«Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 30 желтоқсандағы № 245-VIII Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Предыдущая страница

3) білім беру қызметіне тарту - білімі мен құзыретінің деңгейін арттыру үшін білімге, кəсіптік оқытуға немесе қосымша білім беру бағдарламаларына қолжетімділікті қамтамасыз ету;

4) қоғамға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға жəне еңбек дағдыларын дамытуға ықпал ету үшін қоғамға пайдалы қызметке қатысуға тарту;

5) тəлімгерлік жүйені қолдану - кəмелетке толмаған балаға қолдау көрсететін жəне əлеуметтік бейімделуіне көмектесіп, сүйемелдейтін ересек тəлімгерді тағайындау;

6) қолайсыз ортамен байланысты шектеу - кəмелетке толмағандарды құқық бұзушылық жасауға тартатын адамдармен олардың қарым-қатынасын шектеуге бағытталған шараларды қолдану;

7) тəуелділік профилактикасы жөніндегі бағдарламалар - психикаға белсенді əсер ететін заттарды, алкоголь мен темекі өнімдерін тұтынуын болғызбауға бағытталған бағдарламаларға қатысу;

8) отбасылық консультация беру жəне қолдау - отбасы ішіндегі қарым-қатынасты жақсарту жəне тəрбиеге қолайлы орта жасау мақсатында кəмелетке толмаған баланың отбасымен жұмыс істеу жөніндегі іс-шараларды ескеруге тиіс.

Көрсетілген шаралар кəмелетке толмаған баланың жеке ерекшеліктерін, ол жасаған іс-əрекеттің сипаты мен мəн-жайларын ескере отырып, сондай-ақ қайталап құқық бұзушылық жасау қауіп-қатерін барынша азайту мақсатында қолданылуға тиіс.

3. Профилактикалық есепте тұрған кəмелетке толмаған балаға қатысты судья ішкі істер органының уəжді ұсынуы бойынша өмір сүру салтына, отбасындағы жəне тұрғылықты жеріндегі мінез-құлқына, оның жеке басын сипаттайтын басқа да мəн-жайларға қарай мынадай:

1) ауданның (қаланың) ішкі істер органдары айқындаған жерлерінде болуға;

2) кəмелетке толмағандардың істері жəне олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның рұқсатынсыз аудан (қала) шегінен тыс жерлерге шығуға;

3) өзіне теріс əсер ететін адамдармен байланысқа түсуге;

4) алкогольдік ішімдіктерді, есірткі заттарын, психотроптық заттарды тұтынуға шектеулерді толық көлемде немесе жеке-жеке белгілеуі мүмкін.

Кəмелетке толмаған балаға арналған шектеулер тiзбесiн судья ішкi iстер органының уəжді ұсынуы бойынша оның өмір сүру салты мен мiнез-құлқын ескере отырып қысқартуы немесе толықтыруы мүмкін.

 

 

3-БӨЛІМ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

83-бап. Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

1. Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

2. Жеке өмірі, жеке басының құпиясы мен отбасылық құпия туралы мəліметтер жария етуге жатпайды.

Адамның жеке басының құпиясын немесе отбасылық құпияны құрайтын жеке өмiрi туралы мəлiметтердi жария ету Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа алып келеді.

 

84-бап. Құқық бұзушылық профилактикасын тікелей жүзеге асыратын жəне оған қатысатын органдар мен мекемелердің қызметін қаржылық жəне материалдық-техникалық қамтамасыз ету

1. Құқық бұзушылық профилактикасын тікелей жүзеге асыратын органдар мен мекемелердің қызметiн қаржылық жəне материалдық-техникалық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет қаражаты жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржы көздері есебiнен жүзеге асырылады.

2. Мемлекет қызметі құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі шараларды жүзеге асыруға байланысты мемлекеттік емес, коммерциялық емес ұйымдарды мемлекеттік əлеуметтік тапсырысты орналастыру жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржы көздері арқылы қолдайды.

 

85-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тəртібі

1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

2. Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін «цифрлық жүйелерін», «цифрлық жүйелер», «цифрлық технологиялар», «Цифрландыру саласындағы уəкілетті органның», «Цифрландыру саласындағы уəкілетті орган», «цифрлық жəне геоақпараттық жүйелерді» деген сөздер тиісінше «ақпараттық жүйелерін», «ақпараттық жүйелер», «ақпараттық технологиялар», «Ақпараттандыру саласындағы уəкілетті органның», «Ақпараттандыру саласындағы уəкілетті орган», «ақпараттық жəне геоақпараттық жүйелерді» деген сөздер болып есептелсін.

3. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап:

1) «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды əкімшілік қадағалау туралы» 1996 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының;

2) «Кəмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз жəне панасыз қалуының алдын алу туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының;

3) «Қоғамдық тəртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының;

4) «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының;

5) «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» 2010 жылғы 29 сəуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.

 

 

Қазақстан Республикасының

Президенті

 

Қ. ТОҚАЕВ

 

Астана, Ақорда, 2025 жылғы 30 желтоқсан

№ 245-VIIІ ҚРЗ