Резервтік қорларды қалыптастыруды және пайдалануды қоса алғанда, шартты зейнетақы міндеттемелерін есепке алу және қалыптастыру қағидаларын, резервтік қорларды есептеу әдістемесі мен құрылымын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 7 маусымдағы № 52 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 57-бабының 3 және 4-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Резервтік қорларды қалыптастыруды және пайдалануды қоса алғанда, шартты зейнетақы міндеттемелерін есепке алу және қалыптастыру қағидалары, резервтік қорларды есептеу әдістемесі мен құрылымы бекітілсін.
2. «Шартты зейнетақы міндеттемелерін есепке алу және қалыптастыру, резервтік қорларды қалыптастыру және пайдалану қағидаларын, резервтік қорларды есептеу әдістемесі мен құрылымын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 7 қазандағы № 166 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19470 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.