ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 21 қазандағы № 17 бұйрығымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері министрінің
2016 жылғы 19 мамырдағы
№ 103 бұйрығына 3-қосымша
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту
қағидалары мен шарттары
1. Осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту қағидалары мен шарттары (бұдан әрі - Қағидалар) «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (әрі қарай - Заң) 57-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тартудың тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте тәртіптік жазалар тәртіптік жауапкершілік шарасы болып табылады.
3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерінің (бұдан әрі - қызметкер) тәртіптік теріс қылық жасауы тәртіптік жаза салу үшін негіз болып табылады.
4. Тәртіптік жаза қолдану және оның түрін анықтау кезінде қызметкердің кінәсінің болуы, жасалған тәртіптік теріс қылықтың ауырлығы мен мән-жайы, қызметкердің жеке басы және оның қызметке қатысы, теріс салдардың болуы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының беделіне нұқсан келтіруі ескеріледі.
5. Қызметкер тәртіптік теріс қылық жасаған кезде одан жазбаша түсініктеме талап етіледі. Егер жазбаша түсініктемесінде қызметкер өзінің тәртіптік теріс қылықты жасау фактісімен келіссе, онда лауазымға тағайындау құқығы берілген басшы қызметтік тергеу жүргізбей, жазаны қолданады.
6. Егер қызметкер өзінің жазбаша түсініктемесінде теріс тәртіптік қылық жасағаны жөніндегі фактімен келіспеген жағдайда, қызметтік тергеу жүргізіледі.