Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 7 қарашадағы № 517 бұйрығы
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 11) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 111) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 27 қыркүйектегі № 489 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33478 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.