Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабы 5-тармағын, 51-бабы 5-тармағын, 52-бабының 4 және 5-тармақтарын ресми түсіндіру туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003 жылғы 11 ақпандағы № 1 Қаулысы
Осы редакция 2017 жылғы 3 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Төраға Ю.А.Хитрин, Кеңес мүшелері Х.Ә.Әбішев, Қ.Ж.Балтабаев, С.Ф.Бычкова, А.Есенжанов, А.К.Котов және Қ.Ә.Омарханов қатысқан құрамда, мыналардың:
өтініш субъектісінің өкілі - Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Әбдірахмановтың,
Республика Орталық сайлау комиссиясының мүшесі В.К.Фосовтың,
Республика Жоғарғы Сотының судьясы Ж.Н.Бәйішевтің,
Республика Бас Прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың,
Республиканың Әділет вице-министрі Р.Ш.Шамсутдиновтың қатысуымен,
өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 5-тармағын, 51-бабының 5-тармағын, 52-бабының 4 және 5-тармақтарын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.
Қолда бар материалдарды зерделеп, баяндамашы - Конституциялық Кеңестің мүшесі Қ.Ж.Балтабаевты, өтініш субъектісі өкілінің және отырысқа қатысушылардың сөздерін тыңдап шығып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мынаны анықтады:
Республика Парламентінің бір топ депутаттары Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 5-тармағын, 51-бабының 5-тармағын, 52-бабының 4 және 5-тармақтарын ресми түсіндіру туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне жүгінді. Өтініш субъектісі мынадай мәселелерді түсіндіруді сұрайды:
1) Конституцияда Парламент депутаттарының өкілеттік мерзімінің басқадай тұрғыдан қарастырылмағандықтан, депутат өкілеттігінің мерзімін Республика Конституциясының 51-бабының 5-тармағына сәйкес депутаттыққа кандидат сайланған болып есептелетін кезден бастап есептеу керек пе.