«Нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 126 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 22 сәуірдегі № 372 бұйрығы
ҚР Қаржы министрінің 2025 жылғы 29 сәуірдегі № 208 бұйрығымен күші жойылды
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 126 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10593 болып тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 13 мамырда жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
аталған бұйрықпен бекітілген Нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидаларында:
5-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5-1. Нысаналы даму трансферттері республикалық бюджеттен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне тиісті саланың орталық уәкілетті органдардың айқындауы бойынша өңірлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету орташа республикалық деңгейден төмен болған кезде мемлекеттік бағдарламалар нәтижелерінің мақсаттарына, міндеттеріне, нысаналы индикаторларына және нәтижелер көрсеткіштеріне сәйкес бөлінеді.
Бұл ретте, республикалық бюджеттен:
ауылдарда және қалаларда 3 және одан да көп ауысымды оқыту және оқушылар орындарының тапшылығы проблемасын шешетін апатты жай-күйде тұрған және бұзуға жататын мектептердің орнына қуаттылығы 300 және одан да көп, ал республикалық маңызы бар қалаларға және астанаға іргелес елді мекендерде қуаттылығы 300 аз жалпы білім беру мектептерін;
медициналық көмектің қол жетімділігіне шектеу қаупін тудыратын апатты және бұзуға жататындардың орнына қуаттылығы кемінде 200 төсектік көп бейінді және туберкулезге қарсы ұйымдардың және ауысымына кемінде 250 адам қабылдайтын қуаттылығы бар емханалардың;