1. Тапсырыс беруші (меншік иесі, инвестор) осы Кодекстің 98-бабының 4-тармағында көрсетілген жауапкер- шіліктің үшінші деңгейіндегі құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алуды өз бетінше жүзеге асырады.
2. Егер осы Кодекстің 98-бабының 4-тармағында көрсетілген үй-жайларды (құрылыс объектісінің жекелеген бөліктерін) өзгерту, сондай-ақ жауапкершіліктің үшінші деңгейіндегі санамаланған құрылыс объектілерін салу және пайдалану басқа азаматтардың құқықтарына нұқсан келтірсе не мемлекеттік, қоғамдық және (немесе) жеке мүдделерге қайшы келсе, осы баптың нормаларын қолдануға болмайды.
1) мемлекеттік инвестициялар есебінен не олардың қатысуымен қаржыландырылатын құрылыс объектілерін;
2) жеке тұрғын үйлерді салуға да қолданылмайды.
4. Тапсырыс берушінің (меншік иесінің, инвестордың) құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу тәртібін, сондай-ақ пайдалануға қабылдап алу актісінің нысанын сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган өз бетінше бекітеді.
5. Тапсырыс берушінің (меншік иесінің, инвестордың) инженерлік желілердің және (немесе) ғимараттардың (құрылысжайлардың) нақты орналасуының атқарушылық геодезиялық түсірілімі қоса берілген құрылыс объектісін өз бетінше пайдалануға қабылдап алу актісін сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде міндетті түрде есепке алуға тиіс.
Меншік иесі объектілерді өз бетінше тапсырған кезде осы Кодекстің 98-бабы 4-тармағы бірінші бөлігінің 4), 12), 14), 17), 18) және 20) тармақшаларында көрсетілген объектілер үшін атқарушылық геодезиялық түсірілім талап етілмейді.
134-бап. Құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алудың тәртібі
1. Тапсырыс беруші мердігерден (бас мердігерден) құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алуды авторлық сүйемелдеумен, техникалық қадағалаумен бірлесіп жүзеге асырады.
2. Тапсырыс беруші мердігерден (бас мердігерден) құрылыс объектісінің пайдалануға қабылдап алуға әзірлігі туралы жазбаша хабархат алғаннан кейін құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алуды жүзеге асырады.
3. Тапсырыс беруші мердігерден (бас мердігерден) құрылыс объектісінің әзірлігі туралы хабархатты алған күннен бастап мердігерден (бас мердігерден) және техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді, өрт-техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыратын тұлғалардан сәйкестік туралы декларацияны, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы, орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына сәйкестігі және объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыларды сұратады.
Мердігер (бас мердігер) және техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлғалар тапсырыс берушіден сұрау салуды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сәйкестік туралы декларацияны, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына сәйкестігі туралы қорытындыларды не теріс қорытындыларды ұсынады.
Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органы тапсырыс берушіден өтінішті алған күннен бастап Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде өрт-техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асырады және адамдар көп болатын объекті мен биіктігі жиырма сегіз метрден асатын ғимараттар өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келген кезде оларды пайдалануға қабылдап алу алдында тиісті қорытынды береді.
Орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына сәйкестігі туралы қорытынды, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормалар мен талаптарға қайшы келмесе, инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсынушылардың құрылыс объектісін жобалау кезінде бұрын берілген техникалық шарттарға сәйкес олар көрсететін қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуі үшін негіз болып табылады.
4. Тапсырыс беруші сәйкестік туралы декларацияның, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы, орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына сәйкестігі және объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындылардың негізінде мердігермен (бас мердігермен), техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлғалармен бірлесіп, атқарушылық техникалық құжаттаманың бар-жоғы және жинақталымы тұрғысынан тексеруге, құрылыс объектісін қарап-тексеруге және құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісі бойынша пайдалануға қабылдап алуға (құрылыс объектісінің пайдалануға қабылдап алуға әзірлігіне түпкілікті тексеру жүргізуге) міндетті.
5. Бекітілген жобалау шешімдерін және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтік құжаттардың нормативтерін бұзушылықтар анықталған жағдайда, сондай-ақ теріс қорытындылар (авторлық сүйемелдеудің және (немесе) техникалық қадағалаудың қорытындылары бойынша берілген) болған кезде, мердігер (бас мердігер) бұзушылықтарды жойғаннан кейін тапсырыс беруші құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алады.
Анықталған бұзушылықтар жойылған кезде құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу осы бапта белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Тапсырыс берушіге жобалау-сметалық құжаттаманы, сәйкестік туралы декларацияны, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы, орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына сәйкестігі және объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыларды ұсыну жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарына мердігерлікті орындаушыларды, техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді, өрт-техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыратын тұлғаларды құрылыс объектісін жобалау, салу, пайдалануға қабылдап алу және беру кезінде орындалған жұмыстар үшін жауаптылықтан босатпайды.
135-бап. Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актілерін жүргізу мен есепке алу тәртібі
1. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өтініш берушіден құрылыс объектісінің техникалық сипаттамалары және инженерлік желілердің және (немесе) ғимараттардың (құрылысжайлардың) нақты орналасуының атқарушылық геодезиялық түсірілімі, сәйкестік туралы декларация, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы, орындалған жұмыстардың бекітілген құрылыс жобасына сәйкестігі және объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындылар қоса берілген құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алудың бекітілген актісін алған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде бір мезгілде:
1) құрылыс объектісі орналасқан жердегі сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органға құрылыс объектісінің техникалық сипаттамалары және инженерлік желілердің және (немесе) ғимараттардың (құрылысжайлардың) нақты орналасуының атқарушылық геодезиялық түсірілімі қоса берілген құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алудың бекітілген актісін;
2) құрылыс объектісі орналасқан жердегі сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға құрылыс объектісінің техникалық сипаттамалары, сәйкестік туралы декларация, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы, орындалған жұмыстардың бекітілген құрылыс жобасына сәйкестігі және объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындылар қоса берілген құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алудың бекітілген актісін жібереді.
2. Сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан құжаттарды алған кезден бастап бір жұмыс күні өткенге дейін тапсырыс берушінің құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларында айқындалған рәсімдерді сақтауы тұрғысынан салыстырып тексеру жүргізеді және мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісін есепке алуды жүргізеді.
Салыстырып тексерудің қорытындысы бойынша құрылыс объектісінің құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларының талаптарына сәйкес келмеуі анықталған жағдайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан құжаттарды алған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде бұл туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы органдарына және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жазбаша хабарлайды.
Сәйкессіздік болмаған жағдайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан құжаттарды алған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жазбаша хабарлайды.
3. Сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан құжаттарды алған кезден бастап бір жұмыс күні өткенге дейін тапсырыс берушінің Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген нормалар мен талаптарды сақтауы, оның ішінде:
1) келісулердің болуы және алынған құжаттардың құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларының бекітілген нысандары мен белгіленген талаптарына сәйкестігі;
2) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы органның халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділіктің қамтамасыз етілгенін растауының болуы;
3) құрылыс объектісінің қалыпты пайдаланылуын қамтамасыз ететін және пайдалану ұйымдары қабылдаған сыртқы инженерлік коммуникацияларға қосылуы;
4) көппәтерлі тұрғын үйлерде орналасқан пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың шудан оқшаулау жөніндегі талаптарға сәйкестігі;
5) жерасты инженерлік желілерінің және (немесе) ғимараттардың (құрылысжайлардың) нақты орналасуының атқарушылық геодезиялық түсірілімінің болуы;
6) қабат бойынша жоспардың және (немесе) экспликациясы бар құрылыс объектісі жоспарының болуы;
7) құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарламаның, оның ішінде құрылыс кезеңіндегі барлық өзгерістер туралы жаңартылған деректердің болуы;
8) техникалық қадағалау белгілеген міндеттерді сақтауы;
9) техникалық-экономикалық көрсеткіштердің құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасынан өткен бекітілген құрылыс жобасына сәйкестігі;
10) атқарушылық геодезиялық түсірілімнің тіркелуінің және оның мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесіне енгізілуінің болуы тұрғысынан салыстырып тексеру жүргізеді.
Бұзушылықтар анықталған кезде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан құжаттарды алған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде анықталған бұзушылықты егжей-тегжейлі сипаттай отырып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына бұл туралы жазбаша хабарлайды.
Осы Кодекстің талаптарының бұзылуын және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінің сақталмауын көрсететін жеткілікті деректер болған кезде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы органдары бұзушылықтарға жол берген тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөніндегі шараларды қолданады.
Бұзушылықтар болмаған жағдайда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан құжаттарды алған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жазбаша хабарлайды.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген мерзімдерде ақпаратты беру үшін жауаптылық Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сәулет және қала құрылысы, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарына жүктеледі.
19-тарау. ҚҰРЫЛЫС ОБЪЕКТІЛЕРІН ПАЙДАЛАНУ
136-бап. Құрылыс объектілерін пайдалану жөніндегі негізгі талаптар
1. Құрылыс объектілерін пайдалану олардың рұқсат етілген пайдаланылуына (мақсатына) сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
2. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, салынған, реконструкцияланған құрылыс объектісі пайдалануға берілгеннен кейін аталған объектіні пайдалануға жол беріледі.
3. Құрылыс объектілерін салу, реконструкциялау үшін құрылысқа арналған рұқсатты беру талап етілмеген жағдайда, мұндай объектілерді пайдалануға оларды салу, реконструкциялау аяқталғаннан кейін жол беріледі.
4. Құрылыс объектісін күрделі жөндеген жағдайда мұндай құрылыс объектілерін күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін оларды пайдалануға жол беріледі.
5. Құрылыс объектілерін пайдалану, оның ішінде автомобиль жолдарын күтіп-ұстау Қазақстан Республикасының техникалық регламенттерінің, нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес, сондай-ақ жобалау құжаттамасына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс. Егер осы Кодекске сәйкес ғимараттар мен құрылысжайлар салу, оларды реконструкциялау үшін жобалау құжаттамасын дайындау және (немесе) құрылысқа арналған рұқсаттарды беру талап етілмесе, мұндай ғимараттар мен құрылысжайларды пайдалану Қазақстан Республикасының техникалық регламенттерінің, нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
6. Құрылыс объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оларды пайдалану процесінде құрылыс объектілеріне техникалық қызмет көрсету, құрылыс объектілерінің техникалық жай-күйіне пайдалану мақсатында бақылау жасау, ғимараттар мен құрылыс-жайларды ағымдағы жөндеу қамтамасыз етілуге тиіс.
7. Құрылыс объектілерінің техникалық жай-күйіне пайдалану мақсатында бақылау жасау құрылыс объектілерінің, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету жүйелері мен желілерінің сенімділігі мен қауіпсіздігінің конструкциялық және басқа да сипаттамаларының жай-күйін және көрсетілген сипаттамалардың Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің, мемлекеттік нормативтік құжаттардың, жобалау құжаттамасының талаптарына сәйкестігін бағалау мақсатында, сондай-ақ атқарушылық құжаттамаға сәйкес негіздердің, құрылыс конструкцияларының, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету жүйелері мен желілерінің жай-күйін кезеңдік қарап-тексерулерді, бақылау мақсатында тексерулерді және (немесе) мониторингтеуді жүзеге асыру арқылы осындай объектілерді пайдалану кезеңінде жүргізіледі.
8. Құрылыс объектілеріне техникалық қызмет көрсету, ғимараттар мен құрылысжайларды жөндеу осындай объектілердің тиісті техникалық жай-күйін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі. Құрылыс объектілерінің тиісті техникалық жай-күйі деп құрылыс объектілерінің орнықтылығы, сенімділігі параметрлерін қолдап отыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің, мемлекеттік нормативтік құжаттардың, жобалау құжаттамасының талаптарына сәйкес құрылыс конструкцияларының, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету жүйелері мен желілерінің, олардың элементтерінің жарамдылығы түсініледі.
9. Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған жағдайларда ғимараттар мен құрылысжайларға жөндеу жүргізу кезінде осындай құрылыс объектілерінің құрылыс конструкцияларының жекелеген элементтерін (тіреу құрылыс конструкцияларының элементтерін қоспағанда), осындай құрылыс объектілерін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету жүйелері мен желілерінің элементтерін ауыстыру және (немесе) қалпына келтіру жүзеге асырылуы мүмкін.
10. Құрылыс объектілерінің техникалық жай-күйіне пайдалану мақсатында бақылау жасауды құрылыс объектісін пайдалануға жауапты адам жүзеге асырады.
11. Құрылыс объектілерінің жекелеген түрлерін пайдалану ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленуі мүмкін. Көппәтерлі тұрғын үйлерді пайдалану Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасының талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады.
12. Ғимараттар мен құрылысжайлар орналасқан жердегі жергілікті атқарушы органға жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы заңнамасының құрылыс объектілерін пайдалануға қойылатын талаптарының бұзылуы туралы, құрылыс объектілерінде авариялық жағдайлардың туындауы немесе құрылыс объектілерінің қирау қаупінің туындауы туралы арыздары келіп түскен жағдайда жергілікті атқарушы органдар құрылыс объектілерінің сенімділігі мен қауіпсіздігінің конструкциялық сипаттамалары мен басқа да сипаттамаларына қойылатын Қазақстан Республикасының техникалық регламенттерінің, нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына, көрсетілген объектілердің жобалау құжаттамасының талаптарына сәйкес олардың техникалық жай-күйін және оларға тиісінше техникалық қызмет көрсетілуін бағалау мақсатында құрылыс объектілерін қарап-тексеруді жүргізеді және құрылыс объектілерін пайдалануға жауапты тұлғаларға анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралар туралы ұсынымдар жібереді. Осы қарап-тексеруді жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
13. Құрылыс объектілерін пайдалану кезінде мемлекеттік бақылау және қадағалау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
137-бап. Құрылыс объектісін пайдалануға жауапты тұлғаның міндеттері
1. Құрылыс объектісінің меншік иесі (оның ішінде кондоминиум арқылы) немесе құрылыс объектісін өзге заңды негізде иеленетін тұлғалар не меншік иелері немесе құрылыс объектісін өзге де заңды негізде иеленетін тұлғалар құрылыс объектісін пайдалану жөніндегі шарттың негізінде құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану үшін тартатын тұлға (дара кәсіпкер немесе заңды тұлға) құрылыс объектісін пайдалану үшін жауапты тұлға болып табылады.
Бұл ретте сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен талаптарға сәйкес келетін дара кәсіпкермен немесе заңды тұлғамен құрылыс объектісін пайдалану жөніндегі шарт жасалады.
2. Егер құрылыс объектісі меншік иелерінің саны екі және одан көп болса, құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану, оның ішінде оның ортақ мүлкінің мәселелері жөніндегі, құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында құрылыс объектісін пайдалану жөніндегі шарттың негізінде дара кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны тарту туралы және өзге де мәселелер жөніндегі шешімдерді мұндай меншік иелері құрылыс объектісінің жалпы алаңындағы әрқайсысының үлесіне мөлшерлес түрде қабылдайды. Үлестің мөлшері жеке (бөлек) меншіктегі құрылыс объектісі үй-жайлары ауданының құрылыс объектісінің барлық үй-жайлары аудандарының сомасына арақатынасымен айқындалады.
Екі және одан көп меншік иесі болған кезде құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану және өзге де мәселелер жөніндегі шешімдер ерікті негізде құрылған кондоминиумның жалпы жиналысында олардың әрқайсысының құрылыс объектісінің жалпы ауданындағы үлесіне мөлшерлестігі ескеріле отырып, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен кондоминиумның құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану жөніндегі қағидаларына сәйкес қабылдануы мүмкін.
3. Құрылыс объектісін пайдалану жөніндегі шарттың негізінде құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында дара кәсіпкер немесе заңды тұлға тартылған жағдайда құрылыс объектісінің меншік иесі немесе оны өзге де заңды негізде иеленетін тұлғалар осы тұлғаға мынадай құжаттарды:
инженерлік ізденістердің нәтижелерін;
құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасының оң қорытындысын алған жобалау ұйымы куәландырған жобалау-сметалық құжаттаманың көшірмелерін;
құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасының оң қорытындысы мен сараптаманың барлық түзетулерінің көшірмелерін;
атқарушылық техникалық құжаттаманың көшірмелерін;
міндетті қосымшаларымен бірге құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісінің көшірмесін;
жер учаскесіне құқықты белгілейтін құжаттың көшірмесін;
технологиялық жабдықтың паспортын;
құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану үшін қажет өзге де құжаттаманы беруге міндетті.
4. Орындалуға тиіс техникалық қызмет көрсету жөніндегі, құрылыс объектісінің тиісті техникалық жай-күйін сақтап тұру жөніндегі жұмыстардың кезеңділігі, құрамы (қажетті байқауларды, қарап-тексерулерді қоса алғанда) мемлекеттік нормативтік құжаттарға, құрылыс объектісінің техникалық жай-күйін бақылау нәтижелеріне сәйкес оларды салу, реконструкциялау, күрделі жөндеу және пайдалану жағдайлары негізге алына отырып айқындалуға тиіс.
5. Құрылыс объектісін пайдалану үшін жауапты адам жүргізілген қарап-тексерулердің, бақылау мақсатында тексерулердің және (немесе) құрылыс объектілерінің негіздерін, құрылыс конструкцияларын, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету жүйелері мен желілерін, олардың элементтерін мониторингтеу күндері мен нәтижелері, құрылыс объектісіне техникалық қызмет көрсету бойынша орындалған жұмыстар туралы, құрылыс объектісіне ағымдағы жөндеу жүргізу туралы, құрылыс объектісін пайдалану процесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы мемлекеттік органдар берген нұсқамалардың күндері мен мазмұны туралы мәліметтер, осы бұзушылықтарды жою туралы мәліметтер енгізілетін құрылыс объектісін пайдалану журналын жүргізуге, сондай-ақ ол сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен құрылыс объектісін пайдалану қағидаларының, ұлттық стандарттар мен техникалық регламенттердің талаптарын сақтауға міндетті.
6. Құрылыс объектісін пайдалану журналының нысанын және осындай журналды жүргізуге қойылатын талаптарды мүдделі мемлекеттік органдармен келісу бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
7. Құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану үшін жауапты тұлға оны пайдалану кезінде ондағы авариялық жағдайлар туындаған әрбір жағдай туралы:
1) егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылыс объектісін пайдалануға мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылса, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарына;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына;
3) егер құрылыс объектісін пайдалану үшін жауапты тұлға құрылыс объектісін пайдалану жөніндегі шарттың негізінде тартылған дара кәсіпкер немесе заңды тұлға болып табылса, құрылыс объектісінің меншік иелеріне немесе оны өзге де заңды негізде иеленетін тұлғаларға хабарлауға міндетті.
8. Құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану үшін жауапты адам ауысқан жағдайда, құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану үшін жауапты болған адам құрылыс объектісін пайдалану үшін жауапты жаңа адамға құрылыс объектісін пайдалану журналын, құрылыс объектісін пайдалану процесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы мемлекеттік органдар берген нұсқамаларды, мемлекеттік органдардың көрсетілген нұсқамаларды орындауын тексеру актілерін, жергілікті атқарушы органның ұсынымдарын, құрылыс объектісіне техникалық қызмет көрсету, пайдалану мақсатында бақылау жасау, ағымдағы жөндеу жөніндегі жұмыстардың орындалуын растайтын өзге де құжаттарды он күн ішінде беруге міндетті.
9. Құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану үшін жауапты тұлға іргелес құрылыс объектілерін күтіп-ұстауға, оның ішінде қаржылық тұрғыдан қатысуға міндетті.
10. Осы баптың қолданысы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес пайдаланылатын құрылыс объектілеріне қолданылмайды.
Ескертпе. Осы бап үшін қасбеттер, вестибюльдер, холлдар, дәліздер, баспалдақ марштары (алаңдар), инженерлік жабдық пен инженерлік желілерді орналастыруға арналған үй-жайлар, лифтілер, шатырлар, шатырастылар, ортақ инженерлік жүйелер мен жабдық, құрылыс объектісі орналасқан жер учаскесі және (немесе) іргелес жер учаскесі, абаттандыру элементтері және ортақ пайдаланылатын басқа да мүлік құрылыс объектісінің ортақ мүлкі деп танылады.
138-бап. Құрылыс объектілерін пайдалануды тоқтата тұру және тоқтату
1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, құрылыс объектілерін пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының техникалық регламенттерінің, нормативтік құқықтық актілерінің талаптары, жобалау құжаттамасы бұзылған жағдайларда, құрылыс объектілерін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұруы мүмкін.