«Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII Кодексі

Предыдущая страница

3. Құрылыс объектілері бойынша инженерлік ізденістерді дайындау процесін ұйымдастыру «бір терезе» қағидаты бойынша жобаларды әзірлеу мен олардың сараптамасын ұйымдастыруға арналған порталда жүзеге асырылады, ол мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын құрылыс объектілері үшін міндетті болып табылады.

4. Тиісті инженерлік ізденістерді орындамай жобалау құжаттамасын дайындауға, сондай-ақ құрылыс объектілерін салуға, реконструкциялауға жол берілмейді.

 

 

13-тарау. ЖОБАЛАУ ҚЫЗМЕТІ

 

98-бап. Жобалау-сметалық құжаттама

1. Құрылыс, сондай-ақ коммуникацияларды тарту, аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру бекітілген қала құрылысы жобаларына сәйкес әзірленген жобалау-сметалық құжаттама бойынша жүзеге асырылады.

Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларда, жобалау-сметалық құжаттамасыз не эскиздік жобалар бойынша құрылысқа жол беріледі.

2. Құрылыс объектісінің параметрлері мен басқа да сипаттамаларының жобалық мәндерінің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, сондай-ақ оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жобаланатын іс-шаралар осы Кодекстің және мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сілтемелермен негізделуге тиіс.

3. Көрсетілген талаптар болмаған жағдайда, құрылыс объектісінің жобалық мәндері мен сипаттамаларының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, сондай-ақ оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жобаланатын іс-шаралар мынадай бір немесе бірнеше тәсілмен негізделуге тиіс:

1) зерттеу нәтижелері;

2) сертификатталған немесе өзге тәсілмен сынамаланған әдістемелер бойынша орындалған есеп-қисаптар және (немесе) сынақтар;

3) қауіпті (зиянды) табиғи, техногендік және (немесе) антропогендік процестер мен құбылыстардың туындау сценарийлерін модельдеу, оның ішінде қауіпті (зиянды) табиғи, техногендік және (немесе) антропогендік процестер мен құбылыстардың қолайсыз үйлесуі кезінде модельдеу;

4) қауіпті (зиянды) табиғи, техногендік және (немесе) антропогендік процестер мен құбылыстардың туындау қауіп-қатерін бағалау.

Негіздеу кезінде инженерлік ізденістердің нәтижелері ескерілуге тиіс.

4. Тапсырыс беруші (меншік иесі) эскиздер (эскиздік жобалар) бойынша жобалау-сметалық құжаттамасыз республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша:

98-бабының 4-тармағы бірінші бөлігі 1) тармақшасының қолданысы 2030 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша осы Кодекстің 147-бабының 1-тармағының редакциясында қолданылады

1) сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталарына, сондай-ақ сел, көшкін жəне қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің карталарына сəйкес, сейсмикалық қаупі жоғары аудандардағы (аймақтардағы) құрылыстан басқа, екі қабаттан жоғары емес жеке тұрғын үйлер салуды;

2) жеке қосалқы шаруашылыққа, бағбандық шаруашылық пен бақша өсіруге арналған жер учаскелерінің аумағында шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар тұрғызуды;

3) алаңішілік байланыс желілерін салуды;

4) қолданыстағы инженерлік желілерді өзгертуді талап етпейтін жеке қосалқы шаруашылыққа арналған жер учаскелерінде жəне саяжай учаскелерінде абаттандыруды;

5) бір тоғанның су айнасының алаңы 0,15 гектардан аспайтын балық өсіру тоғанын орнатуды; су қорғау белдеулерінде балық өсіру объектілерін тұрғызуды; аквашаруашылықты жүргізу үшін басқа да объектілерді (контейнермен, блокпен жəне модульмен орындалатын мобильді кешендерді, құрастырмалы-бұзылмалы конструкциялардан тұрғызылатын құрылысжайларды) орнатуды;

6) контейнермен, блокпен жəне модульмен орындалатын мобильді кешендерді, сондай-ақ құрастырмалы-бұзылмалы конструкциялардан тұрғызылатын сауда, көпшілікті тамақтандыру жəне тұрмыстық қызмет көрсету кəсіпорындарына арналған бір қабатты ғимараттарды (құрылысжайларды) салуды;

7) төтенше ахуал жəне (немесе) төтенше жағдайлар кезінде қалпына келтіру жұмыстарын, жауапкершіліктің үшінші деңгейіне жатқызылған құрылыс объектілері болып табылатын, екі қабаттан аспайтын тез тұрғызылатын ғимараттар мен құрылысжайлар салуды;

8) өрт, жарылыс, газ, химиялық агрессивті, улы жəне уытты заттар бойынша қауіпті емес уақытша, маусымдық немесе қосалқы мақсаттағы ғимараттар мен құрылысжайлар (тауарлар мен материалдарды сақтау үшін ерекше жағдайларды талап ететін қоймалар мен сақтау орындары (арасы 6 метрге дейін, биіктігі 7 метрге дейін жəне алаңы 2000 шаршы метрге дейін қоса алғанда), жылыжайлар, парниктер, павильондар, байланыс, жарықтандыру құрылысжайларын, қоршаулар жəне осыған ұқсас құрылысжайлар салуды;

9) маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығы үшін тұрғын үй-жайлардың жəне (немесе) шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлардың уақытша құрылыстарын салуды;

10) саны елуден аспайтын автомобиль көлігі құралдарына ашық үлгідегі автотұрақтар, сондай-ақ екеуден аспайтын автомобиль көлігі құралдарына бокстары бар гараждар салуды;

11) желілік инженерлік жолдар мен ондағы құрылысжайларды олардың жағдайын, тарту тереңдігінің (биіктігінің) белгілерін, құбырларының диаметрін өзгертуді талап етпейтін күрделі жөндеуді;

12) шағын сəулет нысандарын салуды жəне аумақтарды қоршауды;

13) ашық спорт алаңдарын, тротуарларды салуды, ғимараттар (құрылысжайлар) маңына төсем салуды;

14) технологиялық ресурсы таусылған жəне кəсіпорынды (цехты) реконструкциялауды немесе қайта бейіндеуді талап етпейтін технологиялық немесе инженерлік жабдықтың бірліктерін жөндеуді жəне ауыстыруды;

15) инженерлік желілерді электр коррозиясынан қорғауды;

16) жалпы алаңы 20 шаршы метрге дейінгі дара кəсіпкерлік объектілерін орналастыру үшін жеке тұрған бір қабатты ғимараттар (құрылысжайлар) салуды;

17) реконструкциялаудан кейін екі қабаттан аспайтын, қосымша жер учаскесін бөліп беруді (аумақтан телім беруді) талап етпейтін, екі қабаттан жоғары емес жеке тұрғын үйлерді реконструкциялауды;

18) өндірістік емес мақсаттағы үй-жайларды құрылыс объектілерінде жүзеге асырылатын жəне тіреу конструкцияларын өзгертуді талап етпейтін қайта жоспарлауды (қайта жабдықтауды);

19) кəсіпкерлік субъектілері үшін белгіленген қуаты 200 кВт-қа дейінгі электрмен жабдықтау желілерін салуды;

20) əкімшілік-тұрмыстық жəне өндірістік ғимараттардың ішінде автоматты күзет-өрт сигнализациясы жүйесін салуды жəне монтаждауды;

21) жеке тұрғын үйлерде сумен жабдықтау жəне су бұру желілерін салуды;

22) жалпы алаңы 20 шаршы метрге дейінгі кəсіпкерлік объектілерін орналастыру үшін жеке тұрғын үйлердің немесе жеке тұрған бір қабатты ғимараттардың (құрылысжайлардың) алаңішілік желілерін салуды жəне тұрмыстық мақсаттағы газбен жабдықтаудың үйішілік жүйелерін монтаждауды;

23) көппəтерлі тұрғын үйді іріктеп күрделі жөндеуді жүзеге асыра алады.

Қосымша жер учаскесін бөліп беруді (аумақтан телім беруді) талап етпейтін, тіреу конструкцияларының, инженерлік жүйелер мен коммуникациялардың қандай да бір өзгерістерімен байланысты емес, сəулет-эстетикалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы жəне санитариялық сапасын нашарлатпайтын, пайдалану кезінде қоршаған ортаға зиянды əсер етпейтін тұрғын үйлердегі (тұрғын ғимараттардағы) тұрғын жəне тұрғын емес үй-жайларды реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) кезінде эскиздік жобаларды республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың сəулет жəне қала құрылысы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдарымен келісу талап етілмейді.

Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың сəулет жəне қала құрылысы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдары келісілген эскиздік жобаларды есепке алуды жүргізеді.

5. Жобалау-сметалық құжаттаманы əзірлеу тəртібі, оның міндетті құрамы мен мазмұны мемлекеттік нормативтік құжаттарда белгіленеді.

6. «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-1-бабының 5-тармағында көрсетілген көліктік инфрақұрылым объектілерін салу, кеңейту, реконструкциялау, жаңғырту, консервациялау жəне кейіннен кəдеге жарату Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен келісілген жобалауға арналған тапсырма мен жобалау құжаттамасы бойынша жүзеге асырылады.

7. Жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту тəртібі осы Кодекске жəне Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сəйкес айқындалады.

8. Жобалау-сметалық құжаттаманы iске асыру кезiнде мердiгерлiк жұмыстарды жүргiзу қағидалары мен тəртiбi осы Кодекске жəне Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сəйкес белгiленедi.

9. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен бекітілгенінен кейiн үш жəне одан көп жыл iшiнде құрылысы басталмаған жобалау-сметалық құжаттама ескiрген болып есептеледі жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тəртiппен түзетілгеннен, құрылыс жобасына қайталама ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізілгеннен жəне қайта бекiтiлгеннен кейiн iске асыру үшiн пайдаланылады.

10. Жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің негізді қажеттілігі туындаған жағдайларда, оны түзету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен жүзеге асырылады.

11. Жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуді жүзеге асыру үшін оны əзірлеген жобалау ұйымы тартылады.

Жобалау-сметалық құжаттаманың авторы (авторлары) авторлық сүйемелдеуді жүзеге асырудан бас тартқан жағдайда, жобалау ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен айқындалады.

12. Егер тапсырыс берушінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес бекітілген жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге негізді қажеттілік туындаса, онда жобалау алдындағы құжаттаманы (болған кезде) түзету талап етілмейді.

13. Жобалау-сметалық құжаттаманы ұлттық архив қорының құрамына енгiзу, көрсетілген құжаттарға меншік құқықтарының кепілдіктері, сондай-ақ оларды пайдалану құқықтары мен пайдалану жөніндегі шектеулер Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес белгіленеді.

14. Арнайы экономикалық аймақтардың, ерекше индустриялық аймақтардың объектілері бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында құрылыс үшiн шетелдiк заңды тұлғалар немесе жекелеген мамандар орындаған жобалау-сметалық құжаттама, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, осы Кодексте, мемлекеттiк нормативтік құжаттарда жəне жобалауға арналған тапсырмада белгiленген жобалау жұмыстарының шарттарында жəне сатылары бойынша, жобалау-сметалық құжаттаманың құрамы мен көлемiнде, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі жəне өнеркəсіптік қауіпсіздік талаптарын қоса алғанда, мемлекеттік нормативтік құжаттарда белгіленген міндетті талаптар сақталған кезде əзiрленуге тиiс.

Осы қағидадан ауытқуға:

1) тапсырыс беруші (инвестор) жиынтығында мынадай мiндеттi шарттарды орындаған кезде:

құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптамамен расталуға тиіс, Қазақстан Республикасының заңнамасында жəне мемлекеттік нормативтік құжаттарда белгіленген, өрт жəне жарылыс қауіпсіздігі, конструкциялардың сенімділігі, құрылыс объектісінің жұмыс істеу орнықтылығы жəне еңбекті қорғау нормаларын сақтағанда; тауарларды берушiлердi (жұмыстарды орындаушылар мен қызмет көрсетушiлердi) Қазақстан Республикасының заңнамасына жəне мемлекеттiк нормативтiк құжаттарға сəйкес оларға қажеттi ақпаратпен қамтамасыз еткенде тапсырыс берушінің (инвестордың) шешiмi бойынша;

2) индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізілген құрылыс объектісін жобалау, салу, реконструкциялау, техникалық қайта жарақтандыруды, кеңейтуді жүргізу кезінде жол берiледi.

15. Сметалық бөлімі жоқ жобалау-сметалық құжаттама сəулет, қала құрылысы жəне құрылыс істері жөніндегі уəкілетті орган айқындаған тəртіппен мемлекеттік қала құрылысы кадастрыныңң автоматтандырылған цифрлық жүйесіне енгізілуге жатады.

16. Жобалау-сметалық құжаттаманы əзірлеу процесін ұйымдастыру мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын құрылыс объектілері үшін міндетті болып табылатын «бір терезе» қағидаты бойынша жобаларды əзірлеу мен сараптауды ұйымдастыруға арналған порталда жүзеге асырылады.

 

99-бап. Құрылыс жобасы

1. Жаңа құрылыс объектілерін, олардың кешендерін, инженерлік жəне көліктік коммуникацияларды салу жобасында құрылыс объектісі орналасатын жердің қала құрылысы тұрғысынан негізділігі, құрылысты жүргізу жəне құрылыс объектісін пайдалануға тапсыру үшін қажетті көлемде экономикалық, сəулеттік, көлемдік-жоспарлау, функционалдық, технологиялық, конструкциялық, инженерлік, табиғат қорғау, энергия үнемдеу, энергия тиімділігі шешімдері мен өзге де шешімдер қамтылуға тиіс.

Жүргізілген техникалық зерттеп-қарау нəтижелері негізінде орындалған жəне мыналарға:

1) құрылыс объектілерін күрделі жөндеуге немесе ғимараттар мен құрылысжайларды реставрациялауға;

2) пайдаланылатын құрылыс объектілерін реконструкциялауға, кеңейтуге, жаңғыртуға немесе техникалық қайта жарақтандыруға;

3) авариялық құрылыс объектілерін cүруді қоспағанда, құрылыс объектілерін кейіннен кəдеге жаратуға;

4) құрылысы тоқтатыла тұрған, құрылысы аяқталмаған объектілерді консервациялауға (консервациялаудан алуға) арналған жобалау-сметалық құжаттама да құрылыс жобаларына жатады.

2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тəртiппен бекiтiлген құрылыс жобасының жобалау шешiмдері мен көрсеткiштерi оны iске асыру кезiнде мiндеттi болып табылады.

Құрылыс жобасының атауы құрылыс қызметінің түрін көрсетуге, құрылыс объектісінің атауын қамтуға, оны əзірлеу үшін берілген бастапқы материалдарға сəйкес келуге тиіс.

3. Құрылыс жобасы:

1) тапсырыс беруші бекiткен жобалауға арналған тапсырманың, жер учаскесiн (алаңды, трассаны) таңдау жəне бөліп беру (пайдалануға рұқсат беру) материалдарының, құрылыс объектiсін инженерлiк жəне коммуналдық қамтамасыз етудiң техникалық шарттарының, инженерлiк iзденістер нəтижелерінің, тапсырыс берушінің жобалау алдындағы қызметiнің нəтижелерін қоса алғанда, өзге де бастапқы материалдардың негiзiнде;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тəртiппен бекiтiлген құрылысқа салынатын инвестициялардың негiздемелерiне (техникалық-экономикалық негіздемелерге), ал қажет болған жағдайларда, мердiгермен келiсiлген, құрылыс жобасында қолданылатын құрылыс материалдарының, бұйымдарының, конструк- цияларының, инженерлiк жабдықтар мен құрылғылардың тiзбесiне сəйкес;

3) республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының сəулет-жоспарлау тапсырмасына сəйкес əзірленеді.

4. Осы Заңның 100-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда, эскиз (эскиздік жоба) құрылыс жобасы болып табылады.

5. Құрылыс жобасын бекіту, сондай-ақ бекітілген құрылыс жобасына өзгерістер енгізу тəртібі осы Кодекс пен мемлекеттік нормативтік құжаттарда айқындалады.

6. Жобалауға арналған тапсырмада құрылыстың нормативтік ұзақтығы қысқартылған жағдайда, құрылыс жобасын əзірлеу қосымша ресурстар ескеріле отырып жүзеге асырылады.

 

100-бап. Сəулет жобасы

1. Сəулет жобасы - құрылысжайды (монументтi) жасаудың дербес жобасы, сондай-ақ құрылысқа арналған жобалау-сметалық құжаттаманың бiр бөлігi ретiнде болады, онда əлеуметтiк, экономикалық, функционалдық, инженерлiк, техникалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы, санитариялық-гигиеналық, экологиялық талаптарды, сондай-ақ энергетикалық тиімділігі жөніндегі талаптарды жəне құрылыс жобасын немесе құрылысқа арналған өзге де құжаттаманы əзiрлеу үшiн қажеттi көлемде құрылыс объектiсіне қойылатын өзге де талаптарды кешендi түрде ескеретiн сəулеттік түпкі ой, сəулеттік-көркемдiк, композициялық жəне көлемдiк-жоспарлау шешiмдері қамтылады.

2. Сəулет жобасы:

1) тапсырыс беруші бекiткен жобалауға арналған тапсырма жəне алаңды (трассаны) таңдау жөніндегi материалдар, инженерлiк iзденістер нəтижелерi, құрылыс объектiсін инженерлiк жағынан қамтамасыз етудiң техникалық шарттары негiзiнде;

2) бекiтiлген қала құрылысы жобаларына сəйкес;

3) республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының сəулет-жоспарлау тапсырмасына сəйкес əзірленеді.

3. Құрылыс жобасын əзiрлеу кезiнде сəулет жобасының шешiмдерiн сақтау мiндеттi.

Сəулет жобаларын өзгерту автордың (авторлардың) келiсiмiмен не оның (олардың) қатысуымен жүргiзiлуi мүмкiн. Егер бұл ретте сəулет-жоспарлау тапсырмасының талаптарынан ауытқулар туындаса, онда республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) оны берген жергілікті атқарушы органдарымен келісу талап етіледі.

4. Осы Кодекстің 98-бабының 4-тармағында көрсетілген құрылыс объектілерін салу жобасын əзірлеуді оңайлату қажет болған жағдайда, сəулет жобасы сəулет-жоспарлау тапсырмасына сəйкес эскиз (эскиздік жоба) түрінде орындалуы мүмкін.

 

101-бап. Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкі

1. Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ құрылыс жобалары- ның мемлекеттік банкінен байланыстыру үшін үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттаманы ұсыну жөніндегі қызметті сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін қағидалар негізінде мемлекеттік сараптама ұйымы жүзеге асырады.

2. Мемлекеттік сараптама ұйымы құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыруды және жүргізуді, сондай-ақ құрылыс жобаларының мемлекеттік банкінен байланыстыру үшін үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттаманы ұсынуды жүзеге асырады.

3. Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкінен байланыстыру үшін үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттаманы ұсынуды мемлекеттік сараптама ұйымы өтеусіз негізде жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік инвестициялар есебінен құрылысты жүзеге асыратын тұлғалар құрылыс жобаларының мемлекеттік банкінің пайдаланушылары болып табылады.

 

102-бап. Жобалау ұйымдары

1. Жобалау ұйымы:

1) өз міндеттемелерін орындауға басқа да жеке және (немесе) заңды тұлғаларды тартуға;

2) жобалау құжаттамасының тапсырыс берушісінен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қажетті материалдар мен ақпаратты сұратуға және алуға;

3) тапсырыс берушілердің жобалау құжаттамасын қарауына қатысуға;

4) жобаларға сараптама жүргізу кезінде қатысуға және әзірленген жобалау құжаттамасы бойынша сараптама қорытындысын алуға;

5) жобалау құжаттамасын әзірлеуші ретінде жобаларға сараптама жүргізу шартында үшінші тарап болуға құқылы.

2. Жобалау ұйымының міндеттері:

1) жобалау шешімдерінің жоғары сәулеттік, техникалық деңгейін және экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету;

2) шартта белгіленген жұмыстарды орындау мерзімдерін бақылау және қамтамасыз ету;

3) тапсырыс берушінің жобалауға арналған тапсырманы жасауға қатысуы немесе егер бұл шартта көзделген болса, тапсырыс берушінің тапсырмасы бойынша тапсырма дайындау;

4) тапсырыс берушімен келісу бойынша жобалау алдындағы, жобалау жұмыстарының және шартта көзделген басқа да жұмыстардың көлемін, кезеңдерін және құнын айқындау, оларды орындау графиктерін жасау;

5) жобалау құжаттамасының жобалауға арналған тапсырма мен бекітілген құрылыс жобасы бойынша жұмыс құжаттамасына сәйкестігін қамтамасыз ету;

6) мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес жобалау құжаттамасын жинақтау және оны тапсырыс берушіге беру. Негізді қажеттілік туындаған жағдайда, келісуші ұйымдар мен сараптама органдарының ескертулері бойынша жобалау құжаттамасына өзгерістер енгізу;

7) әзірленген жобалау құжаттамасын тапсырыс берушіге беру;

8) құрылыс объектісі пайдалануға берілгенге дейін құрылыс жобасын іске асырудың барлық сатысында авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыру;

9) қосымша шарт болған кезде бекітілген графикте белгіленген мерзімдерде құрылысты техникалық құжаттамамен қамтамасыз ету, құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемін, жабдықтың, бұйымдар мен материалдардың құрамы мен санын айқындау, құрылысқа арналған шығындардың жиынтық сметасы мен жиынтығын жасау;

10) жобалау қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарын сақтау;

11) жобалау құжаттамасын әзірлеу барысында тапсырыс беруші мен үшінші тұлғалардан алынатын құжаттардың сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз ету;

12) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жобалау құжаттамасын әзірлеуді жүргізу барысында тапсырыс беруші мен үшінші тұлғалардан алынған құпия ақпаратты жария етпеу;

13) жобаларға сараптама жүргізу барысында тапсырыс берушінің сұрау салуы бойынша жобалау құжаттамасының әзірленген бөлімдері (бөліктері) бойынша қажетті материалдар мен ақпаратты беру;

14) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жобалау құжаттамасын және (немесе) өзге де құжаттаманы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органға танысу үшін ұсыну;

15) шартта және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды орындау.

3. Жобалау ұйымы жобалау құжаттамасын әзірлеу кезінде:

1) қабылданатын шешімдердің сапасы мен негізділігі, сондай-ақ өзіне осы Кодексте жүктелген функциялардың орындалуы;

2) жобалау құжаттамасының кемшіліктері, оның ішінде құрылыс объектісін пайдалану кезеңінде табылған кемшіліктер;

3) өз күшімен орындалған және өзі тартқан қосалқы мердігерлік ұйымдар орындаған жұмыстардың сапасы мен көлемі тиісінше болмағаны;

4) шартта көзделген жұмыстарды орындау мерзімдерін бұзғаны;

5) тапсырыс берушінің уәжді жазбаша наразылығы бойынша және (немесе) жобаларды келісу және сараптама жүргізу кезеңінде анықталған ақауларды уақтылы жоймағаны немесе жоймағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтық-құқықтық жауаптылықта болады.

 

 

14-тарау. ЖОБАЛАР САРАПТАМАСЫ

 

103-бап. Жобалар сараптамасының түрлері

1. Жобалар сараптамасы мынадай түрлерге бөлінеді:

1) сараптама ұйымдары жүзеге асыратын құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы;

2) мемлекеттік монополияға жатқызылған, мемлекеттік сараптама ұйымы жүзеге асыратын құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы;

3) мемлекеттік сараптама ұйымы жүзеге асыратын қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы.

2. Жобалардың мемлекетаралық сараптамасы халықаралық шартқа сәйкес белгіленеді және оны сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган және мүдделі мемлекеттердің уәкілетті органдары құратын халықаралық сараптама комиссиялары жүзеге асырады.

 

104-бап. Мемлекеттік монополияға жатқызылған жобалардың сараптамасы

Жобалар сараптамасының мынадай түрлері мемлекеттік монополияға жатады:

1) қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы;

2) құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы, ол:

қаржыландыру көздеріне қарамастан, жауапкершіліктің бірінші деңгейіне жататын жаңа ғимараттар мен құрылысжайларды салу, құрылыс объектілерін, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру және күрделі жөндеу;

қаржыландыру көздеріне қарамастан, жауапкерші- ліктің екінші деңгейіне жататын жаңа ғимараттар мен құрылысжайларды салу, құрылыс объектілерін реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру;

мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын, жауапкершіліктің үшінші деңгейіне жататын жаңа ғимараттар мен құрылысжайларды салу;

құпиялылық белгісі бар немесе «қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгі бар құрылыс жобалары;

үлгілік жобалар үшін жүргізіледі.

 

105-бап. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама

1. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптаманы құрылыс жобасының тиісті бөлімдері (бөліктері) бойынша сертификатталған сарапшылар жүзеге асырады.

2. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптаманың нәтижелері бойынша тапсырыс берушілермен жасалған шарт негізінде оң немесе теріс сараптама қорытындысы беріледі. Сараптама қорытындыларының өзге түрлерін беруге тыйым салынады.

Оң сараптама қорытындылары қаралған құрылыс жобаларын бекітуге негіз болып табылады.

3. Мыналар құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптамаға жатады:

1) мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялардың қатысуынсыз тұрғызылатын, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, шығарылатын өнімнің немесе көрсетілетін қызметтердің көлемдерінде мемлекеттік меншік үлесін көздейтін ғимараттар мен құрылысжайларды, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды салуға арналған жобалау-сметалық құжаттама;

2) осы Кодекстің 98-бабының 4-тармағында көрсетілген, жауапкершіліктің үшінші деңгейіндегі объектілерді салуды қоспағанда, мемлекеттік инвестициялардың қатысуынсыз қаржыландырылатын объектілерді салуға арналған жобалау-сметалық құжаттама.