4) жобаларға сараптама жүргізу кезінде қатысуға және әзірленген жобалау құжаттамасы бойынша сараптама қорытындысын алуға;
5) жобалау құжаттамасын әзірлеуші ретінде жобаларға сараптама жүргізу шартында үшінші тарап болуға құқылы.
2. Жобалау ұйымының міндеттері:
1) жобалау шешімдерінің жоғары сәулеттік, техникалық деңгейін және экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету;
2) шартта белгіленген жұмыстарды орындау мерзімдерін бақылау және қамтамасыз ету;
3) тапсырыс берушінің жобалауға арналған тапсырманы жасауға қатысуы немесе егер бұл шартта көзделген болса, тапсырыс берушінің тапсырмасы бойынша тапсырма дайындау;
4) тапсырыс берушімен келісу бойынша жобалау алдындағы, жобалау жұмыстарының және шартта көзделген басқа да жұмыстардың көлемін, кезеңдерін және құнын айқындау, оларды орындау графиктерін жасау;
5) жобалау құжаттамасының жобалауға арналған тапсырма мен бекітілген құрылыс жобасы бойынша жұмыс құжаттамасына сәйкестігін қамтамасыз ету;
6) мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес жобалау құжаттамасын жинақтау және оны тапсырыс берушіге беру. Негізді қажеттілік туындаған жағдайда, келісуші ұйымдар мен сараптама органдарының ескертулері бойынша жобалау құжаттамасына өзгерістер енгізу;
7) әзірленген жобалау құжаттамасын тапсырыс берушіге беру;
8) құрылыс объектісі пайдалануға берілгенге дейін құрылыс жобасын іске асырудың барлық сатысында авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыру;
9) қосымша шарт болған кезде бекітілген графикте белгіленген мерзімдерде құрылысты техникалық құжаттамамен қамтамасыз ету, құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемін, жабдықтың, бұйымдар мен материалдардың құрамы мен санын айқындау, құрылысқа арналған шығындардың жиынтық сметасы мен жиынтығын жасау;
10) жобалау қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарын сақтау;
11) жобалау құжаттамасын әзірлеу барысында тапсырыс беруші мен үшінші тұлғалардан алынатын құжаттардың сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз ету;
12) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жобалау құжаттамасын әзірлеуді жүргізу барысында тапсырыс беруші мен үшінші тұлғалардан алынған құпия ақпаратты жария етпеу;
13) жобаларға сараптама жүргізу барысында тапсырыс берушінің сұрау салуы бойынша жобалау құжаттамасының әзірленген бөлімдері (бөліктері) бойынша қажетті материалдар мен ақпаратты беру;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жобалау құжаттамасын және (немесе) өзге де құжаттаманы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органға танысу үшін ұсыну;
15) шартта және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды орындау.
3. Жобалау ұйымы жобалау құжаттамасын әзірлеу кезінде:
1) қабылданатын шешімдердің сапасы мен негізділігі, сондай-ақ өзіне осы Кодексте жүктелген функциялардың орындалуы;
2) жобалау құжаттамасының кемшіліктері, оның ішінде құрылыс объектісін пайдалану кезеңінде табылған кемшіліктер;
3) өз күшімен орындалған және өзі тартқан қосалқы мердігерлік ұйымдар орындаған жұмыстардың сапасы мен көлемі тиісінше болмағаны;
4) шартта көзделген жұмыстарды орындау мерзімдерін бұзғаны;
5) тапсырыс берушінің уәжді жазбаша наразылығы бойынша және (немесе) жобаларды келісу және сараптама жүргізу кезеңінде анықталған ақауларды уақтылы жоймағаны немесе жоймағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтық-құқықтық жауаптылықта болады.
103-бап. Жобалар сараптамасының түрлері
1. Жобалар сараптамасы мынадай түрлерге бөлінеді:
1) сараптама ұйымдары жүзеге асыратын құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы;
2) мемлекеттік монополияға жатқызылған, мемлекеттік сараптама ұйымы жүзеге асыратын құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы;
3) мемлекеттік сараптама ұйымы жүзеге асыратын қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы.
2. Жобалардың мемлекетаралық сараптамасы халықаралық шартқа сәйкес белгіленеді және оны сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган және мүдделі мемлекеттердің уәкілетті органдары құратын халықаралық сараптама комиссиялары жүзеге асырады.
104-бап. Мемлекеттік монополияға жатқызылған жобалардың сараптамасы
Жобалар сараптамасының мынадай түрлері мемлекеттік монополияға жатады:
1) қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы;
2) құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы, ол:
қаржыландыру көздеріне қарамастан, жауапкершіліктің бірінші деңгейіне жататын жаңа ғимараттар мен құрылысжайларды салу, құрылыс объектілерін, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру және күрделі жөндеу;
қаржыландыру көздеріне қарамастан, жауапкершіліктің екінші деңгейіне жататын жаңа ғимараттар мен құрылысжайларды салу, құрылыс объектілерін реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру;
мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын, жауапкершіліктің үшінші деңгейіне жататын жаңа ғимараттар мен құрылысжайларды салу;
құпиялылық белгісі бар немесе «қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгі бар құрылыс жобалары;
үлгілік жобалар үшін жүргізіледі.
105-бап. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама
1. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптаманы құрылыс жобасының тиісті бөлімдері (бөліктері) бойынша сертификатталған сарапшылар жүзеге асырады.
2. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптаманың нәтижелері бойынша тапсырыс берушілермен жасалған шарт негізінде оң немесе теріс сараптама қорытындысы беріледі. Сараптама қорытындыларының өзге түрлерін беруге тыйым салынады.
Оң сараптама қорытындылары қаралған құрылыс жобаларын бекітуге негіз болып табылады.
3. Мыналар құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптамаға жатады:
1) мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялардың қатысуынсыз тұрғызылатын, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, шығарылатын өнімнің немесе көрсетілетін қызметтердің көлемдерінде мемлекеттік меншік үлесін көздейтін ғимараттар мен құрылысжайларды, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды салуға арналған жобалау-сметалық құжаттама;
2) осы Кодекстің 98-бабының 4-тармағында көрсетілген, жауапкершіліктің үшінші деңгейіндегі объектілерді салуды қоспағанда, мемлекеттік инвестициялардың қатысуынсыз қаржыландырылатын объектілерді салуға арналған жобалау-сметалық құжаттама.
4. Осы Кодекстің 98-бабының 4-тармағында көрсетілген құрылыс объектілері, сондай-ақ ғимараттар мен құрылысжайларды, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды салуға арналған техникалық- экономикалық негіздемелер құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптамаға жатпайды.
5. Бекітілген құрылыс жобаларын қайта қолданған кезде, сондай-ақ жаппай құрылысқа арналған қолданыстағы үлгілік жобаларды байланыстыру кезінде осы жобаларды нақты жер мен жағдайларға байланыстыру бөлігінде құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізіледі.
6. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптамаға жататын құрылыс жобасын оң сараптама қорытындысынсыз бекітуге және одан әрі іске асыруға жол берілмейді.
7. Құрылыс жобасының тапсырыс берушісі өкілеттіктерін үшінші тұлғаларға беру құқығынсыз, осы құрылыс жобасы бойынша құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптамаға тапсырыс беруші де болып табылады.
2026.14.07. № 350-VIII ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2026 ж. 26 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптамаға жататын, бірақ мемлекеттік монополияға жатпайтын және мемлекеттік сатып алу нысанасы болып табылмайтын құрылыс жобаларының тапсырыс берушісі өз қалауы бойынша құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу үшін кез келген сараптама ұйымын таңдауға құқылы.
9. Тапсырыс берушілер құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу үшін мемлекеттік нормативтік құжаттарда көзделген құжаттардың толық жинақталымын ұсынуға міндетті. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу үшін ұсынылған құжаттардың анықтығына тапсырыс беруші жауапты болады.
10. Мемлекеттік инвестицияларсыз қаржыландырылатын, тапсырыс беруші құрылыс жобасының сметалық бөлігіне сараптама жүргізбеуге құқылы болатын құрылыс жобаларын қоспағанда, құрылыс жобасының жобалау бөлігі де, сметалық бөлігі де құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптамаға жатады.
2026.14.07. № 350-VIII ҚР Заңымен 11-тармақ өзгертілді (2026 ж. 26 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес мемлекеттік сараптама ұйымы мен сараптама ұйымдары сараптама топтарын құрады, сондай-ақ мамандарды немесе мамандандырылған ұйымдарды, оның ішінде шетелдік ұйымдарды тартуға құқылы.
Қаралатын құрылыс жобаларын дайындауға және (немесе) әзірлеуге тікелей немесе жанама түрде қатысқан не оларды әзірлеген жобалау ұйымдарының өкілдері болып табылатын мамандарды немесе мамандандырылған ұйымдарды сараптама топтарының құрамына енгізуге, сондай-ақ құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптамаға өзге де нысанда қатысу үшін тартуға жол берілмейді.
12. Құрылыс жобаларына жүргізілген ведомстводан тыс кешенді сараптама нәтижелерімен келіспеген кезде тапсырыс беруші сараптама қорытындысына сотқа шағымдануға құқылы.
13. Азаматтық істер, қылмыстық істер, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу кезінде құрылыс жобаларына кешенді сараптаманың қорытындыларына қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сот сараптамасы жүргізілуі мүмкін.
14. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама сапасыз әзірленген және бұрын сараптамамен мақұлданған жобаға және (немесе) құрылыс барысында анықталған, бекітілген құрылыс жобасынан негізсіз ауытқуларға байланысты жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізу қажет болған жағдайда да жүргізіледі.
15. Ерекше реттеуді және қала құрылысын регламенттеуді талап ететін жекелеген құрылыс объектілері бойынша құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама ерекше реттеуді және қала құрылысын регламенттеуді талап ететін жекелеген құрылыс объектілерін салуға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы кезең-кезеңімен әзірлеу мен келісудің жеке жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
Ерекше реттеуді және қала құрылысын регламенттеуді талап ететін жекелеген құрылыс объектілерін салуға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы кезең-кезеңімен әзірлеу мен келісудің жеке жоспарларын әзірлеу және келісу тәртібі жаңа ғимараттар мен құрылысжайларды, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды салуға, сондай-ақ бұрыннан барларын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларында реттеледі.
16. Мемлекеттік сараптама ұйымы мен сараптама ұйымдары сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға сараптама қорытындыларын ұсынады.
17. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу процесін ұйымдастыру «бір терезе» қағидаты бойынша жобалардың әзірленуі мен сараптамасын ұйымдастыруға арналған портал алаңында жүзеге асырылады.
106-бап. Құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасының құны және оны жүргізу мерзімдері
1. Құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы шығындарды қаралып отырған құрылыс жобасын әзірлеу құнына жатқыза отырып, жобаларға сараптама жүргізуге тапсырыс берушілер мемлекеттік сараптама ұйымымен немесе сараптама ұйымдарымен жасасатын шарттар негізінде жүзеге асырылады.
2. Қаржыландыру көзіне қарамастан, мемлекеттік сараптама ұйымы орындайтын сараптама жұмыстарының құны сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес белгіленеді.
3. Сараптама ұйымдары орындайтын сараптама жұмыстарының құны сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес және (немесе) тапсырыс беруші мен сараптама ұйымы арасындағы шартта белгіленеді.
4. Құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүргізу тәртібі мен мерзімдері жаңа ғимараттар мен құрылысжайларды, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды салуға, сондай-ақ бұрыннан барларын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүргізу қағидаларында айқындалады.
107-бап. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы
1. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасын құрамында тиісті бөлімдер (бөліктер) бойынша сертификатталған сарапшылары бар мемлекеттік сараптама ұйымы жүзеге асырады.
2. Қала құрылысы жобалары сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасынан өтеді.
3. Қала құрылысы жобаларын осы жобалардың тапсырыс берушілері қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларына сәйкес құжаттардың толық жинақталымымен бірге қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасына жібереді. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу үшін ұсынылған құжаттардың анықтығы үшін тапсырыс беруші жауапты болады.
4. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы жобалау шешімдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жобалауға арналған бастапқы материалдардың шарттарына сәйкестігін (сәйкессіздігін) анықтау, оның ішінде бастапқы материалдар құрамында қала құрылысы жобасына жүргізілген қоғамдық және жария тыңдаулар мен жұртшылықпен талқылаулар хаттамасының бар-жоғын тексеру, сондай-ақ жобалау шешімдері мен есеп-қисаптарда қала құрылысы және техникалық регламенттердің, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерінің талаптарын сақтау арқылы қала құрылысы жобаларының сапасына талдау мен бағалау жүргізуден тұрады.
5. Бекітілген қала құрылысы жобаларына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу (түзету) кезінде осы бапқа сәйкес қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы жүргізіледі.
6. Мыналар қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасының тапсырыс берушілері болып табылады:
жалпымемлекеттік маңызы бар жобалар бойынша - сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган;
өңірлік маңызы бар жобалар және елді мекендерді дамыту мен оларда құрылыс салу жобалары бойынша - жергілікті атқарушы органдар.
Қала құрылысы жобаларының тапсырыс берушісі өкілеттіктерін үшінші тұлғаларға беру құқығынсыз, осы қала құрылысы жобасы бойынша қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасының тапсырыс берушісі де болып табылады.
7. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасының нәтижелері бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тапсырыс берушілермен жасалған шарт негізінде оң немесе теріс сараптама қорытындысы беріледі. Сараптама қорытындыларының өзге түрлерін беруге тыйым салынады.
8. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасының оң сараптама қорытындылары қала құрылысы жобаларын бекітуге негіз болып табылады.
9. Қала құрылысы жобасы бойынша сараптама қорытындысының қолданылу мерзімі осы жобаның қолданылу мерзімімен шектеледі.
10. Тапсырыс беруші қала құрылысы жобаларының жүргізілген кешенді қала құрылысы сараптамасының нәтижелерімен келіспеген кезде сарапшылардың қорытындысына сотқа шағымдануға құқылы.
11. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу процесін ұйымдастыру «бір терезе» қағидаты бойынша жобалардың әзірленуі мен сараптамасын ұйымдастыруға арналған портал алаңында жүзеге асырылады.
12. Мемлекеттік сараптама ұйымы қала құрылысы жобалары бойынша берілген теріс қорытындылар туралы ақпаратты сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
108-бап. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасының құны мен мерзімдері
1. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы шығындарды қаралып отырған жобаны әзірлеу құнына жатқыза отырып, тапсырыс берушілер мемлекеттік сараптама ұйымымен жасасатын шарт негізінде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік сараптама ұйымы орындайтын жұмыстардың құны сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес белгіленеді.
3. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу тәртібі мен мерзімдері сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен тәртіппен айқындалады және оны жүргізуге арналған шартта көрсетіледі.
1. Сараптама ұйымдары құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын:
қаржыландыру көздеріне қарамастан, жауапкершіліктің екінші деңгейіне жататын бұрыннан бар құрылыс объектілерін, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды күрделі жөндеу;
мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын, жауапкершіліктің үшінші деңгейіне жататын бұрыннан бар құрылыс объектілерін, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды күрделі жөндеу, құрылыс объектілерін реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру;
жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылатын, жауапкершіліктің үшінші деңгейіне жататын жаңа ғимараттар мен құрылысжайларды салу, бұрыннан бар құрылыс объектілерін, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру және күрделі жөндеу үшін жүргізеді.
Сараптама ұйымдары құрылыс жобасының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүргізу жөніндегі рәсімдер мен операцияларды сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен «бір терезе» қағидаты бойынша жобалардың әзірленуі мен сараптамасын ұйымдастыруға арналған портал алаңында жүзеге асырады.
2. Сараптама ұйымдары сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, тұтас құрылыс жобасына құжаттардың толық жинақталымына немесе оқшау сараптама қорытындыларын бере отырып, құрылыс жобасының жекелеген бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптама жүргізуге құқылы.
Құрылыс жобасының жекелеген бөлімдері (бөліктері) бойынша оқшау сараптама қорытындылары тұтас құрылыс жобасын бекітуге негіз болып табылмайды, бірақ жиынтық сараптама қорытындысының құрамында пайдаланылады.
3. Мемлекеттік монополияға жатқызылмаған, құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын сараптама ұйымдары жүргізеді.
4. Сараптама ұйымдары осы Кодексте көзделген сараптама қызметінен басқа, өзге қызметпен айналысуға құқылы емес.
5. Сараптама ұйымдары осы баптың 1-тармағында көзделген құрылыс жобалары бойынша жобалау саласында консультациялық қызметтер көрсетеді.
110-бап. Жобалау саласындағы сарапшылар
Жобалау саласындағы сарапшылар оларды басқа сараптама ұйымымен немесе мемлекеттік сараптама ұйымымен жасалған шарт бойынша штаттан тыс сарапшылар ретінде тарту, сондай-ақ мемлекеттік сараптама ұйымы немесе сараптама ұйымы басшылығының тапсырмасымен жекелеген бөлімдер (бөліктер) бойынша жобаның сараптамасын орындау жағдайларын қоспағанда, сараптама жұмыстарын жеке-дара жүзеге асыруға құқылы емес.
111-бап. Жобалау саласындағы сараптама қызметі субъектілерінің құқықтары, міндеттері және жауаптылығы
1. Мемлекеттік сараптама ұйымының және сараптама ұйымдарының құқықтары мен міндеттері осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.
2. Жобалау саласындағы сарапшы:
2026.14.07. № 350-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2026 ж. 26 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) сараптама топтарының құрамында жобалардың сараптамасына қатысуға;
2) жобаның сараптамасына тапсырыс берушілерден қажетті материалдар мен ақпаратты сұратуға және алуға;
3) жобалау саласындағы сараптама қызметімен айналысу құқығына арналған сарапшы сертификатында көрсетілген мамандануына сәйкес жекелеген бөлімдер (бөліктер) бойынша жобалардың сараптамасын жүзеге асыруға, олар бойынша сараптама қорытындысының тиісті бөліктерін жасауға;
4) осы Кодексте көзделген жағдайларда, мемлекеттік сараптама ұйымының немесе сараптама ұйымының бұрын берілген сараптама қорытындыларын кері қайтарып алуына бастама жасауға;
5) педагогикалық, ғылыми және (немесе) өзге де шығармашылық қызметпен айналысуға құқылы.
3. Жобалау саласындағы сарапшыға:
1) осы сарапшы дайындауға тікелей немесе жанама түрде қатысқан не жұбайының (зайыбының) және (немесе) жақын туыстарының қатысуымен орындалған жобалардың сараптамасын жүргізуге, сондай-ақ осы Кодексте белгіленбеген сараптама қорытындыларын беруге;
2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметімен байланысты кәсіпкерлік қызметтің өзге де түрлерімен айналысуға;
3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің өзге де субъектілерімен еңбек, қаржылық және (немесе) өзге де тәуелді қатынастарда болуға тыйым салынады.
Жобалау саласындағы сарапшының осы тармақтың талаптарын бұзуы, егер онда қылмыстық құқық бұзушылық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болмаса, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жаза қолдануға не жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға алып келеді.
4. Жобалау саласындағы сарапшы:
1) кәсіптік қызметті жүзеге асыру үшін мемлекеттік сараптама ұйымының немесе сараптама ұйымдарының бірінің штатында болуға;
2) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жобалардың сараптамасы кезінде құпиялылықты сақтауға және қызметтік және коммерциялық құпияны қамтамасыз етуге;
3) өзінің кәсіптік біліктілігін жүйелі түрде арттыруға;
5) жобаның сараптамасын жүргізу жөніндегі рәсімдер мен операцияларды сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен «бір терезе» қағидаты бойынша жобалардың әзірленуі мен олардың сараптамасын ұйымдастыруға арналған портал алаңында жүзеге асыруға міндетті.
5. Жобалар сараптамасының сапасыз жүргізілу фактілері анықталған жағдайда, жобалау саласындағы сараптама қызметінің субъектілері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Оң сараптама қорытындысы бар сапасыз құрылыс жобалары немесе қала құрылысы жобалары үшін жобалау саласындағы сараптама қызметінің субъектілері құрылыс жобаларының немесе қала құрылысы жобаларының тиісті әзірлеушілерімен қатар жауаптылықта болады.
112-бап. Жобалау саласындағы сараптама қызметі субъектілерінің тәуелсіздігі
1. Жобалау саласындағы сараптама қызметінің субъектілері жобалардың сараптамасын жүргізу кезінде тәуелсіз болады.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жобалау құжаттамасын жобалар сараптамасына қабылдап алу, оларды қарау, олар бойынша сараптама қорытындыларын дайындау және ресімдеу барысында жобалау саласындағы сараптама қызметі субъектілерінің жұмысына араласуға ешкім де құқылы емес.
3. Жобалау саласындағы сараптама қызметі субъектілерінің қызметіне араласу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
113-бап. Сараптама ұйымдарына қойылатын талаптар
1. Сараптама ұйымдарының құрамында құрылыс жобасының сәулет, конструкциялық бөлік, инженерлік желілер мен жүйелер (инженерлік желілер мен жүйелердің түрлері бойынша), технологиялық бөлік (құрылыс объектісінің мақсатына қарай), сметалық бөлік сияқты негізгі бөлімдеріне (бөліктеріне) сәйкес келетін мамандандырулар бойынша жобалау саласындағы кемінде бес сарапшы болуға тиіс.