Сыбайлас жемқорлықа қарсы заң және оның маңызы

14.07.2026

Сыбайлас жемқорлықа қарсы заң және оның маңызы

 

 Сыбайлас жемқорлық - кез келген мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін ең қауіпті әлеуметтік құбылыстардың бірі. Ол мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне, экономиканың дамуына, қоғамның әділеттілік пен құқыққа деген сеніміне нұқсан келтіреді. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - бүгінгі Қазақстанның басым бағыттарының бірі.

 Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық негізді «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы №410-V Заңы құрайды. Бұл заң сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны анықтау, жолын кесу және салдарын жою саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді. Заңның негізгі қағидаттарына заңдылық, ашықтық, теңдік, жеке және қоғам мүддесін қорғау, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік жатады.

 Заңға сәйкес сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін бірқатар шаралар қарастырылған. Олардың қатарында мемлекеттік органдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі және сыртқы талдау жүргізу, мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормаларын сақтау, мүдделер қақтығысын болдырмау, мемлекеттік сатып алулар мен бюджет қаражатын пайдалануды ашық жүргізу бар. Сонымен қатар заңда азаматтардың сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлауына құқықтық кепілдік берілген.

 Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған тұлғалар тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық және азаматтық жауапкершілікке тартылады. Заң тек жазалаумен ғана шектелмейді, басты назар алдын алуға аударылады. Яғни, сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған.

 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңның» маңызы өте зор. Біріншіден, ол мемлекеттік биліктің беделін көтеріп, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырады. Екіншіден, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етіп, ел экономикасының дамуына ықпал етеді. Үшіншіден, сот және құқық қорғау органдарының жұмысында әділдік пен заңдылық қағидаттарын нығайтады. Төртіншіден, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа деген теріс көзқарас қалыптастырып, құқықтық мәдениетті арттырады.

 Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң - әділетті қоғам құрудың маңызды құралы. Заңның тиімді орындалуы әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық жауапкершілігіне тікелей байланысты. Тек мемлекет пен қоғамның бірлескен күші арқылы ғана сыбайлас жемқорлықты жеңуге болады.

 

 Қарағанды облысының

 мамандандырылған ауданаралық

 экономикалық соты әкімшісінің

 жетекші маманы А.Г.Сабитова