«Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 30 маусымдағы № 201-VIII Заңы

Предыдущая страница

Қазақстан Республикасының азаматтары жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында қорғаныс сипатындағы жұмыстарға, қарсыластың қару қолдануының салдарын жоюға, бүлінген, қираған объектілерді, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін қалпына келтіруге қатысады.

3. Қазақстан Республикасының азаматтары және басқа да жеке тұлғалар жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында аумақтық қорғаныс мұқтаждықтары үшін жер учаскелерін, ғимараттарды, құрылысжайларды, көлік құралдарын және өздерінің меншігіндегі басқа да мүлікті олардың құнын мемлекет кейіннен Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен соған тең мөлшерде өтейтіндей етіп беруге міндетті.

4. Әскери есепте тұрған Қазақстан Республикасы азаматтары жұмылдыру жарияланған, соғыс жағдайы режимі енгізілген кезден бастап, сондай-ақ соғыс уақытында елді мекеннің шегінен тыс шығуды жергілікті әскери басқару органының тиісті басшысының жазбаша рұқсаты негізінде жүзеге асырады.

 

16-бап. Аумақтық қорғанысқа басшылық жасау

1. Жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында аумақтық қорғанысқа жалпы басшылықты - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшылығының Ставкасы, тікелей басшылықты - Қазақстан Республикасының Үкіметі, ал аумақтық қорғаныс аймақтарында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қорғаныс кеңестері жүзеге асырады.

2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қорғаныс кеңестері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери басқару органдарының нұсқауларын орындайды.

 

 

3-тарау. АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС КҮШТЕРІ

 

17-бап. Аумақтық қорғаныс күштері және олардың арналымы

1. Аумақтық қорғаныс күштері:

1) құқық қорғау органдарының күштері мен құралдарын;

2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар аумақтық қорғаныс міндеттерін орындау үшін бөлген күштер мен құралдарды;

3) аумақтық әскерлерді;

4) арнаулы құралымдарды;

5) өзін-өзі қорғау құралымдарын қамтиды.

2. Аумақтық қорғаныс күштері аумақтық қорғаныстың міндеттерін орындайды.

Аумақтық қорғаныс күштерінің арналымы мен жұмыс істеу тәртібі Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысын дайындау және жүргізу қағидаларында айқындалады.

 

18-бап. Аумақтық әскерлер

1. Аумақтық әскерлердің әскери бөлімдері мен бөлімшелерін қолдану аумақтық қорғаныс жоспарларына сәйкес немесе Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бұйрықтары (өкімдері) негізінде жүзеге асырылады.

2. Аумақтық әскерлер өз құзыреті шегінде:

1) Қазақстан Республикасының аумағын, елді мекендерді қорғауды және олардың қорғанысын және халықты қорғауды жүзеге асырады;

2) аумақтық қорғаныс жоспарларына сәйкес аумақтық қорғаныс объектілерін қорғауды және олардың қорғанысын жүзеге асырады;

3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара учаскелерін қорғауды және олардың қорғанысын күшейтуге қатысады;

4) эвакуацияланатын халықты және жүктерді қорғап-күзетуге және бірге алып жүруге қатысады;

5) жауапкершілік аймағында күзетілетін адамдар болған кезеңде күзет іс-шараларына қатысады;

6) ұрыс қимылдарына, оның ішінде Қазақстан Республикасының шекаралық кеңістігіндегі ұрыс қимылдарына қатысады;

7) қарсыластың десанттық және диверсиялық-барлау күштерімен және террористік топтармен күреске қатысады;

8) қарсылас уақытша басып алған (оккупациялаған) Қазақстан Республикасының аумағында қарулы күрес жүргізеді;

9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды орындайды.

3. Аумақтық әскерлердің қару мен әскери техниканы, арнаулы құралдарды, қызметтік иттерді, сондай-ақ дене күшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оларды қолдану шарттарына, тәртібі мен шегіне қатысты бөлігінде қолдануға құқығы бар.

 

19-бап. Өзін-өзі қорғау құралымдары

1. Өзін-өзі қорғау құралымдары:

1) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, аумақтық полиция органдарына (полиция қызметкерлеріне) елді мекендерді, аумақтық қорғаныс объектілерін күзетуге және олардың қорғанысына, халықты қорғауға жәрдемдеседі;

2) жергілікті атқарушы органдарға аумақтық қорғаныс іс-шараларын жүргізуге жәрдемдеседі;

3) эвакуацияланатын халықты және жүктерді қорғап-күзетуге және бірге алып жүруге қатысады;

4) қарсылас уақытша басып алған (оккупациялаған) Қазақстан Республикасының аумағында қарулы күреске қатысады;

5) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскерлерін (күштерін) қолдану, сондай-ақ қарсыластың әскерлерін (күштерін) қолдану тиімділігін төмендету үшін қолайлы жағдайлар жасайды;

6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды орындайды.

2. Өзін-өзі қорғау құралымдары - әскери басқару органының уәкілетті өкілінің, ал ол болмаған жағдайда құқық қорғау органы өкілінің немесе жергілікті атқарушы орган өкілінің басшылығымен құрылады.

Өзін-өзі қорғау құралымдарының басшыларын даярлауды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері күні бұрын жүзеге асырады.

3. Өзін-өзі қорғау құралымдары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшылығы Ставкасының шешімі негізінде соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына енгізілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына енгізілген өзін-өзі қорғау құралымдары қатарындағы еріктілерге «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелері қолданылады.

4. Өзін-өзі қорғау құралымының ерікті адамы аумақтық қорғаныс міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған), жараланған, контузия алған, жарақаттанған, мертіккен немесе ауырған жағдайда, материалдық және өзге де төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеледі.

 

20-бап. Аумақтық қорғаныс іс-шараларын материалдық қамтамасыз ету және аумақтық әскерлерді ұстау

1. Аумақтық қорғаныс іс-шараларын материалдық қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ меншік нысандарына қарамастан ұйымдар ұйымдастырады және жүзеге асырады.

2. Қызметтік үй-жайларды, ғимараттар мен құрылысжайларды қоспағанда, аумақтық әскерлердің аумақтық органдары үшін сатып алынатын мүлік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың балансына беріледі.

3. Аумақтық әскерлердің аумақтық органдарына берілген қару-жарақ пен әскери техниканы, сондай-ақ басқа да мүлікті сақтауға арналған орындар болмаған жағдайда, олардың сақталуын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ұйымдастырады.

4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары аумақтық әскерлердің аумақтық органдарын ғимараттармен және құрылысжайлармен қамтамасыз етуді, оның ішінде олардың күрделі құрылысын жүзеге асырады.

5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ұйымдастыратын аумақтық қорғаныс іс-шараларын жүргізу кезінде аумақтық әскерлерде әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді, сондай-ақ әскери міндеттілерді орналастыруды, тамақтандыруды және оларға монша-кір жуу қызметін көрсетуді тиісті жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

6. Уәкілетті орган ұйымдастыратын аумақтық қорғаныс іс-шараларын жүргізу кезінде аумақтық әскерлердің әскери міндеттілерін орналастыруды, тамақтандыруды және оларға монша-кір жуу қызметін көрсетуді уәкілетті орган жүзеге асырады.

 

21-бап. Аумақтық қорғаныс саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау

Аумақтық қорғаныс саласындағы заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының прокуратура органдары жүзеге асырады.

 

 

4-тарау. АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ

 

22-бап. Аумақтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау

1. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды анықтау мақсатында аумақтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылауды (бұдан әрі - мемлекеттік бақылау) жүзеге асырады.

2. Мыналар:

1) Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарын және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға қатысатын мемлекеттік органдар;

2) аумақтық қорғаныс жоспарларына сәйкес объектілері қорғалуға және қорғанысқа жататын, меншік нысандарына қарамастан ұйымдар мемлекеттік бақылау субъектілері (объектілері) (бұдан әрі - бақылау субъектілері) болып табылады.

 

23-бап. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібі

1. Уәкілетті орган мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, осы бапта белгіленген тәртіппен тексерулер нысанында жүзеге асырады.

Тексерулер бақылау субъектілеріне бару арқылы жүргізіледі және мерзімдік және жоспардан тыс болып бөлінеді.

2. Мерзімдік тексерулер мерзімдік тексерулер жүргізу жоспары негізінде жылына бір реттен жиі емес кезеңділікпен жүргізіледі.

Уәкілетті органның бірінші басшысы мерзімдік тексерулер жүргізу жоспарын тексерулер жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей бекітеді.

Бақылау субъектісін (объектісін) мерзімдік тексерулер жүргізу жоспарларына қосу үшін мынадай ақпарат көздерінің бірі:

1) бақылау субъектілері ұсынатын есептілік пен мәліметтер мониторингінің нәтижелері;

2) алдыңғы тексерулердің нәтижелері;

3) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын, бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызметі туралы құжаттар мен мәліметтерді талдау нәтижелері пайдаланылады.

Мерзімдік тексерулер жүргізу жоспарларын қалыптастыру үшін бақылау субъектілерін (объектілерін) талдау және іріктеу кезінде алдыңғы жылмен салыстырғандағы деректер пайдаланылуы мүмкін.

Мерзімдік тексерулер жүргізу жоспары:

1) жоспардың бекітілген күні мен нөмірін;

2) мемлекеттік органның атауын;

3) тексерілетін бақылау субъектісінің атауын;

4) бақылау субъектісінің (объектісінің) тұрған жерін;

5) тексеру нысанасын;

6) тексеруді жүргізу мерзімдерін;

7) жоспарға қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасын қамтиды.

Мерзімдік тексерулер жүргізу жоспары мерзімдік тексеруді жүргізу туралы хабарлама болып табылады және уәкілетті орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес тексерулер жылының алдындағы жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірмей бақылау субъектілерінің назарына жеткізеді.

Мерзімдік тексерулер жүргізу жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бақылау субъектісі таратылған, қайта ұйымдастырылған, оның атауы өзгерген немесе бақылау субъектілері арасында өкілеттіктер қайта бөлінген, сондай-ақ табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай туындаған, төтенше жағдай режимі енгізілген, эпидемияның, карантиндік объектілер мен аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың таралуы, уланулар, радиациялық авариялар мен оларға байланысты шектеулер туындаған немесе олардың туындау қатері төнген жағдайларда жүзеге асырылады.

Осы тармақтың жетінші бөлігінде көрсетілген жағдайлар басталған кезде тексеру ұзартылуы не тоқтатыла тұруы мүмкін.

3. Жоспардан тыс тексеру негіздері мыналар болып табылады:

1) тексеру нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуын бақылау;

2) Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың расталған жолданымдары;

3) мемлекетке зиян келтіру не зиян келтіру қатері туралы нақты фактілер бойынша прокурордың талабы;

4) мемлекетке зиян келтірудің нақты фактілері бойынша, сондай-ақ жойылмауы мемлекетке зиян келтіруге алып келетін Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары;

5) қылмыстық қудалау органының Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша тапсырмасы.

Анонимді жолданымдар болған жағдайда, жоспардан тыс тексерулер жүргізілмейді.

Бақылау субъектісіне (объектісіне) қатысты анықталған және жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған фактілер мен мән-жайлар жоспардан тыс тексеруге жатады.

Уәкілетті орган бақылау субъектісіне (объектісіне) тексеру басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын тексеруді жүргізу нысанасын көрсете отырып, жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталатыны туралы хабарлауға міндетті.

4. Тексеру тексеруді тағайындау туралы актінің негізінде жүргізіледі, онда:

1) актінің күні мен нөмірі;

2) мемлекеттік органның атауы;

3) тексеруді жүргізуге уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;

4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеруді жүргізуге тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;

5) бақылау субъектісінің атауы, оның тұрған жері және (немесе) бақылау объектісінің тұрған жері;

6) тағайындалған тексеру нысанасы;

7) тексеру түрі;

8) тексеруді жүргізу мерзімі;

9) тексеруді жүргізу негіздері;

10) бақылау субъектісінің құқықтары мен міндеттері;

11) бақылау субъектісі басшысының не оның уәкілетті адамының актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы;

12) актіге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы көрсетіледі.

Тексеруді тағайындау туралы актіні бақылау субъектісіне табыс ету күні тексеру жүргізудің басталуы деп есептеледі.

Тексеруді тағайындау туралы акт тексерулерді тағайындау туралы актілерді есепке алу журналында тіркеледі.

Тексерулерді тағайындау туралы актілерді есепке алу журналын жүргізу тәртібі мен оның нысанын уәкілетті орган бекітеді.

Бақылау субъектісінің құрылымдық бөлімшесін тексерген жағдайда, тексеруді тағайындау туралы актіде оның атауы мен тұрған жері көрсетіледі.

5. Уәкілетті органның тексеру үшін келген лауазымды адамдары бақылау субъектісіне:

1) тексеруді тағайындау туралы актіні;

2) қызметтік куәлігін;

3) қажет болған кезде құзыретті органның режимдік объектілерге баруға рұқсатын көрсетуге міндетті.

6. Тексеруді жүргізу мерзімі тексеру нысанасын, сондай-ақ алдағы жұмыстардың көлемін ескере отырып белгіленеді және он жұмыс күнінен аспауға тиіс.

Тексеруді жүргізу мерзімі он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзартылуы мүмкін. Тексеруді жүргізу тоқтатыла тұрған кезде тексеруді жүргізу мерзімі үзіледі және тексеру қайта басталған кезден бастап жалғасады.

Тексеруді жүргізу мерзімін ұзарту уәкілетті орган басшысының шешімімен жүзеге асырылады. Тексеруді жүргізу мерзімін ұзарту бақылау субъектісін хабардар ете отырып, тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің күні мен нөмірі және ұзарту себептері көрсетіледі.

Уәкілетті орган тексеру мерзімін ұзарту туралы хабарламаны бақылау субъектісіне не оның уәкілетті адамына табыс ету туралы хабарламамен бірге оны ұзартқанға дейін бір жұмыс күні бұрын табыс етеді.

7. Уәкілетті органның лауазымды адамдарының тексеруді жүргізу кезінде:

1) бақылау субъектісінде (объектісінде) белгіленген рұқсаттамалық және объектішілік режимдердің талаптарын сақтай отырып, тексеру нысанасына сәйкес бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;

2) тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тігу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштерде құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін алуға, сондай-ақ тексеру нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қол жеткізуге;

3) аудио-, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;

4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың мамандарын, консультанттары мен сарапшыларын тартуға;

5) тексеру нысанасына жататын техникалық бақылау құралдарының, байқау және тіркеп-белгілеу аспаптарының, фото-, бейнеаппаратураның жазбаларын пайдалануға құқығы бар.

Уәкілетті органның лауазымды адамдары тексеруді жүргізу кезінде:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, бақылау субъектісінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;

2) тексеруді осы бапта белгіленген тәртіп негізінде және оған қатаң сәйкестікте жүргізуге;

3) тексеруді жүргізу кезеңінде бақылау субъектілерінің (объектілерінің) белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;

4) бақылау субъектісінің не оның уәкілетті өкілінің тексеруді жүргізу кезінде болуына кедергі келтірмеуге, тексеру нысанасына жататын мәселелер бойынша түсіндірме беруге;

5) бақылау субъектісіне тексеру нысанасына жататын қажетті ақпаратты ұсынуға;

6) бақылау субъектісіне тексеру нәтижелері туралы актіні тексеру аяқталған күні табыс етуге;

7) тексеруді жүргізу нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

8. Бақылау субъектілері не олардың уәкілетті өкілдері тексеруді жүргізу кезінде:

1) уәкілетті органның тексеруді жүргізу үшін келген лауазымды адамдарын:

осы бапта белгіленген мерзімдерге сәйкес келмейтін, тексеруді тағайындау туралы актіде (бар болса, мерзімін ұзарту туралы қосымша актіде) көрсетілген мерзімдер асып кеткен не өтіп кеткен;

осы баптың 5-тармағында көзделген құжаттар болмаған жағдайларда тексеруге жібермеуге;

2) егер құжаттар мен мәліметтер жүргізілетін тексерудің нысанасына жатпаса, оларды ұсынбауға;

3) тексеруді жүзеге асыру процесін, сондай-ақ уәкілетті органның лауазымды адамының тексеру шеңберінде жасайтын жекелеген әрекеттерін лауазымды адамның қызметіне кедергі келтірмей, аудио- және бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеп-белгілеуге;

4) тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша қосымша уақыт және (немесе) қаржы шығындары қажет болған жағдайда, үш жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішпен жүгінуге;

5) тексеру нәтижелері туралы актіге, сондай-ақ уәкілетті органның лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;

6) уәкілетті органның лауазымды адамдарының бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін шектейтін, заңға негізделмеген тыйымдарын орындамауға құқылы.

Бақылау субъектілері не олардың уәкілетті өкілдері тексеруді жүргізу кезінде:

1) уәкілетті органның лауазымды адамдарының бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;

2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы, коммерциялық, салықтық не заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі заңнамасының талаптарын сақтай отырып, уәкілетті органның лауазымды адамдарына тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тігу үшін қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін ұсынуға, сондай-ақ тексеру нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік беруге;

3) тексеру басталған күні тексеруді тағайындау туралы актіні және тексеру аяқталған күні жүргізілген тексерудің нәтижелері туралы қорытындыны алғаны туралы белгі қоюға;

4) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, тексеруді жүргізу кезеңінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол бермеуге;

5) объектіге тексеру жүргізуге келген адамдардың осы объект үшін белгіленген нормативтерге сәйкес зиянды және қауіпті өндірістік әсер ету факторларынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

6) басшының не оның уәкілетті адамының тексеру тағайындалған мерзімдерде бақылау субъектісі (объектісі) тұрған жерде болуын қамтамасыз етуге міндетті.

9. Тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті органның лауазымды адамдары тексеру нәтижелері туралы акт жасайды, онда:

1) актінің жасалған күні, нөмірі мен орны;

2) мемлекеттік органның атауы;

3) тексеруді тағайындау туралы актінің (бар болса, мерзімін ұзарту туралы қосымша актінің) күні мен нөмірі;

4) тексеруді жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;

5) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеруді жүргізуге тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;

6) бақылау субъектісінің (объектісінің) атауы, оның тұрған жері;

7) тексеру нысанасы;

8) тексеру түрі;

9) тексеруді жүргізу мерзімі мен кезеңі;

10) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар, олардың сипаты туралы мәліметтер;

11) талаптарды орындау және бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға қатысты шаралар қабылдау мерзімін көрсете отырып, Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы заңнамасының анықталған бұзушылықтарын жою туралы талаптар;

12) бақылау субъектісі басшысының не оның уәкілетті адамының, сондай-ақ тексеруді жүргізу кезінде болған адамдардың тексеру нәтижелері туралы актімен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тарту туралы жазба;

13) тексеру жүргізген лауазымды адамның (лауазымды адамдардың) қолтаңбасы көрсетіледі.

Тексеру нәтижелері туралы актіге тексеру нәтижелеріне байланысты құжаттар (олар болған кезде) немесе олардың көшірмелері қоса беріледі.

10. Тексеру нәтижелері туралы актінің бірінші данасы бақылау субъектісіне (басшысына не оның уәкілетті адамына) танысу және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау және басқа да әрекеттер жасау үшін табыс етіледі, екінші данасы уәкілетті органда қалады.

11. Тексеру нәтижелері туралы актіні қабылдаудан бас тартылған жағдайда акт жасалады, оған тексеруді жүргізетін лауазымды адамдар және бақылау субъектісінің басшысы не оның уәкілетті өкілі қол қояды.

Бақылау субъектісі бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме бере отырып, актіге қол қоюдан бас тартуға құқылы.

12. Бақылау субъектісіне тексеруді тағайындау туралы актіде (бар болса, тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша актіде) көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірмей тексеру нәтижелері туралы акт табыс етілген күн тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.

13. Тексеру жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылықтар болмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жүргізіледі.

14. Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, бақылау субъектісі оларды жазбаша түрде баяндайды және тексеру нәтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға жібереді. Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, бұл туралы тиісті белгі жасалады.

Уәкілетті орган бақылау субъектісінің ескертулерін және (немесе) қарсылықтарын қарауға және он бес жұмыс күні ішінде уәжді жауап беруге тиіс.

15. Тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптар бақылау субъектілерінің орындауы үшін міндетті болып табылады.

Тексеру нәтижелері туралы актіде белгіленген Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы заңнамасы талаптарының анықталған бұзушылықтарын жою мерзімі өткеннен кейін бақылау субъектісі тексеру нәтижелері туралы актіде белгіленген мерзім ішінде уәкілетті органға анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.

Бақылау субъектісі тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты белгіленген мерзімде ұсынбаған немесе толық ұсынбаған жағдайда, уәкілетті орган осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеруді тағайындайды.

Бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынылған ақпаратқа бұзушылықтарды жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса береді. Мұндай жағдайда жоспардан тыс тексеруді жүргізу талап етілмейді.

16. Тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптарды орындау мерзімдері оларды орындаудың нақты мүмкіндігіне әсер ететін мән-жайлар ескеріле отырып айқындалады, бірақ ол тексеру нәтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кем болмауға тиіс.