Көрсетілген іс-шаралар әсер етудің осы түрі үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормативтерге және (немесе) шекті жол берілетін деңгейге (жүктемеге) сәйкес көзделеді және орындалады.
2. Қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасының құрамына қоршаған ортаны қорғау, экологиялық талаптарды қамтамасыз ету жөніндегі бөлімдер (бөліктер) енгізіледі.
Белгіленген тәртіппен бекітілген, экологиялық талаптарды қамтамасыз ету жөніндегі жобалау құжаттамасының талаптарын (шарттарын, шектеулерін) орындау құрылыс жобаларын іске асыруды жүзеге асыратын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің барлық субъектісі үшін міндетті болып табылады.
Экологиялық зілзала аймақтары деп жарияланған, өнеркәсіптік орталықтар немесе жекелеген өндірістік кешендер бар аумақтар халықты және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралармен қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемаларында, аумақты дамытудың өңіраралық схемаларында қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ экологиялық зілзала аймақтарын оңалту жөніндегі шаралар көзделуге тиіс.
Елді мекендердің бас жоспарларының жобаларында, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қала құрылысы жобаларын тиісті уәкілетті органдармен келісулердің болуы көрсетіле отырып, жобаланатын аумақта бар жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулері, санитариялық-қорғаныш аймақтары, рекреациялық аймақтар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
Жобаланатын аумақ үшін белгіленген жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулері, санитариялық-қорғаныш аймағы болмаған жағдайда, жоқ су қорғау құжаттамасын немесе санитариялық-қорғаныш аймағы бойынша құжаттаманы алмастыратын арнаулы бөлімнің (бөліктің) көрсетілген қала құрылысы жобаларын әзірлеуге арналған тапсырмада міндетті түрде болуы көзделуге тиіс.
14-бап. Жол жүрісі қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды қамтамасыз ету
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс кызметін жүзеге асыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі талаптарды қамтамасыз ету шарттарына негізделуге тиіс.
Осы талаптарды орындау жөніндегі шаралар аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастырудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі құжаттарда көрсетілуге тиіс.
2. Қала құрылысы жобаларының құрамына аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі құжаттардың бөлімдері (бөліктері) енгізіледі.
Белгіленген тәртіппен бекітілген аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі құжаттардың талаптарын (шарттарын, шектеулерін) орындау сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің барлық субъектісі үшін міндетті.
3. Елді мекендер мен аумақтар аумақтық-көліктік және жаяу жүргіншілер жолын жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралармен қамтамасыз етілуге тиіс.
4. Елді мекендерде жол-көлік оқиғалары және жолдар мен көшелердің өткізу қабілеттілігін мониторингтеу нәтижелері мемлекеттік қала құрылысы кадастрында базалық деңгейде көрсетіледі.
5. Қала құрылысы жобаларының бөлімдерінде (бөліктерінде) аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі мынадай құжаттардан алынатын ақпарат қамтылады:
1) кешенді көлік схемасы - көлік құралдарының, оның ішінде қоғамдық көліктің арасында көлік жұмысының көлемдерін бөлуді орындайды, көше-жол желілерін және қоғамдық көлік желілерін, көшеден тыс жылдамдық қозғалысы желілерін дамыту жөніндегі кешенді шешімдерді ұсынады;
2) көше-жол желісінің бас схемасы - аумақтық-көліктік жоспарлау жөніндегі құжаттарға сәйкес тиімді және қауіпсіз көше-жол желісін дамыту міндеттерін іске асырудың қаржылық-экономикалық аспектілерін айқындайды;
3) көше-жол желісін ұйымдастыру жобасы - магистральдық көше-жол желісінің белгіленіп берілген құрылымын іске асырады, жол жүрісі қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды қамтамасыз ету шартымен көшелердің, жолдар мен тораптық элементтердің, көлденең және бойлық қималардың, тораптардағы жол жүрісі схемаларының орналасатын жерлерін айқындайды. Көшелер мен жолдарды орналастыру үшін қажетті аумақтарды айқындайды;
4) жолдарды жоспарлау жобасы - жол жүрісі қауіпсіздігінің талаптары және көліктік жоспарлаудың тиімділігі ескеріле отырып, бөлінген жерлердің (қызыл сызықтардың), резервке қойылған аумақтардың шегінде көшелер мен жолдардың негізгі элементтерінің орналасатын жерлерін айқындайды;
5) жол жүрісін ұйымдастырудың кешенді схемасы - елді мекенде жол жүрісін ұйымдастыру жүйесін айқындайды.
Астанада жол қозғалысын ұйымдастырудың кешенді схемасы «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қабылданады.
6. Аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру мынадай үш сатыда жүзеге асырылады:
бірінші сатыда ағымдағы көлік және жаяу жүргіншілер жағдайына зерттеулер жүргізіледі, көлік жағдайының ұзақ мерзімді перспективаға арналған өзгеру болжамдары орындалады, аумақтың көлік және жаяу жүргіншілер каркасын дамыту мүмкіндіктері бағаланады, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ұсыныстары сұратылады, көше-жол желісінің қауіп-қатерлері мен ошақтарының деңгейі бағалана отырып, жол жүрісі қауіпсіздігіне аудит жүргізіледі және бірінші кезекті бөле отырып, ұзақ мерзімді перспективада жол жүрісін ұйымдастыру бойынша тұжырымдамалық ұсыныстар қалыптастырылады. Бір жүз мыңнан астам халқы бар қалалар, көліктік жағдайы қиын басқа қалалар үшін жаяу жүргіншілер жолдары айқындала отырып, кешенді көлік схемалары әзірленеді;
екінші сатыда зерттеу нәтижелері, тұжырымдамалық ұсыныстар және жаяу жүргіншілер жолдары айқындала отырып, кешенді көлік схемалары негіздеуші материалдар түрінде ресімделеді және Қазақстан Республикасы аумағының және жекелеген өңірлердің (облыстың, ауданның, ауылдық округтің) аумақтық-көліктік жоспарлау схемаларын, елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеу шеңберінде қаралады;
үшінші сатыда осы баптың 5-тармағында көзделген құжаттар әзірленеді.
7. Көше-жол желісін ұйымдастыру жобасы елді мекеннің бас жоспары, жолдарды жоспарлау жобасы және жол жүрісін ұйымдастырудың кешенді схемасы арасындағы байланыстырушы буын болып табылады.
8. Жолдарды жоспарлау жобасы жекелеген тораптарда жол жүрісін ұйымдастыру жобасын әзірлеуге негіз болып табылады.
9. Қазақстан Республикасының аумағында жолдарды жобалау:
жол жүрісінің қарқындылығын ұлғайту перспективасы ескеріле отырып, жолдардың қажетті өткізу қабілеттілігін;
жол жүрісінің қауіпсіздігін;
жолдарды зияткерлік көлік жүйелерімен;
қоғамдық көліктің кедергісіз және қауіпсіз қозғалысын, оның ішінде оларға қозғалыс үшін бөлек жолақтар бөлу арқылы;
жолдарды трассалық медициналық-құтқару пункттерімен жарақтандыруды;
халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін кедергісіз қол жеткізу ескеріле отырып, өткелдері бар жаяу жүргіншілер тротуарларымен;
велосипедтердің, электр самокаттардың және электр қозғалтқыштары бар велосипедтердің кедергісіз және қауіпсіз қозғалысын, оның ішінде қозғалыс үшін бөлек жолақтарды бөлу арқылы қамтамасыз етудің міндетті талаптарына сай келуге тиіс.
15-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерін және табиғи ландшафттарды сақтау жөніндегі талаптарды қамтамасыз ету
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тарих пен мәдениет ескерткіштері және табиғи ландшафттар деп танылған аумақтар мен объектілердің сақталу жағдайларына негізделуге тиіс.
2. Тарих пен мәдениет ескерткіштері және табиғи ландшафттар бар аумақтарда ерекше реттеу шекаралары белгіленеді, олардың шегінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне тыйым салынады немесе шектеу қойылады.
3. Көрсетілген шекараларда жерді пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
16-бап. Байланысты қамтамасыз ету жөніндегі талаптар
Қоғамдық (қоғамдық-іскерлік) аймақта орналасқан құрылысжайды және (немесе) ғимаратты жобалау және салу кезінде тапсырыс беруші:
талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізуді;
байланыс құралдарын орналастыру мен қосу мақсатында байланыс операторларына арналған микроклиматты басқару жүйесі (желдету, кондиционерлеу және басқалары) бар жеке үй-жаймен қамтамасыз етеді.
Осындай құрылысжайлар мен ғимараттардың меншік иелері байланыс операторларының тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
17-бап. Елді мекендерді инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз ету және олардың қолжетімділігіне жағдай жасау
1. Елді мекеннің не оның бір бөлігінің қала құрылысы құжаттамасында (қала құрылысы жобаларында) әлеуметтік, өндірістік (өнеркәсіптік), рекреациялық, инженерлік, энергетикалық, телекоммуникациялық (байланыс және интернет), экологиялық, су, жылу-энергетикалық, газ, ауыл шаруашылығы, туристік, мәдени, спорттық және көліктік инфрақұрылымдар, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік, тұрғын үй инфрақұрылымы және тұрғын үйге тартылатын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, әкімшілік ғимарат, кәсіпкерлік объектілерінің құрамы мен құрылымы айқындалуға тиіс.
2. Елді мекендер халықтың барлық санаттары үшін (халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарын қоса алғанда) жұмыс орындарына, ортақ пайдаланылатын орындарға, әлеуметтік, рекреациялық, инженерлік және көліктік инфрақұрылым объектілеріне (құрылысжайларға, ғимараттарға, коммуникацияларға), оның ішінде фуникулерлерге, лифтілерге, траволаторларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектігі бар адамдарға) арналған көтергіштерге елді мекеннің санатына, осы жергілікті жердің жағдайларына және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қол жеткізудің оңтайлы жағдайларымен және құралдарымен қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Елді мекендердің қала құрылысы құжаттамасында әлеуметтік және рекреациялық инфрақұрылым объектілерінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жағдайлар жасау жөніндегі бөлімдер қамтылуға тиіс.
4. Халыққа қызмет көрсету объектілерінің функционалдық мақсатын мемлекеттік нормативтік құжаттарда белгіленген талаптардың төмендеуіне алып келетін өзгертуге жол берілмейді.
5. Қала құрылысы құжаттамасын әзірлеу, елді мекендерді жобалау және оларда құрылыс салу кезінде елді мекеннің жоспарлау құрылымымен өзара байланысты және оның барлық функционалдық аймағымен, сондай-ақ сыртқы көлік объектілерімен байланысты қамтамасыз ететін көліктік коммуникациялардың және көше-жол желісінің бірыңғай жүйесі көзделуге тиіс.
6. Қонысаралық аумақтарды игеруге (абаттандыруға, құрылыс салуға) арналған жобалау құжаттамасында адамдардың болуына байланысты шаруашылық және (немесе) өзге де қызметті кейіннен жүзеге асыру мақсатында осы аумақта, инфрақұрылым объектілерінің құрылысын қоса алғанда, тіршілікті қамтамасыз етудің орнықты және қолжетімді жүйесі көзделуге тиіс.
7. Инженерлік инфрақұрылымның магистральдық коммуникацияларының, басты ғимараттарының жобалау құжаттамасын әзірлеу, салу, пайдалану және кейіннен кәдеге жарату кезінде, сондай-ақ аумақтарды инженерлік жағынан дайындау жұмыстарын жүргізу кезінде шектес аумақтардың мүдделерін ескеретін және қауіпті (зиянды) құбылыстар мен процестердің аумақ пен халыққа әсер ету мүмкіндігін болғызбайтын шешімдер қабылдануға тиіс.
8. Республикалық, өңіраралық және өңірлік инженерлік және көліктік жүйелердің бекітілген схемалары жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, сондай-ақ елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету және жайластыру жүйесін дамытуға бағытталған (дамытумен ұштасқан) қызмет үшін негіз болып табылады.
9. Жүріп-тұруы шектеулі топтардың қажеттіліктері ескеріле отырып, халық үшін инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету кезінде мемлекеттік нормативтік құжаттарды және ұлттық стандарттарды басшылыққа алу қажет.
18-бап. Жер учаскелерін пайдалану кезінде қала құрылысы талаптарын қамтамасыз ету
Меншік иелерінің не жер пайдаланушылардың құрылыс салу үшін (коммуникациялар тартуды, аумақты инженерлік жағынан дайындауды, абаттандыруды, көгалдандыруды және учаскені жайластырудың басқа да түрлерін қоса алғанда), сондай-ақ ғимараттарды (құрылыстарды, құрылысжайларды) кеңейту және реконструкциялау үшін жер учаскелерін пайдалануы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген қала құрылысы жобаларына сәйкес және нысаналы мақсат немесе сервитут, аумақты аймақтарға бөлу, қызыл сызықтар және құрылыс салуды реттеу сызықтары, құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары сақтала отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақ пен тыйым салынған аудан аумағында белгіленген тыйымдар сақтала отырып қана жүзеге асырылуы мүмкін.
Егер жер учаскесі елді мекендердің жаңа бас жоспарын бекітуге немесе бекітілген бас жоспарға не егжей-тегжейлі жоспарлау немесе оларды дамыту және құрылыс салу схемасының жобасына өзгерістер енгізуге байланысты мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылуға жататын болса, меншік иесі немесе жер пайдаланушы осы жер учаскесін жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшін алып қойылғанға дейін елді мекендердің жаңа бас жоспары бекітілгенге немесе бекітілген бас жоспарға не егжей-тегжейлі жоспарлау немесе оларды дамыту және құрылыс салу схемасының жобасына өзгерістер енгізілгенге дейін қолданыста болған қала құрылысы талаптарына сәйкес нысаналы мақсаты бойынша пайдаланады.
19-бап. Абаттандыру жөніндегі іс-шаралар
1. Абаттандыру жөніндегі іс-шаралар саламатты өмір салты, жұмыс істеу және демалыс үшін жағдайлар жасау, осы аумақта тұратын немесе жұмыс істейтін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тиісті аумақтың және онда орналасқан құрылыс объектілері мен олардың бөліктерінің сыртқы түрін жақсарту, сондай-ақ осы аумақта адамның өмір сүруі үшін бұрыннан бар жағдайларды одан әрі жақсарту мақсатында белгілі бір аумақта жүзеге асырылатын іс-шаралар жиынтығын білдіреді.
2. Абаттандыру жөніндегі іс-шаралар мүдделі тұлғалармен алдын ала талқылануға тиіс. Жергілікті атқарушы органдар абаттандыруға қатысатын адамдарға қажетті консультациялар береді.
3. Абаттандыруға дайындық жұмыстарын жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады. Дайындық жұмыстары мыналарды қамтиды:
1) дайындық сипатындағы зерттеулер жүргізу;
2) абаттандыруға жататын аумақты айқындау;
3) абаттандыру жөніндегі іс-шараларды айқындау;
4) абаттандыру жөніндегі іс-шаралардың көлемі мен мерзімдерін айқындау;
5) көзделген абаттандыруды талқылау;
4. Абаттандыруға жататын аумақ айқындалғанға дейін дайындық жұмыстары ретінде реттеу мен құрылысқа байланысты жекелеген іс-шаралар жүргізіледі.
5. Абаттандыру жөніндегі іс-шаралар жүргізілуі болжанатын аумақты абаттандыруға жататын аумақты айқындауды негіздейтін есепке сәйкес жергілікті атқарушы орган айқындайды.
6. Абаттандыруға жататын аумақ осы баптың 3-тармағында көзделген абаттандыру жөніндегі іс-шаралардың неғұрлым тиімді іске асырылуы тұрғысынан айқындалуға тиіс. Абаттандыруға жататын аумақ шегінде абаттандыру жөніндегі іс-шаралар қолданылмайтын жекелеген жер учаскелері айқындалады.
7. Абаттандыру туралы шешімді жергілікті атқарушы орган бекітеді.
8. Абаттандыру туралы шешім бекітілген күннен бастап он күн ішінде жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырылады.
9. Осы бапта көзделген абаттандыру жөніндегі іс-шаралар бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
20-бап. Жеке және заңды тұлғалардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі жөніндегі шешімдерді талқылауға қатысуы
1. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының, қолжетімділігі шектелген ақпаратты қоспағанда, өмір сүру және тіршілік ету ортасының жай-күйі, оның болжамды өзгерістері, белгіленіп отырған сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы толық, уақтылы және анық ақпарат алуға құқығы бар.
2. Жеке және заңды тұлғаларға өмір сүру және тіршілік ету ортасының жай-күйі, оның болжамды өзгерістері, белгіленіп отырған сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы хабардар беруді аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдары жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсын қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ қала құрылысы жобаларының экспозициялары және (немесе) көрмелері бар қоғамдық талқылаулар өткізу арқылы жүзеге асырады.
3. Елді мекендерді дамытудың және оларда құрылыс салудың қала құрылысы жобалары бекітілгенге дейін жеке және заңды тұлғалардың талқылауға қатысуға, жеке және қоғамдық мүдделерді қозғайтын қабылданатын шешімдерді өзгерту жөнінде ұсыныстар енгізуге құқығы бар.
Қоғамдық талқылаулар қала құрылысы шешімдерінің ашықтығын, айқындығы мен жариялылығын қамтамасыз ету, жеке және заңды тұлғалардың пікірлерін анықтау және ескеру, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің ықтимал теріс салдарының алдын алу мақсатында жүргізіледі.
4. Халықты хабардар ету мерзімдерін, нысандарын қоса алғанда, қоғамдық талқылауларды ұйымдастыру және өткізу тәртібін, құжаттар тізбесін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
Жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында қоғамдық талқылаулардың нәтижелері жариялана отырып, қоғамдық талқылаулардың нәтижелері жергілікті атқарушы органның және жобалау ұйымының міндетті түрде қарауына жатады.
5. Мемлекеттік органдар өмір сүру және тіршілік ету ортасының жай-күйі, оның болжамды өзгерістері, белгіленіп отырған сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы анық емес, мемлекеттік нормативтік құжаттарға немесе бекітілген қала құрылысы құжаттамасына сәйкес келмейтін, сондай-ақ жеке және қоғамдық мүдделерді тікелей қозғайтын ақпарат берген (қолжетімділігі шектеген ақпаратқа жатпайтын ақпаратты беруден бас тартқан) жағдайда, жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
6. Қала құрылысы, сәулет немесе құрылыс шешімдерін қабылдау кезінде жеке және заңды тұлғалардың талқылауға қатысуы:
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де нысанда көрініс табуы мүмкін.
7. Басқа тұлғалардың сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметі саласындағы құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған кезде олардың:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып жүзеге асырылатын құрылыс объектілерін орналастыру, жобалау, салу (реконструкциялау) немесе пайдалануға беру туралы шешімнің күшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жоюға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып жүзеге асырылатын қызметке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шектеу енгізу, оны тоқтата тұру немесе тоқтату туралы талап қоюға;
3) облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ сараптама қорытындысына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің немесе олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға жол беруіне байланысты жеке тұлғалардың денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды өтеу туралы сотқа талап қоюды беруге;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзудың өзге де фактілері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүгінуге құқығы бар.
21-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі қоғамдық бақылау нысандары
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі қоғамдық бақылау қоғамдық талқылау, қоғамдық сараптама және қоғамдық мониторинг нысандарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
2. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
2-БӨЛІМ. СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ҚЫЗМЕТІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
3-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТІ
22-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі лауазымды адамдар және мемлекеттік басқару органдары
Мыналар сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында реттеуді жүзеге асыратын лауазымды адамдар және мемлекеттік басқару органдары болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының Президенті;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган;
4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметімен сабақтас болып табылатын мәселелер бойынша өздерінің құзыреттері шегінде өзге де орталық мемлекеттік органдар;
5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді және атқарушы органдары.
23-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасының негізгі ережелерін бекітеді және іске асырады;
3) республикалық және өңіраралық маңызы бар ерекше реттеу объектілерінің шекараларын белгілейді;
4) республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және халқының есептік саны бір жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларын, жалпымемлекеттік, мемлекетаралық немесе өңіраралық маңызы бар өзге де қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасын бекітеді, сондай-ақ оларға өзгерістер енгізеді;
5) жалпымемлекеттік және мемлекетаралық маңызы бар құрылыс объектілерін жобалау және салу туралы шешімдер қабылдайды;
6) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы нормативтік құқықтық актілерін шығарады;
7) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етеді;
8) Қазақстан Республикасының құрылыс объектілері мен кешендерін шет елдерде салу (реконструкциялау, күрделі жөндеу) жобаларын іске асыру тәртібін айқындайды;
9) аумақты дамытудың өңіраралық схемаларын бекітеді;
10) Конституцияда, осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
24-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган:
1) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған негізгі бағыттары және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілеттігінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, құрылыс индустриясының өндірістік базасын дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;
2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жергілікті атқарушы органдарды үйлестіруді және оларға әдістемелік басшылық жасауды жүзеге асырады;