Көрсетілген бұзушылықтарға мыналар жатады:
1) аумақтардың бекітілген функционалдық мақсатынан, қала құрылысы регламенттерінен, айрықша реттеудің және қала құрылысын регламенттеудің белгіленген режимінен ауытқу;
2) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының елді мекеннің бекітілген бас жоспарынан немесе даму және құрылыс салу схемасынан (оңайлатылған бас жоспардан) ауытқуы және оларға сәйкес келмеуі;
3) мемлекет мұқтажын қамтамасыз етуге байланысты қала құрылысы мақсаттарына арналған жер учаскелерін таңдау мен берудің (пайдалануға рұқсатты), сондай-ақ алып қоюдың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртібінен ауытқу;
4) іздестіру, жобалау, құрылыс-монтаждау жұмыстарын Қазақстан Республикасы заңнамасының және мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарын бұза отырып орындау;
5) қала құрылысы құжаттамасын әзірлеудің, келісудің, сараптаудың және бекітудің белгіленген тәртібінен ауытқу, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген құжаттамадан ауытқу не Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтамай, оған өзгерістер енгізу;
6) жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеудің, сараптаудың және бекітудің белгіленген тәртібінен ауытқу, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген құжаттамадан ауытқу не Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтамай, оған өзгерістер енгізу;
7) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды хабардар етпей құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу;
8) осы Кодексте міндеттілігі көзделген жағдайларда құрылысты авторлық сүйемелдеусіз және техникалық қадағалаусыз жүзеге асыру;
9) ғимараттар, құрылысжайлар, олардың бөліктері немесе жекелеген конструкциялық элементтер беріктігінің, орнықтылығының, сенімділігінің төмендеуіне және жоғалуына, тұрғызылған құрылыс объектілерінің пайдаланылу сапасының нашарлауына, қоршаған ортаға теріс әсер етуге алып келуі мүмкін бекітілген мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарын бұза отырып, құрылыс объектілері мен олардың кешендерін салуды (реконструкциялауды, реставрациялауды, кеңейтуді, техникалық қайта жарақтандыруды, жаңғыртуды, күрделі жөндеуді) жүзеге асыру;
10) рұқсат алмай құрылыс салу, сол сияқты елді мекеннің сәулеттік келбетін өзгерту, дизайн-кодты сақтамау, құрылыс объектілерін, құрылыс объектілерінің жекелеген үй-жайларын және (немесе) бөліктерін реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, қайта бейіндеу);
11) елді мекендерді жоспарлау және оларда құрылыс салу кезінде белгіленген қызыл сызықтар мен құрылыс салу сызықтарынан, сондай-ақ сейсмикалық қауіптілігі жоғары аудандардағы (аймақтардағы) сары сызықтардан ауытқу;
2026.14.07. № 350-VIII ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (2026 ж. 26 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12) құрылыс объектісін жобалау, сараптау, салу және кейіннен пайдалану процесінде нормативтік құжаттардың нормалары мен талаптарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, оның ішінде еңбекті қорғау, өрт және жарылыс қауіпсіздігі, азаматтық қорғаныс, санитариялық және экологиялық қауіпсіздік, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін әлеуметтік, көліктік және рекреациялық инфрақұрылымдардың құрылыс объектілеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарды сақтамау, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын құрылыс объектілерінде қазақстандық тауар өндірушілердің тізіліміне енгізілген, Қазақстанда шығарылған материалдарды, жабдықтарды, бұйымдар мен конструкцияларды қолданбау;
13) құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алу, сондай-ақ пайдалану процесінде оларды күтіп-ұстау тәртібін бұзу;
14) елді мекендерді (елді мекендердің бөліктерін), жобаланатын құрылыс объектілерін жоспарлауға және оларда құрылыс салуға (реконструкциялауға) байланысты шешімдерді дайындау және қабылдау туралы, сондай-ақ өмір сүру және тіршілік ету ортасының жай-күйі мен жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің мүдделерін тікелей қозғайтын, болжанатын өзгерістер туралы ақпарат беруден уәжсіз бас тарту не анық емес ақпарат беру;
15) құрылыс-монтаждау жұмыстары барысында әзірленген және белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамадан ауытқу;
16) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызмет түрлерін рұқсатсыз жүзеге асыру;
17) пайдалануға қабылдап алынған көппәтерлі тұрғын үйдің кондоминиум объектісін тіркеуді жүзеге асырмау;
18) жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес көппәтерлі тұрғын үйдің сыртқы инженерлік желілері мен құрылысжайларын коммуналдық меншікке беруді қамтамасыз етпеу;
19) жер учаскесін көппәтерлі тұрғын үйдің кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің құрамына енгізуді қамтамасыз етпеу;
20) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесін толықтыру үшін ақпарат және (немесе) мәліметтер беру жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу;
21) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде кезекші топографиялық жоспарды жүргізу мен жаңартып отырудың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртібін бұзу;
22) өмір сүру және тіршілік ету ортасы жай-күйінің нашарлауына, азаматтардың, оның ішінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының және тұтас қоғамның құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге, мемлекеттік мүдделерге залал келтіруге себеп болатын, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келетін өзге де әрекеттер.
2. Жол берілген бұзушылықты (шарттарды, қағидаларды, шектеулерді) және оның салдарын жою, сондай-ақ келтірілген залалды (зиянды) өтеу жөніндегі міндеттер көрсетілген бұзушылықтарға (шарттарға, қағидаларға, шектеулерге) жол берген сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектісіне жүктеледі.
3. Сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметі субъектілерінің кепілдік мерзімін сақтамау фактілері Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларына, сондай-ақ осы Кодекстің 122-бабына сәйкес белгіленеді.
4. Жобалау-сметалық құжаттамада Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ қала құрылысы регламенттері мен техникалық регламенттердің талаптарын, құрылыс объектісінің беріктігіне, орнықтылығына және сенімділігіне тікелей әсер ететін мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерін бұзушылықтар, сондай-ақ қала құрылысы жобасындағы бұзушылықтар, жобаларға сараптама жүргізу процесінде нормалар мен талаптарды бұзушылық анықталған және анықталған бұзушылықтар сараптама жүргізудің белгіленген мерзімдерінде жойылмаған жағдайларда, жобалау-сметалық құжаттаманы, қала құрылысы жобаларын әзірлеген жобалау ұйымы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Теріс сараптама қорытындысы жобалау-сметалық құжаттаманы және қала құрылысы жобаларын әзірлеу кезінде анықталған бұзушылықтарды растау болып табылады.
Құрылыс процесінде жобалау-сметалық құжаттамада Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ қала құрылысы регламенттері мен техникалық регламенттердің талаптарын, салынып жатқан құрылыс объектісінің беріктігіне, орнықтылығына және сенімділігіне тікелей әсер ететін мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерін бұзушылықтар анықталған кезде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеген жобалау ұйымы, сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттама бойынша оң сараптама қорытындысын берген сарапшы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Қала құрылысы жобасындағы нормалар мен талаптарды бұзушылықтар анықталған кезде қала құрылысы жобасын әзірлеген жобалау ұйымы, сондай-ақ қала құрылысы жобасы бойынша оң сараптама қорытындысын берген сарапшы мен мемлекеттік сараптама ұйымы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Анықталған бұзушылықтар мен сарапшылардың ескертулері уәжді болуға және Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілеріне, қала құрылысы регламенттері мен техникалық регламенттердің талаптарына, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелеріне сілтемелермен негізделуге тиіс. Ұсынымдық сипаттағы ескертулер беруге жол берілмейді.
Құрылыстың есептік немесе сметалық құнының негізділігін және (немесе) анықтығын бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізілген сот сараптамасымен расталады.
Сот сараптамасы құрылыстың есептік немесе сметалық құнының негізсіз көтерілгенін және (немесе) төмендетілгенін растаған жағдайда, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеген және ол бойынша құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүргізген тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
5. Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ қала құрылысы регламенттері мен техникалық регламенттердің талаптарын, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерін бұза отырып келісілген және берілген сәулет-жоспарлау тапсырмасы, келісілген эскиздік жоба, сондай-ақ оң сараптама қорытындысы, ғимараттың және құрылысжайдың жай-күйі туралы техникалық зерттеп-қарау қорытындысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кері қайтарып алынуға не олардың күші жойылуға тиіс.
Сәулет-жоспарлау тапсырмасын, келісілген эскиздік жобаны кері қайтарып алу және олардың күшін жою сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы берген нұсқаманың және заңды күшіне енген сот актісінің негізінде жүргізіледі.
Ғимараттың және құрылысжайдың жай-күйі туралы техникалық зерттеп-қарау қорытындысын кері қайтарып алу және оның күшін жою астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы берген нұсқаманың және заңды күшіне енген сот актісінің негізінде жүргізіледі.
Сараптама қорытындысын кері қайтарып алуды осы Кодекстің 115-бабына сәйкес мемлекеттік сараптама ұйымы немесе сараптама ұйымдары жүргізеді.
23-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
147-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Кодекстің 76-бабы 4-тармағының, 78-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің, 98-бабының 4-тармағы бірінші бөлігі 1) тармақшасының және 120-бабының 5-тармағы төртінші бөлігінің қолданысы 2030 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ, бөліктер және тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«4. Елді мекеннің бас жоспарын әзірлеу және бекіту кезінде сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталары, сондай-ақ сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің карталары болған кезде осы карталар ескеріледі.»;
«5. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеу және бекіту кезінде сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталары, сондай-ақ сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің карталары болған кезде осы карталар ескеріледі.»;
«1) сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталарына, сондай-ақ сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің карталарына сәйкес осы карталар болған кезде сейсмикалық қауіптілігі жоғары аудандардағы (аймақтардағы) құрылыстан басқа екі қабаттан аспайтын жеке тұрғын үйлер салуды;»;
«Жобалауға арналған тапсырма құрылыс объектісінің талап етілетін параметрлерін, өзге де бастапқы деректерді, оның ішінде сейсмикалық шағын аймақтарға бөлудің және сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің карталары болған кезде осы карталардың мәліметтерін қамтуға тиіс.».
2. Санитариялық-қорғаныш аймағы белгіленбеген, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін пайдалануға берілген құрылыс объектілерінің санитариялық-қорғаныш аймағын белгілеуді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері жүзеге асырады.
3. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін тұрғызылған және жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмыскерлерінің тұруына арналған ғимараттарды елді мекеннің өнеркәсіптік (өндірістік) аймақтарының аумағында орналастыруға жол беріледі.
4. Сарапшылардың осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін алған сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптама жұмыстары мен инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығына арналған аттестаттары осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл бойы күшін сақтайды.
5. Сертификаттау орталықтары осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде құрылуы мүмкін.
6. Инжинирингтік қызметтер және сараптама жұмыстарын көрсетуге арналған сарапшылардың аттестаттары бар адамдар сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органмен сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мамандарды (сарапшыларды) сертификаттауды жүргізу құқығына шарт жасасқаннан кейін сертификаттау орталығында сертификаттаудан өтуге құқылы.
7. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында мүшелігі (қатысуы) міндетті өзін-өзі реттейтін ұйым құрылған кезде мүшелігі (қатысуы) міндетті өзін-өзі реттейтін ұйым өзін-өзі реттейтін ұйымдар тізіліміне енгізілген күнінен бастап он екі ай ішінде сертификаттау орталығын құруға тиіс.
8. Осы Кодексте пайдаланылатын «сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы маман (сарапшы) сертификаты» деген сөздердің 2028 жылғы 1 шілдеге дейін «сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы аттестаттары» деген сөздермен мәні бірдей болады.
148-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Кодекстің 61-бабы 3-тармағының екінші бөлігін;
2) 2028 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін осы Кодекстің 57 және 58-баптарын қоспағанда, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
1) «Жеке тұрғын үй құрылысы туралы» 1994 жылғы 3 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының;
2) 2028 жылғы 1 шілдеге дейін қолданылатын 20-бабының 11-1), 23-19), 23-20), 23-22), 23-25) және 23-26) тармақшаларын, 24-бабы 1-тармағының 17-6) тармақшасын, 25-бабы 1-тармағының 18-6) тармақшасын және 32-1-бабы 1-тармағының екінші абзацын қоспағанда, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2026 жылғы 9 қаңтар
№ 253-VIII ҚРЗ