Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2022 жылғы 11 ақпандағы
№ ҚР ДСМ -13 бұйрығына
1-қосымша
Осы редакция 2023 жылғы 5 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қара металлургия объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидалары
1. «Қара металлургия объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі - Санитариялық қағидалар) «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрлiктерінің кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2017 жығы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережесіне (бұдан әрі - Ереже) сәйкес әзірленген және адамға әсер ететін физикалық факторлардың көздерімен жұмыс істеу жағдайларына, тұрмыстық қызмет көрсетуге, медициналық қамтамасыз етуге, жаңадан салынып, реконструкцияланып жатқан және пайдаланылып жатқан қара металлургия объектілеріне өндірістік бақылау жүргізуге, жылумен жабдықтауға, желдетуге, ауа баптауға, сумен жабдықтауға, суды бұруға, атмосфералық ауаға, күтіп-ұстауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды айқындайды.
Осы Санитариялық қағидалар мынадай: коксты химиялық, агломерат және теміркенді шекемтастар, домна, ферроқорыту, болат балқыту, илек, құбыр, метиз, темір ұнтағы, отқа беріктету, екінші реттегі қара металдарды қайта өңдеу, металлургиялық пештер мен агрегаттарды жөндеу қара металлургия объектілеріне қолданылады.
2. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылады:
1) ауамен себезгілеу - үй-жайға суық ауаның, газдың, будың, шаңның енуіне жол бермеуге арналған жергілікті желдету;
2) қара металлургия - құрамына темір кендерінен шойын, темір және болат өндіру технологиясы кіретін ауыр өнеркәсіп саласы.
2-тарау. Қара металлургия объектілеріндегі адамға әсер ететін физикалық факторлардың көздерімен жұмыс істеу жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар