Адамды саудаға салғаны үшін жауапкершілік анықтайтын заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының 2012 жыл 29 желтоқсандағы № 7 нормативтік қаулысы
Осы редакция 2017 жылғы 31 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Адамды саудаға салуға байланысты Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды дұрыс әрі біркелкі қолдануды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
1. Адамды саудаға салғаны үшін жауапкершілікті анықтайтын заңнаманың дұрыс қолданылуы адамның құқықтары мен бостандықтарын тиісінше қамтамасыз ететініне қылмыстық процесті жүргізуші органдардың назары аударылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 128 және 133-баптарында көзделген қылмыстардың объективті жағы адамның құқықтары мен бостандықтарына қол сұғуды білдіреді және адамды сатып алу-сату немесе адамға қатысты өзге де мәмiлелер жасасу, оны пайдалану, азғырып-көндiру, тасу, беру, жасыру, сондай-ақ пайдалану мақсатында өзге де әрекеттер жасаудан байқалады.
ҚК-нің 128-бабының бірінші бөлігі және ҚК-нің 133-бабының бірінші бөлігі бойынша әрекеттерді саралау үшін осы баптардың диспозициясында көрсетілген іс-әрекеттердің ең болмағанда біреуінің жасалу фактісінің анықталғаны жеткілікті.
Адамды саудаға салумен байланысты қылмыстың объектісі адамның бостандығы, оның жеке басының қауіпсіздігі, құқықтары мен заңды мүдделері, ар-намысы мен қадір-қасиеті, тұратын жерін, қызмет түрі мен мамандықты еркін таңдау құқығы болып табылады.
Адамды сатып алу-сатудың немесе оған қатысты өзге де мәмілелерді жасасудың субъективті жағы тікелей ниетпен сипатталады. Сондықтан әрекетті ҚК-нің 128-бабының бірінші бөлігі бойынша және ҚК-нің 133-бабының бірінші бөлігі бойынша саралау үшін осындай мәмілелердің қандай мақсатпен жасалғаны маңызды емес.