«Біліктілік емтиханын өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 28 сәуірдегі № 191 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 30 мамырдағы № 549 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Біліктілік емтиханын өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 28 сәуірдегі № 191 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9479 болып тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2014 жылғы 2 шілдеде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
««Оңалту және банкроттық туралы» 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 23-2) тармақшасына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Біліктілік емтиханын өткізу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.