Теріс сараптама қорытындысы жобалау-сметалық құжаттаманы және қала құрылысы жобаларын әзірлеу кезінде анықталған бұзушылықтарды растау болып табылады.
Құрылыс процесінде жобалау-сметалық құжаттамада Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ қала құрылысы регламенттері мен техникалық регламенттердің талаптарын, салынып жатқан құрылыс объектісінің беріктігіне, орнықтылығына және сенімділігіне тікелей әсер ететін мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерін бұзушылықтар анықталған кезде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеген жобалау ұйымы, сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттама бойынша оң сараптама қорытындысын берген сарапшы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Қала құрылысы жобасындағы нормалар мен талаптарды бұзушылықтар анықталған кезде қала құрылысы жобасын әзірлеген жобалау ұйымы, сондай-ақ қала құрылысы жобасы бойынша оң сараптама қорытындысын берген сарапшы мен мемлекеттік сараптама ұйымы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Анықталған бұзушылықтар мен сарапшылардың ескертулері уәжді болуға және Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілеріне, қала құрылысы регламенттері мен техникалық регламенттердің талаптарына, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелеріне сілтемелермен негізделуге тиіс. Ұсынымдық сипаттағы ескертулер беруге жол берілмейді.
Құрылыстың есептік немесе сметалық құнының негізділігін және (немесе) анықтығын бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізілген сот сараптамасымен расталады.
Сот сараптамасы құрылыстың есептік немесе сметалық құнының негізсіз көтерілгенін және (немесе) төмендетілгенін растаған жағдайда, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеген және ол бойынша құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүргізген тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
5. Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ қала құрылысы регламенттері мен техникалық регламенттердің талаптарын, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерін бұза отырып келісілген және берілген сәулет-жоспарлау тапсырмасы, келісілген эскиздік жоба, сондай-ақ оң сараптама қорытындысы, ғимараттың және құрылысжайдың жай-күйі туралы техникалық зерттеп-қарау қорытындысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кері қайтарып алынуға не олардың күші жойылуға тиіс.
Сәулет-жоспарлау тапсырмасын, келісілген эскиздік жобаны кері қайтарып алу және олардың күшін жою сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы берген нұсқаманың және заңды күшіне енген сот актісінің негізінде жүргізіледі.
Ғимараттың және құрылысжайдың жай-күйі туралы техникалық зерттеп-қарау қорытындысын кері қайтарып алу және оның күшін жою облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы берген нұсқаманың және заңды күшіне енген сот актісінің негізінде жүргізіледі.
Сараптама қорытындысын кері қайтарып алуды осы Кодекстің 115-бабына сәйкес мемлекеттік сараптама ұйымы немесе сараптама ұйымдары жүргізеді.
23-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
147-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Кодекстің 76-бабы 4-тармағының, 78-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің, 98-бабының 4-тармағы бірінші бөлігі 1) тармақшасының және 120-бабының 5-тармағы төртінші бөлігінің қолданысы 2030 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ, бөліктер және тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«4. Елді мекеннің бас жоспарын әзірлеу және бекіту кезінде сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталары, сондай-ақ сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің карталары болған кезде осы карталар ескеріледі.»;
«5. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеу және бекіту кезінде сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталары, сондай-ақ сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің карталары болған кезде осы карталар ескеріледі.»;
«1) сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталарына, сондай-ақ сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің карталарына сәйкес осы карталар болған кезде сейсмикалық қауіптілігі жоғары аудандардағы (аймақтардағы) құрылыстан басқа екі қабаттан аспайтын жеке тұрғын үйлер салуды;»;
«Жобалауға арналған тапсырма құрылыс объектісінің талап етілетін параметрлерін, өзге де бастапқы деректерді, оның ішінде сейсмикалық шағын аймақтарға бөлудің және сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің карталары болған кезде осы карталардың мәліметтерін қамтуға тиіс.».
2. Санитариялық-қорғаныш аймағы белгіленбеген, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін пайдалануға берілген құрылыс объектілерінің санитариялық-қорғаныш аймағын белгілеуді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері жүзеге асырады.
3. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін тұрғызылған және жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмыскерлерінің тұруына арналған ғимараттарды елді мекеннің өнеркәсіптік (өндірістік) аймақтарының аумағында орналастыруға жол беріледі.
4. Сарапшылардың осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін алған сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптама жұмыстары мен инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығына арналған аттестаттары осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл бойы күшін сақтайды.
5. Сертификаттау орталықтары осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде құрылуы мүмкін.
6. Инжинирингтік қызметтер және сараптама жұмыстарын көрсетуге арналған сарапшылардың аттестаттары бар адамдар сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органмен сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мамандарды (сарапшыларды) сертификаттауды жүргізу құқығына шарт жасасқаннан кейін сертификаттау орталығында сертификаттаудан өтуге құқылы.
7. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында мүшелігі (қатысуы) міндетті өзін-өзі реттейтін ұйым құрылған кезде мүшелігі (қатысуы) міндетті өзін-өзі реттейтін ұйым өзін-өзі реттейтін ұйымдар тізіліміне енгізілген күнінен бастап он екі ай ішінде сертификаттау орталығын құруға тиіс.
8. Осы Кодексте пайдаланылатын «сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы маман (сарапшы) сертификаты» деген сөздердің 2028 жылғы 1 шілдеге дейін «сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы аттестаттары» деген сөздермен мәні бірдей болады.
148-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Кодекстің 61-бабы 3-тармағының екінші бөлігін;
2) 2028 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін осы Кодекстің 57 және 58-баптарын қоспағанда, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
1) «Жеке тұрғын үй құрылысы туралы» 1994 жылғы 3 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының;
2) 2028 жылғы 1 шілдеге дейін қолданылатын 20-бабының 11-1), 23-19), 23-20), 23-22), 23-25) және 23-26) тармақшаларын, 24-бабы 1-тармағының 17-6) тармақшасын, 25-бабы 1-тармағының 18-6) тармақшасын және 32-1-бабы 1-тармағының екінші абзацын қоспағанда, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2026 жылғы 9 қаңтар
№ 253-VIII ҚРЗ