалыптасуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау жəне жою;

5) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің оң тəжірибесін қорыту жəне тарату;

6) профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру жəне жүргізу.

 

71-бап. Құқық бұзушылықтың виктимологиялық профилактикасы жөніндегі шаралар

Мыналар құқық бұзушылықтың виктимологиялық профилактикасы жөніндегі шаралар болып табылады:

1) тұлғаның жеке, гендерлік жəне əлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, құқық бұзушылықтан жəбір көргендерге қатысты профилактикалық іс-шараларды жүргізу;

2) халықты, оның ішінде құқық бұзушылықтан жəбір көргендерді тұлғааралық жанжалдарды шешу тəсілдеріне оқыту;

3) құқық бұзушылықтан жəбір көргендерді анықтау жəне қорғау жөнінде шаралар қабылдау;

4) құқық бұзушылықтан жəбір көргендерге көмек көрсету жөніндегі ұйымдарды құру;

5) құқық бұзушылықтан жəбір көргендердің тəндік жəне психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оған Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзін-өзі қорғау тəсілдері мен құралдары туралы хабар беруге бағытталған арнаулы кешенді шараларды əзірлеу жəне жүзеге асыру;

6) қоғамға жат мінез-құлық салыстырмалы түрде жиі байқалатын немесе құқық бұзушылық жасалатын орындарды (аумақтарды) жүйелі түрде бақылау;

7) шабуыл жасалған жағдайда қорғану шаралары туралы мəліметтерді тарату арқылы халықты құқықтық тəрбиелеу жəне үйрету;

8) қоғамға жат мінез-құлық, дайындалып жатқан, жасалатын немесе жасалған құқық бұзушылық туралы ақпарат алу мақсатында құқық бұзушылық профилактикасын тікелей жүзеге асыратын орган немесе мекеме жанынан сенім телефондарын, «қауырт желілерді», құтқару қызметін ұйымдастыру;

9) профилактикалық бағдарламалар мен іс-шаралардың жобаларын жалпыға ортақ талқылауды ұйымдастыру, оларды жүргізу кезіндегі проблемалар мен кемшіліктерді анықтау жəне жою мақсатында веб-сайттар, блогтар, чаттар ұйымдастыру, интернет желісінде роликтерді тарату;

10) виктимизация ауқымдары мен факторларын, мемлекеттік органдар мен құқық бұзушылық профилактикасының басқа да субъектілерінің құқық бұзушылықтан жəбір көргендерге қызметтер көрсету сапасын анықтауға бағытталған виктимологиялық зерттеулер жүргізу жəне виктимологиялық зерттеулер қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен құқық бұзушылық профилактикасының басқа да субъектілерінің қызметін жетілдіру;

11) құқық бұзушылықтың виктимологиялық профилактикасының заманауи əдістері туралы əдебиетті тарату;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де шараларды қабылдау.

 

72-бап. Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының ерекшеліктері

1. Тұрмыстық зорлық-зомбылық күш көрсету, психологиялық қысым жасау, сексуалдық зорлық-зомбылық жəне (немесе) экономикалық қысым жасау түрінде болуы мүмкін.

2. Жергілікті атқарушы органдар тұрмыстық зорлық-зомбылықты ерте анықтау мақсатында мобильді топтар құрады.

Өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдар (отбасылар) туралы мəліметтер отбасын қолдау орталықтарына жіберіледі, онда оларға əлеуметтік, заңдық жəне психологиялық қолдау көрсетуге жəрдем беріледі.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жəбір көргендерге арнаулы əлеуметтік көрсетілетін қызметтер немесе психологиялық көмек алуына, оның ішінде олардың бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұруына мүмкіндік беріледі.

3. Ішкі істер органдары:

1) азаматтардың тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі туралы əрбір хабары, өтініші бойынша жедел ден қоюдың құқықтық шараларын қабылдайды;

2) тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі туралы бір тəулік ішінде құқық бұзушылық профилактикасының мүдделі субъектілерін хабардар етеді;

3) жəбірленуші құқық бұзушымен ортақ тұрғынжайдан жеке гигиена заттарын, маусымдық киімдері мен жеке басын куəландыратын құжаттарын алып шыққан кезде қоғамдық тəртіпті қамтамасыз етеді.

4. Жергілікті атқарушы органдар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың виктимологиялық профилактикасы мақсатында өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) əлеуметтік-экономикалық қолдау жөніндегі аумақтық бағдарламалар мен іс-шаралар жоспарларын əзірлейді.

Жарты жылда бір рет құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі өңірлік ведомствоаралық комиссиялардың отырыстарында өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтаудың жəне оларға қолдау көрсетуді ұйымдастырудың тиімділігіне баға беріледі.

Қарау нəтижелері бойынша өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) əлеуметтік-экономикалық қолдау жөніндегі аумақтық бағдарламалар мен іс-шаралар жоспарына тиісті өзгерістер енгізіледі.

Проблемалық мəселелер бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысына шығару үшін жұмыс органына ақпарат жіберіледі.

5. Жергілікті атқарушы органдар тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мақсатында атаулы əлеуметтік көмек көрсетуге жүгінген адаммен жəне (немесе) оның отбасы мүшелерімен бірге мансап орталығы жасаған жұмыспен қамтуға жəне (немесе) əлеуметтік бейімделуге жəрдемдесу бойынша өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамға (отбасыға) жеке көмек жоспарының іс-шараларын орындайды.

6. Көмек көрсету жөніндегі ұйымдар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жəбір көргендерді əлеуметтік бейімдеу жəне оңалту, сондай-ақ құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарға психологиялық көмек бойынша жəрдем көрсетеді.

7. Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі өңірлік ведомствоаралық комиссиялардың отырыстарында тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша уəкілетті мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралардың тиімділігіне баға беріледі.

8. Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мəселелері бойынша мемлекеттік органдарды үйлестіру мемлекеттік отбасылық саясат саласындағы уəкілетті органға жүктеледі.

9. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы жөніндегі өзге де шараларды жүзеге асыруға құқылы.

 

73-бап. Қылмыстың қайталап жасалуы профилактикасының ерекшеліктері

1. Қылмыстың қайталап жасалуының профилактикасы мақсатында ішкі істер органдары мынадай арнаулы іс-шараларды жүргізеді:

1) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінен босатылған адамдар жəне бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға сотталған адамдар арасында құқық бұзушылық жасау себептері мен жағдайларын анықтау, жою;

2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 79-бабында көзделген алынбаған жəне жойылмаған сотталғандығы бар адамдарды профилактикалық есепке алу жəне бақылау;

3) қылмыстық-құқықтық əсер ету шараларын белгілеу;

4) əкімшілік қадағалауды белгілеу;

5) пробациялық бақылауды жүзеге асыру;

6) электрондық бақылау құралдарын қолдану;

7) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде жазасын өтеп жүрген адамдарды əлеуметтік оңалтуға жəне əлеуметтік бейімдеуге даярлау;

8) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан сотталғандарға криминалдық субмəдениеттің ықпалына қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шараларды іске асыру;

9) кəмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін жазасын өтеген адамдарды өмір бойы есепке алу;

10) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де шараларды жүзеге асыру.

2. Қылмыстың қайталап жасалуының профилактикасы мəселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру ішкі істер органдарына жүктеледі.

 

74-бап. Масаң күйде жасалатын құқық бұзушылық профилактикасының ерекшеліктері

1. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілері масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өз құзыреті шегінде мынадай арнаулы іс-шараларды жүргізеді:

1) психикаға белсенді əсер ететін заттарды тұтынуына байланысты психикасы, мінез-құлқы бұзылған (ауыратын) адамдарды анықтау, есепке қою жəне оңалту;

2) медициналық сипаттағы мəжбүрлеу шараларын қолдану;

3) динамикалық есепте тұрған адамға денсаулық сақтау ұйымдарында одан əрі профилактикалық байқау үшін медициналық зерттеп-қараудан өту қажеттігі туралы ресми алдын ала ескерту шығару;

4) есірткі заттарын, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды заңсыз сақтаудың, олардың айналымының, оларды тасудың, өткізу мен пайдаланудың, оларды тұтынудың, сондай-ақ алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру мен өткізудің алдын алу;

5) психикаға белсенді əсер ететін заттардың əсерімен, масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу, себептері мен жағдайларын анықтау жəне жою;

6) жергілікті атқарушы орган алкогольдік ішімдіктерді құйып сатуға рұқсат берген сауда ұйымдары мен көпшілікті тамақтандыру ұйымдарынан басқа, көшелерде жəне басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішетін немесе қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиеті мен қоғамдағы адамгершілік нормаларын қорлайтындай масаң күйде болатын адамдарды анықтау;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарының бұзылуын анықтау;

8) құқық бұзушының не қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптарды белгілеу;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де шараларды жүзеге асыру.

2. Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі өңірлік ведомствоаралық комиссиялардың отырыстарында масаң күйде жасалатын құқық бұзушылық профилактикасы бойынша уəкілетті мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралардың тиімділігіне баға беріледі.

3. Масаң күйде жасалатын құқық бұзушылық профилактикасы мəселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру ішкі істер органдарына жүктеледі.

 

75-бап. Қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылық профилактикасының ерекшеліктері

1. Қоғамдық орындарға:

1) білім беру жəне демалу ұйымдары;

2) денсаулық сақтау ұйымдары;

3) көпшілікті тамақтандыру пункттері;

4) кинотеатрлар, театрлар, цирктер, концерт, тамашалау жəне көрме залдары, спорт ареналары жəне жалпы көпшіліктің демалуына арналған басқа да жабық құрылысжайлар, оның ішінде түнгі клубтар мен дискотекалар;

5) музейлер, кітапханалар мен лекторийлер;

6) жергілікті жəне алыс қатынастағы пойыздар, əуе, теңіз жəне өзен көлігі кемелері, қалалық, қалааралық автобустардың, маршруттық таксилердің жəне қалалық электр көлігінің салондары;

7) əуежайлардың, теміржол, автомобиль жəне су вокзалдарының ғимараттары, теміржол вокзалдарының перрондары жəне метрополитендер;

8) рұқсаттамалық режимді пайдаланбайтын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың үй-жайлары;

9) бұзақылық жасалған жағдайларда еңбек ұжымдары жұмыс істеу үшін пайдаланатын рұқсаттамалық режимі бар объектілердегі жұмыс орындары болып табылатын үй-жайлар;

10) үйлердің кіреберістері;

11) осы баптың 2-тармағында көзделген өзге де орындар жатады.

2. Қоғамдық орындар:

1) тұрақты (кез келген уақытта кіруге болатын орындар: көшелер, тұйық көшелер, скверлер, бульварлар, жағалаулар, алаңдар, вокзалдар, аулалар (жеке үйлердің аулаларын қоспағанда);

2) мерзімді (белгілі бір сағаттарда халыққа қызмет көрсетуге жəне халықтың демалуына арналған үй-жайлар: базарлар, білім беру жəне емдеу-сауықтыру мекемелері, демалыс аймақтары, мəдени мекемелер, ойын-сауық, спорт мекемелері, қоғамдық көлік, сауда кəсіпорындары, жолаушылар вагондары, көпшілікке арналған дəретханалар) болып бөлінеді.

3. Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерін орындау үшін, медициналық мақсаттарда, азаматтық қорғау үшін, ауа райы жағдайлары кезінде, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық жəне мəдени-бұқаралық іс-шараларға тікелей қатысатын адамдар үшін қажет болған жағдайларды қоспағанда, қоғамдық орындарда адамның бет келбетін тануға кедергі келтіретін киім-кешек заттарын киюге тыйым салынады.

4. Қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылық профилактикасы мақсатында мынадай арнаулы іс-шаралар жүргізіледі:

1) бейнебақылау камераларын орнату;

2) ішкі істер немесе күзет органдарының қатысуын ұлғайту;

3) қоғамдық патрульдерді ұйымдастыру;

4) жұртшылықты хабардар ету жөнінде профилактикалық əңгімелесулер мен науқандар жүргізу;

5) қоғамға жат мінез-құлық салыстырмалы түрде жиі байқалатын немесе құқық бұзушылық жасалатын орындарды (аумақтарды) жүйелі түрде бақылау;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де шараларды жүзеге асыру.

5. Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі өңірлік ведомствоаралық комиссиялардың отырыстарында қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылық профилактикасы бойынша уəкілетті мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралардың тиімділігіне баға беріледі.