«Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII Кодексі

Предыдущая страница

 

 

9-тарау. АУМАҚТАР МЕН ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ДАМЫТУ МЕН ОЛАРДА ҚҰРЫЛЫС САЛУДЫ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫНА ЖОСПАРЛАУ

 

68-бап. Қала құрылысы регламенттері

1. Құрылыс объектілерін пайдаланудың, сондай-ақ мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу кезінде олардың жай-күйіндегі кез келген өзгерістердің қала құрылысы регламенттері артықшылықтардың, тыйымдардың, шектеулердің типтерімен, түрлерімен және параметрлерімен және белгіленген мерзім шегінде қолданылатын өзге де режимдермен сипатталады.

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасы қала құрылысы регламенттерінің көзі болып табылады.

2. Қала құрылысы регламенттерінің сыныптауышы мен олардың көрсеткіштері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті деңгейлерде белгіленеді.

3. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізуге арналған қала құрылысы регламенттерінің жүйесі олардың мынадай типтерін:

1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру кезінде аумақтың (жер учаскесінің) және оған байланысты жылжымайтын мүліктің мақсатын және (немесе) функционалдық пайдаланылуын өзгертуді;

2) аумақты (жер учаскесін) және елді мекендерді дамыту мен жайластыру (құрылыс салу) қарқындылығын;

3) аумақты (жер учаскесін) және елді мекендерді дамыту мен жайластырудың (құрылыс салудың) теңгерімді болуын қамтамасыз етуді;

4) аумақты (жер учаскесін) және елді мекендерді жайластырудың (құрылыс салудың) қоршаған ортаға әсерін қамтуға тиіс.

4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру кезінде аумақтың (жер учаскесінің) және оған байланысты жылжымайтын мүліктің мақсаты және (немесе) функционалдық пайдаланылуын өзгерту қала құрылысы регламенттерінің мынадай түрлері:

1) аумақтың (жер учаскесінің) функционалдық мақсаты және (немесе) оны өзгерту;

2) салынып жатқан және реконструкцияланатын құрылыс объектілерінің функционалдық мақсаты;

3) бұрыннан бар құрылыс объектілерінің функционалдық пайдаланылуын өзгерту арқылы іске асырылады.

5. Аумақтар (жер учаскесі) мен елді мекендерді дамыту мен жайластыру (құрылыс салу) қала құрылысы регламенттерінің мынадай түрлері:

1) игерілетін аумақтардың (жер учаскесінің) масштабтары;

2) осы аумақ (жер учаскесі) үшін сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің жекелеген түрлеріне тыйымдар, рұқсаттар мен шектеулер;

3) жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі нәтижесінде аумаққа (жер учаскесіне) түсетін жүктемелер;

4) жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі нәтижесінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерінің даму режимдері мен өзгерістері;

5) елді мекеннің (елді мекеннің құрамдас бөліктерінің) жоспарлау құрылымы мен сәулеттік келбетін қалыптастыру;

6) елді мекеннің немесе оның бір бөлігінің әлеуметтік, рекреациялық, көліктік және инженерлік инфрақұрылымдарын қалыптастыру (жетілдіру) арқылы көрсетілуге тиіс.

6. Аумақты (жер учаскесін) және елді мекенді дамыту мен жайластыру (құрылыс салу) теңгерімі қала құрылысы регламенттерінің мынадай түрлері:

1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін дамытудың ресурстық жағдайлары;

2) аумақтар (жер учаскелері) мен елді мекендердің ортаға байланысты жағдайлары;

3) халықтың тіршілігін қамтамасыз етудің инженерлік жағдайлары арқылы қамтамасыз етілуге тиіс.

7. Аумақтар (жер учаскелері) мен елді мекендерді жайластырудың (құрылыс салудың) қоршаған ортаға әсері қала құрылысы регламенттерінің мынадай түрлері:

1) экологиялық және эпидемиялық маңызы бар объектілерді орналастыру;

2) техногендік қауіп төндіретін құрылыс объектілерін орналастыру;

3) қауіпті табиғи құбылыстар көздеріне қатысты адамның өмір сүру ортасын орналастыру;

4) санитариялық, өртке қарсы және өзге де міндетті талаптар;

5) инженерлік және көліктік жағдайлар арқылы реттеледі.

8. Қала құрылысы регламенттерінің мәліметтері мемлекеттік қала құрылысы кадастрына енгізілуге жатады.

 

69-бап. Қала құрылысы жобаларының деңгейлері мен түрлері

1. Қазақстан Республикасының, өңірлердің аумағында өндірістік күштерді жайғастыру мен орналастыруды кеңістікте ұйымдастыру, қонысаралық аумақтарды игеру мен жайластыру, әсер ету аймағын қоса алғанда, елді мекендердің аумақтарын немесе елді мекеннің жекелеген бөліктерін дамыту мен оларда құрылыс салуды жоспарлау қала құрылысы жобалары негізінде кешенді түрде жүзеге асырылады.

Қала құрылысы жобалары мемлекеттік қала құрылысы кадастрының құрамдас бөлігі болып табылады және қала құрылысы жобаларын, жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттаманы, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде тіркеу қағидаларына сәйкес мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесіне міндетті түрде енгізілуге жатады. Қала құрылысы жобаларын әзірлеу, іске асыру, жаңартып отыру туралы мәліметтер мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесіне міндетті түрде енгізіледі.

2. Жобалауға арналған тапсырмаларды, сәулет-жоспарлау тапсырмасын жасау кезінде және сәулет жобалары мен құрылыс жобаларын әзірлеу кезінде, бекітілген қала құрылысы жобаларында белгіленген қала құрылысы шешімдерін сақтау міндетті.

3. Қала құрылысы жобалары:

1) жалпымемлекеттік маңызы бар аумақтарды дамытуды ұйымдастыру және жоспарлау жобалары;

2) өңірлік маңызы бар аумақтарды дамытуды қала құрылысына жоспарлау жобалары;

3) елді мекендерді (олардың қала маңындағы аумақтарын қоса алғанда не оларсыз) дамыту мен оларда құрылыс салуды қала құрылысына жоспарлау жобалары;

4) өндірістік кешендерді немесе өзге де жабық үлгідегі объектілерді салу үшін қонысаралық аумақтарды қала құрылысына игеру жобалары болып бөлінеді.

4. Жалпымемлекеттік маңызы бар қала құрылысы жобаларына мыналар жатады:

1) Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы;

2) аумақты дамытудың өңіраралық схемалары.

5. Өңірлік маңызы бар қала құрылысы жобаларына мыналар жатады:

1) облыстар аумағын қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемалары;

2) аудандар аумағын қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемалары.

6. Елді мекендерді дамыту мен оларда құрылыс салудың қала құрылысы жобаларына мыналар жатады:

1) халқының есептік саны бір жүз мың адамнан асатын қалалардың бас жоспарлары;

2) халқының есептік саны бір жүз мың адамға дейінгі қалалардың бас жоспарлары;

3) халқының саны бес мың адамнан асатын елді мекендердің бас жоспарлары;

4) халқының саны бес мың адамға дейінгі елді мекендерді дамыту мен оларда құрылыс салу схемалары (оңайлатылған бас жоспар);

5) елді мекендер аумақтарының жекелеген бөліктерін қала құрылысына игеру жобалары (егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары).

7. Мемлекеттік тапсырма шеңберінде жалпымемлекеттік маңызы бар қала құрылысы жобаларын әзірлеуді Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы бойынша құрылған мемлекеттік қала құрылысына жоспарлау және кадастр саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады.

8. Елді мекендердің бас жоспарларын (елді мекендерді дамыту мен оларда құрылыс салу схемаларын) әзірлеу мен түзетуді қаржыландыру тек жергілікті бюджет қаражаты есебінен ғана жүзеге асырылады.

Елді мекендерді дамыту мен оларда құрылыс салудың қала құрылысы жобаларын әзірлеуге арналған техникалық тапсырманы сәулет-қала құрылысы кеңесі қарауға тиіс.

Елді мекендерді дамыту мен оларда құрылыс салудың қала құрылысы жобаларын әзірлеушіні таңдау Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

 

70-бап. Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы

1. Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы (бұдан әрі - бас схема) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары, Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасы негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағын перспективалық ұйымдастыруға әсер ететін ішкі және сыртқы факторлар ескеріле отырып әзірленеді.

Бас схеманы түзету Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында көзделген жағдайда, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда жүзеге асырылады.

2. Бас схема:

1) өндіргіш күштерді жайғастыру және орналастыру жүйесін;

2) әлеуметтік, рекреациялық, инженерлік және көліктік инфрақұрылымдарды дамытуды;

3) республикалық және өңіраралық маңызы бар, ерекше реттелетін аумақтар мен объектілерді дамытуды;

4) аумақтарды экономикалық мамандану және артықшылықты пайдалану түрлері бойынша сыныптауды;

5) қала құрылысы қызметін жүзеге асыру кезінде пайдалануға басымдықтар мен шектеулерді айқындай отырып, аймақтарға бөлуді;

6) өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту, тарихи-мәдени мұра объектілері және (немесе) қорғалатын ландшафтық объектілер бар аумақтарды сақтау жөніндегі, сондай-ақ аумақтарды қауіпті (зиянды) табиғи техногендік және антропогендік құбылыстар мен процестердің әсерінен қорғау жөніндегі шаралар кешенін қамтиды.

3. Бас схеманың құрамында бас схеманың басты шешімдері мен ұсыныстарын қамтитын негізгі ережелер бөліп көрсетіледі.

4. Бас схема кемінде жиырма жыл кезеңге әзірленеді және оны сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бес жылда бір реттен сиретпей мониторингтеуге тиіс.

5. Бас схеманы әзірлеу Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

 

71-бап. Аумақты дамытудың өңіраралық схемалары

1. Аумақты дамытудың өңіраралық схемалары бас схемаға сәйкес әзірленеді, екі және одан көп облыстың (не олардың бөліктерінің), агломерациялардың аумақтарындағы өзара келісілген (шоғырландырылған) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне арналады және мыналарды:

1) аумақты аймақтарға бөлуді;

2) өңірлік және өңіраралық маңызы бар өндірістік күштерді, көліктік, инженерлік, әлеуметтік және рекреациялық инфрақұрылымдарды жайғастыру және орналастыру жүйесін кешенді дамыту жөніндегі жобалау шешімдерін;

3) табиғи ресурстарды және шаруашылық қызметті ұтымды пайдалану, ресурстармен қамтамасыз ету, экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі жобалау шешімдерін;

4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың әсерінен аумақтарды қорғау жөніндегі жобалау шешімдерін және азаматтық қорғаныс жөніндегі іс-шараларды;

5) инфрақұрылымдық қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды айқындай отырып, белсенді экономикалық даму аумақтарын қалыптастыру жөніндегі жобалау ұсыныстарын;

6) аумақты дамытудың өңіраралық схемасын әзірлеуге арналған тапсырмада белгіленетін өзге де ережелерді айқындайды.

2. Агломерациялардың шекараларын белгілеу аумақты дамытудың бекітілген өңіраралық схемасы негізінде жүзеге асырылады.

3. Аумақты дамытудың өңіраралық схемалары аумақты дамытудың өңіраралық схемаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларына сәйкес әзірленеді.

 

72-бап. Өңірді дамытудың мемлекетаралық схемалары

Халықаралық шарттар негізінде әзірленген және мүдделі тараптар бекіткен өңірді дамытудың мемлекетаралық схемалары Қазақстан Республикасы мен шектес шет мемлекеттер өңірлерінің аумақтарында өзара келісілген (шоғырландырылған) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі үшін негіз болып табылады.

Өңірді дамытудың мемлекетаралық схемаларын әзірлеу, келісу және бекіту, сондай-ақ қатысушы мемлекеттер тарапынан олардың іске асырылуын қолдау жөніндегі шараларды қабылдау тәртібі халықаралық шарттарға сәйкес белгіленеді.

 

73-бап. Аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемалары

1. Облыстың немесе ауданның аумағын ұйымдастыру (игеру, жайластыру, құрылыс салу) аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемасы негізінде жүзеге асырылады.

Аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемалары бас схемаға және аумақты дамытудың тиісті өңіраралық схемасына сәйкес әзірленеді.

2. Аумақты қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемалары осы өңір аумағындағы әлеуметтік-экономикалық, өндірістік-шаруашылық және табиғи-климаттық жағдайларды, оны аймақтарға бөлуді ескере отырып, мемлекеттік қала құрылысы саясатының мақсаттарын айқындайды, сондай-ақ мынадай негізгі бағыттарды белгілейді:

1) жайғастыру жүйесін жетілдіру;

2) елді мекендерді, өндірістік, көліктік, инженерлік, әлеуметтік және рекреациялық инфрақұрылымдарды дамыту;

3) қауіпті (зиянды) табиғи және антропогендік, техногендік құбылыстар мен процестердің әсерінен аумақтарды қорғау;

4) экологиялық жағдайды жақсарту;

5) тарихи-мәдени мұра объектілерін және (немесе) қорғалатын ландшафтық объектілерді сақтау;

6) су объектілерін ластанудан, қоқыстанудан, сарқылудан қорғау.

Аумақтарды пайдаланудың артықшылықтары, тыйымдары, шектеулері және өзге де режимдері ескеріле отырып, аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлу және оларды пайдалану қарқындылығы айқындалады.

3. Аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемаларында әкімшілік-аумақтық бірліктердің, қала маңындағы аймақтардың, резервтегі аумақтардың шекараларын белгілеу жөніндегі ұсыныстар қамтылуға тиіс.

4. Аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемалары сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемаларын әзірлеу және келісу қағидаларына сәйкес жергілікті атқарушы органның тапсырысы бойынша әзірленеді.

5. Аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемаларын бекіту осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

 

74-бап. Елді мекендердің аумақтары

1. Қалалық және ауылдық елді мекендердің кеңістіктік негізін жер бетінде және (немесе) су бетінде белгіленген елді мекеннің шекаралары (шектері) шегіндегі аумақ құрайды.

2. Елді мекендердің аумақтарын пайдалану режимі мен тәртібі бекітілген қала құрылысы құжаттамасында белгіленген аумақтарды аймақтарға бөлуге сәйкес айқындалады.

 

75-бап. Елді мекендердің шекарасы (шегі)

1. Елді мекеннің шекарасы (шегі) оның аумағын (қала құрылысы кеңістігін) айқындайды және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен осы елді мекеннің бекітілген бас жоспары немесе елді мекенді дамыту мен онда құрылыс салу схемасы (оңайлатылған бас жоспар) негізінде белгіленеді (өзгертіледі).

2. Елді мекендер шекаралары (шектері) жобаларының құрамы, мазмұны мен оларды әзірлеу тәртібі нормативтік құқықтық актілерге, мемлекеттік нормативтік құжаттарға, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның өзге де құжаттарына сәйкес айқындалады.

3. Ірі және үлкен қалалар шекараларының (шектерінің) жобалары аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемаларының құрамында әзірленуі мүмкін.

4. Жергілікті атқарушы орган елді мекеннің жергілікті жерде белгіленген шекарасын (шегін) кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымына енгізуге тиіс.

 

76-бап. Елді мекендердің бас жоспарлары

1. Елді мекендердің аумақтарын дамыту мен оларда құрылыс салу белгіленген тәртіппен бекітілген елді мекендердің бас жоспарлары немесе елді мекендерді дамыту мен оларда құрылыс салу схемалары (оңайлатылған бас жоспар) негізінде жүзеге асырылады.

2. Елді мекендердің бас жоспарлары елді мекенді дамытуды кешенді жоспарлауды айқындайтын және бекітілген бас схемаға, аумақты дамытудың тиісті өңіраралық схемасына және облыстар, аудандар аумақтарын қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемасына сәйкес әзірленетін негізгі қала құрылысы құжаты болып табылады.

Тұрғындарының саны бес мың адамнан асатын елді мекендер белгіленген тәртіппен бекітілген елді мекеннің қолданыстағы бас жоспарларымен қамтамасыз етілуге тиіс.

Тұрғындарының саны бес мың адамға дейінгі елді мекендерде негізгі қала құрылысы құжаты ретінде белгіленген тәртіппен бекітілген елді мекенді дамыту мен онда құрылыс салу схемасы (оңайлатылған бас жоспар) болуы мүмкін. Елді мекенді дамыту мен онда құрылыс салу схемаларының (оңайлатылған бас жоспардың) құрамын, мазмұнын, оларды әзірлеу және келісу тәртібін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

3. Елді мекеннің бас жоспарында:

1) аумақты кешенді бағалауды, табиғи-климаттық, экологиялық, қалыптасқан әрі болжанатын демографиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайларды ескере отырып, әлеуметтік, рекреациялық, өндірістік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымдарды қоса алғанда, елді мекен аумағын дамытудың негізгі бағыттары;

2) аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлу және олардың пайдаланылуын шектеу;

3) елді мекеннің құрылыс салынған және салынбаған аумақтарының арақатынасы;

4) жер учаскелерін артықшылықпен иеліктен шығару және сатып алу аймақтары, резервтегі аумақтар;

5) аумақты қауіпті (зиянды) табиғи, техногендік және антропогендік құбылыстар мен процестердің әсерінен қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі шаралар;

6) аумақтық-көліктік жоспарлау мен жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі құжаттардың бөлімдерін (бөліктерін) қамтитын, бас жоспардың көліктік бөлімін әзірлеу жөніндегі негізгі бағыттар;

7) азаматтық қорғаныстың инженерлік-техникалық іс-шараларының негізгі бағыттары;

8) елді мекенді дамытудың техникалық-экономикалық көрсеткіштері;

9) су объектілерін ластанудан, қоқыстанудан, сарқылудан қорғау жөніндегі шаралар;

10) елді мекенді орнықты дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шаралар айқындалады.

76-бабы 4-тармағының қолданысы 2030 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ осы Кодекстің 147-бабының 1-тармағының редакциясында қолданылады

4. Елді мекеннің бас жоспарын әзірлеу және бекіту кезінде сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталары, сондай-ақ сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің карталары ескеріледі.

5. Тарихи қала құрылысы құндылығы бар елді мекеннің бас жоспары тарихи-сәулет тірек жоспары ескеріле отырып әзірленуге және оған тарихи құрылыс аймақтары мен ескерткіштерді қорғау жобалары қоса берілуге тиіс.

6. Республикалық маңызы бар қалалар, астана, облыс орталықтары үшін елді мекендердің бас жоспары құрамында дамыту тұжырымдамасы (мастер-жоспары) әзірленеді.

Елді мекенді дамыту тұжырымдамасы (мастер-жоспары) қоғамдық талқылауға және тиісті мәслихатпен келісуге жатады.

Елді мекенді дамыту тұжырымдамасын (мастер-жоспарын) қалыптастыру отыз жылға дейінгі мерзімге жүзеге асырылады.

7. Елді мекеннің бас жоспары немесе елді мекенді дамыту мен онда құрылыс салу схемасы (оңайлатылған бас жоспар) елді мекеннің жаңа бас жоспары немесе елді мекенді дамыту мен онда құрылыс салу схемасы (оңайлатылған бас жоспар) бекітілгенге не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде елді мекеннің қолданыстағы бас жоспарына немесе елді мекенді дамыту мен онда құрылыс салу схемасына (оңайлатылған бас жоспарға) өзгерістер бекітілгенге дейін қолданылады.

8. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында көзделген жағдайда, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, елді мекеннің бас жоспарын түзету жүзеге асырылады.

9. Елді мекеннің бас жоспарының іске асырылуын мониторингтеуді жергілікті атқарушы орган бес жылда бір рет жүзеге асырады.

Мониторинг нәтижелері бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша есеп қалыптастырылады, ол жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсына орналастырылады және сәулет-қала құрылысы кеңесі мен тиісті мәслихаттың қарауына жіберіледі.

10. Елді мекендердің бас жоспарлары жиырма жылға дейінгі мерзімге әзірленеді.

11. Елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеу үшін қажетті бастапқы материалдардың құрамы мен көлемі мемлекеттік нормативтік құжаттарда белгіленеді.

Елді мекендердің бас жоспарларының бастапқы материалдары қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларына сәйкес қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасы жүргізілгенге дейін мемлекеттік қала құрылысы кадастрына енгізілуге тиіс.

 

77-бап. Елді мекендердің аумақтарын дамытудың салалық схемалары

Елді мекендердің аумақтарын дамытудың салалық схемалары халық санының өзгеруі ескеріле отырып, мынадай:

1) энергиямен жабдықтауды, газбен жабдықтауды, байланысты, ирригацияны, сумен жабдықтауды және кәрізді дамыту;

2) көлік түрлерін дамыту және көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету;

3) экономика салаларының объектілерін орналастыру;

4) аумақтарды қауіпті геологиялық және гидрогеологиялық процестерден қорғау;

5) сейсмикалық әсерден қорғау;

6) халықты азаматтық қорғау;

7) қоршаған ортаны қорғау;

8) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау;

9) аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру;

10) аумақтарды дамытудың өзге де мәселелері бойынша бекітілген қала құрылысы жобалары негізінде әзірленеді.

 

78-бап. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары

1. Елді мекендер аумақтарының жекелеген бөліктерін қала құрылысына игеру жобалары (егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары) елді мекеннің белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспары негізінде әзірленеді.

Белгіленген тәртіппен бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасынсыз елді мекендер аумақтарының жекелеген бөліктерін игеруге тыйым салынады.

2. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары елді мекендердің бас жоспарларында белгіленген елді мекенді жоспарлау құрылымының элементтеріне, қала құрылысы регламенттеріне, бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-кодына сәйкес әзірленеді.

Құрылыс объектілерінің белгілі бір тұтастығын, композициялық бірыңғайлығы мен аяқталғандығын көзбен шолып сезінуге мүмкіндік беретін үйлесімді сыртқы келбеті мен сәулет стилі элементтерінің, түсіне қатысты шешімдердің, қабаттылығының, әрлеу материалдарының бірыңғайлығы дизайн-кодтың негізгі құрамдастары болып табылады.

3. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында мыналар белгіленеді:

1) аумақтарды аймақтарға бөле отырып, аумақтарды жоспарлы ұйымдастырудың негізгі бағыттары;

2) қызыл, сары сызықтар және құрылыс салуды реттейтін сызықтар, су қорғау аймақтары мен белдеулері;

3) халыққа әлеуметтік, мәдени және коммуналдық қызмет көрсету объектілерін (ауруханалар, жалпы білім беретін мектептер, мектепке дейінгі ұйымдар, саябақтар, бульварлар, скверлер, және көпшілік пайдаланатын басқа да объектілер) орналастыру, көше-жол желісін және электрмен зарядтау станцияларын орналастыруды қоса алғанда, көлік қызметін көрсетуді ұйымдастыру және инженерлік коммуникацияларды трассалау үшін аумақты резервке қою;

4) көшелердің көлденең қималары;

5) аумақты абаттандыру және көгалдандыру;

6) қала құрылысы шектеулері;

7) инженерлік коммуникациялар жоспары;

8) жол инфрақұрылымын дамыту жоспары;

9) байланыс құрылысжайларын, байланыс желілерін және басқа да инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу жоспарлары, сондай-ақ байланыс мұқтажы үшін аумақты резервке қою.

4. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын екі жылда бір реттен асырмай түзетуге (жаңартып отыруға) болады.

Тығыздап құрылыс салуды іске асыру үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын тығыздығы, биіктігі, жалпы білім беретін мектептермен және мектепке дейінгі ұйымдармен, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету объектілерімен, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету объектілерімен қамтамасыз ету жөніндегі нормалар сақталмаған кезде түзетуге (жаңартып отыруға) тыйым салынады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптар елді мекеннің аумағын дамытуды өзгерту қажеттілігіне алып келген табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға қолданылмайды. Бұл ретте егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын түзету (жаңартып отыру) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде қабылданады.

78-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің қолданысы 2030 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік осы Кодекстің 147-бабының 1-тармағының редакциясында қолданылады

5. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеу және бекіту кезінде сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталары, сондай-ақ сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің карталары ескеріледі.