Алқаптарды қалпына келтіруге жұмсалатын сомаларды есепке жатқыза отырып, ауыл шаруашылығы өндірісінің шығасыларын өтеу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 26 тамыздағы № 315 бұйрығы
(2020.06.11. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2024 жылғы 14 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 106-бабы 4-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Алқаптарды қалпына келтіруге жұмсалатын сомаларды есепке жатқыза отырып, ауыл шаруашылығы өндірісінің шығасыларын өтеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде оның қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін «Заң шығару және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік 10 (он) күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;
4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
5) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.