(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) «БІЛІМ ТУРАЛЫ» 2007 ЖЫЛҒЫ 27 ШІЛДЕДЕГІ № 319-III ҚАЗ...

Предыдущая страница

Халықаралық мектеп мәртебесін беру білім беру саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша, ол айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.

2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

5. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, халықаралық оқу орындарының және Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттер немесе олардың заңды және жеке тұлғалары құратын оқу орындарының, олардың филиалдарының білім беру қызметін лицензиялау, сондай-ақ мұндай оқу орындарын бақылау және аккредиттеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

66-бап. Шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру

1. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар.

2. Мемлекет шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға жәрдемдеседі.

3. Шет елдегі қазақ диаспорасы үшін білім беру ұйымдарын құру және оған қаржылық-материалдық көмек көрсету халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

 

 

11-тарау. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасын

бұзғаны үшін жауаптылық

 

67-бап. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

 

 

2018.04.07. № 171-VІ ҚР Заңымен 12-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

12-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

 

2018.04.07. № 171-VІ ҚР Заңымен 67-1-баппен толықтырылды

67-1-бап. Өтпелі ережелер

1. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша берілген, білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшалардың қолданылу мерзімі қызметтің кіші түрі атауының өзгеруіне байланысты 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін оқуға түскен адамдардың оқу кезеңіне қолданылады.

2. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша берілген, білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензия және (немесе) лицензияға қосымшалар қызметтің кіші түрі атауының өзгеруіне байланысты қайта ресімделген жағдайда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін өздеріне оқуға қабылданған адамдарға мамандықтар бойынша білім туралы құжатты беруге құқылы.

2022.03.05. № 118-VII ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды

3. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның осы Заңның 57-бабы 3-1-тармағының екінші бөлігінде белгiленген қолданылу мерзiмi осы норма қолданысқа енгізілген кезге дейін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына берілген лицензияға және (немесе) лицензияға қосымшаға қолданылмайды.

2024.23.02. № 64-VIII ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 27 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)

4. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша берілген, білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшалардың қолданылу мерзімі қызметтің кіші түрінің (кіші түрлерінің) атауы өзгеруіне байланысты 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін оқуға түскен адамдардың оқу кезеңіне қолданылады.

2024.23.02. № 64-VIII ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 27 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)

5. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша берілген, білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензия және (немесе) лицензияға қосымшалар қызметтің кіші түрінің (кіші түрлерінің) атауы өзгеруіне байланысты қайта ресімделген жағдайда техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін өздеріне оқуға қабылданған адамдарға біліктілігі бойынша білім туралы құжат беруге құқылы.

 

68-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілуі

1. Осы Заң, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 2-тармағының екінші бөлігін, 52-баптың 6-тармағының екінші абзацын, 7-тармағы 1) тармақшасының екінші және бесінші абзацтарын, 8-тармағының 2), 3) тармақшаларын және 53-баптың 3-тармағының 1), 3) тармақшаларын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2. Бiлiм беру ұйымдарына осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн тиісті оқу мерзімдерімен оқуға түскен адамдар оқуға түскен кезде қолданыста болған бiлiм беру бағдарламалары бойынша оқуын бiтiрiп, оларға оқуға түскен кезде қолданыста болған бiлiм туралы белгiленген үлгiдегi құжат берiледi.

2024.30.12. № 148-VIII ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2025 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)

2-1. Осы Заңның 57-1-бабы 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

«57-1-бап. Мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту және балаларға арналған қосымша білім беру саласындағы қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама

1. Мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының қызметі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асырылады.

Балаларға арналған қосымша білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарының және мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған білім беру ұйымдарының қызметі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асырылады.

2. Мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту және балаларға арналған қосымша білім беру саласындағы қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаларды қабылдауды білім беру саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.

3. Мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының, балаларға арналған қосымша білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарының және мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған білім беру ұйымдарының қызметі тоқтатыла тұрған кезде білім беру ұйымдары:

1) мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға арналған конкурсқа қатысуға;

2) бұзушылықтар жойылғанға және білім беру саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі қызметті қайта бастағанға дейін қызметін жүзеге асыруға құқылы емес.

4. Мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары, балаларға арналған қосымша білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдары және мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған білім беру ұйымдары тексеру және (немесе) мемлекеттік аттестаттау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жоймаған кезде білім беру саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі білім беру ұйымдарын мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту және балаларға қосымша білім беру бойынша рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен алып тастайды.

2025.15.03. № 172-VIII ҚР Заңымен 2-2-тармақпен толықтырылды (2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

2-2. Осы Заңның 40-бабы 4-тармағының бірінші бөлігі 12) тармақшасының қолданысы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын.

3. «Білім туралы» 1999 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 13, 429-құжат; № 23, 927-құжат; 2001ж., № 13-14, 173-құжат; № 24, 338-құжат; 2004 ж., № 18, 111-құжат; № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; № 12, 71-құжат; № 15, 92-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 9, 67-құжат) күші жойылды деп танылсын.

 

 

 

Астана, Ақорда, 2007 жылғы шілденің 27-сі.

№ 319-ІІІ ҚРЗ