«Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 28 шілдедегі № 626 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы № ҚР ДСМ-121 бұйрығы
ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 19 қазандағы № ҚР ДСМ-136/2020 бұйрығымен күші жойылды
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2019 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Кодексі 46-бабының 2-тармағына сәйкес және Қарағанды облысы үшін пилоттық режимде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды сынау мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. «Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 28 шілдедегі № 626 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11958 болып тіркелген, «Әділет» нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылы 7 қыркүйекте жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 46-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және халыққа консультациялық-диагностикалық көмек көрсету тәртібін айқындайды.
Консультациялық-диагностикалық көмек (бұдан әрі - КДК):
1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде (бұдан әрі - ТМККК);
2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (бұдан әрі - МӘМС) көрсетіледі.»;