Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі
арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы
келісім
(Астана қ., 2025 жыл 16 маусым)
ҚР 2026 жылғы 19 мамырдағы № 293-VIII Заңымен ратификацияланды
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі (бұдан әрі «Тараптар» деп аталады)
Тараптар арасындағы инвестициялық ағындардың жедел өсімін мойындай отырып;
мұндай инвестицияларды ынталандыру, көтермелеу және қорғау инвесторлардың іскерлік бастамасын ынталандыруға және Тараптардың экономикалық өркендеуін арттыруға ықпал ететінін мойындай отырып;
инвестицияларды одан әрі ынталандыруға және Тараптардың арасындағы экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға ниет білдіре отырып; және
ашық, тұрақты және болжамды инвестициялық орта қалыптастыруға ниет білдіре отырып;
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
«Орталық» ИДРХО Конвенциясы негізінде құрылған Инвестициялық дауларды шешу жөніндегі халықаралық орталықты («ИДРХО») білдіреді;
«кәсіпорын» корпорацияны, трастты, серіктестікті, дара кәсіпорынды, бірлескен кәсіпорынды, қауымдастықты немесе соған ұқсас ұйымды қоса алғанда, Тараптың қолданыстағы заңнамасына сәйкес құрылған немесе ұйымдастырылған, жеке немесе мемлекеттік меншіктегі немесе бақылаудағы кез келген заңды тұлғаны; және кәсіпорынның филиалын білдіреді;
«қолданыстағы» осы Келісім күшіне енген күні қолданылатын Келісімді білдіреді;
«еркін пайдаланылатын валюта» Халықаралық валюта қоры Келісімінің баптарына сәйкес айқындағандай, «еркін пайдаланылатын валютаны» білдіреді;
«ГАТС» ДСҰ Келісіміне 1B қосымшада қамтылған көрсетілетін қызметтер саудасы жөніндегі бас келісімді білдіреді;
«ИДРХО қосымша тетігінің қағидалары» Инвестициялық дауларды шешу жөніндегі халықаралық орталық Хатшылығының талқылауларды әкімшілендірудің қосымша тетігін реттейтін қағидаларды білдіреді;