«Акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 4 қазандағы № 408 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2021 жылғы 23 маусымдағы № 190 бұйрығы
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 24 мамырдағы № 180 бұйрығымен күші жойылды
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 4 қазандағы № 408 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17583 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларында:
2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) акваөсіру - балық ресурстарының және басқа да су жануарларының өсімін жасанды жолмен молайту және өсіру;
2) балық басын толықтыратын аналық балық үйірі (бұдан әрі - ББТАБҮ) - су биологиялық ресурстарын сақтау үшін селекциялық мақсаттар, асыл тұқымдық және өнімділік сапасы жоғары акваөсіру объектілерін молықтыру мақсаттары үшін пайдаланылатын қорғалатын түрлерді қоса алғанда, бақыланатын жағдайларда ұсталатын балықтар мен басқа да су жануарларының әртүрлі жастағы топтары;
3) балық азығы - балықтарға арналған отандық немесе шетелдік өндірістің теңгерімделген толық рационды құрамажемінің барлық түрі;
4) балық өсіру шаруашылығы - акваөсірудің кәсіпкерлік қызмет мақсатында балықтардың өсімін жасанды молайту және өсіру жөніндегі бағыты;