«Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII Кодексі

Предыдущая страница

2) жеке және заңды тұлғалардың, қоғамның, жер учаскелері мен жылжымайтын мүлік объектілері құқық иеленушілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ете отырып, аумақтарды жоспарлау үшін жағдайлар жасау;

3) аумақтарды неғұрлым ұтымды және тиімді пайдалану бойынша бекітілген қала құрылысы құжаттамасын іске асыру кезінде инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасау;

4) аумаққа бару және көзбен шолып қарау, сондай-ақ цифрлық жүйелер мен цифрлық ресурстардың мәліметтеріне талдау және бағалау жүргізе отырып, аумақтарда құрылыс салу бойынша ұдайы және тұрақты мониторинг жүргізу;

5) құрылысы аяқталмаған объектілердің тізбесін қалыптастыру және жүргізу;

6) мониторинг барысында анықталған рұқсат алмай не заңсыз тұрғызылатын (тұрғызылған) құрылыс объектілері, сол сияқты елді мекеннің (елді мекеннің құрамдас бөліктерінің) сәулеттік келбетін өзгерту, ғимараттарды, жекелеген үй-жайларды және (немесе) ғимарат бөліктерін реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, қайта бейіндеу) туралы, сондай-ақ бұзушылықтар және берілген және (немесе) келісілген бастапқы материалдардан ауытқулар туралы ақпаратты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға шаралар қабылдау үшін уақтылы жіберу;

7) халыққа өздерінің өмір сүру және тіршілік ету ортасының жай-күйі, оның болжамды өзгерістері, белгіленген сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы уақтылы хабар беру, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың қала құрылысы өзгерістерін және қала құрылысы құжаттамасын оларды бекіткенге дейін қарауға қатысуын қамтамасыз ету;

8) тұрақты негізде кезекші топографиялық жоспарға жаңартулар мен өзгерістерді енгізу;

9) рұқсат алмай не заңсыз тұрғызылатын (тұрғызылған) құрылыс объектілерін сүру туралы, сол сияқты елді мекеннің (елді мекеннің құрамдас бөліктерінің) сәулеттік келбетін бекітілген талаптарға сәйкес келтіру, тарихи-мәдени мұра объектілерін және (немесе) ландшафтарды сақтау туралы сотқа талап қоюларға бастамашылық ету жүктеледі.

3. Сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын облыстардың бас сәулетшілеріне төмен тұрған (облыстық маңызы бар қалалардың және (немесе) аудандық) сәулет және қала құрылысы органдарының қызметін жалпы үйлестіру жүктеледі.

 

32-бап. Сәулет-қала құрылысы кеңестері (сәулет-қала құрылысы кеңесі)

1. Сәулет-қала құрылысы кеңесі - бірыңғай қала құрылысы саясатын іске асыру жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру, адамның өмір сүру және тіршілік ету ортасының сапасын арттыру, елді мекендердің орнықты дамуын қамтамасыз ету және қазіргі заманғы сәулеттік келбетін қалыптастыру үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдіктері жанынан құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган.

2. Сәулет-қала құрылысы кеңесіне жергілікті атқарушы органның өкілдері, сәулетшілер мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының мамандары, жобалау ұйымдарының, қоғамдық және өзге де ұйымдардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың мүддесін білдіретін ұйымдардың өкілдері енгізіледі.

Сәулет-қала құрылысы кеңесінің құрамын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті өкілді органы қалыптастырады.

Сәулет және қала құрылысы істері жөніндегі жергілікті атқарушы орган сәулет-қала құрылысы кеңесінің жұмыс органы болып табылады.

3. Сәулет - қала құрылысы кеңестері өз қызметін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін сәулет-қала құрылысы кеңесі туралы үлгілік ережеге сәйкес жүзеге асырады.

4. Сәулет - қала құрылысы кеңесінің өкілдері агломерациялар жөніндегі кеңестің құрамына кіреді.

5. Сәулет-қала құрылысы кеңестерінің мүшелері өздері:

1) жобалау және жобалау алдындағы құжаттаманың тапсырыс берушілері, орындаушылары болған;

2) құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыратын немесе инжинирингтік қызметтер көрсететін субъектілер болып табылатын;

3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында аталған тұлғалармен үлестес болатын құрылыс объектілері бойынша мәселелерді қарау кезінде дауыс беруге қатысуға құқылы емес.

 

 

4-тарау. СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ҚЫЗМЕТІНДЕГІ ЖАЛПЫ ҚАУІПСІЗДІК ТАЛАПТАРЫ ЖӘНЕ ЕРЕКШЕ РЕТТЕУ

 

33-бап. Құрылыс объектілеріне қойылатын қауіпсіздік талаптары

1. Құрылыс объектілерін жобалау кезінде ғимараттар мен құрылысжайларды пайдаланудан бастап және кейіннен кәдеге жарату сатысына дейінгі бүкіл пайдаланылу циклі ішінде адам өмірі, денсаулығы және қоршаған орта үшін ғимараттар мен құрылысжайлар қауіпсіздігінің барлық қажетті жағдайы ескерілуге тиіс.

2. Құрылыс объектілерін жобалау кезінде мемлекеттік нормативтік құжаттарда көзделген базалық қауіпсіздік талаптары сақталуға, сондай-ақ адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін, оның ішінде қалыпты пайдалану, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезіндегі болжамды бұзушылықтар кезіндегі барлық ықтимал қауіп-қатерлер сәйкестендірілуге және ескерілуге тиіс.

3. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде тапсырыс беруші жобалау құжаттамасында және мемлекеттік нормативтік құжаттарда айқындалған қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі барлық шаралар кешенін орындауға, сондай-ақ құрылыстың барлық сатысында олардың орындалуын бақылау мен қадағалауды қамтамасыз етуге міндетті.

4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің субъектілері осы Кодексте және мемлекеттік нормативтік құжаттарда белгіленген құрылыс объектілеріне арналған барлық қауіпсіздік талаптарын орындауға міндетті.

Белгіленген қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін құрылыс объектілерін қабылдап алуға және пайдалануға беруге жол берілмейді.

 

34-бап. Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптар

1. Жобалау және құрылыс сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ жер сілкінісі кезінде адамдарды шұғыл эвакуациялау талаптары көзделетін жобалау құжаттамасы бойынша жүзеге асырылуға тиіс.

2. Құрылыс объектілерінің жер сілкінісінен қирауын азайту үшін мынадай негізгі талаптарды орындау қажетті шарт болып табылады:

1) сейсмикалық аймақтарда жобалау және құрылыс жөніндегі мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарын сақтау;

2) құрылыс салу үшін, оның ішінде гидрогеологиялық жағдайларға және сейсмикалық қауіптілігі деңгейіне қатысты, сондай-ақ сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталары (олар болған кезде) ескеріле отырып, құрылыс салуға қойылатын талаптарды сақтап, қолайлы алаңды таңдау;

3) құрылыс объектілерін салу үшін игеруге жататын аумақтардың сейсмикалық қауіптілігі туралы егжей-тегжейлі ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету.

 

35-бап. Құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздік талаптары

1. Құрылыс материалдары мен бұйымдары құрылыс объектілерінде пайдалану үшін жарамды болуға және міндетті қауіпсіздік талаптар кешенін белгілейтін мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келуге тиіс.

2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің субъектілері қолданылатын құрылыс материалдары мен бұйымдарының сапасын бақылау мен қадағалауды құзыреті шегінде қамтамасыз етуге міндетті.

 

36-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін ерекше реттеу

1. Аумақты пайдаланудың арнаулы қағидаларын енгізбей жеке және заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қамтамасыз ету мүмкін болмаған немесе қиын болған жағдайларда сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі ерекше реттеуге және қала құрылысын регламенттеуге жатады.

2. Ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу мынадай жолмен жүзеге асырылады:

1) аумақтарды пайдаланудың арнаулы қағидаларын енгізу;

2) арнаулы мемлекеттік нормативтік құжаттарды енгізу;

3) қала құрылысы құжаттамасын әзірлеудің, бекітудің және іске асырудың ерекше тәртібін енгізу;

4) аумақтар мен елді мекендерді зиянды әсерлерден қорғаудың арнаулы схемалары мен жобаларын әзірлеу.

 

37-бап. Ерекше реттеуге және қала құрылысын регламенттеуге жататын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің объектілері

1. Ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу объектілері мынадай болып бөлінеді:

1) ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу аумақтық объектілері;

2) ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу елді мекендері;

3) ерекше реттеуді және қала құрылысын регламенттеуді талап ететін объектілер.

2. Ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу аумақтық объектілеріне мыналар жатады:

1) экологиялық зілзала және (немесе) төтенше экологиялық жағдайлар аймақтары;

2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;

3) су қорғау аймақтары мен белдеулері;

4) тарихи-мәдени мұра объектілері мен бірегей және сирек кездесетін ландшафттары бар аумақтар;

5) сауықтыру, курорттық, рекреациялық және резервтік мақсаттағы аумақтар;

6) қала маңындағы аймақтар;

7) агломерация аумақтары;

8) режимдік аумақтар аймақтары және Қазақстан Республикасының заңдарында ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу аймақтарына жатқызылған өзге де аумақтар.

3. Ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу елді мекендеріне мыналар жатады:

1) Қазақстан Республикасының астанасы және республикалық маңызы бар қалалар;

2) халқының есептік саны бір жүз мың тұрғыннан асатын қалалар;

3) тарихи-мәдени құндылығы бар елді мекендер, олардың бөліктері немесе оларға іргелес аумақ не қорғалатын ландшафттар, сондай-ақ мемлекеттік табиғи қорықтар мен мемлекеттік ұлттық табиғи парктердегі елді мекендер;

4) әскери қалашықтар, шекара бөлімшелері (бөлімдері) және өзге де жабық объектілер бар елді мекендер;

5) табиғи-климаттық, геотехникалық немесе гидрогеологиялық жағдайлары ерекше (экстремалды) аудандарда, сондай-ақ экологиялық және техногендік зілзалалар аймақтарында орналасқан не өзге де қолайсыз құбылыстар мен процестердің әсеріне ұшыраған елді мекендер.

4. Ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу жылжымайтын мүлік объектілеріне мыналар жатады:

1) тарих пен мәдениет ескерткіштері және олардың ансамбльдері;

2) мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері;

3) адам өмірі мен денсаулығына немесе қоршаған ортаға көрінеу қауіп төндіретін объектілерді қоса алғанда, арнаулы мемлекеттік немесе шаруашылық міндеттерді орындау үшін қажетті құрылысжайлар;

4) мүгедектігі бар адамдардың тұруына, болуына және жұмыс істеуіне арнайы арналған ғимараттар мен құрылысжайлар.

5. Ерекше реттеуді және қала құрылысын регламенттеуді талап ететін объектілерді сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

Ерекше реттеуді және қала құрылысын регламенттеуді талап ететін әрбір объект бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы кезең-кезеңімен әзірлеу мен келісудің жеке жоспары бекітіледі.

6. Ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу режимі осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.

 

38-бап. Экологиялық зілзала және (немесе) төтенше экологиялық жағдайлар аймақтарында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін ерекше реттеу

1. Зиянды заттармен, зиянды микроорганизмдермен және басқа да биологиялық заттармен жол берілген шекті концентрациялардан жоғары ластанған, химиялық және (немесе) радиоактивті және басқа да зиянды заттармен жол берілген шекті деңгейден жоғары ластанған аумақтар, егер осындай аумақтарда халықтың тұруы және шаруашылық қызметті жүзеге асыру адам өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін болса, консервациялауға және арнайы өңдеуге жатады. Көрсетілген аумақтардың ластану дәрежесіне және оларды сауықтыру тәсіліне қарай Қазақстан Республикасының Үкіметі оларды пайдаланудың ерекше режимін енгізуі немесе өзге де функционалдық мақсатын белгілеуі мүмкін.

2. Елді мекендер аумақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтық қорғау талаптарын сақтау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды болғызбау, сондай-ақ терроризм актілеріне қарсы күрес жөнінде шаралар қабылдануға тиіс.

3. Экологиялық зілзала және (немесе) төтенше экологиялық жағдайлар аймақтарындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін ерекше реттеуді енгізу мерзімдерін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді. Экологиялық зілзала және (немесе) төтенше экологиялық жағдайлар аймақтарында ерекше реттеу режимін қолдану кезеңінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі осы Кодекстің 36-бабында көзделген іс-шараларға сәйкес жүзеге асырылады.

 

 

5-тарау. СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ҚЫЗМЕТІНДЕГІ ТЕХНИКАЛЫҚ НОРМАЛАУ

 

39-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі техникалық нормалау жүйесі

1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі техникалық нормалау жүйесі мемлекеттік нормативтік құжаттардың жиынтығын білдіреді.

2. Осы Кодекстің 7-бабында айқындалған, Қазақстан Республикасының заңдарына немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы құқықтар мен міндеттер берілген тұлғалар сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі техникалық нормалау субъектілері болып табылады.

3. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі техникалық нормалау объектілері мыналар:

1) қоныстандыру жүйелері, елді мекендер және олардың құрамдас бөліктері;

2) құрылыс объектілері, олардың жеке бөліктері мен үй-жайлары, сәулет объектілері, жобалау, салу, реконструкциялау, реновациялау, реставрациялау, техникалық қайта жарақтандыру, кеңейту, жөндеу және пайдалану процестері;

3) қала құрылысы, сәулет-құрылыс құжаттамасы және өзге де жобалау-сметалық құжаттама;

4) құрылыс объектілерінің инженерлік жабдығы;

5) құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкциялары болып табылады.

 

40-бап. Нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесі

1. Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін мемлекеттік реттеу осы Кодекспен, сондай-ақ нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесімен (мемлекеттік нормативтік құжаттармен) қамтамасыз етіледі.

2. Мемлекеттік нормативтік құжаттар:

1) құрылыс объектісінің пайдаланылу циклі процесінде адамдардың өмірі мен денсаулығы, жануарлардың тіршілігі мен саулығы, сондай-ақ қоршаған орта үшін құрылыс объектілерінің қауіпсіздігін;

2) құрылыс материалдарының, бұйымдарының, конструкциялары мен негіздерінің, құрылыс объектілерін инженерлік жағынан қамтамасыз ету жүйелерінің сенімділігі мен сапасын;

3) табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау қауіп-қатерін ескере отырып, құрылыс объектілері мен адамдарды қолайсыз әсерлерден қорғауды;

4) адамдардың құрылыс объектілерінде болуының жайлы жағдайларын;

5) құрылыс объектілерінің энергетикалық тиімділігін;

6) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі техникалық нормалау субъектілерінің өзара түсіністігін және техникалық кедергілерді жоюды қамтамасыз ету үшін жалпы ғылыми-техникалық және әдістемелік негізде әзірленеді.

3. Мемлекеттік нормативтік құжаттарды әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу және қолданысқа енгізу (тоқтата тұру, күшін жою) тәртібін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.

4. Мемлекеттік нормативтік құжаттарды жетілдіру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган перспективалық номенклатура және бекітілген тақырыптық жұмыс жоспары негізінде қамтамасыз етеді.

5. Нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесін жетілдіруді құрылыстағы техникалық нормалау ұлттық институты техникалық нормалау саласындағы бейінді техникалық комитеттерді және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің өзге де субъектілерін тарта отырып жүзеге асырады.

 

41-бап. Мемлекеттік нормативтік құжаттардың түрлері

1. Мемлекеттік нормативтік құжаттар мынадай аспектілерді қамтиды:

1) құрылысты ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету;

2) құрылыс объектілері сенімділігінің негізгі ережелері, ішкі климат және қолайсыз факторлардан қорғау;

3) қала құрылысы, құрылыс объектілері;

4) құрылыс объектілерін және олардың кешендерін немесе бөліктерін, сондай-ақ олардың сыртқы желілерін инженерлік жағынан қамтамасыз ету;

5) құрылыс конструкциялары мен негіздері;

6) құрылыс материалдары мен бұйымдары;

7) мобильді құрылыс объектілері, құрылыс жарағы және мүкәммал;

8) құрылыстағы баға белгілеу және сметалар;

9) мемлекеттік қала құрылысы кадастры;

10) сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы, сәйкестікті бағалау.

2. Мемлекеттік нормативтік құжаттар мыналарды қамтиды:

1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің қызметін ұйымдастыруға қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін және өзара қатынастарын реттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері:

талаптар, қағидалар, тәртіп және басқа да нормативтік құқықтық актілер;

техникалық регламенттер;

құрылыстағы басшылық құжаттар;

мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу жөніндегі нормативтік құжаттар;

қала құрылысы регламенттері;

2) техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес құрылыс объектілерінің жекелеген түрлеріне және (немесе) олардың пайдаланылу циклінің процестеріне қойылатын міндетті қауіпсіздік талаптарын белгілейтін нормативтік техникалық құжаттар:

құрылыс нормалары, оның ішінде құрылыс нормалары мен қағидалары (сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын қолданылу мерзімімен қатар қолдану кезеңіне арналған);

сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі техникалық нормалау объектілеріне қойылатын талаптарды белгілейтін техникалық кодификацияланған нормалар;

құрылыстағы баға белгілеу жөніндегі нормативтік құжаттар;

үлгілік технологиялық карталар;

3) ерікті таңдаумен қолданылатын нормативтік техникалық құжаттар:

қағидалар жинақтары;

технологиялық жобалау нормалары;

нормативтік-техникалық оқу құралдары;

сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі, өнеркәсіптегі стандарттау жөніндегі құжаттар;

оқу құралдары мен әдістемелік ұсынымдар.

Бұл ретте ерікті таңдаумен қолданылатын нормативтік техникалық құжаттарда техникалық регламенттер мен құрылыс нормаларының талаптары немесе міндетті нормалармен регламенттелмеген жекелеген дербес мәселелер бойынша талаптар ескерілуге тиіс.

Ерікті таңдаумен қолданылатын нормативтік техникалық құжаттарды таңдау кезінде оның талаптары, оның ішінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету кезінде міндетті болып табылады.

3. Мемлекеттік нормативтік құжаттар Қазақстан Республикасының аумағында қолданысқа енгізілген мынадай мемлекетаралық нормативтік құжаттарды да қамтиды:

1) мемлекетаралық нормативтер (мемлекетаралық нормативтік құжаттар);

2) жобалау және құрылыс жөніндегі қағидалардың мемлекетаралық жинақтары;

3) мемлекетаралық стандарттар.

4. Халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттары Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасына сәйкес құрылыс объектілерін жобалау және салу кезінде қолданылады.

5. Мемлекеттік нормативтік құжаттарды осы баптың 6-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік нормативтік құжаттарды әзірлеуді ұйымдастырады.

6. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган құзыреті шегінде стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларын қарауды, сондай-ақ стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық сыныптауыштарын әзірлеу, өзгерістер енгізу, қайта қарау және күшін жою жөнінде ұсыныстар және стандарттау жөнінде ұсынымдар дайындауды жүзеге асырады.

 

42-бап. Құрылыстағы техникалық нормалау ұлттық институты

1. Мемлекеттік нормативтік құжаттарды жетілдіру жөніндегі жұмыстарды үйлестіру үшін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган конкурстық негізде құрылыстағы техникалық нормалау ұлттық институты ретінде ұйымды айқындайды.

2. Құрылыстағы техникалық нормалау ұлттық институты ретінде ұйымды айқындау бойынша конкурс өткізу қағидаларын және конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

3. Құрылыстағы техникалық нормалау ұлттық институты:

1) мемлекеттік нормативтік құжаттарды жетілдіру мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізеді;

2) жетілдіруге жататын мемлекеттік нормативтік құжаттардың перспективалық номенклатурасын қалыптастырады және сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға ұсынады, тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың жоспарларына техникалық регламенттер мен сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін стандарттау жөніндегі құжаттарды әзірлеу және қайта өңдеу бойынша ұсыныстар енгізеді;

3) мемлекеттік нормативтік құжаттарды жетілдіру жөніндегі жұмыстарды орындайды;

4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінде техникалық нормалау жөніндегі қызметті техникалық сүйемелдеуді жүзеге асырады;

5) нормативтік техникалық құжаттардың қорын қалыптастырады, осы мақсаттарда мемлекеттік органдармен және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы өзге де техникалық нормалау субъектілерімен өзара іс-қимыл жасайды, бекітілген нормативтік техникалық құжаттың бір данасын, сондай-ақ нормативтік техникалық құжаттың қабылданғаны, өзгерістер енгізілгені, күші жойылғаны туралы мәліметтерді «Стандарттау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорында орналастыру үшін Стандарттау жөніндегі ұлттық органға ұсынады.

 

43-бап. Техникалық нормалау саласындағы бейінді техникалық комитеттердің қызметі

1. Техникалық нормалау саласындағы бейінді техникалық комитеттерді мемлекеттік нормативтік құжаттарды жетілдіру процесіне құзыретті мамандар мен практиктерді тарту мақсатында сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган қалыптастырады.

Техникалық нормалау саласындағы бейінді техникалық комитеттер құрылыстағы техникалық нормалау ұлттық институтының жанынан құрылады және жұмыс істейді.

Техникалық нормалау саласындағы бейінді техникалық комитеттердің ережесі мен жұмыс тәртібін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

2. Техникалық нормалау саласындағы бейінді техникалық комитеттер өздеріне бекітіліп берілген техникалық нормалау объектілеріне сәйкес:

1) нормативтік техникалық құжаттарды әзірлеу, қайта өңдеу, оларға өзгерістер енгізу және олардың күшін жою жөнінде ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады;

2) қызметтің тиісті бағыттары бойынша нормативтік техникалық құжаттарды әзірлеуге және қайта өңдеуге қатысады;

3) халықаралық және өңірлік ұйымдардың техникалық нормалау саласындағы техникалық комитеттерінің (кіші комитеттерінің, жұмыс топтарының) жұмысына қатысады;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де функцияларды орындайды.

3. Осы баптың қолданысы «Стандарттау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында реттелетін стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерге қолданылмайды.

 

44-бап. Құрылыстағы баға белгілеу

1. Құрылыстағы баға белгілеу - жобалау алдындағы құжаттаманы және құрылыс жобасын әзірлеу сатыларында құрылыстың сметалық құнын қалыптастыру, сондай-ақ құрылыс объектісін салу процесін қоса алғанда, мердігерлік жұмыс пен көрсетілетін қызмет конкурсын өткізу сатыларында құрылыстың шарттық бағасын қалыптастыру процесі.

2. Құрылыстың сметалық құны мемлекеттік инвестицияларды іске асыруға арналған қаражат көлемін қалыптастыру үшін сметалық нормативтік құжаттар қолданыла отырып айқындалады.