Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының кейбір қаулыларына және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларына өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 12 Нормативтік қаулысы
Осы редакция 2015 жылғы 10 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының қаулыларында және нормативтік қаулыларында берілген түсіндірмелерді қылмыстардың бірнеше рет жасалуын және жиынтығын қарастыратын қылмыстық заңдарға енгізілген өзгерістерге және толықтыруларға сәйкестендіру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы, қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1994 жылғы 23 желтоқсандағы № 7 «Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қарсы әрекеттер үшін жауапкершілікті реттейтін заңдарды соттардың қолдануы туралы» (Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Пленумының 1996 жылғы 20 желтоқсандағы № 11 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен бірге) қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) 5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Өзіне және өзге тұлғаға материалдық пайда (мүліктік құқықтарды, тұрғын үйге құқықтарды, үшінші тұлғалардан сыйақы алу және тағы сол сияқты) келтіру мақсатымен немесе материалдық шығындардан (мүлікті, ақшаны қайтару, қызмет көрсетуді төлеу, алименттерді төлеу, материалдық міндеттемелерді орындау және төлемдерді өтеу және тағы сол сияқты) құтылу мақсатымен жасалған қасақана кісі өлтіру ҚК 96-бабы екінші бөлігінің з) тармағы бойынша пайда табу мақсатымен жасалған әрекет ретінде саралануға жатады.